Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіру, басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігі бойынша айыпталған П.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, 17 сәуірде сағат 18:00 шамасында П. мен Д. Ақсу қаласының шетіндегі жылу трассасының құбырларына барып, бірге алкогольдік ішімдік ішкен.
Ішімдік ішу барысында Д., П.-ның қайтыс болған анасын балағаттаған. Осыған байланысты олардың арасында сөзге келіспеушілік туындап, соның салдарынан П.-да Д.-ны өлтіру ниеті пайда болған. Өзінің қылмыстық ойын жүзеге асыру мақсатында П. Д.-ның бетіне жұдырықпен соққы жасаған. Соққыдан жәбірленуші жерге құлаған. Бұдан кейін ол әйелдің денесіне бірнеше рет аяғымен соққы жасаған. Алған жарақаттарының салдарынан Д. жедел қан жоғалтудан оқиға орнында қайтыс болған.
Д.-ның өмір белгілерін көрсетпейтініне көз жеткізген соң, П. үйіне барып, дизель отынын алып келген. Қылмыс іздерін жасыру мақсатында ол марқұмның киімдерін шешіп, денесін өртеп, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сот ұсынылған дәлелдемелердің жиынтығын және сотталушының жеке басын бағалай келе, П.-ны ҚР ҚК-нің 99-б. 1-б. бойынша кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеумен 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.
Жәбірленушінің талап қоюы 5,5 миллион теңгеден астам сомаға қанағаттандырылды.