Ауғанстанның солтүстігінде магнитудасы 6,3 болатын күшті жер сілкінісі болып, кем дегенде 24 адамның өмірін қиды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тағы 630-дан астам тұрғын әртүрлі жарақат алған, олардың көпшілігі жеңіл жарақаттар. Бұл туралы елдің Табиғи апаттардың зардаптарын жою жөніндегі ұлттық басқармасы хабарлады.
Жер сілкінісінің эпицентрі Хульм ауданында болған, ошақ тереңдігі шамамен 28 шақырымды құраған. Күшті дүмпулер Балх, Саманган, Сари-Пуль, Құндыз және Джаузджан провинцияларында сезілген. Осы аймақтардың тұрғындары көптеген қираулар мен ғимараттардың опырылып түскені туралы хабарлауда.
Ауғанстан үкіметі ауқымды құтқару операциясының басталғанын жариялады. Зілзала зардап шеккен өңірлерге құтқарушылар, медициналық бригадалар және үйінділерді тазалау техникасы жөнелтілді. Алдын ала мәлімет бойынша, шамамен 800 үй бүлінген, олардың көбісі толық қираған.
Табиғи апаттан XII ғасырда салынған әйгілі Мазари-Шарифтегі Көк мешіт те зардап шеккен — елдегі ең құрметті діни және мәдени нысандардың бірі саналатын бұл ғимараттың қабырғалары мен күмбезі ішінара опырылған.
Мұндай күшті жер сілкіністері Ауғанстан үшін сирек емес, себебі елдің солтүстік және шығыс таулы жоталары белсенді сейсмикалық аймақта орналасқан. Дегенмен, бұл жолғы дүмпулер соңғы жылдардағы ең жойқындарының бірі болып, елдегі инфрақұрылымның осалдығын және күрделі гуманитарлық жағдайды тағы да еске салды.