Адамның табысты болуына ата-анасының байлығынан гөрі достары көбірек әсер етеді – зерттеу

/
Адамның табысты болуына ата-анасының байлығынан гөрі достары көбірек әсер етеді – зерттеу

Адамның қаржылық жағдайына достары мен араласатын ортасы ата-анасының байлығынан да қатты ықпал етуі мүмкін. Стэнфорд университетінің профессоры Мэттью О. Джексон әлеуметтік байланыстардың экономикалық мүмкіндіктерге әсерін зерттеп, кедейлікті азайту үшін қаржылай көмекпен қатар адамдардың әлеуметтік ортасына да назар аудару қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымның пікірінше, адамның кімдермен араласатыны оның жұмыс табуына, кәсіби дамуына және табысын арттыруына әсер етеді. Достар жаңа жұмыс туралы хабарлап, пайдалы байланыс орнатуға көмектесіп, өз жетістігі арқылы өзгелерге үлгі бола алады. Ал айналасында жақсы табысқа жеткен, мансап құрған адамдар болмаса, адамның мүмкіндіктері туралы түсінігі де шектеулі болуы ықтимал.

Джексон әлеуметтік мобильділікке кедергі келтіретін екі факторды атап көрсетеді. Біріншісі – адамдардың өзіне ұқсас әлеуметтік ортадан шыққандармен көбірек араласуға бейімділігі. Екіншісі – әртүрлі табыс деңгейіндегі адамдар арасындағы экономикалық байланыстардың әлсіздігі. Мұндай жағдайда мүмкіндігі шектеулі адамның жақсы жұмысқа орналасуына көмектесетін таныстары мен байланыстары аз болады.

Сондықтан әлеуметтік теңсіздікті азайту үшін тек ақшалай жәрдем беру жеткіліксіз болуы мүмкін. Адамдардың жаңа ортаға араласуына, кәсіби байланыс орнатуына және жұмыс мүмкіндіктеріне қол жеткізуіне жағдай жасау да маңызды.

Профессор бұл мәселеге Барселона автономды университетінде құрметті доктор атағын алу рәсімінде назар аударған. Оның пайымынша, әлеуметтік ортадағы кедергілерді азайту – адамдардың табысын арттырып, қоғамдағы әлеуметтік мобильділікті күшейтудің маңызды бағыттарының бірі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары