«Халықаралық зорлық-зомбылық күні»: әлеуметтік желіде жалған ақпарат тарады
Жалған ақпарат таратқан TikTok желісінің екі қолданушысы анықталды.
TikTok және басқа да әлеуметтік желілерде 24 сәуір – Халықаралық зорлық-зомбылық күні болып танылатыны туралы ақпарат таралып жатыр, деп хабарлады turkystan.kz polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Желі қолданушыларының сөзінше, бұл күні ер адамдар әйелдерге зорлық көрсете алады. ІІМ ағылшын тіліндегі посттан тараған бұл хабарламаның жалған екенін мәлімдеді.
«Қазіргі уақытта 24 сәуір туралы ақпаратты Қазақстан Республикасының аумағында таратқан TikTok желісінің екі қолданушысы анықталды. Олармен профилактикалық әңгіме жүргізілді», - делінген хабарламада.
Полиция ҚР ҚК-нің 274-бабы (Көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік барын ескертеді. Баптың санкциясымен 5 мың АЕК мөлшерінде айыппұл немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не болмаса бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады.