Құрылтай энергия тиімділігін арттыруға бағытталған заң жобаларын мақұлдады

/
Құрылтай энергия тиімділігін арттыруға бағытталған заң жобаларын мақұлдады
Istockphoto

Құрылтай бірінші оқылымда энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері жөніндегі екі заң жобасын, оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін түзетулерді мақұлдады. Құжаттар Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Түзетулер энергия тиімді көппәтерлі тұрғын үй ұғымын нақтылау, Мемлекеттік энергетикалық тізілімге ақпараттың дұрыс, толық әрі уақтылы ұсынылуына мемлекеттік бақылау енгізу, сондай-ақ жергілікті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімдерінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы құзыретін кеңейтуге көзделген.

Сонымен қатар Мемлекеттік энергетикалық тізілім субъектілерінің энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында келісім жасау мақсатында энергетикалық ресурстарды тұтыну көлемінің шекті мөлшерін жылына жүз мың тоннадан елу мың тоннаға дейін төмендету ұсынылады.

Бұдан бөлек, бюджеттік ұйымдарда энергия тұтыну мониторингінің қағидаларын енгізу және энергия тұтыну нормативтерін сақтамайтын бюджеттік ұйымдарды тиісті субъектілер тізбесіне енгізу көзделген. Сондай-ақ энергия аудиті ұйымдарының қажетті жабдықтарды тек меншік құқығында иеленуіне қатысты талаптар күшейтіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары