Сандарға жүйрік, сертке берік офицер

/
Сандарға жүйрік, сертке берік офицер
Ұлттық ұлан

Әскери қызмет тек саптық дайындық пен жауынгерлік міндеттерден тұрмайды. Сарбаздардың әлеуметтік жағдайы, әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, мемлекет бөлген қаржының тиімді жұмсалуы – мұның бәрі әскери қаржыгерлердің жауапкершілігіндегі маңызды міндеттер. Осы жауапты саланы өмірлік кәсібіне айналдырған жандардың бірі – Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының Бюджеттік-қажы басқарамасының аға офицері подполковнигі Зәуреш Ақжігітова.

Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Жалаңтөс батыр ауылында дүниеге келген Зәуреш Бижанқызы бала күнінен білімге ұмтылып, болашағын нақты ғылымдармен байланыстыруды мақсат етті. 1995 жылы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетке оқуға түсіп, 1999 жылы «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алып шықты.

Еңбек жолын Қызылорда қаласындағы емханада экономист болып бастаған ол 2003 жылы жаңа мүмкіндіктер іздеп, елордаға қоныс аударады. Мемлекеттік қызметке орналасу үшін тиісті сынақтардан өтіп, конкурстарға қатысады. Сол жылдың соңында Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі басқармасына қаржыгер болып жұмысқа қабылданады.

Ал 2006 жылы Ішкі әскер қатарына ауысып, 5570 әскери бөлімінде қаржы қызметі бастығының көмекшісі қызметіне тағайындалады. Осылайша оның әскери қаржы саласындағы кәсіби жолы басталады.

Әскери ортаға бейімделу, тәртіп пен талапқа үйрену кез келген маман үшін жауапты кезең. Дегенмен Зәуреш Бижанқызы бұл жолда айтарлықтай қиындық көрмегенін айтады. Оның пікірінше, әскери ортада өз орныңды қалыптастыру үшін ең алдымен кәсіби біліктілік қажет.

– Әскери ортада әйел офицер ретінде өз орнымды табу аса қиын болды деп айта алмаймын. Ең бастысы – өз ісіңді жақсы білу. Алғашқы басшым майор Александра Степановна Кимнің маған көрсеткен көмегі ерекше. Жұмыс барысында білмегенімді сұрап, әрдайым ақыл-кеңесіне жүгінетінмін. Сол кісінің берген бағыт-бағдары кәсіби қалыптасуыма үлкен ықпал етті, – деп еске алады подполковник.

Жиырма жылға жуық әскери қызметінде Зәуреш Ақжігітова Ұлттық ұланның бірнеше әскери бөлімінде жауапты лауазымдарды атқарды. 5570, 5516, 6505, 5573, 3660 және 5515 әскери бөлімдерінде жинаған тәжірибесі оның кәсіби шеберлігін шыңдай түсті. 2019 жылдың қыркүйегінде «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқарған кезеңінде подполковник әскери атағын алды. Ал 2022 жылдың наурызынан бастап Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында бухгалтерлік есеп және есептілік бөлімінің аға офицері қызметін атқарды.

Әскери қаржыгерлердің қызметі көп жағдайда көпшілік назарынан тыс қалғанымен, олардың еңбегі әскердің күнделікті тыныс-тіршілігімен тікелей байланысты. Бюджетті жоспарлау, әскери қызметшілердің еңбекақысы мен тұрғын үй төлемдерін есептеу, қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешек және өзге де қажеттіліктерге бөлінген қаражаттың заңды әрі тиімді жұмсалуын қадағалау – осы саланың негізгі бағыттары.

– Әскери қаржыгерді әскердің тылдағы экономикалық қалқаны деуге болады. Өйткені жауынгерлік міндеттердің сапалы орындалуы материалдық және қаржылық қамтамасыз етумен тығыз байланысты. Мемлекет бөлген әрбір теңге мақсатты әрі заң аясында жұмсалуы тиіс, – дейді Зәуреш Бижанқызы.

Зәуреш Ақжігітова Ұлттық ұланның қаржылық қамтамасыз ету жүйесіндегі оң өзгерістерді де атап өтті. Оның сөзінше, соңғы жылдары қаржыны тиімді басқарудың нәтижесінде әскерді заманауи авиациялық техникамен, автокөліктермен, ұшқышсыз ұшу аппараттарымен, қару-жарақ және байланыс құралдарымен қамтамасыз ету бағытында елеулі жұмыстар атқарылған. Сондай-ақ 2026 жылы Бірыңғай есеп айырысу орталығының іске қосылуы қаржылық есептеулерді орталықтандыруға, басқару мен бақылау жүйесін жетілдіруге мүмкіндік берген.

Қызметте әрбір тиынды есептеп үйренген офицер жеке өмірде барлық нәрсені алдын ала болжау мүмкін емес екенін жақсы түсінеді. Сондықтан маңызды істерін жоспарлағанымен, кейде тәуекелге барудан да қашпайды. Ал егер тағдыр оны қаржы саласына алып келмегенде, өзін ұстаздық қызметте елестетер еді. Бәлкім, бойындағы осы ұстаздық қасиет болар, ол жас мамандарға тәжірибесін үйретуден жалықпайды. Сонымен қатар бүгінгі жастардың білімді, алғыр әрі жаңа технологияларды тез меңгеретінін жоғары бағалайды.

– Қазіргі жастар өте қабілетті. Заманауи бағдарламаларды жақсы меңгерген. Кейде өзімнің де олардан үйренетін тұстарым көп. Ал жас әскери қаржыгерлерге айтарым – төзімді, шыдамды болыңыздар және жауапкершілікті ешқашан ұмытпаңыздар, – дейді ол.

Әскердің қуаты тек қару-жарақпен ғана емес, оның артындағы берік тәртіппен, жүйелі жоспарлаумен және жауапты мамандардың еңбегімен де өлшенеді. Ал осы жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген Зәуреш Ақжігітова сынды әскери қаржыгерлердің еңбегі – Ұлттық ұланның тұрақты қызметі мен жауынгерлік әзірлігін қамтамасыз етудің маңызды тіректерінің бірі.

Лейтенант

 Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары