Жаңа жыл, жаңғырған Наурыз
Биыл республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған болатын.
Биылдан бастап Наурыз мейрамы жаңаша тойланып жатыр. Дегенмен жаңаша дегенге қарағанда, дәстүрді жаңғырту десек, дұрысырақ болар еді. Наурыздың біркүндік мереке болмағанын тарихи деректер мен этнографтардың жазбалары да растайды.
Осылайша, биыл Наурыз мейрамын мерекелеудің жаңа форматы бекітілді. Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өтетін Наурызнама онкүндігі жарияланды. Наурыздың бірегей логотипі бекітілді. Биыл республика бойынша 10 мыңнан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған болатын.
Амал келді – жыл келді
Бұған дейін негізінен еліміздің батыс өңірлерінде сақталған бұл мерекені кейінгі жылдары бүкіл ел болып тойлай бастаған едік. Биылғы наурызды жаңаша тойлау туралы шешім амалдың ауқымын одан сайын кеңейтті.
13-14 наурызда Маңғыстаудың ең биік нүктесі – Отпан тауда ақшаңқай үйлер тігіліп, торқалы той өтті. Еліміздің өзге өңірлері мен алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келген. Биыл мерекенің маңызына ерекше мән беріліп, басқа аймақтардан Маңғыстауға ағылған жұрт көп болды. Әр облыстан арнайы шақырылған делегация келді. ҚазАқпарат мәліметіне сүйенсек, Отпан тауға екі күнде 30 мыңнан астам адам жиналған. Бас-аяғы 50-ге тарта киіз үй тігілген.
Сонымен қатар түрлі ұлт өкілдер де мерекені атап өтіп, бас қосып арқа-жарқа болды. Мәселен, Астанада Достық үйінде Аналар және Ақсақалдар кеңестері, «Ассамблея жастары» РҚБ филиалы жастары және түрлі этнос өкілдері көрісу күнін атап өтті. Ассамблея мүшелері Амал күнінде жасалатын рәсімді көрсетті. Көрісе келген қонақтар бір-бірімен амандасып, өз өнерін көрсетті, жүрекжарды жылы лебіздерін білдіріп, ас-дәмдерін ұсынды.
Осы күннен бастап «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланды, мұның аясында жаппай сатылымдар мен жеңілдіктер жарияланды.
Осылайша, еліміздің түпкір-түпкірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, Наурыз мерекесін тойлау басталып кетті.
Қайырымдылық күні
15 наурыз «Қайырымдылық күні» болып белгіленді. Бұл күн ел бойынша қайырымдылыққа, мейірім мен тату көршілікке арналды. Сонымен қатар 15 наурыз Рамазан айының алғашқы жұмасына тұспа-тұс келді. Бұл айдың ізгілік пен мейірімділікке үндейтін құндылықтары Наурыздың мазмұнымен толықтай үйлесетінін ескере отырып, барлық өңірде ауызашар берілді.
Елордада көмекке мұқтаж тұрғындарға азық-түлік себеттері таратылды. Іс-шараны елорда әкімдігі Qazaq oil компаниясымен және «Астана жастары» еріктілерімен бірлесіп ұйымдастырған.
– 2023 жылдың наурыз-желтоқсан айлары аралығында Астанада мұқтаж азаматтарға 4 000-нан астам азық-түлік жиынтығы таратылды. Бұл жолы 1 000-нан астам азық-түлік жиынтығы аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, зейнеткерлер және толық емес отбасылар сияқты халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтарына таратылады. Қораптың салмағы – 45 келі және барлық жүктің салмағы 45 тоннадан асады. Азық-түлік қоржынында ұн, қант, қарақұмық, күріш, макарон, балаларға арналған тәттілер сияқты қажетті тауарлар бар, – деді Астана әкімінің кеңесшісі Қуаныш Молдабек.
Қазақ мәдениетінің түп негізі гуманистік идеялардан туындайтын болғандықтан, ол қоғамды жалпыадамзаттық құндылықтар аясында біріктіруші күш бола алады. Оның ішінде, өзгені түсінуге ұмтылу, өзара көмек пен ынтымаққа негізделген қарым-қатынас қағидалары халықты біртұтас ұлтқа айналдыруда аса маңызды.
Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
16 наурыз «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» болып белгіленді. Бұл күні мәдениетімізді, өнеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға арналып, республика бойынша түрлі іс-шараларды өткізу жоспарланған болатын.
Қазақстандық авторлар, суретшілер, мүсіншілер туындыларының тұсаукесерлері ұйымдастырылды. Телеарналар эфирінде «Наурызнама» республикалық айтысы көрсетілді.
Ұлттық академиялық кітапханада Мәдениет және ұлттық дәстүр күніне арналған «Ежелгі мерекенің мәңгілік құндылықтары» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеде Шығыс елдеріндегі Наурыз мерекесі, тарих және мәдени дәстүрлер туралы жарияланымдар ұсынылды.
– Биыл Наурыз мейрамы елімізде жаңа бағытта атап өтіліп жатыр. Мерекелік іс-шаралар Көрісу күнімен басталды, оған біздің кітапхана қызметкерлері белсенді қатысты. 15 наурызда көрме ашылды. Наурызнаманың онкүндігінде кітапханада тақырыптық іс-шаралар өткізіледі, – деді Ұлттық академиялық кітапхананың ақпараттық мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі Күләш Оразова.
Шаңырақ күні
Ал 17 наурыз «Шаңырақ күні» болып белгіленді. Осы күні отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген үлгілі отбасыларға арналған мәдени іс-шаралар өтті.
Елордада Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясындағы «Шаңырақ» күніне орай көптеген іс-шара өтті. Жалпыұлттық отбасылық құндылықтар күні қала әкімдігі өкілдері көпбалалы, интернационалды отбасы шаңырақтарындағы тағы бір нәрестенің дүниеге келуімен құттықтап барды.
Сонымен қатар «Шаңырақ» күнінде елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында «Бақытты шаңырақ иелері» атты іс-шара ұйымдастырылды. Жас отбасылардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатындағы мерекелік жиында балалардың тұсауы кесілді.
Бұл күн жарасымды жанұялардың береке-бірлігін насихаттау арқылы отбасы құндылықтарын кең көлемде дәріптеуде айрықша маңызға ие болды. Барлық аймақта отбасы құндылығын насихаттауға арналған танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып, салт-дәстүр рәсімдері өтті.
Ұлттық киімдер күні
18 наурыз күні Ұлттық киімдерге арналады. Қазақтың ұлттық киімі – бұл халықтың мәдениеті мен тарихы, оның дәстүрі мен өмір салты. Ол ұлттың жарқын «индикаторы» ретінде өткеннің мәдени-рухани мұрасын сақтауға көмектеседі.
Наурызнаманың онкүндігінде еліміздің барлық өңірінде ұлттық киімдерді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шара өтті.
Астанада Наурызнаманың онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күніне орай Жастар саясаты мәселелері басқармасы елордамыздағы жастар ұйымдарымен бірге Қазақстан халқының Ұлттық киімдерін кеңінен дәріптеу мақсатында челлендж бастады.
Елорданың мәдениет ұйымдарының қызметкерлері ауқымды флешмоб өткізді. Бұл флешмоб Астанада «Атамекен» Қазақстан Картасы» этно-мемориалдық кешенінің аумағында өтті. Елорданың мәдениет мекемелерінің 500-ден астам қызметкері «Қошқар мүйіз» ою-өрнегі бейнелеген ұлттық киіммен шықты.
Жаңару күні
19 наурыз – Жаңару күні. Осы күні көктемгі ағаш егу дәстүрін жалғастыру туралы ұсыныс айтылған болатын.
Алматыда жаңару күнінде ұйымдастырылған сенбілікке жалпы 30 500 адам қатысып, 210 техника жұмылдырылды. Жиналған қоқыс мөлшері 980 тонна болды, оның 6 тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Санитарлық тазалауға жататын аумақтың ауданы – 1 150 гектар.
– Қонаев қаласы облысымыздың орталығы болғандықтан, абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына әрдайым көңіл бөлеміз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен «Наурызнама» онкүндігі жарияланған. Жаңару күні сенбілікке шығып, ағаш отырғызуды жөн санадық және өңірдің елді мекендерінде де осы игі шара жалғасын табуда. Алматы облысының табиғатын аялап, одан әрі көркейту – әрбір азаматымыздың борышы. 2024 жылы 10 мың бірлік жасыл желек отырғызу жоспарланған, – деді өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев.
Жалпы, Наурыз мерекесінде ағаш егу, үй-жайды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқты жұмыстар атқарылғаны белгілі. Бұл – жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басу дегенді білдірген болса керек. Сонымен қатар ескі-құсқы заттарды лақтырып, отпен аластау рәсімі де өткізілетін болған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры Тәттігүл Картаеваның мақаласында Сыр қазақтарының көктеуге көшердегі отпен аластау, қауақ сындыру көне ғұрпы туралы Н.Гродеков, Ә.Диваев жазбаларында қызықты деректер кездесетіні айтылған.
– Қыстаудан көктеуге көшке шығар алдында жолдың екі жағынан үлкен екі от жағады, әйелдердің жасы үлкені қауақтан жасалған ыдысты алып «қауақ сынды қайғы кетті» деп қауақты сындырады. Одан кейін жағылған екі арасынан жүк артылған түйелерді өткізеді, одан кейін адамдар «алас, алас, бәледен қалас» деп оттан секіріп, тазару ғұрпын жасап, қыстан аман-есен шыққандарына тәубешілік етеді. Байырғы қазақтар Наурызда кетік аяқ (ыдыс) болса сындырып, ескі заттарды «бәле-жала осымен кетсін» деп жерошақ қазып, отқа жағып, күлін көміп тастаған. Бұл ғұрып ескі зат үйдегі ошаққа тасталмағандықтан «моғал ошақ қазу» деп аталған. Қазақтар арасында ертеде Қайрақанды көшіру, төрткөз сарыаяқ итті өлтіру, жұп шырақ жағу ғұрыптары болған. Бұл ғұрыптарды кезінде қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов қариялардан жазып алған. Аластау, шырақ жағу рәсімдерінің архисемасы (түпкі мәні) – От Әулиеге (От Құдайға), отқа табынумен (зороастризммен, шаманизммен) байланысты сенім. Қазақтардың сенімінде Қайрақан – жамандықтың иесі саналған мифтік бейне. Ыдысқа сүт құйып, «Қайрақан көш, көш» деп, ыдыстағы сүтті дүниенің төрт бұрышына шашады. Күнделікті сенімде қазақтар ағарғанды төкпейді, қасиетті ас санайды», – деп жазады ғалым.
Мұндай деректі тарих ғылымдарының докторы, Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Құрметті профессоры Мұрат Қожа да өз еңбегінде айтып өтеді.
– Наурыз туралы құнды мәліметтерді 1927 жылғы М. Әуезовтың кітабынан табамыз. Онда құшақтасып көрісумен, жақсы тілектер айтумен, қазан көтеріп арнайы тамақ беруден басқа деректерде айтыла қоймайтын мына рәсімдер айтылды: «Жұп шырақ жағу, кетік аяқ, кетік шөміш сындыру, көріскенде: «таза бақ, кел» деп, «Көш қайрақан, көш» деп аластау барлығы да сол заманның тілегі. Ескіліктің ізін сақтаған, ескі күнде аман болып, бүтін болып қалмай, сынып, жарылып қазаға ұшыраған нәрселер болса, оның бәрінде ескі күннің сарқыты қалуға мүмкін. Онда иесіне арнаған жаманшылық сөз сақталып қалуы лайық. Сондықтан кетік ыдыстар сындырылады. Мұндағы материалдар қазақтың наурыз мейрамында атқарылатын рәсімдер қатарын толықтырады, – деп жазылған ғалымның еңбегінде.
Мәдениет министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жаңару күні аясында бүкіл ел бойынша 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланыпты.
Ұлттық спорт күні
20 наурыз – Ұлттық спорт күні. «Бұл күні елдің барлық аймақтарында ұлттық спорттан түрлі жарыстар ұйымдастырылды. Ел ішінде өткізілетін ат жарыстар – бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілу, құсбегілік және асық ату, тоғызқұмалақ, садақ тарту турнирлері қарапайым халықтың шынайы мереке салтанатын сезінуіне мүмкіндік береді», – деп мәлімдеген болатын Мәдениет министрлігі.
Астанада Наурыз мейрамын тойлау аясында 20 наурыз күні «Арғымақ» ат-спорты кешенінде ұлттық спорт күніне арналған «Наурызнама: Ұлттық спорт күні» мерекелік іс-шарасы өтті. Мұнда көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуудан көрсетілімдер және тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сыныптары жоспарланған. Қонақтарға қазақы тазы және бүркіт көрсетілді. Сондай-ақ қолөнершілер жәрмеңкесі, ұлттық спорт ардагерлерін марапаттау рәсімі және мерекелік концерттік бағдарлама өтеді.
Ынтымақ күні
21 наурызды ынтымақ күні деп жариялау ұсынылды. Мұндағы басты мақсат – халық арасындағы сый-құрметті арттырып, татулық пен бірлікті насихаттау.
Елордадағы басты мереке 21 наурыз күні Астана қаласындағы ЭКСПО көрмесінің аумағында өтеді. Аталған мереке аясында киіз үйлер құрылып, түрлі мәдени-спорттық іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар елордада еріктілер ыстық шай мен бауырсақ таратып, акция өткізеді, қар күреуге
көмек көрсетеді, азық-түлік себеттерін таратады.
Жыл басы
22 наурыз – Жыл басы. Бұл күні еліміздің барлық өңірінде жалпыхалықтық мәдени-спорттық іс-шаралар өткізіліп, этноауылдар мен түрлі жәрмеңке ұйымдастырылады.
Үш күн ішінде ЕХРО көрме орталығының алаңында жақын және алыс шетелден келген жетекші шеберлердің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі жұмыс істейтін болады. Астанаға Түркия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Татарстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғыз Республикасы сияқты елдерден қыш шеберлері, керамика, тас және монета мамандары, кілем тоқу бойынша сарапшылар, музыкалық аспап жасаушылар келеді.
«Наурыз базары» жәрмеңкесіне қатысушылар этностильдегі киімдердің, зергерлік бұйымдардың, керамика, металл, киіз және жібектен жасалған заттардың, кәдесыйлардың жаңа топтамаларын ұсынады.
Мереке аясында азық-түлік жәрмеңкесі жұмыс істейтін болады, онда қала тұрғындары үшін елдің түрлі өңірлерінен шаруа қожалықтары мен тауар өндірушілердің өнімдері қолжетімді бағада сатылмақ.
«Наурыз базары» бағдарламасында шығыс тағамдары фестивалі жоспарланған. Шығыс тағамдарын білетіндер елорданың үздік мекемелерінен Наурыз көже, ыстық палау, бауырсақ және басқа да ұлттық мерекелік тағамдардан дәм тата алады.
Сонымен қатар мерекелік концерттер, ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар, сурет салу, қыш өнері, қазақтың ұлттық аспаптарында ойнау, мүсіндеу ұсынылатын шығармашылыққа арналған Open Space аймақтар ұйымдастыру көзделген. Балалар үшін арқан тарту, асық ату, тоғызқұмалақ және тағы басқа ұлттық ойындар ұйымдастырылады.
Мұндай мерекелік іс-шаралар әр өңірде де өткізілетін болады.
Тазару күні
Ал Наурызнама қорытындыланатын соңғы күн тазару күні деп жарияланады. Бұл күні Қазақстанның барлық аймағында жалпыұлттық экологиялық акция өтеді. Бұл – жаңа жылды тұтас ел болып, жаңа мақсат, жаңа үмітпен қарсы алудың символы.
Осылайша, қайырымдылық, ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу, жан мен тәнді таза сақтап, жаңару және тазару Наурызнама онкүндігінің басты сипаты болмақ. Ел бойынша өтіп жатқан іс-шараның есебі жоқ, бұл да Наурыз мейрамын тойлаудың ауқымы кеңейгенінің айқын дәлелі болып отыр.