Түркияның Эскишехир провинциясында оқу-жаттығу ұшуы кезінде Әуе күштеріне тиесілі тікұшақ апатқа ұшырап, бес әскери қызметкер қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Түркия Ұлттық қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қаза тапқан бес әскери қызметкердің де жеке басы анықталған.
Марқұмдардың денесі Анкара қаласына жеткізілді. Сот-медициналық сараптама жүргізілгеннен кейін оларды жерлеу рәсімін өткізу үшін туған қалаларына жөнелтеді.
Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған әскери қызметкерлердің қазасына байланысты көңіл айтты.
Тікұшақ құлағаннан кейін оқиға орнында өрт шыққан. Қазір апаттың себептері анықталып жатыр.
Бұл – соңғы екі аптада Түркияда әскери тікұшақтың қатысуымен болған екінші апат. Мәселен, 12 қарашада елдің оңтүстік-шығысындағы Малатья провинциясында S-70 әскери тікұшағы құлаған еді. Салдарынан борттағы төрт әскери қызметкердің барлығы қаза тапты.
Ал өткен аптада Иорданияда әскери тікұшақ апатқа ұшырап, бес әскери қызметкер жарақат алған.