«Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастырған «Отандастар медиа сыйлығы» байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқау Ұлт ұстазы, ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 185 жыл мерейтойына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Байқау шетелдегі қазақтілді БАҚ пен журналистердің еңбегін бағалау, ана тіліндегі ақпарат кеңістігін нығайту және Қазақстан мен диаспора арасындағы байланысты күшейту мақсатында өткізілді.
Байқауға Қазақстан азаматы емес, шетелдегі БАҚ-та ресми жұмыс істейтін қазақ журналистері мен шетелде тіркелген қазақтілді басылымдар қатысты. Өтінімдер 13-29 қазан аралығында онлайн форматта қабылданды. «Үздік БАҚ», «Үздік журналист», «Үздік жас журналист» номинацияларына 20-ға жуық өтінім түсті.
Жұмысты «Turkistan», «Aiqyn», «Egemen Qazaqstan», «Astana Aqshamy» және «Медиа дамыту қоры» КҚ өкілдерінен құралған қазылар алқасы 30 қазандағы отырысында бағалады. Бағалау кезінде үміткерлердің тәжірибесі, шығармашылық шеберлігі, тұрақтылығы және аудиторияға ықпалы ескерілді.
Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаз атанғандар:
«Үздік БАҚ» – Баян-Өлгий аймақтық Бұқаралық қазақ радиосы (Моңғолия). 60 жылдық тарихы бар радио 2025 жылы «Баян-Өлгий аймағының үздік мекемесі» сыйлығын алған.
«Үздік журналист» – Жұлдыз Жұмағұлқызы (Моңғолия). Баян-Өлгий аймағындағы қазақ тілінде хабар тарататын «Дербес» телеарнасының журналисі.
«Үздік жас журналист» – Бекболат Мұхтаров (Өзбекстан). Еңбек жолын 2021 жылы «Нұрлы жол» газетінде тілші болып бастады, 2024 жылы «Ұлт.kz» ақпараттық порталында еңбек етті. 2026 жылдың ақпанынан бері қайтадан «Нұрлы жол» газетінің тілшісі.
Жеңімпаздар 13-16 қараша Шымкент және Түркістан қалаларында өтетін «Киелі Қазақстан» жобасы барысында марапатталады. Әр номинация жеңімпазына бағалы сыйлық табысталады.