Тоғыз бас қойдан басталған табыс

/
Тоғыз бас қойдан басталған табыс

Ақтөбелік кәсіпкер Алтынбек Зейнуллин аз ғана малдан бастаған шаруашылығын биыл мың бастан асырды. Ауқымды істің бәрі бірден орайы келіп, мол табыстан бастала бермейді. Кейде ауқымды кәсіптің алғашқы қадамы бар бол­ғаны тоғыз бас қойдан басталуы да мүм­кін. Бұған Ақтөбе облысындағы «Жаңа-Ел» шаруа қожалығы  дәлел. Осыдан 9 жыл бұ­рын, яғни 2017 жылы тоғыз бас қоймен шаруа­шылықтың негізін қалаған Алтынбек Зей­нуллин бүгінде мал басын мыңнан асы­рып, кәсібінің аясын егін шаруашы­лы­ғы­мен де кеңейтіп отыр.

Бұл – бір күнде келе қалған жетістіктің емес, жылдар бойы жинақталған тәжірибе мен тынымсыз еңбектің нәтижесі.
Алтынбек Зейнуллин 2017 жылы өз ісін бас­тауға бел буғанда, қорасында небәрі то­ғыз қойы бар еді. Алайда малдың аздығы оның үлкен мақсатқа ұмтылуына кедергі бол­ған жоқ. Керісінше, аздан бастап, бір­тін­деп кеңеюді көздеген шаруашылық иесі соңғы он шақты жылдың әр маусымын  нақты нәтижеге бағыттады.

Арада өткен жылдар ішінде мал басы көбейіп, қожалықтың өндірістік әлеуеті де арта түсті. Бүгінде «Жаңа-Ел» шаруа қожа­лы­ғындағы қой саны 1 000 бастан асып отыр. Тоғыз қойдан басталған істің осын­дай деңгейге жетуі – ең алдымен, табан­ды­лық пен шаруашылықты жүйелі жүргізудің жемісі.

Әрине, мал шаруашылығында тек төрт тү­ліктің басын көбейту жеткіліксіз. Өнім­ділік­ті арттыру, тұқым сапасын жақсарту, қора­дағы малдың  күтімі мен өсімін дұрыс ұйымдастыру да маңызды. Осыны ескерген шаруашылық басшысы қой тұқымын асыл­дандыруға бел буған.
Қожалықтағы қой Еділбай тұқымымен будандастырылып, қазір мал тұқымын жақ­сарту бағытында жұмыс жүргізілуде. Бұл – шаруашылықтың бүгінгі көрсеткішін ға­на емес, болашақтағы даму мүмкіндігін де айқындайтын маңызды қадам.

Мал тұқымын асылдандыру – ұзақмер­зімді еңбек пен жүйелі жұмысты қажет етеді. Сондықтан шаруашылықта бұл ба­ғыт­тың қолға алынуы кәсіпкердің  санмен қа­тар сапаға да мән беретінін аңғартады.

Ал кейінгі екі жылда қожалық егін шаруашылығын да қатар дамытуға кіріс­кен. Осылайша, «Жаңа-Ел» мал өсірумен ғана шектелмей, ауыл шаруашылығының бір­неше бағытын ұштастыруға бет бұрды. Бұл шаруашылықтың мүмкіндігін кеңейтіп, өндірісті әртараптандыруға жол ашады.

Ауылда кәсіп бастау – тек жеке табыс табу­дың жолы емес. Ол – туған өлкенің әлеуе­тін арттыруға, ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосуға деген жауапкершілік. Өйткені әрбір дамыған шаруа қожалығы ауыл экономикасының нығаюына ықпал етеді.

Алтынбек Зейнуллиннің кәсіпкерлік жолы да осының бір көрінісі. Тоғыз бас қой­дан басталған тірліктің берекесі артып, мыңнан асуы – ауылда мүмкіндіктің мол екенін, ал сол мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін еңбек пен табандылық қажет екенін көр­сетеді.Биыл Қазақстанның

Тәуелсіздігіне 35 жыл толып отыр. Осы айтулы кезеңде ел да­муына үлес қосып жүрген еңбек адам­дарының жетістігін дәріптеудің мәні зор. Себебі мемлекеттің қуаты тек ірі жобалар­мен өлшенбейді. Оның негізінде адал еңбек етіп, өз кәсібін өркендетіп, туған жерінің да­м­уына үлес қосып жүрген азаматтардың да ерен еңбегі жатыр.

Алтынбек Зейнуллиннің жүріп өткен жолы – соның айқын мысалы. Тоғыз бас қой­дан басталған кәсіптің мың басқа жетуі бір ғана шаруашылықтың жетістігі емес, ауыл­дағы еңбектің қадірі мен кәсіпкерлік бас­таманың мүмкіндігін көрсететін өнегелі оқи­ға.

Жанна КӨПЖАНОВА,
Ақтөбе

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары