Алаяқтар алған несиені банк өтей ме?
Ақпарат алтыннан қымбат болған заманда жеке деректеріміз жеткілікті түрде қорғалмағаны зор қауіп екені сөзсіз.
Енді алаяқтар рәсімдеген несиені банк өтеуге міндетті болады. Бұл туралы өткен айда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми өкілі брифинг кезінде айтқан болатын. Қазір осы мәселеге қатысты заң жобасына енгізілмек түзетулер Мәжіліс қарауында.
Иә, кейінгі кезде алаяқтардың сан түрлі айла-шарғысы заман ағынына қарай түрленіп, технологиялардың дамуынан бір елі қалмай ілесіп келеді. Былтыр алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Оның ішінде интернет пен телефон алаяқтарының қылмысы көбейген. Яғни, амал-шарамыз алаяқтардың жолын кесуге қауқарсыз болып тұр. Қаржылық сауат мәселесі, кейде банктер де мәдениетті түрде «тонағысы» келетіні тағы бар...
Осы мәселелерге қатысты қабылданбақ шаралар мен өзгерістерге шолу жасап өтсек.
Алаяқтық азаймай тұр
Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылы алаяқтар 97 миллиард теңгеге жуық қаржыны қолды қылған. Қылмыстардың жартысына жуығы, яғни 19,9 мың қылмыс интернет арқылы жасалған. Мұндай қылмыстың жылдық өсімі –5,8 пайыз.
Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарында 11 мыңнан астам алаяқтық операция тіркелсе, оның 5 мыңы несие рәсімдеуге қатысты болған. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде төлем карталары арқылы жасалған 267 қылмыс, кредит беру саласында 53 қылмыс, ақшалай қаражатты қарызға алу жолымен 41 қылмыс және тағы да басқа алаяқтық тіркелген.
Кейінгі кезде телефон арқылы хабарласып, тез байып кетудің жолын көрсетемін деушілер немесе банк өкілі ретінде хабарласып, банктегі қаражатыңды қауіпсіз жерге аударуға кеңес беретіндер де көбейді. Өкінішке қарай, жауапты мекемелердің ескертуіне, басқа да ескертпелерге қарамастан олар құрған торға түсіп қалып жатқандар да аз емес. Мәселен, маусым айында Ішкі істер министрлігі еліміз бойынша алаяқтардың 34 миллион қоңырауы бұғатталғанын мәлімдеді.
Сондай-ақ жеке деректеріміз қолдан-қолға өтіп, ақырында, тіпті шетел алаяқтарына жетіп жатады. Өткен жылы интернет-алаяқтық кезінде ұрланған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырумен айналысқан 5 трансұлттық қылмыстық топ анықталған болатын. Мәселен, былтырғы желтоқсанда қазақстандықтарды алдап, алаяқтық жасап жүрген Украинаның 32 азаматынан тұратын қылмыстық топтың ісі әшкере болған еді. Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қабылданған шараларға қарамастан, 2023 жылы алаяқтық деңгейі 3 пайызға өскенін айтқан болатын. Ал олар келтірілген залал 26 пайызға өсіп, 110 миллиард теңгеден 139 миллиард теңгеге жеткен.
Ақпарат алтыннан қымбат болған заманда жеке деректеріміз жеткілікті түрде қорғалмағаны зор қауіп екені сөзсіз. Қазірдің өзінде жеке деректің жекелігіне күмән көп. Дегенмен Парламент Мәжілісі мен жауапты мекемелер біршама бастаманы қолға алған секілді.
Мәселе Мәжіліс қарауында
Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов осы аптадағы Мәжіліс отырысында елімізде телефон және интернет-алаяқтықтан зардап шеккендердің саны мен олар келтірген залал күн сайын өсіп бара жатқанын айтып, алаңдағанын білдірді.
– Тек 2022 жылдың өзінде алаяқтар Қазақстан тұрғындарына 95,8 миллиард теңге көлемінде шығын келтірген. Бұл 2021 жылғымен салыстырғанда 88,3 пайызға көп, қылмыстардың жартысына жуығы интернет кеңістігінде жасалған. Осы санаттағы қылмыстық істерді ашу деңгейі төмен болғандықтан, жәбірленушілердің тек 2,5 пайызына материалдық шығын өтелген, – деді депутат.
Магеррамов киберқылмыстарды халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтар жасап жатуы мүмкін екенін де айтады. Тек 2023 жылдың өзінде, ІІМ мәліметі бойынша, Қазақстанға жалған нөмірлерден түскен 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталған. Алаяқтардың алдау тәсілдері күн сайын түрленіп отырған. Олардың қылмысын құзырлы мемлекеттік органдардың шеше алмай отырғанын айтты.
Депутат азаматтарға алаяқтардан төлем жасау туралы есепшот келетінін алға тартты. Бұл операциялардың үшінші тұлғалар көмегімен жасалып жатқанын атап өтті. Алаяқтар үшінші тұлғалардан нөмірі мен жеке кәсіпкерлік есепшоттарын жалға алады.
– Солайша алаяқтар жеке кәсіпкерлердің атынан әрекет етіп, іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпей, өз жәбірленушілеріне төлем жасау үшін шот-фактуралар беріп, кейіннен төлем жүйелеріне және жеке кәсіпкерлердің банктік шоттарына қол жеткізе отырып, алынған ақшалай қаражатты ұрлайды. Көптеген қазақстандық өздерінің жеке кәсіпкерлері мен телефон нөмірлерін жалға беруді пассивті табыс көзі деп қателесіп, заңды кәсіпкерлік қызметпен айналыспай-ақ жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Бұл Қазақстан азаматтарының алаяқтардың күшті және жан-жақты кибершабуылына ұшырағанын көрсетеді, – дейді Магеррамов.
Ол осы мәселеге байланысты депутаттардың қазақстандықтардың мүдделерін қорғауды көздейтін арнайы ұсыныстар дайындап жатқанын айтты. Оған сәйкес екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларына олардың инфрақұрылымын пайдалана отырып жасалған алаяқтық үшін жауапкершілік қарастырылған. Яғни, алаяқтар сол банктер мен операторлардың инфрқұрылымдық жүйесін алаяқтық схемалары үшін пайдаланса, зардап шеккендердің шығынын солар өтеп беруі тиіс.
– Заң жобасындағы бұл жауапкершілік өсіп келе жатқан кибералаяқтықпен күресті күшейтіп, қаржылық және телекоммуникациялық компаниялардың қуатты технологиялық ресурстарды қосуына ықпал етеді», – дейді депутат.
Парламент депутаттары былтыр несие беру кезінде тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін заң жобасын әзірлеген болатын. Одан бөлек, Ұлттық Банк, ҚНРДА сияқты жауапты мекемелер де бірқатар өзгерістерді ұсынған еді. Соның бірі – әуелде айтқан алаяқтардың шығынын банктің мойнына қою.
Қаржы ұйымдары қауіпсіздікті сақтауға тиіс
Егер банктің ақпаратты қорғау қызметінің нашар жұмыс істеуі ақшаның жоғалуына себеп болғаны дәлелденсе, онда қаржы институттары интернет-алаяқтардан зардап шеккен азаматтардың шығынын төлеуге міндеттеледі. Заңнамаға тиісті түзетулер Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде әзірленді. Бұл туралы былтыр Агенттік басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеген болатын.
– Маңызды мәселе – залалдың өтелуі, оны қаржылық қызметтерді пайдаланушылар да көтереді. Біз алгоритм әзірледік, яғни екінші деңгейлі банктермен меморандум дайындадық және қазір қол қойып жатырмыз, егер бұл операция алаяқтық деп танылса, жалған несиелер бойынша сыйақы есептеу дереу тоқтатылады. Ал оның алаяқтық несие екені сотта дәлелденсе және пайдаланушының өзі бұл қаражатты алмаса, банк тиісті соманы қайтарады. Ал егер ол пайдаланушының жеке қаражаты болса, оған ол қаражат өтеледі, – деген еді Әбілқасымова.
Кейін Мәжіліс алаңында ол банктердің алаяқтардан зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды өтеу жөніндегі міндеттемесінің механизмін түсіндірді.
– Алгоритмде алаяқтық транзакциялардың барлық типологиясы, ақпараттық қауіпсіздік талаптары мобильді қосымшалар үшін анық жазылған. Ал егер бұл талаптар бұзылса, қаржы ұйымдары үшін тиісті зардабы болады, – деді ол.
Мәдина Әбілқасымова Агенттік былтырғы маусым айының соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізуді жоспарлап отырғанын да мәлімдеген.
15 қаңтарда Алматыда өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқығын қорғау Департаментінің директоры Александр Терентьев алаяқтарға тап болған азаматтарға көмектесетін түрлі шаралар қарастырылып жатқанын айтты.
– Қазір түзетулер Мәжіліс қарауында, біз қазірдің өзінде енгіздік. Бірінші түзету біздің банктерді шектейді және банктер алаяқтық жолмен ұрланған несиелер бойынша ақшаны қайтаруға міндетті болады. Екінші мәселе – өтеу рәсімі бойынша. Бұл түзетулер қазір пысықталып жатыр. Олар қабылданбайынша, мұқият болып, сақ болуды сұраймыз, – деген еді ол.
Терентьевтің айтуынша, сондай-ақ банктер, микроқаржы ұйымдары мен Агенттік арасында меморандум жасалды, ол бойынша клиент құқық қорғау органдарына жүгінген кезде және алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған кезде Агенттік кредит бойынша сыйақыны есептеуді алты айға дейін тоқтата тұра алады, сотта алаяқтық кредит бойынша іс жүргізу толық аяқталғанға дейін ұзартылады. Бұл жағдайда сот шешімді түпкілікті қабылдайды және егер ол банктің клиентін алаяқтар алдағанын мойын-
даса, онда жәбірленуші несие төлеуден босатылады.
Банктер жарнамада нені жасырады?
Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктерді кредиттердің шарттарын неғұрлым түсінікті түрде жарнамалауға міндеттейтін түзетулер дайындаған. Яғни, банктер өз өнімін, яғни несие, бөліп төлеу сияқты өнімдерді жарнамалаған кезде халыққа барынша түсінікті, сірескен теминдер, қиын қаржы ұғымдары жоқ, қарапайым тілмен түсіндіруге тиіс болады.
Құжатқа сәйкес банктер кредиттерді жарнамалаған кезде сыйақының шекті мөлшерлемелерінің ауқымын көрсетуге, кешіктірілген жауапкершілік туралы хабарлауға, қарыз шарты жасалғанға дейін банк нақты жылдық тиімді есептеудегі мөлшерлеменің мөлшері, сондай-ақ артық төлем сомасы туралы хабарлауға тиіс.
Сондай-ақ хабарламада Банктің құқықтары туралы көрсетілуі керек мәліметтер, шарт жасасқанға дейін клиент білуі керек ақпарат та көрсетілуі керек.
Егер банк қызметі бойынша даулы мәселе туындаса, клиент банкке, банк омбудсменіне, уәкілетті органға немесе сотқа жүгінуге тиіс. Осы мақсатта клиентке банктің, банк омбудсменінің және уәкілетті органның орналасқан жері, пошта, электрондық мекенжайлары мен интернет-ресурстары туралы ақпарат та болуы керек.
Бұған дейін осы мәселені Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов те ODAGAI жобасына берген бейнесұхбатында көтерген болатын. Халықтың қаржылық сауаты туралы сұраққа жауап бере келе, ол банктерді де сынға алған еді.
– Біздің қоғамда бәрінің қаржылық сауаты бар деуге келмейді. Жеткілікті деңгейде емес және менің ойымша, қаржы ұйымдарының жарнамасы басым түсіп тұр. Банктерді алсақ та, микрокредит ұйымдары, онлайн несиелерді айтсақ та. Қарапайым азамат, әрине, олардың айла-амалдарының алдында қауқарсыз. Сондықтан өнімді алудың тым оңайлығы мен оның салдарының тым қиындығы арасында теңгерімсіздік бар. Мүмкін, қарапайым азаматтардың сол салдардың барлығын есептей алмауы осы мәселенің түп-тамыры шығар, – деді ол.
Сондықтан банктер мен микрокредит ұйымдарының бейберекет несие бермеуін қадағалау керек екенін айтқан еді.
– Қарапайым, түсінікті тілде «қарызыңызды мерзімінен кеш төлесеңіз, үстінен тағы 15 пайыз төлейсіз, артық төлеген ақшаңыздың жалпы сомасы 0 болмайды» деп жазып қоюы керек. Сізге бөліп төлеудің құны 0 деді, бірақ ол бір жерде жасырын тұр, шындығында артық төлемнің жалпы сомасы 50% болады. Егер адамдар осылай ойлайтын болса, онда келесіде маған жаңа телефон керек пе, әлде ескісімен жүре тұрғаным жөн бе деп ойланатын болады. Сондықтан ең алдымен, қаржы ұйымдары жарнамалап жатқан өнімдердің барлық оң және теріс тұсын дұрыс түсіндіріп жатыр ма, жоқ па – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бақылап отыруы керек сияқты, – деген болатын ол.
Қарастырылып жатқан өзгерістер басқа елдердің тәжірибесінде де бар екенін байқауға болады. Мәселен, осы аталған екі бастама көрші Ресейде биылдан бастап күшіне еніпті...
Бұған дейін азаматтың несие алудан бас тарту мүмкіндігі заң жүзінде бекітілген болатын. Мұны eGov арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарының несиелеріне блок қою арқылы жасауға болады.
Ғабит ӨМІРБЕК,
заңгер:
Банкті де жәбірленуші деп тану керек
– Бұл өте әділ шешім деп ойлаймын, себебі қазір алаяқтарға алданып жатқан азамат өте көп. Менің өзіме осы мәселе бойынша жоқ дегенде күніне 4-5 азамат келеді. «Банк қызметкеріміз деп өзін таныстырды, қауіпсіздік бөліміненбіз деді, сіздің атыңыздан алаяқтар несие рәсімдейін деп жатыр деді, бізді сендірді, біз сенгендіктен, SMS-кодтың бәрін айтып бердік, соңында 2-3 миллион теңгені бірнеше банктен рәсімдеді» деген мазмұнда шағым айтушылар өте көп. Тіпті, бір кісінің атынан 15 миллион теңге рәсімдеген.
Шындығына келгенде, мұндай схемаларға банк қызметкерлерінің де қатысы болуы мүмкін. Өйткені жеке азамат өзіне банктен 2-3 миллион несие алатын болса, оны міндетті түрде фотоға түсіреді, қолын қойдыртады. Яғни, бұл – өте күрделі процесс. Бірақ алаяқтар бұл процесті тез, жеңіл жүргізіп, әртүрлі көлемде ақша ала береді.
Қазір банктер ондай ақшаны төлеуге мүлдем қарсы. «Сіз өзіңіз алдыңыз, өзіңіз төлеңіз» дейді. Алайда көп азамат осыған байланысты үлкен қиындыққа ұшырап, өз-өзіне қол жұмсап та жатады. Қозғалған қылмыстық істің 80-90 пайызы ашылмай қалып жатады. Сондықтан да банк өзінің жүйесінде әлсіздік болғандықтан, міндетті түрде жауапкершілікті өздеріне алуға тиіс деп ойлаймын. Онлайн несиені толықтай алып тастау керек деп есептеймін. Тек өзі барып, несие рәсімдеуі керек.
Менің өз тәжірибемде зейнеткердің атынан алаяқтар 10 миллион теңге несие алған кейс болған, содан кейін қылмыстық іс қозғаттық. Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-тармағына сай қозғалған іс аясында тергеуші кодекстің талаптарына сәйкес, банктен күдікті тұлға ұсталғанға дейін несиені тоқтатуды сұрады. Яғни, заң бойынша талап етті. Дегенмен банк одан бас тартып, өсімпұлды да, ештеңені де тоқтатпайтындарын айтты. Сотқа арыз жаздық, бірақ сотта да ұтылып қалдық. Демек, банк ақшаны өндіруге бар күшін салады. Алайда өз жүйесінде, өз қауіпсіздіктерінде олқылық болғандықтан, олар тікелей жауапты болуы керек деп ойлаймын.
Сонымен қатар қозғалған қылмыстық істе банкті де жәбірленуші деп тану керек. Банктің өзінде сақтандыру қаражаты бар, сол қаражатпен жәбірленушінің ақшасын жауып, күдікті табылып, қылмысы дәлелденгеннен кейін ақшаны содан өндіру керек деп есептеймін.
Эльдар ШАМСУТДИНОВ,
экономист:
Банктердің шығынды өтеуі өте әділ шешім деп ойлаймын
– Менің ойымша, бұл жерде әңгіме банктердің қауіпсіздік шараларын жеткілікті түрде қарастырмағанына қатысты. Соның ішінде, олар мәселен құжаттарды, қойылған қолдарды, сенімхат арқылы депозиттен ақша алу кезінде деректерді дұрыс тексермей жатады. Немесе цифрлық қауіпсіздік талаптарын сақтамай, жеке деректер, шот деректері қолды болып, алаяқтардың қолына түсетін жайттар да жоқ емес. Бұл деректерді, әрине, алаяқтар ақша ұрлауға қолданды. Мұндай жағдайда, банктердің шығынды өтеуі өте әділ шешім деп ойлаймын.
Қорыта айтқанда, алаяқтардан қорғайтын мықты заң, берік қорғаныс жүйесі, жемісті амал-тәсілдер ауадай қажет. Ақпараттың құпия болуының маңызы күн өткен сайын айқын сезіліп келеді. Қауіпсіздік қорғалмаса, қаржылық сауат қауқар болмайтыны анық.