Ақылды домбыра: Шымкенттік жас өнертапқыштардың тың жобасы қалай жұмыс істейді?

/
Ақылды домбыра: Шымкенттік жас өнертапқыштардың тың жобасы қалай жұмыс істейді?

Домбыра тартуды үйрену үшін енді міндетті түрде ұстаз іздеп, нота білудің қажеті жоқ. Шымкенттегі жаратылыстану-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушылары Іңкәр Шаяхмет пен Зарина Бектулла ұлттық аспапты меңгеруді баршаға қолжетімді ететін Dombra Sense атты ақылды домбыра ойлап тапты. Turkystan.kz сайтының тілшісі жас өнертапқыштарға хабарласып, аз-кем әңгімелескен-тін.

Ерекше құрылғы домбыраның қай ішегін шертіп, қай пернені басу керегін жарық диодтары арқылы көрсетеді, ал дірілдейтін білезік қолдың қимылын бағыттайды. Бұған қоса, көру қабілеті нашар жандарға арналған Брайль қарпі де қарастырылған. Жас өнертапқыштар мұнымен шектелмей, аспапқа мобильді қосымша мен жасанды интеллект көмекшісін енгізген. Олар мәтін, нота, сурет пен аудионы интерактивті сабаққа айналдырып, домбыра үйренуді бұрынғыдан да жеңіл әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Іңкәр Шаяхметтің айтуынша, Dombra Sense жобасы – қазақ халқының бай музыкалық мұрасын заманауи технологиялармен ұштастырып, жасанды интеллект пен инклюзивті білімді тоғыстырған бастама. Жас өнертапқыштардың басты мақсаты – домбыра үйренуді әр адамға қолжетімді ету. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттіліктері бар жандарға ұлттық аспапты меңгеруге мүмкіндік жасап, қазақ музыкасының мұрасын кеңінен насихаттау.

«Маған бағдарлама жасақтау мен математика ұнайды. Робототехникаға қызығамын, өзім OVERTIME командасының мүшесімін. Бос уақытымда түрлі жобалармен айналысқанды жақсы көремін. Сондай-ақ шахмат ойнағанды ұнатамын. Алғаш рет Arduino, ESP32 және Raspberry Pi сияқты құрылғылармен танысқан кезде олардың қалай жұмыс істейтіні, қалай құрылғаны қызықтырды. Көкейімде «Оларды қалай бағдарламалауға болады? Олардың көмегімен қандай жобалар жасауға болады?» деген сұрақ туды. Осы сұрақтарыма жауап іздеп, өзім эксперимент жасай бастадым. Өнертапқыштыққа деген қызығушылығым осылай пайда болды. Біз автоматты түрде күй ойнайтын домбыра жобаларын көрдік. Бірақ адамға домбыра тартуды үйрететін құрылғылардың аз екенін байқадық. Сондықтан өздігінен ойнайтын емес, адамның өзі үйренуіне көмектесетін домбыра жасауды мақсат еттік. Домбыраның мойнына қай пернені басу керегін көрсететін диодшырақтар орнаттық. Төменгі ішек үшін қызыл, жоғарғы ішек үшін жасыл түс жанады. Екі ішекті бір пернеде басу қажет болса, көк түс көрсетіледі. Корпустың ішінде жүйені басқаратын Raspberry Pi, диодшырақтарды басқаратын ESP32 және дыбыстық нұсқауларға арналған күшейткіш пен динамик орналасқан. Нұсқауларды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тыңдауға болады. Корпуста сабақты бастауға, кідіртуге және дыбысты басқаруға арналған батырмалар бар. Оқу жылдамдығын да реттеуге болады. Сонымен қатар діріл арқылы белгі беретін қолғап әзірлеп жатырмыз. Осы арқылы көру немесе есту қабілетінде ерекшелігі бар адамдарға да домбыра үйренуді қолжетімді еткіміз келеді», – дейді ол.

Жас өнертапқыштар ақылды домбыра жобасымен РҒЖК, Enactus  пен Nis Startup Incubator сайыстарында бақ сынап та көрген. Болашақта осы жобаны әрі қарай дамытпақ ойы бар.

«Мен де математика пәнін жақсы көремін. «Қандай жетістікке жетсем де, қандай бастама көтерсем де, мектептегі ортам мені үнемі қолдап, алға ұмтылуға жігерлендіреді. Dombyra sense жобасының тарихы 2026 жылғы WRO халықаралық жарысының «Robots Meet Culture» маусымынан бастау алады. Бұл идея негізінен заманауи технология мен ұлттық мұраны ұштастыру мақсатынан туған болатын. Жетекшіміз – информатика пәнінің мұғалімдері Бейбарс Әліпбекұлы мен Мұхтар Қайратұлы. Жобамызға ұстаздарымыз да, ата-аналарымыз да жан-жақты көмек, қолдау көрсетті. Dombyra Sense жүйесін жасап шығару оңайға соққан жоқ. Басты мақсатымыз – ұлттық мұрамызды ұлықтай отырып, домбыра өнерін цифрлық дәуірге бейімдеу және оны келер ұрпаққа заманауи технологиялар арқылы жеткізу болды. Домбыра екі ғана ішекке жеті нотаны сыйдырған. Бұл өз кезегінде үйренушіден музыка сауаты мен кәсіби нота оқу қабілетін талап етеді әрі домбыра үйрену процесін біршама қиындатады. Осы орайда біз домбыра үйренуді әрбір жанға қолжетімді ету мақсатында құрылғымыздың басты механизмі саналатын адрестік диодшырақтарды қолдандық. Солар арқылы домбыра мойнындағы 19 перненің ішінен керектісін басуға белгі береміз. Домбырадағы қағыстарды көрсету үшін арнайы вибробілезікті ойлап таптық. Оның ішінде 2 кішкентай тетік – үстіңгі және астыңғы вибромотор орналастырылған. Олар сигнал арқылы үйренушіге сәйкесінше үстіңгі және астыңғы қағысты қағуға белгі береді», – дейді Зарина Бектулла

Жас өнертапқыштар Dombra Sense жобасында көру және есту қабілеті шектеулі жандардың да ұлттық аспапты меңгеруіне жағдай жасаған. Аспаптың перне тақтасына орналастырылған Брайль жазуы зағип жандарға қажетті пернені сипап сезу арқылы анықтауға көмектеседі. Ал домбыраның артқы бөлігіне орнатылған арнайы виброкүшейткіш дыбыс тербелісін күшейтіп, есту қабілеті бұзылған адамдарға музыканың ырғағын діріл арқылы сезінуге мүмкіндік береді.

«Жобаның басты ерекшелігі – инклюзивтілігі. Көру, есту қабілеті шектеулі жандар үшін домбыра мойнында Брайль жазуы орнатылған. Зағип жандар қажетті пернені сипап сезу арқылы таба алды. Ал домбыраның артқы корпусындағы арнайы виброкүшейткіш аспаптан шығатын вибрацияларды күшейту арқылы есту қабілеті шектеулі жандарға домбыраның ырғағын денесімен сезуге көмектеседі», – дейді Зарина Бектулла.

Dombra Sense-тің мүмкіндігі домбыра тартуды үйретумен ғана шектелмейді. Жобаға енгізілген жасанды интеллект көмегімен пайдаланушы дәстүрлі ән мен күйден бөлек, өзі қалаған заманауи әуендерді де домбырада орындауды үйрене алады. Ол үшін әуеннің атауын, нотасын немесе аудиофайлын мобильді қосымшадағы ЖИ-көмекшіге жіберсе жеткілікті. Жүйе әуенді цифрлық нотаға айналдырып, аспаптағы жарық диодтары арқылы орындау ретін көрсетеді. Бұдан бөлек, ақылды домбыра үйренушінің деңгейіне бейімделіп, ойнау барысын бақылауға және қателерін түзетуге көмектесетін бірқатар технологиялық шешіммен жабдықталған.

 «Ақылды домбырада диодтардың жану жылдамдығын үйренушінің ойнау темпіне қарай бейімдеуге потенциометр, естімейтін жандарға визуалды түрде белгі көрсетуге дисплей, үйренушіге егжей-тегжейлі кері байланыс беруге арнайы мобильді қосымша, ішектерді ретке келтіруге тюнер қарастырылған. Мобилдьді қосымшаның негізгі мақсаты – үйренушіге кері байланыс беру. Ол жерде пайдаланушы қалаған күйін қосымшадағы арнайы кітапханадан таңдай алады. Мобильді қосымшаның ең ұтымды тұсы – ЖИ негізіндегі ассистент. Ол үйренушінің Dombyra Sense жүйесіне қатысты кез-келген сұрағына жауап бере алады. Сондай-ақ, ЖИ көмегімен пайдаланушы домбырада тек қана дәстүрлі күй мен халық әндерін ғана емес, өзі қалаған кез-келген заманауи әуенді домбырада шерте алады. Бұл қалай жүзеге асады десеңіз, қолданушы қалаған әуенінің атын, нотасын я болмаса әуеннің өзін файл ретінде ассистентке жібереді. ЖИ әуенді өңдеп, оны цифрлы нота түрінде домбыраға орналастырылған негізгі микроконтроллер – raspberry pi-ға жібереді. Ол өз кезегінде цифрлы нотаны диодтарда жандырады. Осылайша Dombyra Sense жүйесі қазақтың тарихи аспабын өскелең ұрпаққа цифрлық үлгіде таныстырады», – дейді ол.

Іңкәр мен Зарина тек ақылды домбыраны жасақтаумен тоқтап қалғысы жоқ. Олар алдағы уақытта да адамдардың күнделікті өмірін жеңілдетіп, нақты мәселелердің шешімін табуға көмектесетін тың жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Олардың басты арманы – жинаған білімі мен тәжірибесін игі іске жаратып, жаңа идеяларын көпшілікке пайдасы тиетін, күнделікті қолданысқа енетін технологиялық құрылғыларға айналдыру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар