Корея асқандарға жаңа жүйе қорған бола ала ма?

Енді қазақстандықтар Оңтүстік Кореяда заңды түрде жұмыс істей алады. Жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екі ел осы мәселеге қатысты келісімге келгенін мәлімдеді.

Корея асқандарға жаңа жүйе қорған бола ала ма?
1430

Бұған дейін келісімге келудің реті келмесе, Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген қа­зақ­­стандықтардың елге қайтарылатыны ай­тылған болатын. Себебі Оңтүстік Корея заңсыз еңбек мигранттарына қатысты қатаң шара қолдана бастаған еді. Оған қоса, ол жақта жүрген отандастарымыздың бір емес, бірнеше рет басы дауға қалғаны, тіпті қайғылы оқиға да жиілегені сан мәрте мәселе ретінде көтерілген болатын.
Жалпы, Оңтүстік Кореяда заңсыз жұмыс істеген немесе жұмыс іс­­теп келген азаматтардың оқиғасы, сұх­ба­ты бұған дейін аз жарияланған жоқ. Де­генмен мәселенің түп-тамырына бір тоқ­­талып, Employment Permit System жүйе­­сі туралы зерттеп көруді жөн көр­дік.

«Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?..»


Сыртқы істер министрлігінің был­тыр­ғы мәліметтеріне сәйкес, Оңтүстік Ко­реяда шамамен 7-8 мыңға жуық отан­да­сымыз заңсыз жұмыс істейді. Олар ту­ралы оқтын-оқтын түрлі жаңалық та та­рап жататын: бірі оқыс оқиғаға тап бол­са, енді бірі тәртіп бұзып, назарға ілі­ге­тін.
Мәселен, былтыр Оңтүстік Кореяда ше­карадан заңсыз өтпек болған Қазақ­стан­ның екі азаматы қамауға алынған бо­латын. Олардың бұл әрекеті сол елде үл­кен шу көтергені де есте. Екеуі де отба­сын асырау үшін жұмыс істеуге келген­де­рін айтқан. 
2019 жылы Оңтүстік Кореяның Чхан­вон қаласында 20 жастағы Қазақ­стан азаматы 7 жастағы баланы көлікпен қа­ғып, оқиға орнынан қашып кеткен. Ке­лесі күні ол Өзбекстан арқылы елге орал­ды. Сол кезде Оңтүстік Корея ол аза­матты экстрадициялау туралы Қазақ­стан Үкіметіне өтініш білдірді. Жігіт қыл­­­­мысын мойындап, өз еркімен Корея­ға кетті, қазір түрмеде отыр. 
Еңбек етіп жүріп қаза тапқан, оқыс оқи­ғаға тап болған отандастарымыз да бол­ды, денесін қайтару үшін халық жылу жи­нағаны да есте. 
Жалпы, Оңтүстік Кореяда заңсыз ең­бек етіп жүрген қазақстандықтарға қа­­­тысты талай жыл бойы мәселе көте­рі­ліп келді. Мәселен, Мәжіліс депутаты Ел­нұр Бейсембаев 2020 жылы депутаттық сауал жолдап, бұл елде жасырын еңбек ету­ші азаматтарымыздың құқықтары мүл­дем қорғалмағанын, кейбір отан­дас­та­рымыз ауру мен жарақаттан қайтыс бо­лып кеткенін, медициналық және әлеу­меттік көмек алуға ешқандай мүм­кіндіктері жоқ екенін айтқан болатын. Депутат бұл елге азаматтармыз туристік ви­заны пайдаланып, жасырын бара­ты­нын да сөзге қосыпты. 
– Ұлттық Банктің ресми мәліметінше, 2012 жылдан бастап 2019 жылға дейін Оң­­түстік Кореядан Қазақстанға ауда­рыл­­ған ақша көлемі 1,7 миллионнан 105 мил­лион АҚШ долларына дейін өсті, яғ­ни 60 есеге ұлғайған, – деген дерек те кел­тірген.
Бұл тенденция сақталатынын және тек дамитынын айтқан депутат азамат­та­рымыз, оның ішінде жастар қиындық­тар­ға қарамастан, осы елге ақша табуға бара­тын жастардың толқынын тоқтата ал­майтынымызды, сондықтан басқа нақ­ты шара қабылдау керек екенін на­зарға салған болатын.
Қазақстандықтардың Оңтүстік Ко­реяға заңсыз көшуі туралы еңбек жаз­ған әлеу­меттанушы Ботагөз Рақышева не­гі­зінен жұмыс істеуге 20-30 жас аралы­ғын­дағы жас жігіттер кететіні туралы айта­ды. Олардың көбі елдің оңтүстік өңір­лері­нен кетеді екен. Еңбек жағдайларына бай­ланысты ерлердің күнделікті табысы 100 доллар және одан жоғары, әйелдер­дікі 50 доллардан басталатыны да әлеу­мет­тік зерттеуде көрсетілген.
Былтыр депутат Нартай Сәрсен­ға­лиев те еңбек мигранттарының мә­селесін көтеріп, Премьер-Министр Әли­хан Смайыловқа депутаттық сауал жол­дады.
– Еңбек миграциясы қазір өте өзекті мә­селеге айналды. Өзге елге жұмыс іздеп кет­кен қазақстандықтардың саны мың­дап саналады. Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар? Жалақыға жарымай, та­бақ­тай дипломына лайықты жұмыс тап­пай, қымбатшылықтың қамытын киіп, әлеуметтік әділетсіздіктің зардабын тарт­қан қазақ жастары қазір әлемнің әр түк­пірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Олар­ды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қ­а­зір сол азаматтарымыз заңдық тұрғы­да еш қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дә­лелі – Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жат­қан отандастарымыз, – деген еді де­путат.
Нартай Сәрсенғалиев Оңтүстік Ко­реяда еліміздің 9 600 азаматы заң­сыз еңбек мигранты болып жұмыс іс­тейтінін, бірақ ресми сандар шынайы жағ­дайдан алшақ екенін, себебі қазір Оң­түстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақ­стан­дық жүргенін алға тартқан депутат бұл деректі отандастарымыздың басын біріктіретін орталықтар растайтынын айтып, сөзін негіздеді. 
– Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйе­ніп жұмыс берушіден өз құқығын та­лап ете алмайды. Салдарын санамалап айт­сам, сұмдық. Мәселен, 57 жастағы қа­зақстандық Оңтүстік Кореяға еңбек миг­ранты болып барып көз жұмғанда, оның денесін әкелу үшін туыстарының жылу жинап кеткені есімізде, одан бөлек, сол елдегі өндіріс орындарында қолынан ай­рылған, басқа да жарақат алған отан­дастарымыз маған арыздарын айтты. Себебі оларға ешкім өтемақы төлемейді, қажет десе, жұмыс беруші оларды заңсыз ең­бек мигранты ретінде құзырлы орын­дар­ға ұстатып жібере алады, – деді Нар­тай Сәрсенғалиев.
Отандастарымыздың құқығының қорғалмауының себебі – екіжақ­ты келісімшарт негізінде берілетін Е-9 уа­­­қытша еңбек визасының берілмеуі еке­нін айтқан еді сол кезде. Сонымен қа­тар Еmployment Permit System – EPS («Еңбек рұқсаттары жүйесі») шетел­дік­терді жұмысқа орналастыру жүйесіне Қа­зақстан неге қосыла алмай келетіні бей­мәлім екеніне де тоқталған болатын. Екі ел арасында жүргізілген келіссөздер­ден де нәтиже жоқ екенін жасырмады.
Ал Үкімет осы аралықта аталған ел­мен бірнеше рет келіссөз жүргізіп, көп ұза­май нәтиже болатынына сендірген еді.

«Жыр» болған келісім


Былтыр Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Көші-қон саяса­ты­ның 2023-2027 жылдарға арналған тұ­жы­рымдамасын іске асыру барысы қарал­ды. Тақырып шеңберінде Премьер-Ми­нистрдің орынбасары – Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Та­мара Дүйсенова баяндама жасады. 
7 бағытта жүзеге асып жатқан көші-қон саясатының бесінші бағыты – шет­ел­де еңбек етіп жүрген Қазақстан аза­мат­тарының еңбек құқықтарын қорғау­ға қатысты екен. 
– Сыртқы істер министрлігінің де­рек­теріне жүгінсек, биылғы бірінші тоқ­сандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұ­мыс істеп жүр. Біз Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания және басқа да елдермен ондағы Қазақстан азаматтары­ның еңбек құқықтарын қорғайтын жаңа ке­лісімдерге бастамашылық ету үшін қо­сымша шаралар қабылдадық. Аза­мат­тарымыз Оңтүстік Кореяда жұмысқа заң­ды түрде орналасуы үшін Қазақ­стан­ды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» (Employment permit System – EPS) қосу мә­селесі пысықталып жатыр, – деп ай­тыл­ған еді сол отырыста.
Кейіннен 21 қыркүйегінде Қазақстан Үкіметінің мүшелері Кореяның Қазақ­стандағы Елшісі Чон Тэ Икоммен кездес­ті, EPS жүйесі мәселелері бойынша бір­қа­тар мәселе талқыланды.
Ал 10 қазанда Қазақстанның Еңбек жә­не халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігі Оңтүстік Кореяда заңсыз жүр­ген отандастарымыздың құқығын қор­ғау туралы келісім жобасын әзірледі. Қа­­­­зақстан Үкіметі енді бұл құжатты Оң­түстік Корея Үкіметіне тапсырғалы отыр­­ғаны хабарланды.
– Биыл 26 сәуірде Сеул қаласында дип­ломатиялық мәселелер бойынша кон­сультациялардың 7-раундын өткізу барысында бірқатар мәселелер, оның ішін­де Кореядағы Қазақстан азамат­тары­ның құқықтары мен мүдделерін қор­ғау мәселелері талқыланды. Қазір Ко­реяда заңсыз жүрген Қазақстанның аза­маттары жұмыс берушілер немесе бас­қа жергілікті жұмысшылар тарапы­нан кемсіту жағдайларына тап болса, олар­ға заңдық көмек беретін Кореяның шет­елдік жұмысшыларды қолдау ор­та­лықтарының қызметіне жүгінеді. Бұл ор­талықтар Кореяның құзыретті мем­лекет­тік органдарымен бірлесіп тексеріс ша­раларын жүргізуге, құқықтық қолдау көр­сету өкілеттігіне ие, – деп Әлихан Смайылов ресми мәлімдеме жасады.
Енді міне, «жыр» болған жүйеге бай­ла­нысты екі ел арасында, ақыры келісім ор­нады. Бұл туралы жақында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады. Шешуші келіссөз онлайн фор­матта өткен. Кездесуге Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кө­ші-қон комитетінің төрағасы Асқар­бек Ертаев, Халықаралық ынтымақ­тас­тық және интеграция департаментінің ди­ректоры Саадат Асансейітова және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі Көші-қон комитетінің ди­рек­торының орынбасары Саадат Асан­сейітова мен Корея Республикасының ең­бек және жұмыспен қамту Myung Sung Hong қатысқан. Екі ел EPS орталығын ашу мүмкіндігін талқылап, еңбек көші-қоны аясында екіжақты ынтымақ­тас­тық­ты кеңейтуге дайын екенін жеткізген.

Employment Permit System – ол қандай жүйе?


Корея Республикасындағы орта және шағын кәсіпорындарда жұ­мыс істеуге рұқсат беретін EPS (Employment Permit System) жүйесі 2004 жылғы 17 тамызда күшіне енген екен. Бұл қа­дам­ға баруға елдегі жағдайдың шиелені­сіп кетуі себеп болыпты. 
1980 жылдардың аяғында, кәсіби емес шетелдік мигранттар Кореяға ағыла бас­таған, сөйтіп Корея Үкіметі 1994 жы­лы «Өнеркәсіптік тәжірибе жинаушылар жүйе­сі» енгізілген кезде шетелдік жұмыс­шы­лар туралы заң жобасын заңдастыра­ды. Дегенмен мәселе түпкілікті реттел­мей­ді, сөйтіп ел депутаттарының қызу пі­кір­т­аласынан кейін 2003 жылдың мау­сымында «Шетелдік жұмысшыларды жұ­мыспен қамту туралы» заң қабылда­нып, 2004 жылдың 17 тамызында EPS жүйе­сі қол­данысқа енгізілген. 
Әуелде айтып өткеніміздей бұл жүйе ая­сында көптеген мемлекет Оңтүстік Ко­реямен келісімге келген. Мәселен, Қыр­ғыз Республикасының еңбек, көші-қон және жастар министрлігі Корея Рес­публикасының жұмыспен қамту ми­нистрлігімен 2008 жылы EPS бағдар­ла­ма­сы бойынша меморандумға қол қой­ған. Еңбек мигранттарының мәртебесі мен материалдық жағдайын реттейтін ке­лісімшарттың арқасында 15 жыл ішін­де 27 мың өзбекстан­дық және 5 мыңнан астам Қырғыз Республикасының азама­ты Кореяда заңды түрде жұмыс істеуге мүм­кіндік алған. Қазір Оңтүстік Корея­ның еңбек нарығында өз­бекстандықтар үшін жыл сайын 3,2 мың жұ­мыс орны қа­расты­рыл­са, Қырғыз Респуб­ли­касы үшін – 1 800 жұ­мыс орны бөлінеді екен.
EPS жүйесіне жауапты орган Корея­ның Мемлекеттік адам ресурстарын дамыту қызметі (HRDK) 2011 жылдың 2 мамырында БҰҰ-ның «Мемлекеттік қыз­мет» саласындағы байқауында бірінші орын алған. 
Жалпы, бұл жүйе бойынша шетел азаматтарын жұмысқа жалдау­дың бастапқы кезеңі 3 жыл, одан әрі та­ғы 1 жылға және 10 айға ұзарту мүм­кін­­дігі бар. Нәтижесінде, 4 жыл 10 ай жұ­мыс істеуге мүмкіндік береді. Егер қыз­­­­меткер тек бір кәсіпорында жұмыс іс­тесе, онда еліне қайтқаннан соң 3 ай­дан кейін тағы 4 жыл 10 айға жұмыс іс­теу­ге келе алады. Егер қызметкер жұмыс ор­нын өзгерткен болса, бірінші жұмыс мер­зімі аяқталғаннан кейін ол EPS бағ­дарламасына құжаттарды қайта тап­сы­рып, корей тілінен емтихан тап­сыруы керек. Бұл емтихан жеңілдетілген сы­нақ са­налады және тапсыру үшін күн­делікті өмір­де қолданатын қара­пайым сөздерді білген жеткілікті. Бар­лығы 200 балдың ішінен емтиханнан сәт­ті өтті деп санау үшін 80 балдан жоғары балл алу керек. 
Жалпы, EPS артықшылығы ретінде ең­бек мигранттарының медициналық сақ­тандыру, жинақтаушы зейнетақылық сақ­тандыру, жұмыстан босату төлемдерін сақ­тандыру және басқа да жәрдемақылар сияқ­ты сақтандырудың түрлерін қамти­тын әлеуметтік пакеттермен ала алаты­ны айтылады.
Атап айтқанда, мемлекет жалақыны сақ­тандыру, жұмыстан босату жәр­де­мақысын сақтандыру, медициналық сақ­тандыру, жинақтаушы зейнетақы жүйе­сі, жұмыскерді жұмыс орнына бай­л­а­нысты зақымдану мен аурулардан сақ­тандыру, өндірістегі жазатайым оқи­ға­лар­дан сақтандыру және жұмыс­сыз­дық­­тан сақтандыру сияқты төлемдер мен өтемақыларды міндетті түрде тө­лейді.
Екіншіден, келісімшартқа қол қойыл­ғаннан кейін Кореяның Еңбек ми­нистрлігінің өкілдері көші-қон про­це­сіне жеке делдалдар мен брокерлерді қос­пай, әуежайда мигранттарды өздері қабылдайды. Корея үкіметі мигрант­тар­ды іріктеуге, олардың одан әрі ор­на­ласуы­на тікелей жауапты болады, бола­шақ­та кері әуе билетін сатып алу үшін жағдай жасалады.
Үшіншіден, еңбек заңнамасы тұрғы­сынан басқа елден келген жұмысшы­лар­ды алалауға тыйым салынады. Сонымен қатар жұмыс орнын өзгертуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, жергілікті полицияға арыздана алады.

Мүмкіндік пе, қауіп пе?


Оңтүстік Корея да EPS жүйесінің нор­малары елге пайда әкеледі деп есептейді екен. 4 жыл 10 ай және одан да көп уақыт бойы жұмыс істейтін миг­ранттар болашақта Корей тауарлары мен мәдениетін, өнерін дәріптейтініне се­німді.
Қырғыз Республикасының көзқара­сы бойынша да еңбек мигранттары қай­тып оралғаннан кейін ұлттық эко­но­миканың өсуіне ықпал етеді. Шетелде жұ­мыс істейтін мигранттар озық әдістер мен технологияларды меңгеріп, өзі ең­бек еткен салада мол тәжірибе мен білім жи­найды деп есептейді екен. Дип­ло­ма­тия­лық маңызын да жоққа шығармайды. Сонымен қатар Кореяға барған әрбір жұ­мысшы орташа есеппен 1 500 доллар­дан кем емес жалақы алатынын ескеріп, бұл Қырғыз Республикасындағы шағын зауытында 6-7 адамға беретін жалақымен тең екені айтылады. Басқаша айтқанда, бұл шетелден елге түскен тікелей инвес­ти­циялар ағыны сияқты әсер етеді. Сон­дықтан көрші ел Оңтүстік Кореяда жұ­мыс істейтін азаматтарының санын, ке­рісінше көбейтуге мүдделі болып отыр. Жал­пы, көрші Қырғыз Республикасының бас­пасөзіне шолу жасасақ, бұл жүйенің қыр­ғыз азаматтарына тиімді болғаны ту­ралы жиі жазылған. Сақтандыру жүйе­сі және еңбек мигранттарының заң ая­сында қорғалуын олар мүмкіндік ретінде бағалайды.
 Ал біз енді ғана еніп отырған бұл жүйе­нің қандай оң немесе теріс әсері бо­лары, әрине уақыт еншісінде. Дегенмен 2020 жылы өткен «Орталық Азия – Оң­түстік Корея» форумында сол кездегі Сырт­қы істер министрі Мұхтар Тілеу­бер­ді бұл жүйеге қосылған күннің өзінде заң­сыз көші-қон мәселесі шешілуі екі­та­лай деген пікір айтқан болатын.
– Жүйеге қосылған кезде азаматтар­дың бір бөлігі ғана ресми түрде еңбек ке­­лісімі бойынша жұмыс істейтін бо­ла­ды. EPS жүйесі бойынша жыл сайынғы бөлу­дің жалпы квотасы – 50 мың орын, бұл әр ел үшін шамамен 3 мың орын де­ген сөз. Сондай-ақ орындарды бөлу про­­порционалды түрде жүргізілмейтінін ес­керген жөн, – деген еді Мұхтар Тілеу­берді. 
Жалпы, Кореяға болсын, басқа елге бол­сын, жұмыс іздеп заңсыз кетіп жат­қан отандастарымыздың ағынын тоқ­тату үшін өзімізде сапалы жұмыс орын­да­рын құрудан басқа жолы жоқ екені анық. Бұл мәселе – біздің еліміздегі түйі­ні тарқамай келе жатқан күрмеудің бірі. 

P.S.Сонымен, еліміз Оңтүстік Кореямен келісімге келіп, Employment Permit System жүйесіне қосылып отыр. Осы арқылы отандастарымыз сол жақта заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік алмақ. Бірақ квота бойынша орын саны шектеулі, ал Кореяда заңсыз жүрген азаматтарымыз ресми деректегіден бірнеше есе көп екені айтылады. Сондықтан бұл жүйенің мәселені қаншалықты шешетіні әзірге беймәлім. Дегенмен көрші елдер бұл жүйені мүмкіндік ретінде қарастыратыны байқалады. Не десек те, еліміздегі жұмыссыздықпен күрес, халықты жұмыспен қамту мәселелері күн өткен сайын өзекті бола беретіні анық.

Серіктес жаңалықтары