Кейінгі жылдары елімізде такси қызметі түбегейлі цифрлық трансформацияны бастан өткерді. Жол бойынан қол көтеріп көлік ұстайтын немесе диспетчерлік қызметке телміретін дәстүрлі жүйе келмеске кетті. Шағын бюролар мен жекелеген тасымалдаушылардың бақылауында болған бытыраңқы орта біртіндеп кешенді цифрлық экожүйелерге бет бұрды. Нарыққа inDrive, Yandex сынды халықаралық агрегаторлардың келуі бастапқыда қызмет көрсетудің ашықтығын арттырып, бәсекелестікке қозғау салғанымен, бара-бара орасан зор ресурстар мен технологиялық артықшылыққа ие ірі платформалар басым түсті. Жуырда орын алған техникалық ақау бұл саланы жалғыз компанияға байлап қоюдың қауіпті екенін көрсетіп, азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық суверенитетімізді сақтау үшін нарықта әділ бәсеке тудыратын ұлттық балама платформа қажет екенін түпкілікті айқындап берді.
Отандық такси қосымшалары неге тоқырады?
Осыған дейін еліміздің көлік нарығында іске қосылған бірнеше жоба болды. Дегенмен олардың көбі халықаралық платформалардың қарқынды экспансиясы мен ресурстық артықшылығына төтеп бере алмады.
Жергілікті такси қызметінің тарихына көз жіберсек, 2010-2015 жылдары нарықта Өскемен мен Қарағандыда қарқын алған Aparu Taxi, сондай-ақ Taxi.kz, Aray Taxi сияқты әртүрлі аймақтық автопарктердің дербес қосымшалары пайда болды. Олардың негізгі бизнес-моделі классикалық диспетчерлік қызметті цифрландыруға және жүргізушілерден бекітілген күнделікті абоненттік төлем немесе 5-8 пайыз аралығындағы төмен комиссия алуға негізделді. Шығыс Қазақстанда сәтті дамыған Aparu Taxi жобасы жергілікті нарықтың ерекшелігін өте жақсы білді және inDrive жүйесіне ұқсас, жолаушы мен жүргізуші бағаны өзара келісетін аукциондық модельді де шебер қолданды. Дегенмен қаржылық және технологиялық ресурстардың шектеулілігінен бұл жоба республикалық деңгейге толық шыға алмады. Аймақтық стартаптардың басты кемшілігі капиталдың аздығынан, сапалы гео-карталардың жоқтығынан және жолаушыларға жеңілдіктер мен жүргізушілерге бонустар беретін маркетингтік субсидиялардың жеткіліксіздігінен байқалды. Нәтижесінде, ірі шетелдік агрегаторлар бұл жобаларды нарықтан кезең-кезеңімен ығыстырып шығарды.
Отандық компаниялар мен жаңа ойыншылардың ірі цифрлық платформамен тең дәрежеде бәсекеге түсуіне бірнеше фундаменталды фактор бөгет болып отыр. Ең негізгі тосқауыл – екі жақты желілік эффект. Жолаушылар көлік жылдам келетін қосымшаны таңдаса, жүргізушілер тапсырыс көп түсетін платформаға тіркеледі. Бұл екі тарапты бір уақытта тарту орасан зор ресурсты талап етеді. Оған қоса, өз үлесін арттыру үшін агрегаторлар бастапқыда демпингтік бағаларды, жолаушыларға промокодтарды және жүргізушілерге орындаған сапарлары үшін кепілдендірілген бонустарды ұсынады. Отандық стартаптар мұндай миллиондаған долларлық маркетингтік шығынды көтере алмайды.
Технологиялық инфрақұрылым мен картография да айтарлықтай рөл атқарады. Yandex өзінің карталар жүйесіне, нақты уақыттағы кептелісті есептеу алгоритмдеріне және миллиондаған дерек негізінде жұмыс істейтін машиналық оқыту жүйелеріне ие. Ал OpenStreetMap сияқты бөгде карталарды пайдаланатын шағын қосымшалар нақты бағдар құру мен бағаны оңтайлы есептеуде технологиялық жағынан қалыс қалып жатады. Бұған қоса, ірі платформалар жергілікті банктермен және цифрлық әмияндармен тікелей интеграцияланып, бір қосымшаның ішінде тамақ жеткізу мен жүк тасу сияқты басқа да сервистерді біріктірген. Халықтың белгілі бір интерфейске, жоғары сервис стандартына және қауіпсіздік кепілдіктеріне үйреніп кетуі де жаңа отандық қосымшаға ауысу ынтасын төмендетеді.
Бұл салада нарыққа жаңа ойыншылардың кіруіне қатысты институционалдық кедергілер де өте жоғары. Экономикалық талдауларға сәйкес, такси агрегаторлары нарығына кіруге бөгет тым көп болғандықтан, жаңа компания жүйені іске қосу үшін тек IT-архитектураға емес, жүргізушілер базасын қалыптастыруға және пайдаланушыларды тартуға миллиондаған инвестиция салуға тиіс. Доминантты компаниялардың комиссиялық мөлшерлемелерді өзгерту арқылы шағын бәсекелестерді нарықтан ығыстыру мүмкіндігі де жоғары. Сонымен бірге, серверлерді ел ішінде оқшаулау, киберқауіпсіздік талаптарын сақтау және фискалдық жүйелермен интеграция сияқты заңнамалық міндеттемелер де шағын отандық стартаптар үшін қосымша ауыр қаржылық жүктеме тудырады.
Yandex такси нарығының 90 пайызын жаулаған
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің дерегінше, бүгінде Yandex қалалық агрегаторлар нарығының шамамен 90 пайызын бақылауда ұстап отыр. Мұндай үстемдік, әсіресе, Астана мен Алматы сияқты ірі мегаполистерде қатты байқалады. Күн сайын миллиондаған тұтынушы осы платформаның қызметіне жүгінеді, ал жылдық сапар саны жүздеген миллионға жетеді. Ал бұл жүйеде ел бойынша 300 мыңға жуық жүргізуші еңбек етеді. Сапар құнының шамамен 16 пайызын Yandex платформасы ұстаса, ортадағы серіктес таксопарктер косымша 4 пайыз маңайында комиссия алады. Нарықта inDrive пен Maxim да жұмыс істеп жатыр, бірақ олардың үлесі әлдеқайда төмен әрі негізінен қалааралық қатынастарды қамтиды.
Yandex-тің мұндай сұранысқа ие болуының артында жүйелі технологиялар тұр. Ауа райы бұзылғанда, жолаушылар көбейгенде немесе жүргізуші азайғанда бағаны автоматты түрде көтеретін алгоритмдер сұраныс пен ұсынысты лезде теңестіреді. Көліктің тез жетуі жолаушыға ыңғайлы болса, жүргізушінің де бос тұрып қалмауына жағдай жасалған. Нақты карталар, үздіксіз навигация, қолма-қол ақшасыз төлем және қосымшаның жеңілдігі халықтың бұл қызметке әбден үйренуіне жол ашты.
Заң тұрғысынан алғанда, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес, компанияның нарықтағы үлесі 35 пайыздан асса, ол бәсекелестікке ықпал ете алатын субъект ретінде мемлекеттік бақылауға алынады. Бұл мүмкіндікті асыра пайдаланып, бағаны негізсіз көтеру немесе бәсекелестерге қысым жасау монополиялық заң бұзушылық болып саналады. Ресми тексерулер компанияның 90 пайыздық үлесін монополиялық жағдай ретінде сипаттағанымен, реттеуші орган оны халықты жұмыспен қамтып отырған өзіндік ерекшелігі бар монополист ретінде қарастырады. Нарықтағы үстемдік пен баға белгілеу алгоритмдерінің әділдігі тұрғысынан аталмыш компанияға қатысты бәсекелестік заңнамасы аясында бірнеше рет антимонополиялық зерттеулер мен аудиттер жүргізілген.
Компания жоғары баға белгілеу және тиісті ақпаратты ұсынбау фактілері бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ цифрлық экожүйені қолдау мемлекеттік қорына өз еркімен 3 миллиард теңге бөлді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі компанияға «Эконом» тарифі бойынша платформа комиссиясының мөлшерін екі жылда бір реттен жиі өсіруге тыйым салды. Тарифтерді көтеру туралы реттеуші органға кемінде 3 күн бұрын (72 сағат бұрын) ресми хабарлама жіберу міндеттелді. Қосымшада сапар құнының нақты неден тұратынын (базалық тариф, сұраныс коэффициенті, т.б.) жолаушыға ашық көрсету талап етілді. Сондай-ақ жүргізушілерге арналған бонустық және ынталандыру бағдарламаларының көлемін ұлғайту міндеті қойылды.
Сапар құнының құпиясы
Қазақстандағы такси сервистерінің экономикасы платформаның маржиналды табыстылығы, таксопарктердің ин-фрақұрылымдық шығындары және жүр-гізушілердің операциялық шығыстары арасындағы күрделі қаржылық тепе-тең-дікке негізделген. Жолаушы төлейтін әрбір сапар құны заңнамалық, техно-логиялық және ұйымдастырушылық деңгейде нақты бөліктерге «ыдырайды». Нақтылап айтқанда, Yandex Go базалық комиссиясы сапар құнының 11-16 пайызы аралығын құрап, бонустар, сервистік алымдар мен қосылған құн салығы есебінен өзгеріп отырады. Оған қоса бағдарламалық қамтамасыз етуді, атап айтқанда таксометрді пайдаланғаны үшін қосымша алымдар да қарастырылған. Өз кезегінде отандық таксопарктер жүргізушіні жүйеге тіркеу, бухгалтерлік есепті жүргізу, төлемдерді шығару және салықтық агент болу қызметі үшін сапар бағасының 2-4 пайызы аралығында қосымша комиссия ұстайды.
Жүргізушілер түскен жалпы соманың шамамен 80-83 пайызы аралығындағы бөлігін алғанымен, бұл қаржыдан жанармай, газ шығындары, жөндеу жұмыстары, көлікті жалға алу немесе автокредит төлемдері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік бойынша салықтар мен әлеуметтік аударылымдар толық шегеріледі. Нәтижесінде, жүргізушінің нақты таза табысы сапардың жалпы құнының 35-45 пайызынан аспайтын бөлігін ғана құрайды. Сонымен қатар платформа белсенді жүргізушілерге тапсырыс азайған кезде, ең жоғары жүктеме сағаттарында сапарлар саны үшін мақсатты бонустар ұсынса, жолаушылар үшін арнайы промокодтар мен демпингтік жеңілдіктер қарастырылып, бұл шаралар екі тарапты да жүйеде ұстап тұруға бағытталған.
Алайда такси саласының монополиялануы нарық қатысушыларына әсер етпей қоймайды. Монополияланған ортада жүргізушілер тарифтерге, комиссия мөлшеріне ешқандай әсер ете алмайды, бұл оларды әлеуметтік қорғалмаған, еңбек құқықтары кепілдендірілмеген еңбекшілер тобына айналдырады. Бағаны алгоритм белгілейтіндіктен, жүргізушілер инфляция мен жанармай қымбаттаған жағдайдың өзінде платформаның ұсынған шартына көнуге мәжбүр. Төтенше баға белгілеу кезінде сұраныс күрт артса, алгоритм сапар құнын екі-үш есеге дейін өсіреді, ал нарықта күшті бәсекелес болмағандықтан, жолаушыларда баламалы баға ұсынысын таңдау мүмкіндігі шектеулі қалады. Сонымен қатар жергілікті таксопарктер дербес тасымалдаушы компания мәртебесін жоғалтып, Yandex Go платформасының қарапайым әкімшілік және қаржылық филиалына айналды. Парктер өз бетінше баға саясатын жүргізе алмайды, олардың негізгі қызметі тек жүргізушілерді жүйеге қосу және қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырумен ғана шектеледі.
Бізде жаңа сервистердің төмен комиссия мен арзан тариф стратегиясымен ұзақ мерзім бойы «өмір сүруіне» қатаң экономикалық факторлар мүмкіндік бермейді. Төмен комиссия жинайтын сервис серверлерді ұстап тұру, киберқауіпсіздік, жоғары дәлдіктегі гео-карталарды жалға алу, сатып алу, сондай-ақ техникалық қолдау мен бағдарламалық жасақтаманы жаңартып отыру шығындарын жаба алмайды. Арзан тариф пен төмен комиссия кезінде бір сапардан түсетін операциялық маржа теріс мәнге ие болып, венчурлық немесе инвесторлық қаржыландыру аяқталған кезде жоба банкротқа ұшырайды. Платформа өскен сайын процессингтік қуаттарға кететін шығын экспоненциалды түрде өсетіндіктен, мұндай шығындарды тек үлкен сапарлар көлемі мен жоғары комиссиялық түсім арқылы ғана өтеуге болады. Егер сервис төмен комиссиямен жұмыс істеп, жоғары деңгейдегі бонустар мен жеңілдіктер бермесе, жүргізушілер мен жолаушылар қайтадан тапсырысы мол, сервисі жылдам ірі платформаға лезде өтіп кетеді.
Yandex ақауы нені көрсетті?
Осы айда Yandex Go компаниясында болған техникалық ақау Қазақстанның қалалық көлік инфрақұрылымы цифрлық платформаларға қаншалықты тәуелді болып қалғанын анық көрсетті. 11 қазанда таңертең басталған ақау бірнеше сағатқа созылып, Астана, Алматы, Шымкент және Ақтөбе сияқты ірі қалаларды қамтыды. Сервис өкілдері мен реттеуші органдардың хабарлауынша, бұған бөлінген есептеуіш инфрақұрылымының жекелеген бөліктерінің зақымдануы себеп болған. Сыртқы серверлердегі, соның ішінде дата-орталықтардағы төтенше жағдай сервистің алгоритмдік өңдеу процестерін уақытша тоқтатуға мәжбүр етті. Дегенмен мемлекеттік орган өкілдері азаматтардың дербес деректері сақталатын жергілікті серверлердің штаттық режимде жұмыс істеп тұрғанын, ақпараттың сыртқа кетуі немесе зақымдануы тіркелмегенін ресми түрде хабарлады.
Бұл тоқырау нарықтағы такси қызметтеріне оңай тиген жоқ. Қосымшадағы карталар мен бағдар құру функциясы істен шығып, көлікке тапсырыс беру мүмкіндігі шектелді. Халықтың жұмысқа, әуежайлар мен вокзалдарға уақытылы жете алмауы автобус пен метро сияқты қоғамдық көліктерге түсетін салмақты бірден арттырды. Ал жүргізушілер мен такси парктер үшін арнайы бағдарламалық терминалдар бұғатталып, орындалған сапарлардың есебі тоқтап қалды. Сағаттарға созылған бұл үзіліс жүргізушілер мен автопарктердің түсімін айтарлықтай азайтты. Жүйе істен шыққан соң қала көшелерінде бұрынғыдай «қол көтеріп көлік ұстау» қайта жанданып, бейберекет тоқтаған көліктерден мегаполистердің негізгі даңғылдарында ұзын-сонар кептеліс пайда болды. Оның үстіне, бағаны автоматты белгілеу жүйесі де істемей қалғандықтан, жеке тасымалдаушылар жол ақысын екі-үш есе өсіріп жіберді.
Осы оқиға бүкіл жүйені бір ғана платформаға байлап қоюдың қаншалықты қауіпті екенін сездірді. Қалалық такси қызметі іс жүзінде әлеуметтік және логистикалық маңызы бар стратегиялық ин-фрақұрылымға айналғанымен, оның жалғыз жеке цифрлық монополияға тәуелді болуы қаладағы барлық транзитті бір сәтте бұғаттап тастау қатерін туғыза-ды. Сервистің негізгі басқару тетіктері мен алгоритмдерінің шетелдік жүйелермен тығыз байланысты болуы сыртқы геосаяси жағдайлар, кибершабуылдар немесе техникалық ақаулар кезінде ішкі нарықтың қорғаныссыз қалатынын айқын көрсетті.
Төтенше жағдайда іске қосылатын балама инфрақұрылымның әлсіздігі де анық байқалды. Қазір монополист платформа тоқтағанда қалалық көлік жүйесін орнына баса алатын отандық резервтік цифрлық платформа жоқ. Ресми деңгейде тек баламалы агрегаторлар мен жергілікті таксопарктердің өз қосымшаларын дамыту, сондай-ақ қоғамдық көліктің резервтік бағыттарын шұғыл іске қосу сияқты жанама шаралар қарастырылып жатыр. Болған жағдайдан кейін уәкілетті мемлекеттік органдар цифрлық платформаларға резервтік отандық серверлік қуаттарды күшейту және дағдарыс кезеңіне арналған іс-қимыл жоспарларын әзірлеу бойынша жаңа қатаң талаптар қоюды күн тәртібіне шығарды.
Цифрлық тәуелсіздік
Бүгінгі цифрлық такси қызметтері қарапайым тасымалдан асып, үлкен көлемдегі ақпаратты өңдейтін күрделі жүйеге айналды. Платформаға жүгінген сәттен бастап деректерді жинау процесі тоқтаусыз жүреді.
Жүйе қолданушының GPS арқылы нақты геолокациясын, жиі баратын жерлері мен жүру бағыттарын, сондай-ақ аты-жөнін, телефон нөмірі мен электронды поштасын тұрақты түрде тіркеп отырады. Мұнымен қоса банк карталарының токенделген мәліметтері, төлем тарихы, IP-мекенжай, құрылғы моделі мен операциялық жүйе нұсқасы сияқты техникалық параметрлер де бақылауға алынады. Жинақталған бұл ауқымды ақпарат машиналық оқыту алгоритмдері арқылы терең талданады. Ол сұраныс пен ұсынысты сәйкестендіру, бағаны құбылмалы ету, тиімді бағыт сызу, сапар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жеке маркетингтік ұсыныстар әзірлеу үшін қажет. Мәліметтер цифрлық базаларда шифрланып сақталады, ал қаржылық және сапар тарихына қатысты деректер салық әрі заңнама талаптарына сай архивте үш жылдан бес жылға дейін сақталады.
Заңдық тұрғыдан алғанда, «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңның 12-бабы мен «Киберқауіпсіздік туралы» заңның 56-1-бабына сәйкес, ел азаматтарының дербес деректерін жинау мен өңдеу кезінде олардың бастапқы базалары мен серверлік инфрақұрылымы Қазақстан аумағында орналасуға тиіс. Өз кезегінде Yandex Go сервисі ресми құжаттарында жергілікті заң талаптарын толық сақтап, қазақстандық пайдаланушылардың деректер базасын ел ішінде оқшаулағанын айтады. Компания саясаты бойынша деректерді өңдеу пайдаланушының келісімімен жүргізіледі, ал трансшекаралық дербес деректер кейбір техникалық процестерді қамтамасыз ету үшін бақыланатын режимде жүзеге асады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері де, компанияның ресми ақпараты да Yandex Go сервисін пайдаланушылардың дербес деректер базасы Алматы қаласындағы дата-центрлерде сақталатынын растайды. Дегенмен сервистің күрделі аналитикалық және алгоритмдік компоненттері гибридті архитектура негізінде шетелдік серверлік қуаттармен байланысты жұмыс істейтіні жасырын емес.
Бұл жағдай бірқатар құқықтық және ұлттық қауіпсіздік мәселелерін туындатады. Негізгі басқарушы компания шетелдік құқықтық кеңістікте тіркелген немесе сол елдің заңына бағынатын болса, экстратерриториялық нормалар арқылы (мысалы, Ресейдегі Федералдық қауіпсіздік қызметіне транзиттік және серверлік деректерге тікелей қолжетімділік беретін заңдар) отандық азаматтардың қозғалыс бағдарлары мен жеке мәліметтері үшінші тараптың қолына түсуі мүмкін. Сонымен бірге бас компания орналасқан мемлекетке халықаралық санкциялар салынса, бағдарламалық жасақтама, бұлтты инфрақұрылым немесе гео-карта жүйелері бұғатталып, қала ішіндегі көлік қатынасы тоқтап қалуы ықтимал. Оған қоса халықтың күнделікті миграциясы, көлік тасқынының тығыздығы мен әлеуметтік-экономикалық белсенділік картасы сияқты стратегиялық ақпаратты мемлекеттік органдардың толық бақылай алмауы елдің цифрлық дербестігіне нұқсан келтіреді.
Іс жүзінде компаниялар Қазақстан аумағында отандық серверлік қуаттарды жалға алып немесе сатып алып, деректер базасының көшірмесін ел ішінде сақтау арқылы оқшаулау талаптарын ресми түрде орындайды. Алайда қазіргі кросс-платформалы архитектурада бағдарламалық кодтың қай бөлігі кай жерде өңделетінін дәл ажырату оңай емес. Мемлекеттік реттеуші органдар деректер базасының ел ішінде сақталуын бақылағанымен, бұлтты есептеулер мен алгоритмдік өңдеулердің трансшекаралық ағынын бақылау техникалық тұрғыдан күрделі.
Думан БАҚЫТКЕЛДІ,
Qajet компаниясының негізін қалаушы:

100 мың жүргізуші тіркелуге өтінім берді
Qajet сервисін іске қосу бұрыннан көкейде жүрген жоспар еді. 2023 жылдан бері арнайы білікті IT-мамандарын іздестірдік.
Бұл салаға бет бұруымызға тек табыс табу емес, ақпарат пен деректің маңыздылығы түрткі болды. Жалпы, өз иелігінде бірде-бір көлігі болмаса да, арнайы платформа құру арқылы бүкіл такси нарығын ағын ретінде ұстап тұруға болады деген бизнес-модель бұрыннан қызықтыратын. Осы бағытта іздене келе, «Неге қазақстандық төл такси қызметін жасамаймыз?» деген берік байламға келдік.
Жаз айларында ауыл мен қала арасындағы қатынасқа арналған таксидің бастапқы нұсқасын әзірлеп қойған едік. Ал жақында еліміздегі негізгі такси қызметінде ақау болған сәтте жүйені жаңартып, жаңа құраммен, мықты мамандармен бар күшімізді салдық та, такси сервисін халыққа жарқ еткізіп ұсындық.
Қазір жүргізушілерге 0 пайыздық комиссия ұсынып отырмыз. Бұл экожүйеде қажетті бағыттар өте көп, біз алдағы уақытта жазылым моделіне көшкіміз келеді. Сол себепті 0 пайыздық комиссияны таңдадық, яғни жүргізуші мен жолаушы арасындағы қаржылық қатынасқа тікелей араласқымыз келмейді. Алайда заңнамалық талаптарға сәйкес, бұл азаматтар табыс тауып отырғандықтан, өзін-өзі жұмыспен қамтушы ретінде тіркеледі немесе жеке кәсіпкерлік ашады. Ортада таксопарктер де бар. Бізге ірі банктер де серіктестік ұсынып отыр. Солармен келісімшарттар жасалып, төлем жүйелері реттелген соң соған сай бизнес-моделдеріміз де толық нақтыланады.
Жолаушылардың қауіпсіздігі мәселесін Ішкі істер министрлігімен талқылап жатырмыз. Олар арнайы ішкі аудит жүргізіп, бұл жобаны бірлесе дамытуға, тығыз серіктестік орнатуға ниет білдірді. Бұл да – оң жаңалықтың бірі.
Сонымен бірге жүргізушілерді базаға тіркеу процесі қарқынды жүріп жатыр. 25-30 мыңға жуық жүргізушінің құжаттарын тексеріп, растап үлгердік. Ал 70 мыңға жуық жүргізуші тіркелуге өтінім қалдырып, кезегін күтіп отыр. Бұл ағынды реттеу үшін колл-орталықтар мен менеджерлерді дайындап, барлық процесті барынша автоматтандыруға күш салып жатырмыз.
Баға мен техникалық ақауларға қатысты түйткілдер шұғыл түрде шешіліп жатыр. Көлікті табу мен күту уақытының созылуы немесе жүргізуші жақындап қалғанда тапсырыстан бас тарту сияқты жайттар бар. Бұл, бір жағынан, жүргізушілер санының әлі де жеткіліксіздігіне, екінші жағынан, бәсекелестеріміздің біз нарыққа шыққалы бағаны арзандатып, түрлі бонустар ұсынып, өз қолданушыларын бізге жібергісі келмей барын салып жатқанына байланысты деп түсінеміз. Қазір жолаушылардың саны жүргізушілерге қарағанда он есе көп. Сол себепті жүргізушінің бағытына сай келген жолаушылар бірден көлік тауып жатса, кейбір азаматтардың ұзақ күтіп қалатыны да жасырын емес. Осы олқылықтарды сезіну үшін өзіміз де басқа қалаларға барып, жүргізуші де, жолаушы да болып көрдік. Бұқаралық ақпарат құралдарындағы ұсыныстар мен әлеуметтік желілердегі пікірлердің бәрін назарға алып отырмыз.
Пайдаланушылардың шағымын қарау және қызмет сапасын жақсарту мақсатында Алматы қаласында арнайы команда құрдық. Құтқару қызметі, қауіп белгісі, көлікте затты ұмытып кету, дөрекілік таныту, жолаушы мен жүргізушінің бір-біріне шағымдануы сияқты мәселелердің бәрі толық бақылауда. Мұның бәрі біз үшін өте маңызды. Өйткені болашақта жауапты жүргізушілер мен мәдениетті жолаушыларға арнайы сыйлықтар мен ерекше мүмкіндіктер ұсынғымыз келеді. Қазірден бастап қатаң рейтинг енгізіп, қолданушыларды шектеп тастаудан аулақпыз. Керісінше, осы бастапқы кезеңде ережелерді сақтап, адал, тәртіпті жұмыс істеген жүргізушілерді лайықты түрде марапаттаймыз.
Серверлеріміз бен жүйеміз ел ішінде орналасқан. Қарағандыдағы Hoster, Beeline сияқты компаниялар өз дата-орталықтарын ұсынып жатыр. «Ғылым ордасы» тарапынан да арнайы ұсыныстар түсті. Қазір әрқайсысымен кездесіп, ең тиімді шешімді таңдаймыз. Қосымшамыздың іске қосылғанына бүгін сегізінші күн ғана болды, сондықтан түсіп жатқан ұсыныстардың ішінен бізге де, қолданушыға да ең пайдалысын таңдап аламыз.
Әрине, жаңадан құрылып жатқан жүйенің техникалық ақауларын өз пайдасына шешкісі келетіндер де, бәсекелестер тарапынан астыртын ұйымдастырылған кейбір әрекеттер де орын алып жатыр. Дегенмен барлық деректер мен сапарлар бағдары біздің базамызда сақталатындықтан, мұндай теріс әрекеттерге барған тұлғалардың кейіннен сапалы клиент табуына немесе біздің жүйеде жұмыс істеуіне шектеу қойылатыны анық.
Алдағы уақытта қызмет аясын кеңейтіп, курьерлік жеткізу, қалааралық тасымал және жүк тасу сервистерін қосуды жоспарлап отырмыз.