«Артыма қарамай өлуім керек!..»

/
«Артыма  қарамай өлуім керек!..»

22 қазан – классиктің туған күні. Әбекеңнің арамыздан алыстағанына төрт жыл. «Бала, қалайсың?» дейтін қоңыр дауысын сағынасың. Жылы жымиысы түске кіреді. Бұл – сондай сағыныштан туған бір үзік сыр еді...

Иә, Нұрпейісов туралы айтылмаған не қал­ды? Бір қарағанда бәрі айтылған секілді. Осымен бітті ме?.. Жоқ, заман өзгерген сайын, қоғамдық құндылықтар орын ауыс­тыр­ған сайын, ең негізгісі – ұрпақ ауысқан сайын Нұрпейісовтің жаңа оқырмандары мың­дап, миллиондап табыла береді.  Жазу­шының шығармашылығы жайлы талай­лар­дың тамсана айтқан пікірлерін оқи бастасақ, кеш батып, қас қараяр еді. Ағамыз 98 жыл өмір сүрді. Бұл біреулерге сонша ұзақ уақыт се­кілді елестеуі мүмкін  және осынша жасқа кел­гелі жазған-сызғаны үш-ақ кітап па деп те, қорашсынуы ғажап емес-ті. Сол үш кітап жазушының жанқиярлық адал әм азапты еңбегінің арқасында жазушының атағын да, Арал халқының бет-бейнесін де әлемге танытты. Шындығында, Әбекең кітаптан соң кітап шығарып, көпіртіп көп дүние жаз­ған жоқ. Қағазға түскен туындының ыстық-суы­ғына қарамастан бірден баспаға ала ж­үгіріп, қаламақыға қарық болайын да деген жоқ. Жастау кезінде Әбекеңнің де қара­жат­тан қиындық көргені белгілі. Баспадан шық­қалы жатқан кітабын «үстінен тағы бір қа­рап шығайыншы» деп қайтарып алып, кі­тап­тың өң бойын жалпақ тілмен айтқанда «қы­зыл ала қан қылып», қайта жазып, қайта өң­деп, табан­дап үш-төрт жыл баспа төңіре­гі­не жоламай кеткені – бүгінгілер үшін аңыз-ертегі. Әрбір шығармасына аса жауап­кершілікпен қарап, әрбір сөйлем түгілі әрбір сөзді де «мидың мың градустық домнасында» қайнатып барып, арадан біршама уақыт өт­кен соң қайта үңіліп, ойынан шықпаған тұ­сы болса, бастан-аяқ қайта жазудан тар­тын­байтын, қашан өз ойынан шыққанша бір ты­ным көрмейтін Әбекең секілді жанпида қа­ламгерді өз басым кеше де, бүгін де көр­ге­нім жоқ. 
Бірде Әбекең Астанадағы бір ауруханада жаңа босанған жас келіншектей басын ақ сүл­гімен таңып алып, беліне көрпеше орап, ақ тер-көк тер боп, «Қан мен тердің» соңғы ба­сылымын шиедей етіп, қырнап-сүрнеп жат­ты. Хал-жайын сұрауға барғанбыз. Мы­на­дай жан алып, жан беріскен жағдайды көр­генде, «Қап, бекер келдік-ау» деп, жазу­шыға анау айтқандай жәрдеміміз тимесе де, ең құрығанда уақытына бөгет болмайықшы дегенбіз. Өзім білетінде Әбекең көп адамды жанына жақындата бермейді, ал керек адамды өзі іздеп тауып алады. «Келдің бе?» де­ді біраздан соң, бізге күлімсірей қарап – кә­не, не әкелдің!» Бұл – көңіл күйінің жақ­сылығының белгісі. Келіні беріп жіберген сә­лемдемеден ауыз тиді де, қағазға қайта шүй­лікті. «Аға-ау, не істеп жатырсыз, елдің әл­деқашан рухани дүниесіне айналып кет­кен «Қан мен терді» бүйтіп»... дегенімше бол­ған жоқ, артынша: «Сендер не білесіңдер. Қазір заман басқа, заң басқа. Оқырманның тал­ғам-түсінігі өзгерді. Оқырманды аяу ке­рек, сондықтан «Қан мен терді», яғни үш кітап­ты сығымдап, артық-ауыз эпизодтарды қыс­қартып, бір кітаптың аясына сыйғызғалы жа­тырмын...» деді. «Ойпыр-ай!.. Талай кере­мет­тер сызылып кетпесе нетсін!» «Оны өзім біле­мін. Әрине, маған да оңай емес, дегенмен ме­нің артыма қарамай өлуім керек! Осы сөз­ді ұмытпа!..». «Артыма қарамай өлуім керек­ті» екі мәрте қайталады. 
Көзінің тірісінде, мұнан үш жыл бұрын үш кітаптан тұратын сол «Қан мен тер» бір кітап­тың аясына сыйып, жаңа редакциямен ба­сы­лып шықты. «Қан мен тердің» нешінші рет басылғанын кім білсін. Оқыдық, оқыдық та таңғалдық. Кітап ауызға салсаң еріп жүре беретін қант қиығындай тәттілігі өз алдына, бар тірлігіңді жиып қойып, қашан соңғы нүк­тесіне дейін бас алмай оқитындай келісті дүние болып шыққан. Еламан, Ақбала, Тәңірберген, Сүйеу, Судыр Ахмет, Қален, Дос, Мөңке, Қарақатын...т.б. кейіпкерлер бір тылсым құпиясымен бұрынғыдан да бізге қа­рай жақындай түскен тәрізді. Жазған шы­ғармасы қашан өз ойынан шыққанша тү­зетуден шаршамайтын және «іштен шыққан шұбар жыланды» аямайтын, әрі жаңа дүние тудырғандай содан керемет ләззәт алатын, бұл шаруаға бойындағы соңғы демі қалғанша бар қайрат-жігерін арнайтын осы жан­қияр­лық еңбегі аңызға айналған жер жүзінде бір қаламгер болса, ол сөз жоқ – Нұрпейісов еке­ніне тірі жанның таласпайтыныны анық. Бұл турасында, Гера Бельгер көкем айтқандай, «Нұрпейісов үш ауыз телеграмманың өзін ойланып-толғанып, үш күн жазатын адам...» дей тұрғанмен, әрбір сөзді, әрбір сөйлемді електен өткізуден жалықпайтын Нұрпейісов қайталанбайтын әрі ешкімге ұқсамайтын дара тұлға! «Қан мен тердің» алғашқы кітабы «Ымырт» 1961 жылы жазылып біткен-ді, міне, алпыс жылдан астам уақыттан бері трилогияның қанша тілге аударылып, қанша мақтау-марапатқа ие болып, қанша рет басылып шыққанын өзіңіз-ақ безбендей беріңіз! Сірә, қалам ұстаған пендеге мына дүниеде мұнан артық бақыт бар ма?! Бы­лайғы тірлікте жай сөйлеп, жайлап бабымен жүретін кісі секілді болғанымен туған әде­биеттің, туған елдің, атамекеннің тағдыры таласқа түскен сәттерде сол жайбарақат мі­незді аяқ асты ұмытып, алған бетінен, айт­қанынан қайтпай түз гранитіндей қатып қалатын Нұрпейісов бұған келгенде 
де жалғыз, бұған келгенде де сирек жараты­лыс!
«Қан мен тер» сюжетінің  жазушы ба­сына  қа­лай, қашан  келгенін баршаларыңыз жақ­сы білесіздер. Әбекеңнің мұнан жүз жыл бұ­рын Арал теңізінің жағалауындағы Құлан­ды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге кел­гені белгілі. Қай жылы мектепке бар­ға­нын, одан соң әр жылдары үзіп-үзіп бірде Шал­қарда, бірде Аралда оқығанын қайталап жа­тып қайтеміз. 1942 жылы мектепті бітір­ген бойда армия қатарына шақырылады. Табандаған төрт жылын майдан даласында өт­кізеді. Әкесі, өзімен тетелес екі ағасы елге орал­май, соғыста опат болады. Әбекеннің архивінде әкесінің майданнан ұлына жазған сә­лем хаты сақталған: «Сен, балам, аман-есен ел­ге орал, мына біз бастан кешкен бар қиын­дықтың жалғыз куәгері өзің, бәлкім, кейін­нен осыларды шамаң жетсе қағазға түсірер­сің» дейтіндей емеурін танытады. Әбекең әке аманатына адалдық танытқандай, 1946-жылы аман-есен елге оралады. 
Соғыстан кейінгі ашқұрсақ ел ішінің жағ­дайы тайға таңба басқандай белгілі ғой. Туған ауылында біраз аунап-қунап мауқын басқан соң, 23 жастағы жас жігіт 1947-жыл-дың сарша тамызында ауылдан шыққан ат арбаға ілесіп, Арал қаласына жол тартады. Күн ыс­тық, қисалаңдаған ат арба. Екі көзінің жыл­тырағаны болмаса, былайғы әңгімеге мүлдем зауқы соқпайтын арба үстіндегі қартаң кісі Әбдіжәмілдің бары мен жоғын да есінен шығарып алған-ды. Бірақ қалай болғанда да Аралға жету –  арман. Митың жүріс жалық­тырған соң жас жігіт арбадан түсіп, жаяу аяң­ға көшеді. Аптап, айнала ысылдаған қы­зыл құм, жаяу адамды шөл қинайды. Сол сапарда болашақ жазушының басына нелер келіп, нелер кетпеді дейсіз?! Арал өңірінің күл­лі тарихы көз алдынан өтеді. Көз алда­рындағы жалғыз теңізден басқа арқа сүйері жоқ, оның өзі кешеге дейін Азамат соғысы жылдарында орыс көпестерінің шалқып өмір сүрулері үшін жаралғандай, ал жаға­лау­да­ғы жарлы-жақыбай балықшылар соларға жалданып, өлместің күнін көргенін кімнен жа­сырарсың. Соғыс, тағы да соғыс, ашар­шы­лық, турасын айтқанда, Арал өңірінде өмір сүрген халықтың маңдайы жарқырап, қал­қара­зи тірлік кешкендері шамалы. Жан ая­май еңбек еткен адал тердің де ақталғаны – ауыз жарымас бірдеме. Қан мен тер, қан мен тер! Арал қаласындағы жақын ағасы Байғабыл­дың үйіне жеткен бойда Әбдіжәміл бір бет қағазға «Қан мен тер» деп баттитып жазып қоя­ды. Бұл тақырып болашақ жазушыны на­ғыз азап апанына алып келеді. Осыдан соң­ғы табандаған он бір жыл трилогияға де­ректер мен жанды құжаттар іздеуге ар­на­ла­ды. Ұзын сөздің қысқасы, «Қан мен тердің» ал­ғашқы кітабы «Ымырт» – 1961 жылы, «Сер­гелдең» – 1964 жылы, «Күйреу» –1970-жы­лы жазылып бітеді. «Жазылып бітті» – біз­дің сөзіміз,  ал Нұрпейісов соңғы демі біт­кенше үш кітаптан тұратын кесек романды қыр­нап-сүрнеумен, қысқартумен, кейбір эпи­зодтарды қайта жазумен арпалысты да жүр­ді. Міне, қарап отырсаңыз, атақты ро­манның өмірге келгеніне де табаны күректей алпыс жылдан астам уақыт болыпты. Бір адамның ғұмырына татитын уақыт беде­рін­де сонан бері қанша өзгеріске түсіп, қанша мәр­те жаңа редакциямен еліміздің әртүрлі бас­паларынан жаңа кітап болып басылып шық­са да, «Қан мен тер» ешқашан дүкен сө­ре­лерінде шаңға көміліп жатқан емес. Қалам ұстаған пендеге бұдан артық мақтау-ма­ра­пат­тың қажеті қанша?!
Мақтау-марапат демекші, Әбекең де ұзақ ғұ­мырында талайдың түсіне кіретіндей, та­лай марапатты иеленген. Ең бастысы, одақ­тың, КСРО-ның Мемлекет сыйлығының лау­реаты атанды, ондай абыройлы атаққа ие болған біздің елімізде үш-ақ қаламгер бар, олар –  М.Әуезов, Ж.Молдағалиев және Ә.Нұр­пейісов! Ал Қазақстанның Еңбек Ері атағын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолынан алды. Қалған майда-шүйде орден- медальдарының бәрін көзінің тірісінде архивке өткізіп жіберген-ді.
Әбекеңнің болмыс-бітіміне, шығар­ма­шы­лық лабораториясына таңғалмайтын, таң­данбайтын адам кемде-кем. Бәлкім, кім біледі,  Әбекеңше жазғысы келетін, шығарма­шы­лық шыңына Әбекеңше жетіп жығылғы­сы келетіндер сірә да, аз болмас. Бірақ басы ашық ақиқат, Нұрпейісов қайталанбайды, Нұрпейісов – жалғыз, Нұрпейісов – тарихта аты-жөні алтын әріптермен жазылып қа­латын  ұлы жазушы! Әбекеңнің шығар­ма­шы­лығы, «ар ісіне» адалдығы, ханнан да қара­дан да қаймықпай пікірін ашық айта­тын батылдығы, туған әдебиетін мойны озық әлем әдебиеті деңгейіне көтерудегі жан­қиярлық еңбегі, данадай дарқан ақ  көңі­лі, кейде кез келген нәрсеге сене қалатын ба­ладай аңқаулығы, ал жазуға келгенде, әр­бір қазақ сөзінің салмақ-дәрежесін таразыға салып, безбендеуге келгенде әлгі жайма шуақ мінездерді аяқ асты ұмытып, сұрланып, «суырылмайтын шегедей» қатып қалатын... Ә.Нұрпейісов жайлы кешегі «алыптар тобы» көрнекті өкілдерінің аузынан шыққан ыс­тық лебіздерін, замандастары, құрдас­тарын­дай әзілдесетін, еркелейтін бүгінгі жер басып аман жүрген үзенгілес інілерінің қағазға түс­кен жазбаларын жинағанда неше том бо­ларын кім білсін. Француз Арагон, ре­сей­лік Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анато­лий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннин-ский, Леонид Теракопян, Валинтин Оскоц-кий, испандық Августь Видаль, қырғыз Шыңғыс Айтматов, башқұрт Мұстай Кәрім, немістер Лео Кошут, Ральф Шредер, қазақстандық Мұх­тар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсі­ре­пов, Мұхаметжан Қаратаев, Тахауи Ахта­нов, Серік Қирабаев, Қалтай Мұхамеджанов, Зейнолла Қабдолов, Шерияздан Елеукенов, Герольд Белгер, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбеков, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, Сам­ғұл Елубаев... т.б. қаламгерлер Әбекең жай­лы ағынан ақтарылып, жүрекжарды ниет­тері мен тілектерін білдірді. Бұл жара­сымды көш әлі күнге дейін жалғасып келеді. 
Адамзаттың Айтматовы былай дейді: «Мен Нұрпейісовтің кітаптарын баяғыдан бері оқып келемін, оның талантты да тар­тым­ды прозасына баяғыдан бері ғашықпын, одан көп нәрсені үйрендім, онымен сан рет сырластым да. Онымен әр кездескен сайын оны жаңа қырынан көргендей боламын да тұрамын. Адам ретінде, сұхбаттас-сырлас ол әманда терең, салиқалы да сабырлы...».  Зей­нолла Қабдолов: «Егер де «Қан мен тер» қазақ тағдыры мен тұрмысындағы Қазан төң­керісіне дейінгі кезеңді қамтыса, «Соңғы парыз» сол халықтың кеңес дәуіріндегі тағ­дыр-талайын қамтыған. Дей келгенде, Нұрпейісов трилогиясы мен дилогиясы – Отанымыздың ғасырлық тарихының айнасы...». Дулат Исабеков: «Әбдіжәміл Нұр­пейісовті қазақ қауымына ғана емес, бұрын­ғы бүкіл кеңестік кеңістікке, қала берді дүниежүзі оқушыларына таныстырып жату­дың қажеті жоқ. Шығармаларының құнды­лығы мен тартымдылығы жөнінен ұлы Мұхтар Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінің мерейін көтеріп келе жатқан ірі қалам қай­раткері...». Жә, бұл қағазға түскен ойларды соза беруге де болар еді...  
Әбекең күллі қалам ұстағандарды үнемі таң­ғалдырумен өтті. Жасы 80-нен асқанда «Соң­ғы парызды» берді. Роман әлі күнге дейін біздің оқырмандардың да, шетел­діктердің де ауыздарынан түспей келеді. Ана жылы  АҚШ-та қос роман ағылшын тілінде жарық көрді.  Жоқ, айтайын дегеніміз бұл емес, айтайын дегеніміз – Әбекеңнің шы­ғармашылық әдіс-тәсілі де ешкімге ұқса­май­ды. Мәселен, «Қан мен тердің» соңғы кітабы «Күйреу» менің пайымдауынша, асқан ше­бер­лікпен, шабыттана жазылған керемет шы­ғарма! Өзінің айтуынша, романның соң­ғы эпизоды, Тәңірбергеннің мына жарық дүниеден баз кешіп, өзі бастап апарған орыс әскерлерінің туған ауылын қалай тонағанын кө­ріп, тіршіліктен түңілген сәтіндегі  жан те­біренісі алдымен қағазға түсіпті. Яғни, кітап соңынан басына қарай жазылған. Ал «Соңғы парызда» да Бәкизаттың кеудесінен жаны әлдеқашан шығып кеткен Жәдігердің ап-ауыр басын тізесіне қойып, суықтан па­налап күйеуінің кеудесіне кірген бір шө­кім торғайды үсік шалған ебедейсіз қолымен қалқалап, жаңа атып келе жатқан күн көзіне қарап, аспанға ұшырып жіберетін тұсы бар-ау, міне осы соңғы тарау, соңғы аккорд та ал­­дымен жазылыпты. Бұған қайтіп таң­ғал­майсың! Тағы қайталайын, мұндай тап­қыр­лық пен шеберлікті Нұрпейісовтен басқа тірі жанның жүзеге асыруы екі талай. 
Қоңырау соққан сайын: «Бала,  қа­лай­сың?» деп сұраушы еді. Жасымыз жетпістен асқанша Әбекеңе бала болдық та жүрдік. Қазір олай деп, біздің хал-жайымызды сұрай­тын пенде жоқ. Жазушының сол қоңыр дауысы құлақ түбінде үнемі қоңыраулап тұрады. Естігің келеді, жиі-жиі түске кіреді, сағынасың... Туған ел алдындағы, туған әде­биеті мен атамекені алдындағы соңғы аза­маттық парызын толық өтеп, артына қара­май жазам деген дүниесін жазып кеткен Абыз­дың аруағына әркез бас июге әзірміз! Қай­дағы көрегендік?! Біздікі асыл Ағамыздың дү­ние есігін ашқан күні елеусіз өтпесінші дей­тін ниет қана...

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,
жазушы, Қазақстанның 
еңбек сіңірген қайраткері

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары