Ойыл оңалып келеді
«Ойыл – көздің жасы еді...» депті бір замандарда Асан қайғы бабамыз. Бүгінде ойылдықтардың көз жасын сүртуге күллі Қазақстан ұмтылып отыр.
Биылғы су тасқынында Ақтөбе облысындағы Ойыл ауданының тұрғындары қатты зардап шеккені республикалық, жергілікті БАҚ-та жиі айтылды, жазылды. Қазір мұнда қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Қоғамдық штаб жұмыс істеп жатыр
Ойыл – Ақтөбенің батысында орналасқан, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарымен шектесетін аудан. Негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы.
Су тасқынынан келген шығын орасан. Ауданда 330 үйге су кіріп, 1452 адам эвакуацияланды. Төтенше жағдай қызметкерлері 70 адамды құтқарды. 12 әлеуметтік нысанды, 1 облыстық маңызы бар, 7 аудандық маңызы бар автомобиль жолын су шайды. Аудан орталығын сыртпен жалғайтын көпірдің бір бөлігі бүлініп, жарамсыз болып қалды. Соның салдарынан аудан аралға айналды. Құтқарушылар, азық-түлік тікұшақпен тасылды.
Бұрын-соңды болмаған апаттан адамдар абдырап қалды. Жасы 80-нен асқан кісілер де өз өмірінде бұндай су тасқынын көрмегенін айтады. Баспанасынан, мал-мүлкінен, өмір бойы жиған-тергенінен айрылғандардың көңіл күйі қайдан болсын, ащы әңгімелер де айтылып жатты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет бірде-бір адамды ескерусіз қалдырмайтынын, зардап шеккендерге қаржылық және басқа да көмек көрсетіліп, материалдық шығын толық өтелетінін айтқан cоң көпшіліктің көңілі орнына түсті. Арқасүйер мемлекеті бар екенін, далада қалмайтынын түсінді. Көп ұзамай материалдық көмектің алды келе бастады.
Облыс әкімі Асхат Шахаров ауданда төтенше жағдай басталған сәттен бастап жағдайды өз бақылауына алған болатын. Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин келіп, Ойылдың ахуалын өз көзімен көріп кетті.
Қазір ауданда жағдайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Су тасқынының зардаптарын еңсеру мақсатында құрамында аудандық мәслихат депутаттары, «AMANAT» партиясы, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіподақ, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы, білім, денсаулық сақтау, жастар ұйымдарының өкілдері, медиатор, дін саласы өкілдері мен тиісті атқарушы билік өкілдері бар қоғамдық штаб құрылып, оның басшылығына аудандық мәслихаттың төрағасы Сәкен Займолдин бекітілді. Қазір әр күнгі жұмыс сараланып отыр.
Қатты зардап шеккен елді мекеннің бірі – Шығанақ Берсиев атындағы ауылдық округтің орталығы Қаратал ауылы. Бұл – ақ тарының атасы атанған Шығанақ Берсиевтің қонысы. Әйгілі дихан әлемдік рекордты осы ауылда тұрып жасаған. Бүгінде ауыл түгел дерлік суға кетті. 228 үйдің 210-ы мүлде жарамсыз. Бұл – комиссия анықтаған дерек. 18 үйге күрделі жөндеу жасалуы керек. 36 үйдің тұрғыны бізге үйді аудан орталығынан салып беріңдер деп талап қойып отыр.
Қазір үйлерді бұзып, орнын тазарту жұмыстары жүргізілуде. Бұған қол көмек керек болып, аудан халқына үндеу жасалды. Көп адам, әсіресе, жастар келіп жатыр.
Ойыл ауылдық округіне қарасты Екпетал, Жаңабаз ауылдарындағы үйлер толықтай суға кетті. Енді ол ауылдардың тұрғындарын толықтай аудан орталығына көшіру керек. Қазір 66 үйдің сметасы әзірленіп жатыр. Сондай-ақ Ақкемер ауылында 15, Кемер ауылында 4 үй суға кетті.
312 үй салынады
Су тасқынынан зардап шеккендер үшін ең алдымен баспана керек. Қазір ауданда 330 тұрғын үйге техникалық тексеру жүргізіліп, 312 тұрғын үйді қайта салып, 18 тұрғын үй жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге
58 578,1 миллион теңге өтемақы аударылды. Жаңадан салынатын 312 тұрғын үйге құрылыс жұмыстарын жүргізуге инженерлік-инфрақұрылымдық желілері тартылған жер учаскелері қарастырылып отыр. Құны 22 миллион теңге болатын 80-100 шаршыметрлік үйлер салынады. Су тасқынынан зардап шеккен 336 отбасына 124051,2 миллион теңге біржолғы әлеуметтік төлем аударылды.
Жалпы, су тасқыны кезінде Кемер, Ақкемер, Бестамақ, Ақжар, Қаракемер, Ақшатау, Қаратал, Көсембай, Құмжарған, Шиқұдық секілді ауылдарда электр жарығы болмай қалған болатын. Қазір толық қалпына келтірілді. Сондай-ақ Ойыл, Құмжарған, Көсембай, Ақкемер, Бестамақ, Ақшатау, Қаратал, Қаракемер, Кемер ауылдарында тоқтап қалған ауызсу қайта берілді. Қараой мен Көсембай ауылының байланыс жүйесі қалыпқа келтірілді.
Эвакуацияланған адамдар үш жерге орналастырылған болатын. Қазір көбі үйлеріне оралып, бір ғана эвакуациялық орталық қалды. Онда 28 адам бар. Осы арада апат күндері аудан орталығының тұрғындары көп балалы отбасыларды үйді-үйге бөліп әкетіп, төрін беріп, ас-суын ұсынғанын айта кеткен жөн.
Шиқұдық ауылының жолын су басып, аралға айналды. Вице-Премьер Серік Жұманғарин мен облыс әкімі Асхат Шахаров тікұшақпен келген кезде ауыл тұрғындары кеңес заманынан қалған көтерме жолды реттеп, су тартып беруді сұраған болатын. Көпірді де қалыпқа келтіру керек. Жақында облыс әкімі Асхат Шахаров мұнда тағы келіп кетті. 174 адам тұратын ауылға жақында жол саласының мамандары келіп, мәселені шешу жолдарын пысықтайтын болды.
Көпір демекші, Ойыл ауылына кіреберістегі көпірдің тіреуіштері істен шығып, аудан орталығына кіріп-шығу қиындап қалды 16 мың тұрғыны бар Ойыл ауданы үшін бұл – үлкен мәселе. Оны шұғыл шешу мақсатымен алғашқы күндерде Алматы облысы Қонаев қаласындағы Қарулы Күштерінің инженерлік техникасы, 15 әскери қызметшісі жіберіліп, 60 тонна жүк көтере алатын пантонды-көпір паркінің 3 звеносы іске қосылды. Келіп жеткен гуманитарлық көмек, автокөліктер, жолаушылар осы қалқымалы көпір арқылы өткізілді. Бірақ өзендегі су азайған соң бұл көпірдің пайдасы азая береді екен. Сондықтан қалай да бұрынғы көпірді қалпына келтіру керек. Оның үстінен қазір көлік жүре алмайды. Кәсіпкерлер азық-түлікті көпірге дейін әкеледі де, бері қарай жаяу тасымалдайды. Жанар-жағармайды шланга арқылы бері қарай өткізуге де дағдыланып қалдық. Тек газ мәселесі қиын болып тұр. Ауыл тұрғындары облыс орталығына немесе көрші аудандарға баратын болса, көпірден ары қарай жаяу өтіп таксиге мінеді. Келерде де сөйтеді.
Қазір көпір өте керек. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, екі ауылдың тұрғындары түгелдей аудан орталығына көшіріледі. Азғантай уақытта үй салып бітіру керек. Күздің қара суығына қалдыруға болмайды. Ал ол үшін құрылыс материалдарын тасу керек. Көпір болмаса, оның бәрі бос әңгіме. Қазір облыс басшылығы уақытша көпір салу керек деген байламға келіп отыр. Оны салатын мердігер анықталды. «ТенгизСтройСервисГрупп» мекемесі қазір тірек бағаналарын орналастыратын жер қыртысын зерттеп жатыр. Техникалық тексеру қортындысы шыққасын құрылыс жұмысы басталады.
Саралжын ауылдық округіндегі көпір де істен шықты. Қазір халық айналма жолмен қатынап жүр. Ауылдарға шығатын жолдардың да жағдайы мәз емес. Облыс әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасымен облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл мәселені қолға алды.
Ойылдың басты күнкөрісі – мал шаруашылығы екенін жоғарыда айттық. Ауылшаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин аудандағы шаруалармен жүздесті. Көп мәселені көңіліне түйіп кетті. Су тасқыны кезінде мал қырылып қалды. Қазір әр ауылдық округтен құрылған жергілікті комиссиялар 6 024 бас мал өлекселерін анықтап, утилизация жұмыстарын жүргізуде.
Мал өлекселерінен бөлек, су шайып кеткен жерлердің бәрін – әлеуметтік нысандарды, аулаларды дезинфекцияламаса, індет тарау қаупі бар-ды. Сондықтан да жергілікті билік бұл іске құмбыл кірісті. Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық сараптамалық орталығының Ақтөбе облысы бойынша филиалының өкілдері шақырылып, дезинфектор мамандар ауылдарда залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Қазірге дейін 328 нысан қамтылды. Бұл жұмыс әлі жалғасып жатыр.
Қазір мал басына төлем төлеу басталды. Комиссия тыңғылықты жұмыс істеп жатыр.
Біртұтас Қазақстан
Парламент Мәжілісінің депутаттары Аманжол Әлтай, Қазыбек Әлішев, Асқар Садықов және оларды бастап келген «AMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ербол Данағұловтар аудан халқымен кездескен шағында «Әке, «Ханторыны» құтқаршы» деп шырылдаған сәті әлеуметтік желіде тарап кеткен 3 жасар Бейбарысқа Қазыбек Әлішев «Нұржебе» атты бәйге атын сыйлады. Аманжол Әлтай өлең арнап, сәбидің маңдайынан иіскеді. Депутаттар халықпен етене әңгімелесіп, Мемлекет басшысының бірде-бір адам ескерусіз қалмайды деген сәлемін жеткізді.
Жалпы осы апат Қазақстанның біртұтас екенін көрсетті. Еліміздің түпкір-түпкірінен келіп жатқан көмекте есеп жоқ.
Төтенше жағдай жарияланғаннан бері Тараз, Шымкент, Түркістан, Алматы, Маңғыстау өңірлерінен азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар, құрылыс материалдары толассыз келіп жатыр.
Мәселен, Түркістан облысы Мақтаарал, Түлкібас ауданы халқының жинаған қаражатына екі үлкен жүк көлігіне тиелген гуманитарлық көмек Ойыл ауданына екі мәрте келіп жетті.
«AMANAT» партиясының Түркістан облысы Мақтаарал аудандық бөлімінің атынан аудандық мәслихат депутаты Қанат Мырзахметов суға кеткен қараталдықтарды бір ай тегін ыстық нанмен қамтамасыз етуге қаражат бөлді.
Сондай-ақ Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының жүк көлігін жүргізушілерінің бастамасымен және Бейнеу ауданы әкімдігінің, кәсіпорын басшыларының қолдауымен 13 мың ұлутас, 200 дана шпал жеткізілді.
Алматыда тұратын жерлесіміз Жәрдем Ақбисенов «Ойылға жәрдем» қорын құрып, әр жақта жүрген жерлестеріміздің басын біріктіріп туған жеріне азық-түлік, жатын төсек, үйлері суға кеткен жандар үшін киіз үй әкеліп берді. Оның шырылына құлақ түрген Әлмерек бабаның 365 жылдығына ас бергелі отырған ұрпақтары оны кейінге қалдырып, Ойылға қолұшын беруді ұйғарыпты.
Өнер адамдары да қарап қалған жоқ. «ДимашӘли» шығармашылық орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев Екпеталда дезинфекция жүргізетін мамандар үшін 20 арнайы киім алу үшін қаражат аударды. Белгілі продюсер Ерғали Әбдірайымов, Қайрат Нұртастың анасы Гүлзира Айдарбекова, әнші-композитор Өктем Алтаев, эстрада жұлдызы Роза Әлқожа, талантты жұп Мирас-Құралай Бекжановтар Ойыл өңіріне арнайы ат басын тіреп, өнер адамдарының ықыласын жеткізіп, 2 жылжымалы үй табыс етіп кетті. Осы арада жерлестеріміз Жанар Айжанова мен Мирас Бекжановтың жанұшыра жүгірген еңбегін айта кеткен жөн.
Оқушылар оқуын оқу орталықтарында жалғастырады
Суға кеткен ауылдардың тұрғындарына психологиялық көмек те керек. Әсіресе, балалардың тезірек ес жиғаны абзал.
Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен төтенше жағдайға тап болған Екпетал мектеп-балабақшасы мен Ш.Берсиев атындағы орта мектебінің, Жамбыл мектеп-балабақшасының 112 оқушысына республикалық оқу-сауықтыру орталықтарына демалу және оқу үшін жолдама бөлінді. Алматы облысы Қонаев қаласындағы «Балдәурен Қонаев» республикалық орталығына 30 оқушы жіберілсе, Жамбыл облысындағы «Мөлдір Бұлақ» лагеріне 50 оқушы, Қарағанды облысындағы «Балдәурен Балқан» орталығына 20 оқушы және Алматы қаласындағы «Тау Тұран» республикалық орталығына 12 бала кетті. Бұл орталықтарда балалар демалып қана қоймайды, белгіленген жоспар бойынша барлық оқу бағдарламасы жүргізіледі.
Сондай-ақ, қараталдық 17 түлек М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатында білімін жалғастырып, ҰБТ- ға дайындалуда.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы да осы күндерде қыруар шаруаны жүзеге асырып, көп дүниеге ұйытқы болып отыр. Облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Ербол Данағұлов Ойылға қайта-қайта келеді.
Әрине, апат ойсыратып кетті. Бірақ оның күллі Қазақстан халқын жұдырықтай жұмылдырып кеткенін де ұмытпаған жөн. Ал бірлігі мықты елді ешқандай жау ала алмайды.
«Ойыл – көздің жасы еді...» депті бір замандарда Асан қайғы бабамыз. Бүгінде ойылдықтардың көз жасын сүртуге күллі Қазақстан ұмтылып отыр.
Еркін ЖИЕНАЛИН,
«AMANAT» партиясы Ойыл аудандық филиалының атқарушы хатшысы