Ресей президентінен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған павлодарлық әйел ұсталды

/
Ресей президентінен Қазақстанға әскер кіргізуді сұраған павлодарлық әйел ұсталды
видеодан скриншот

Павлодарда әлеуметтік желіде арандатушылық сипаттағы бейнежазба жариялап, Ресей президентінен Қазақстан аумағына әскер жіберуді сұраған әйел ұсталды. Күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодар қаласының тұрғыны түсірген бейнежазба тараған болатын. Онда әйел қазақ халқына тіл тигізіп, Қазақстанның аумақтық тұтастығына қатысты даулы мәлімдемелер жасаған. Сонымен қатар ол Ресей президентіне үндеу жолдап, Қазақстан аумағына әскер енгізуді сұраған.

Аталған бейнежазба құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 28 қазанда прокуратураның үйлестіруімен арнайы жедел іс-шаралар жүргізіліп, күдікті ұсталған.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. ҰҚК күдіктінің бұған дейін есірткі заттарын сатуға қатысты қылмыс үшін сотталғанын да хабарлады.

Ведомство тергеудің өзге мән-жайларын жариялаған жоқ. Комитет өкілдері Қылмыстық-процестік кодекстің талаптарына сәйкес, іске қатысты қосымша ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.

Әзірге әйелге Қылмыстық кодекстің нақты қай бабы бойынша күдік келтірілгені және оған қандай бұлтартпау шарасы қолданылғаны туралы мәлімет жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары