Пойызда сауда жасаған екі қазақстандық 86 500 теңге айыппұл арқалады

/
Пойызда сауда жасаған екі қазақстандық 86 500 теңге айыппұл арқалады
pixabay.com

Семей – Қызылорда бағытындағы жолаушылар пойызында заңсыз сауда жасаған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 86 500 теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 26 қазанда №021 Семей – Қызылорда бағытындағы пойызда болған.

Пойыздың №5 плацкарт вагонында келе жатқан жолаушылардың бірі саудагерлердің әрекетіне шағымданған. Әйелдің айтуынша, екі азамат вагон ішінде тауарларын сатып, жолаушылардың тыныштығын бұзған.

Бұған қоса, сатушылар оның рұқсатынсыз жатын орнына жайғасып алған. Бұл жағдай жолаушының наразылығын тудырып, ол болған оқиға туралы әлеуметтік желіде жазған.

Шағымнан кейін көлік полициясы тексеру жүргізіп, пойызда сауда жасаған екі азаматты анықтады.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп бұзушыларды Түрксіб станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері анықтаған.

"Аталған азаматтарға қатысты белгіленбеген орындарда сауда жасау дерегі бойынша әкімшілік материалдар толтырылды. Олардың әрқайсысына 10 АЕК (43 250 теңге) көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", – деп мәлімдеді ведомство.

Осылайша, пойызда сауда жасаған екі азаматқа жалпы 86 500 теңге айыппұл салынған. Полиция белгіленбеген орындарда сауда жасауға заң бойынша тыйым салынғанын еске салды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары