Юсуп Келигов: Қазақ халқына, қазақ топырағына мың алғыс!
Биыл Алғыс айту күні қарсаңында «Вайнах» Қазақстанның шешендері мен ингуштарының республикалық қауымдастығы өңірлік этномәдени бірлестіктер басшыларының қолдауымен барлық өңір бойынша 1 000-нан астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетті.
Алғыс айту күні – қазақ топырағына тағдыр тәлкегімен тап болып, осы жерден қайта түлеген түрлі ұлт өкілінің жүрекжарды лебізін жеткізетін мереке. Қазақ халқының мейірімі мен жайған құшағына ризшылық білдіретін күн. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» Қазақстанның шешендері мен ингуштары қауымдастығының тең төрағасы Юсуп Келигов өз лебізін білдіріп, қауымдастықтың игі бастамалары туралы айтып берген еді.
– Алғыс айту күнін аумалы-төкпелі, сыртқы әлем қарулы және ақпараттық соғыстан сілкініп тұған уақытта тойлап отырмыз. Ал Қазақстан болса, сан тарам тарихының бір тармағында түрлі ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұрпы тоғысқан, береке-бірлігі жарасқан аумақ болып қалып отыр. Соның арқасында, бір ұлттың екінші ұлттан жоғары санаудан ада, – дейді ол.
Юсуп Келигов бұл күннің тарихына тоқталып, мәні мен маңызы туралы да айтып өтті.
– 1 наурызда елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды, сондықтан бұл күн Алғыс айту күні болып жарияланды. Бұл мереке – этностардың бір-біріне және де тағдыр тәлкегімен жер аударылып, Қазақстанға келгенде, құшақ жая қарсы алған қазақ халқына деген ризашылығын білдіретін күн, – деп, ризашылық білдіру – адамзаттың басты құндылығының бірі екенін де тілге тиек етті. – Жомарттық, қонақжайлық және мейірімділік сияқты ізгі қасиеттердің негізі. Түрлі этнос өкілдері – өзінің тарихи Отанарына оралғандар да, Қазақстанда өмір сүріп, Отанын осы жерден тапқандар да қазақтарға шексіз риза екенін айтып жүреді. Қазақ топырағы қуғындалып, өз жерінен кетуге мәжбүр болған көптеген ұлт өкілінің қара шаңырағына айналды. Осы жерде олардың өлгені тіріліп, өшкені жанды, қазақ халқының жанашырлығы мен мейірімін сезіне алды, – деп ағынан жарылды ол.
Қазақстанда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей моделі құрылғанын, ол әрбір этносқа өзінің ұлттық нақышын, өзіндік ерекшелігін, тілін сақтауға, салт-дәстүрлерін құрметтеуге мүмкіндік беретінін, бұл тезисті жүзеге асыруға негізінен жүзден астам этносты біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы ықпал еткенін де айтып өтті.
– Біз Алғыс айту күніне ерекше мән береміз және жаңа Қазақстанның құрылуына, елдің дамуы мен қалыптасуына, тәуелсіз Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға атсалысқандарға алғысымызды білдіргіміз келеді! – дейді Юсуп Келигов.
Юсуп Келиговтің сөзінше, өзі басқарып отырған қауымдастық мереке қарсаңында қайырымдылық іс-шараларын өткізуді дәстүрге айналдырған екен.
– Дәстүр бойынша, біз бұл бағыттағы іс-шараларды, сонымен қатар қайырымдылық іс-шараларын 23 ақпанда – Кавказ халықтарын, Вайнахтарды күшпен депортацияланған күні бастаймыз. Уақыт өткен сайын көмек көрсететін отбасылар санын көбейтіп келеміз, – дейді ол.
Биыл Алғыс айту күні қарсаңында «Вайнах» Қазақстанның шешендері мен ингуштарының республикалық қауымдастығы өңірлік этномәдени бірлестіктер басшыларының қолдауымен, қауымдастықтағы кәсіпкерлермен, жастармен және еріктілермен бірлесіп, елорданы қоса алғанда барлық өңір бойынша 1 000-нан астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетіпті. Және бұл акция тек мереке қарсаңында ғана емес, жыл бойы жалғасын табады екен.
– Бұл күндері біз дастарханды жайып, миллиондаған адамның өмірін қиған депортация мен ашаршылық құрбандарының рухына Құран бағыштаймыз. Біз өткізетін іс-шаралар еске алу және тарихқа тағзым деп білген жөн, – дейді Юсуп Келигов.
Мейірімділік эстафетасына тек «Вайнах» Қазақстанның шешендері мен ингуштарының Республикалық Қауымдастығы ғана емес, сонымен қатар еліміздегі барлық этномәдени бірлестіктері де қатысады екен.
– Біз 80 жыл өтсе де, бұл оқиғаны естен шығармақ емеспіз, бұл этносаралық интеграцияға негізделген Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға ықпал етеді. Біз жастардың өткенге деген қызығушылығын, Ұлы даланың рухани және гуманитарлық құндылықтарына негізделген үздік дәстүрлерді сақтауға деген ұмтылысын күшейтуге тырысамыз. Біздің барлық идеямыз ортақ үйіміздегі бейбітшілікті, келісімді және ұлтаралық бірлікті нығайтуға шоғырланған, – дейді ол.
Сөз аяғында Юсуп Келигов барша қазақ халқына алғыс айтып, өзге ұлт өкілдеріне ақжарма тілегін білдіріп, мерекемен құттықтады.
– Қазақстан халқын, Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени ұйымдарының басшылары мен мүшелерін Алғыс айту күнімен құттықтаймын! Бейбітшілік, тұрақтылық, жақсылық тілеймін! Алғыс айтамын! Біз біргеміз! – деді ол.