Опа-далап, шеге және картон қиындысымен сурет салатын алматылық жас жігіт кім?

Ел арасында тума таланттар аз емес.

Опа-далап, шеге және картон қиындысымен сурет салатын алматылық жас жігіт кім?
Автордың жеке мұрағатынан
580

Соның бірі бесаспап суретші Рауаж Жарылқасын. Сурет өнерінің сан саласын меңгерген оның талантына тәнті болмау мүмкін емес. Суретті көк сиямен де, қарындашпен де, бояумен де, тіпті опа-далаппен, шегемен де сала береді. Картон қиындыларынан портрет тұрғызатын өнері тағы бар. Бір қызығы бұның бәрін оған ешкім үйретпеген. 5-6 жастағы кезінен қылқаламды қолына серік етіп, сурет салуды өз бетінше үйреніп алған. Оның өнеріне тамсанатын жұртшылық та жетерлік. Қолынан шыққан туындыларын жүктей жүріп, тик-ток әлеуметтік желісінде 300 мыңнан астам оқырман жинаған. Талантты жігітке біздің де көзіміз түсіп, сұхбат алған едік.

«Мен өзім 2002 жылы Қарақалпақстанда тудым. Қазір жасым 22-де. 3-4 жасымда Қазақстанға қоныс аудардық. Көшіп келген соң он жылдай Қаскелең қаласында пәтер жалдап тұрдық. Әке-шешем, әпкем мен інім бар. Әкем таски қызметінде, анам үй шаруасында. 2016 жылы Қаскелеңнен Қарасай ауданына қарасты Ұлан ауылына көшіп, үй салдық. Осы ауылға келгелі бері менің тынысым ашылып, шығармашылығыммен еркін айналыса бастадым. Себебі әкем үй тұрғызғанда өзіме кішкентай бөлме салып берді. Қазір осы бөлме менің шеберханама айналып кеткен. Түннің бір уағына дейін сонда суретімді салып отыра беремін. Ауылда у-шу жоқ, табиғаты керемет. Көршілеріміз де жақсы, бірге уақыт өткізетін достар тауып алдым», - дейді ол.

Рауаж суретпен ғана шектелмей, бала күнінен қолөнермен айналысқан. Өкінішке қарай талантын ертерек дамытып, шыңдауға қол қысқалық етіпті.

«Негізі мұның бәрі Қаскелеңде тұрып жатқан кезімізде көрші достарым болмаған соң басталды. Тұйық бала болдым. Таңның атысы, кештің батысы зерігемін. Ол кезде смартфон, интернет жоқ. Тек теледидар бар. Туған әпкем ол кездері 2 сыныпта оқитын еді. Мен әлі мектепке бармағам. Әпкемнің черновик қағаздарын сұрап алып, сурет сала бастадым. Теледидардан көрсететін кинолардан, мультфильмдерден, кейіпкерлерден шабыт алып, қағазға түсіретінмін. Мысалы өрмекші адам, бэтмен, супермен сияқты кейіпкерлерді салдым. Ешқандай ұстазым болмады. Бала кезімде үйірмелерге барып, суреттің қыр-сырын меңгергім келетін. Бірақ ата-анамның ақылы үйірмелерге беретін жағдайы болмады. Анам өзі бала күнінде сурет салған екен. Маған да суретшілік өнер анамнан дарыған сияқты»-дейді Рауаж.

Бұрын тек достарына 1-2 мың теңгеге сурет салып беріп жүріпті. Даяшы, автожуушы, клинер болып та жұмыс істепті. Бірақ мұндай жұмыстардың өзіне қол еместігін түсінген ол бәрін қойып, жақында тапсырысқа сурет салуды бастаған. Қазір қаладағы қабырғаларға түрлі сурет таңбалайды, тапсырысқа портрет салады. Дегенмен тик-ток парақшасында 300 мыңнан астам оқырманы болса да, бұл ісі оған аса бір табыс әкелмейтін көрінеді. Әйтседе жас жігіт әлі де болса «сүйікті ісіммен көп табыс тауып, ата-анама көмектесемін» деген үміті барын жасырмады. Қазіргі мақсаты – оқуын абыроймен тәмамдау.

«Қазір тұрып жатқан ауылымыздағы мектепті 2022 жылы бітірдім. Сосын Абай атындағы университетке құжат тапсырдым. Бірақ грантқа түсе алмай қалдым. Содан кейін Қаскелең мәдениет колледжіне «Қолөнер» мамандығына түстім. Ол жерде 1 жыл ғана оқыдым. Жыл соңында «грант бөлініп жатыр» деп, Абай университеті мені оқуға шақырып алды. Колледжден бірден университетке ауысып кеттім. Дәл қазір 3 курс студентімін. Мамандығым – кескіндемеші. Ауылдан қалаға қатынап оқимын. Болашақта өзімді қалай көремін, оны білмеймін, тіпті елестете де алмаймын. Бұйырғанын көреміз. Арманым сондай көп емес. Үлкен бір арманым – өз музейімді ашу. Халық келіп, туындыларымды өз көзімен көрсе деймін. Әлеуметтік желідегі оқырмандардың, халықтың қолдауы маған ерекше шабыт береді», - дейді өзі.

Жас талантқа сәттілік тілейміз! Жолы ашық болсын!

 

Серіктес жаңалықтары