16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске жаңа 125-1-бабы "Неке қиюға мәжбүрлеу" енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс ретінде сараланады және кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда жаза 10 жылға дейін ұлғаяды.
Бұрын жәбірленушіні өз еркімен жіберген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатуға мүмкіндік беретін норма алынып тасталды. Енді жаза жәбірленушіні босатқанына қарамастан тағайындалады.
Жаңа өзгерістер күшіне енген сәттен бастап ішкі істер органдары Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу деректері бойынша жеті қылмыстық іс қозғады. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 15 адам ұсталды.
Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмыстардың барлық мән-жайлары анықталып жатыр.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды зорлық-зомбылық пен некеге мәжбүрлеу жағдайларына бейжай қарамауға шақырады. Мұндай фактілер туралы ақпаратыңыз болса, дереу 102 нөмірі арқылы полицияға хабарласыңыз.