Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Гамлет. Соңғы күндер» спектаклі халықаралық «Эргүү» («Шабыт») театр сыйлығының «Үздік шетелдік қойылым» аталымында жеңіске жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Уильям Шекспирдің шығармасы негізінде режиссер Дина Жұмабай сахналаған қойылымға Қырғызстанның 60-тан астам театр академигі мен өнертанушысынан құралған қазылар алқасы жоғары баға берді. Биыл өнер бәйгесіне Қазақстан, Әзербайжан және Ресейдің театр ұжымдары қатысты.
Бұл – Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың халықаралық «Эргүү» сыйлығындағы қатарынан үшінші жеңісі. 2024 жылы режиссер Фархат Молдағали сахналаған «Құлагер» спектаклі, ал 2025 жылы режиссер Гүлназ Балпейсова қойған «Ұлпан» қойылымы осы сыйлыққа ие болды.
Бұл жетістік Қазақстан театр өнерінің жоғары деңгейін және отандық қойылымдарға шетелде де сұраныс бар екенін айғақтайды.