580 млн теңге табыс: Қарағанды облысында есірткі өндірген бес адам сотталды

/
580 млн теңге табыс: Қарағанды облысында есірткі өндірген бес адам сотталды
istockphoto.com

Қарағанды облысында бірнеше жыл бойы психотроптық заттардың тектестерін заңсыз өндірумен және өткізумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сот талқылауы аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, 3 қарашада Қарағанды облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қылмыстық топтың бес мүшесіне қатысты айыптау үкімін шығарды.

Олар ұйымдасқан қылмыстық топты құру және оған қатысу (Қылмыстық кодекстің 262-бабы), есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың тектестерінің заңсыз айналымы (Қылмыстық кодекстің 297-бабы), сондай-ақ аталған қылмыстарды жасауға оқталу бойынша кінәлі деп танылды.

Сот 2022–2024 жылдар аралығында Қарағанды және Алматы облыстарының аумағында С. және А. басшылығымен ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекет еткенін анықтады.

Олардың әрекеттері психотроптық заттардың тектестерін өндіру және өткізу арқылы жүйелі түрде заңсыз пайда табуға бағытталған.

Қылмыстық жоспарды жүзеге асыру мақсатында есірткі зертханалары ұйымдастырылып, прекурсорлар мен қажетті жабдықтар сатып алынған, жаңа қатысушылар тартылған. Олардың арасында қылмыстық рөлдер мен міндеттер бөлініп, заңсыз қызметті қаржыландыру қамтамасыз етілген.

Топ мүшелері миллиондаған табыс табуға бағытталған және міндеттері нақты бөлінген тұрақты қылмыстық құрылым қалыптастырған. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа жалпы құны шамамен 580 млн теңгеден асатын мүлік сатып алынған.

Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушылар істің мән-жайларының жан-жақты әрі объективті зерттелуін қамтамасыз етті.

Процеске қатысушылардың айғақтарын, сараптама қорытындыларын, қаржылық құжаттаманы және іс материалдарын құрайтын өзге де дәлелдемелер жиынтығын тексеру мен бағалауға ерекше назар аударылды.

Бұл бес сотталушының да кінәсін, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде алынған мүлікті тәркілеудің негізділігін дәлелдеуге мүмкіндік берді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл, ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және олардың қызметін жою, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған мүлікті анықтау және тәркілеу Қарағанды облысының прокуратурасы органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары