Сүт безі қатерлі ісігі – әйелдер денсаулығына төнетін өзекті қауіптердің бірі. Ауруды ерте кезеңде анықтау емнің тиімділігін арттырып, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Алайда аурудың алғашқы белгілерін елемеу, дәрігерге қаралуды кейінге қалдыру және медициналық тексерулер туралы ақпараттың жеткіліксіздігі оның дер кезінде анықталуына кедергі келтіруі мүмкін. Сүт безі қатерлі ісігінің даму себептері қандай, кімдер қауіп тобына жатады және аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, 2024 жылы әлемде шамамен 2,4 миллион әйелге сүт безі қатерлі ісігі диагнозы қойылған. Қазақстанда да бұл дерт өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Елімізде жыл сайын 5 мыңнан астам әйелден сүт безі қатерлі ісігі анықталады. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы 5 743 жаңа жағдай тіркелген. Бұл көрсеткіш аурудың алдын алу, халықтың медициналық сауаттылығын арттыру және скринингтің маңызын кеңінен түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін аңғартады.
Осы орайда әлемде қазан айы сүт безі қатерлі ісігі туралы хабарландыруды арттыруға арналады. Бұл кезеңде ауруды ерте анықтаудың маңызы, тұрақты тексеруден өтудің қажеттілігі және емделушілерге қолдау көрсету мәселелері кеңінен насихатталады. Өйткені дертті дер кезінде анықтау емдеу мүмкіндіктерін арттырып, әйелдердің өмірі мен денсаулығын сақтауға ықпал етеді.
Кімдер қауіп тобына жатады?
Мамандардың айтуынша, сүт безі қатерлі ісігінің даму қаупі жас ұлғайған сайын арта түседі. Әсіресе, 50 жастан асқан әйелдер арасында бұл дерт жиірек кездеседі. Сонымен қатар жақын туыстары – анасы, әпкесі немесе қызы сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдердің де ауруға ұшырау ықтималдығы жоғары болуы мүмкін. Бұған қоса, BRCA1 және BRCA2 гендеріндегі тұқым қуалайтын мутациялар қатерлі ісіктің даму қаупін арттыратын маңызды факторлардың қатарына жатады.
Аурудың туындауына себепкер болатын өзге жайттар да жоқ емес. Мәселен, етеккірдің ерте басталуы, менопаузаның кеш келуі, алғашқы жүктіліктің салыстырмалы түрде кеш жаста болуы, бала емізбеу, менопаузадан кейін артық салмақ қосу, алкоголь тұтыну және дене белсенділігінің төмендігі де сүт безі қатерлі ісігінің басталуына себеп болуы мүмкін. Кейбір гормондық препараттарды ұзақ уақыт қолдану да аурудың өршуіне ықпал етеді. Сондықтан мұндай дәрілерді қабылдау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылаған жөн.
Дегенмен қауіп факторларының болуы міндетті түрде қатерлі ісікке әкелмейтіні сияқты, олардың болмауы да аурудан толық қорғай алмайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, сүт безі қатерлі ісігінің көптеген жағдайы белгілі қауіп факторлары анықталмаған әйелдерде де кездеседі. Сондықтан отбасында онкологиялық аурумен ауырған адам болмаса да, денсаулыққа мұқият қарап, сүт безіндегі өзгерістерге назар аудару және жоспарлы скринингтен уақытылы өту маңызды.
Аурудың алдын алу үшін не істеу керек?
Сүт безі қатерлі ісігінің алдын алуға кепілдік беретін әмбебап әдіс жоқ. Дегенмен кейбір әдеттер аурудың даму қаупін төмендетуге көмектеседі. Мамандар дене салмағын қалыпты ұстауға, тұрақты дене белсенділігіне, алкогольден бас тартуға немесе оны тұтынуды шектеуге және темекі шекпеуге кеңес береді. Ал гормондық препараттарды қабылдау қажет болса, олардың пайдасы мен ықтимал қаупін дәрігермен талқылаған абзал.
Сондай-ақ сүт безінің қалыпты күйін біліп, ондағы өзгерістерге назар аудару маңызды. Түйіннің пайда болуы, сүт безінің пішіні немесе көлемінің өзгеруі, терінің тартылуы не қызаруы, емізіктің ішке қарай тартылуы немесе одан бөлінді шығуы байқалса, дәрігерге қаралу қажет. Мұндай белгілердің бәрі бірдей қатерлі ісікті білдірмейді, алайда олардың нақты себебін мамандар ғана анықтайды.
Ақ халаттылардың түсіндіруінше, дертті ерте анықтаудың маңызды жолдарының
бірі – жоспарлы скринингтен өз уақытында өту. Маммография сүт безіндегі кейбір өзгерістерді қолға білінетін түйін пайда болмай тұрып анықтауға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, Қазақстанда сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтауға арналған ұлттық скрининг бағдарламасы 2008 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында осы уақытқа дейін 19 мыңнан астам жағдай ерте сатысында анықталған. Қолда бар мәліметке сәйкес, 40 пен 76 жас аралығындағы әйелдер маммографиядан тегін өте алады. Скринингтің қолжетімділігін арттыру мақсатында шалғай елді мекендерде де тексерулер ұйымдастырылады. Бұған қоса, бірнеше өңірде пилоттық жоба аясында жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейді. Олар маммография, ультрадыбыстық зерттеу және компьютерлік томография аппараттарымен, сондай-ақ зертханалық жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Ауру ерте сатысында анықталса, емдеу мүмкіндігі артып, кей жағдайда сүт безін сақтайтын операция жасауға болады. Сондықтан скринингті кейінге қалдырмай, белгіленген уақытта тексеруден өту маңызды. Ал сүт безінде күмәнді өзгерістер байқалса, жоспарлы тексеру күнін күтпей, дәрігерге жүгіну қажет.
Сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күресте ең маңыздысы – денсаулыққа жауапкершілікпен қарау. Өзгерістерді дер кезінде байқау, медициналық көмекке уақытылы жүгіну және скринингтен өту ауруды ерте анықтап, емді кешіктірмей бастауға мүмкіндік береді.
«Скринингтен өтпесем, мән бермес те едім»: сүт безі қатерлі ісігімен күрес жолы
Сүт безі қатерлі ісігі әрдайым ауырсыну немесе айқын белгілер арқылы байқала бермейді. Кейде денедегі болмашы өзгерістерге мән бермеу ауруды дер кезінде анықтауға кедергі келтіруі мүмкін. Қазақстандық Татьяна Сыроватскаяның оқиғасы жоспарлы скринингтің маңызын және денсаулыққа жауапкершілікпен қарау қажеттігінің айқын дәлелі. Ол сүт безінен кішкентай түйін байқаса да, бастапқыда оған алаңдамаған. Ал маусым айында жоспарлы скринингтен өту кезінде жасалған маммография сүт безінен күмәнді түзілісті анықтады. Қосымша тексерулерден кейін дәрігерлер оған сүт безі қатерлі ісігінің II сатысы диагнозын қойды.
Татьяна скринингтен өтпегенде, дәрігерге қаралуды кейінге қалдыруы мүмкін екенін айтады. Оның сөзінше, диагноз қойылғаннан кейін емделу жолын таңдап, алдағы қиындықтарға дайындалуға тура келген.
«Скринингтен өтпегенімде, бәлкім, бұл жағдайға мән бермес те едім. Қыс мезгілінде сүт безімде кішкентай түйін бар екенін байқадым. Бірақ жақын туыстарымның арасында онкологиялық ауруға шалдыққан ешкім болмағандықтан, мұндай диагноз туралы ойламадым», – дейді Татьяна Сыроватская.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мамандары ісіктің ерекшеліктерін, соның ішінде иммуногистохимиялық зерттеу нәтижелерін бағалап, емдеу тактикасын белгіледі. Татьянаға сүт безін алып тастау операциясы жасалды. Сол операция барысында имплант көмегімен сүт безінің пішіні де қалпына келтірілді. Осылайша, хирургтер ісікті алып тастап, бір мезгілде реконструкциялық операция жүргізді.
Татьяна операция түрін таңдау кезінде сүт безін толық алып тастауға шешім қабылдағанын айтады. Бастапқы зерттеу нәтижелері бойынша ісіктің агрессивтілігі 50 пайыз деп бағаланған. Алайда операциядан кейінгі гистологиялық зерттеу оның бұдан да жоғары екенін көрсетті.
– Дәрігерлер сүт безін ішінара немесе толық алып тастауды ұсынды. Мен толық алып тастаған дұрыс деп шештім. Өйткені зерттеу нәтижесінде ісіктің агрессивтілігі 50 пайыз деп көрсетілген еді. Ал операциядан кейінгі гистологиялық зерттеу оның 70-80 пайызға жететінін анықтады. Дәрігерлермен кеңесіп, сүт безін алып тастаумен қатар, бірден имплант орнатуды сұрадым. Опера-ция 16 қыркүйекте өтті, қазір жағдайым жақсы, – дейді ол.
Операциядан кейінгі зерттеу нәтижелеріне сәйкес, дәрігерлер Татьянаға химиотерапиядан өтуді ұсынған. Қазір ол емнің келесі кезеңіне дайындалып жатыр. Кейіпкер емдеу кезінде белгілі бір қиындықтар болуы мүмкін екенін түсінсе де, ауруды жеңуге деген сенімін жоғалтпаған.
– Мен бұл аурудың емделетінін, одан айығуға болатынын түсінемін. Әрине, емдеу барысында біраз қиындыққа төзуге тура келеді. Химиотерапия кезінде жүрек айнуы, тәбеттің төмендеуі, шаштың түсуі сияқты жанама әсерлер болуы мүмкін екенін білемін. Бірақ мұның бәрі уақытша қиындықтар деп ойлаймын. Ең бастысы – емді толық аяқтап, денсаулығымды қалпына келтіру, – дейді Татьяна Сыроватская.
Ол өз тәжірибесі арқылы басқа әйелдерге де үндеу тастайды: жоспарлы скринингтен уақытылы өтіп, сүт безіндегі өзгерістерді елеусіз қалдырмау қажет.
Бұл оқиға сүт безіндегі өзгерістердің ауырсынусыз да байқалуы мүмкін екенін еске салады. Сондай-ақ отбасында онкологиялық аурулардың болмауы қатерлі ісік қаупін толық жоққа шығармайды. Сондықтан жоспарлы тексерулерден уақытылы өтіп, күмәнді белгілер байқалған жағдайда дәрігерге жүгіну маңызды.
Сүт безі қатерлі ісігін емдеудегі заманауи тәсілдер қандай?
Бүгінде сүт безі қатерлі ісігін емдеу тек ісікті алып тастаумен шектелмейді. Заманауи медицинаның мүмкіндіктері дәрігерлерге аурумен тиімді күресіп қана қоймай, әйелдердің өмір сапасын сақтауға да жол ашып отыр. Қазіргі хирургияның негізгі мақсаты – қатерлі ісікті қауіпсіз алып тастау, мүмкіндік болса сүт безін сақтап қалу, ал оны толық алып тастау қажет болған жағдайда пішінін қалпына келтіру және операциядан кейінгі асқынулардың қаупін азайту.
Ұлттық ғылыми онкология орталығында әр науқастың емдеу тактикасын бірнеше сала маманынан құралған мультидисциплинарлық топ белгілейді. Дәрігерлер ісіктің сатысы мен көлемін, биологиялық ерекшеліктерін және науқастың жалпы жағдайын ескере отырып, емдеудің оңтайлы тәсілін таңдайды. Аурудың сипаты мүмкіндік берсе, сүт безін сақтайтын операция жасалады. Ал сүт безін толық алып тастау қажет болған жағдайда оның пішінін имплант көмегімен қалпына келтіруге болады. Мұндай реконструкциялық операция сүт безін алып тастаумен бір мезгілде немесе кейінгі кезеңде жүргізіледі.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының онкомаммолог дәрігері Айбек Садықовтың айтуынша, сүт безін сақтау немесе оны қалпына келтіру туралы шешім әр науқастың жағдайына қарай қабылданады. Әсіресе, ісіктің биологиялық ерекшеліктері мен агрессивтілігі операция түрін таңдауда маңызды рөл атқарады.
«Сүт безінің қатерлі ісігі анықталған жағдайда оны міндетті түрде толық алып тастау қажет емес. Ісіктің көлемі мен биологиялық ерекшеліктеріне қарай сүт безін сақтайтын операциялар да жасалады. Қажет болған жағдайда реконструкциялық және пластикалық операциялар арқылы оның пішінін қалпына келтіріп, имплант орнатуға болады. Алайда имплант қою мүмкіндігі ісіктің агрессивтілігіне де байланысты. Сондықтан әр науқасқа жеке тәсіл қолданылады», – дейді Айбек Садықов.
Хирургиядағы маңызды міндеттердің бірі – операциядан кейінгі асқынулардың алдын алу. Мәселен, қолтық астындағы лимфа түйіндерін кең көлемде алып тастау кейбір науқастарда қолдың созылмалы ісінуіне, яғни лимфедеманың дамуына әкелуі мүмкін. Оның алдын алуға көмектесетін әдістердің бірі – күзетші лимфа түйіндерінің биопсиясы. Бұл тәсіл Ұлттық ғылыми онкология орталығында да қолданылады.
Айбек Садықовтың сөзінше, қазіргі емдеу хаттамалары бойынша қолтық астындағы лимфа түйіндерін толық алып тастау барлық науқасқа бірдей қолданылмайды. Операция көлемі лимфа түйіндеріндегі қатерлі жасушалардың бар-жоғына және басқа да клиникалық көрсеткіштерге қарай анықталады.
«Бұрын қолтық астындағы лимфа түйіндерін толық алып тастайтынбыз. Қазір күзетші лимфа түйіндерінің биопсиясы әдісі қолданылады. Операция кезінде қатерлі ісік жасушаларының бар-жоғын анықтау үшін алдымен осы түйіндер тексеріледі. Егер бірнеше лимфа түйінінен қатерлі жасушалар табылса, оларды толық алып тастау мәселесі қарастырылады. Мұның бәрі науқастың жеке жағдайына байланысты шешіледі», – деп түсіндірді онкомаммолог.
Ұлттық ғылыми онкология орталығының мәліметінше, кейінгі алты айда сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан 143 пациентке хирургиялық ем жүргізілген. Олардың 121-іне күзетші лимфа түйіндерінің биопсиясы жасалған. Бұл деректер емдеу кезінде ісікті алып тастаумен қатар, операцияның науқастың кейінгі өмір сапасына әсерін де ескерудің маңызын көрсетеді.
Сүт безі қатерлі ісігін емдеуде ескерілетін тағы бір маңызды мәселе – әйелдердің болашақта ана болу мүмкіндігі. Кейбір емдеу тәсілдері ұрпақ өрбіту қабілетіне әсер етуі мүмкін болғандықтан, бала сүюді жоспарлаған әйелдерге ем басталғанға дейін репродуктологпен кеңесу ұсынылады.
– Ем басталғанға дейін аналық жасушаларды репродуктологтың көмегімен алып, арнайы банкте сақтауға мүмкіндік бар. Ем толық аяқталғаннан кейін балалы болу мүмкіндігін маманмен бірге қарастыруға болады, – дейді Айбек Садықов.
Осылайша, сүт безі қатерлі ісігін емдеудегі заманауи тәсілдер аурумен күресумен қатар, әйелдердің өмір сапасын сақтауға, операциядан кейінгі асқынулардың қаупін азайтуға және болашаққа қатысты жоспарларын ескеруге мүмкіндік береді.
P.S. Бір сөзбен айтқанда, сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күрес қорқыныштан емес, ақпараттан, үмітсіздіктен емес, дер кезінде жасалған қадамнан басталуы керек. Ауру туралы ашық айту, оның алғашқы белгілері мен қауіп факторлары жөнінде хабардар болу, жоспарлы скринингтің маңызын түсіну әйелдердің өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Қатерлі ісік диагнозы әрдайым үміттің үзілуін білдірмейді. Бүгінде медицинаның дамуы ауруды анықтау мен емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ұсынып, науқастардың өмір сапасын сақтауға жол ашып отыр.
Сондықтан денсаулыққа бейжай қарамай, жоспарлы тексерулерден уақытылы өту, сүт безіндегі кез келген өзгерісті елеусіз қалдырмай, күмән туындаған жағдайда дәрігерге жүгіну маңызды. Өйткені ауруды ерте анықтау емді дер кезінде бастауға және ем нәтижесін жақсартуға мүмкіндік береді. Кейде денсаулыққа көңіл бөлуден басталған бір ғана қадам адамның болашағына үлкен өзгеріс әкелуі мүмкін. Өз денсаулығыңа қамқорлық жасау – қорқынышқа берілмей, өмірді таңдаудың маңызды жолы.