Америкалық Викторияның Тараздағы тағылымды ізі
Тараз – Қазақстандағы ерекше қалалардың бірі. Тараз – 2000 жылдық тарихы бар көне қала. Кезінде Тараздың әлемнің Нью-Йоркі болғанын бәрі біледі. Мұнда кезінде көпшілік әлемнің тауарларын алып келген. Саясат, дін және ғылыми бастамалар, әлем үшін маңызды дүниелердің бастауы осында басталған.
Елдегі қайырымдылық ісімен айналысатындар Виктория Шарбонуды жақсы таниды. 2000 жылдары бір топ америкалық еріктілермен бірге алғаш рет Таразға келген ол онда жыл сайын келуді әдетке айналдырған. Бертін келе ондағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек беру үшін қаражат жинап, артынша құрбысымен бірге «Қамқор Жүрек» қорының негізін қалаған. 2017 жылы «Алтын сапа» Президенттік сыйлығын иеленген бұл қор – талай ана мен балаға бақыт сыйлаған ұйым. Өзін «Шарасыздық пен үміт арасында көпір құрастырушы команданың мүшесімін» деп таныстыратын Викторияға хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Алдымен сонау Вирджиния штатынан біздің Таразға қандай арман қуып келгенін білгіміз келеді.
– Негізі, мен – суретшімін. Өз қаламда шығармашылықпен айналыстым. Жұмыс барысында балалармен араласқанды ұнататынмын. Сондай-ақ жануарларға да бүйрегім бұрып тұратын. Бұрынғы күйеуім мал дәрігері болып жұмыс істеді. Мен де ветеринар мектебінде еңбек еттім. Сондықтан болар, үйімде бала мен жануар көп болғанын армандайтынмын. Мен – АҚШ-тың Вирджиния штатынанмын. Маған ол жерде тұрған ұнайды. Әсіресе, тауларына сүйсінетінмін. Бірақ біздің таулар Қазақстандағыдай аспанмен тірескен биік таулар емес. Қазақстанға келмес бұрын Ричмонд деген кедей ауданда тұрмысы нашар балаларға көмектесумен айналыстым. Бір күні таныстарымнан шетелдегі балаларға көмектесетін бір топ іріктеліп жатқанын естідім. Алғашында олардың қайда баратынын білмедім.
Кейін олардың Қазақстанның Тараз қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмектесуге баратынын естідім. Бастапқыда бұл жаңалыққа онша қуана қоймадым. Өйткені мен өз қаламдағы балаларға көмектесуді басты мақсат еттім. Содан соң біраз адамдардың Қазақстан туралы айтқанын құлағым шалды. Әрі әсем таулар, иен дала мен онда атқа шауып бара жатқандардың суретін көрдім. Оған қоса, Тараздағы балалар үйінде өсіп жатқан балалардың суреттерін көріп, жүрегім зырқ ете қалды. Сосын онда баруым керек екенін түсіндім. Құдай маған бір белгі бергендей болды. Десе де, сол кезде Қазақстанға бір-ақ рет барамын деп ойладым. Алайда «ондағы қаптаған баланың ішінен бір балаға бауыр басып қалсам ше?» деген ой да маза бермеді. Кей кинода ерлі-зайыпты балалар үйіне барғанда бір баланы ұнатып қалып, соңынан асырап алғанын көрсетіп жатады ғой. Мен де сөйтермін деп қиялға ерік бердім. Негізі, мен Америкада туған екі баланы асырап алғанмын. Сондықтан бұл маған бейтаныс процесс емес. Сөйтіп, 2000 жылдың қыркүйек айының соңында бір топ еріктімен бірге Қазақстанға келдім. Тараздағы балалар үйіндегі 180-ге жуық баланың көңілін аулаймын деп бәріне бауыр басып қалдым. Дегенмен ондағы балалар үйінің жағдайы, балалардың жарым көңілі жүрегіме батты. Сөйтіп, оларға көмектесудің жолын іздестіргім келді. Алайда қалай көмектесерімді білмей дал болдым. Дегенмен алғашқы жылы қалың сырт киім мен қысқы аяқ киім алып берген дұрыс шығар деп ойладым. Америкаға келген соң ақша жинап, оны Тараздағы танысыма салып жібердім. Ол балаларға қысқы киімдер сатып әперді. Осылайша, Қазақтанға деген махаббатым бірте-бірте ояна бастады. Жыл сайын келетінді шығардым. Еріктілермен бірге келіп, он күнге жалғасатын лагерьде балаларға ағылшынша үйретіп жүрдім. Арасында балаларымды да алып келдім. Сосын 2009 жылы түбегейлі көшіп келуді ұйғардым.
– Қазір әлем жұртшылығы «америкалық арманның» соңынан қуып, АҚШ-қа көшуді көздейді. Ал сіз ондағы жайлы өмірді артқа тастап, Тараз қаласына қоныс аударасыз. «Бір-ақ рет барып қайтамын» деген елге түбегейлі тұрақтауыңызға не себеп болды?
– Біз бала кезден бір адам екінші адамның жағдайын толығымен өзгерте алады дегенді санамызға сіңіріп өстік. Егер әлдекімнің қиын жағдайда жүргенін байқасаң, одан жалт бұрылып кетпеу керек екенін естіп-өстік. Сондықтан мен де бұл қағиданы бәрінен биік қойдым. Мен әлемнің барлық баласына көмектесе алмаймын. Мен тіпті Тараздағы барлық балаға қамқор бола алмаймын. Алайда, осында алғаш келгенде балалардың мөлтілдеген көзін көрген кезде менің борышым – қолымнан келгеннің бәрін істеп, оларға жақсы өмір сүруге жағдай жасау екенін түсіндім. Құр қол отырмай, бірдеңе өзгерткім келді. Мен әлемді өзгерте алмаспын, алайда бір адамның өмірін өзгертуге шамам жетеді. Сөйтіп, осы идеяның жетегінде жүріп, жұмысымды жалғастыра бердім. Кейін құрбым Элизабет Турнок екеуіміз «Қамқор жүрек» атты қор құруды жөн санадық.
– Ал Қазақстанда тұрақтауыңыз туралы шешімді Америкада қалған балаларыңыз қалай қабылдады?
– Ұлым 14, қызым 12 жасқа толғанда оларды осында алып келгенмін. Кейін осында көшетінім туралы айтқанда қызым құптады, ал ұлым көшпейтінін айтты. Қазір екеуі де АҚШ-та тұрады. Екеуі маған жылдар бойы қолдау көрсетіп келеді. Әрі Таразда өсіп-өнген Сәулені бауырындай көреді. Әлбетте, ара-тұра қиын екенін сеземін. Олар менің Америкада көп уақыт болғанымды, немерелерімнің өскенін көргенімді қалайды. Дегенмен осындағы жағдайды өз көзімен көрген олар мұндағы балаларға қолдау мен көмекке зәру екенін жете түсінеді. Мен оларға жылына бір, кейде екі рет барып келемін. Тіпті, жылына үш рет барған кезім де болды. Басқа кезде бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп тұрамын.
– «Қамқор жүрек» қоры туралы бұрыннан еститінмін. Қордың функциясы балалар үйінікімен бірдей деп ойласам, қателесіппін. Қорды құрудағы басты мақсат – ата-анасы тастап кеткен балаларды қолдау ғана емес, керісінше олардың ата-анасымен жақындастыру ма, түсінуімше?
– Басты мақсат – қиын жағдайға тап болған аналарды балаларынан ажыратпауға тырысу. Әлбетте, қамқорлық танытқан басқа жандардың асырап алғаны дұрыс-ақ, алайда бала үшін дұрысы – туған ата-анасымен бірге өмір сүру. Егер олардың тек анасы ғана болса, анасының қасында болуы өте маңызды. Көп ана баласын қаламағаннан емес, шарасыз күйге түскеннен бас тартуға мәжбүр болады. Көмек қолын созар ешкімі болмағандықтан, балаларын балалар үйіне бергеннен басқа амалы қалмайды. Осылайша, ана мен бала арасындағы қатынас бұзылады. Ал біздің мақсатымыз – ана мен баланың бірге болуына көмектесу. Бізден көмек сұрап келетіндердің көбінде құжат болмайды. Ал кейбірінің қарызы бастан асады. Біздің әлеуметтік қызметкерлер олардың құжаттарын реттестіріп, қарыздарының пайыздық мөлшерлемесін азайтуға көмектеседі. Алайда біз ешбірінің қарызын жауып бермейміз. Бұл дүниеде тегін ештеңе жоқ. Біз олардың жұмысқа тұрып, өз қарызын өзі жауып, тапқан нәпақасын дұрыс жұмсай білуді үйретеміз. Одан бөлек, белгілі бір мамандықты меңгеруге мүмкіндік жасаймыз. Балалар үйінде тәрбиеленген балалар көп жағдайда қалай жұмыс істеу керек екенін білмейді. Олар басшымен арадағы қатынастың қандай болу керек екенінен де бейхабар. Сондықтан жұмыс мәдениетін үйренсін деген мақсатпен олардың жұмысқа тұруын қатты қадағалаймыз. Біз мұндағы көп ананы олардың балалар үйінде тәрбиеленген кезінен бері танимыз. Өкініштісі сол, балалар үйінен қанат қаққан 15-16 жастағы қыздар ерте жастан аяғы ауыр болып қалады. Олар көп нәрсеге бейімделмегендіктен, көп шешімді байыбына бармай қабылдайды. Олар отбасы аясында өспегендіктен, отбасы мәдениетінің не екенін білмейді. Сондықтан байсалдық танытып, оларды көп нәрсеге үйретуіміз керек болады.
Одан бөлек, біздің қызметкерлер олардың балаларының білімін байытатын бағдарлама жасақтап, бізде өткізген уақытын тиімді қылуға барын салады. Алдымызға тіпті 4-сынып оқыса да, әріп танымайтын балалар келді. Аз уақыт ішінде оларға көп нәрсені үйреттік. Айтпақшы, біздегі тағы бір мақсат – балаларды үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілде еркін сөйлету. Кейбір аналар денсаулығында кінәрат бар балаларын ертіп әкеледі. Олардың Қазақстанда ем-дом алуына көмектесеміз. Арасында үш қызды Америкаға апарып емдетіп келдік. Бәрі тегін өтті. Мұндайда арамызда көмегін аянып қалмайтындар жетерлік. Соңғы барған қызымыз Пенсильяванияда тұратын қазақтардың үйіне тоқтап, қажет ем-домын алып қайтты.
– Балалармен көбіне ағылшынша сөйлесетініңізді байқадым.
– Меніңше, менің балаларға берер басты сыйлығым да осы. Мен секілді ана тілі ағылшын саналатын адамнан үйренері көп деп ойлаймын. Мен олармен ағылшынша сөйлесемін. Ара-тұра қазақша, орысша да сөйлеймін. Алайда қызметкерлер мен балаларға менің ағылшынша сөйлегенім әлдеқайда тиімдірек деп ойлаймын. Бізде онсыз да Америкадан келген мықты маман ағылшыннан сабақ береді. Оның мұнда жұмыс істеп жатқанына бір жыл болды. Ол да мен секілді нэтив спикер болғандықтан, оқушылардың ағылшын тілін дұрыс үйренуге ықпалы зор деп білемін. Баланың ағылшыншасы жоғары деңгейде болса, оның үлгерімі бірте-бірте түзелетіні анық. Кейін ол ағылшынды өзін ақымақ санайтын сыныптастарынан жетік білетінін түсініп, өзінің ақылды екенін түсініп, рухтана түседі. Сондықтан ағылшын тілін тыңдап-өссе, еркін сөйлесе, болашақта көп есік ашылатыны сөзсіз.
– Сіз балаларға ағылшынша үйретсеңіз, олар сізге қазақша сөйлеуді үйретіпті.
– Иә. Біле білсеңіз, бала деген – өте сабырлы мұғалім. Олар «Жоқ, апа. Бұл – дұрыс емес» деп айтуға ұялмайды. Үлкендер бетіңе бірдеңе айтуға ұялуы мүмкін, алайда балалар ондайға қарамайды. Мысалы, мен қазақша бір сөзді он рет қайталап, он ретінде де дұрыс айта алмасам, олар менің дұрыс айтуымды тосып тұрады. Сосын он бірінші ретте дұрыс айтсам, «Жарайсың, апа!» деп мені желпіндіріп қояды.
– Сізді Виктория апа дей ме сонда?
– Иә. Кей аймақта көпшілік әпкесін апа дейді. Ал Оңтүстік Қазақстанда әже дегенді көбі апа деп айтады. Сондықтан олар мені әжесіндей көріп, апа дейді.
– Білуімізше, Америкаға ем-домға апарған, екі балаңыз бауырындай жақсы көретін Сәулені асырап алғыңыз келеді екен.
– Иә, асырап алғым келеді. Бірақ бұл – оңай шаруа емес. Алайда менің оны жақсы көретінімді дәлелдеу үшін маған бір жапырақ қағаздың қажеті жоқ. Мен оны еш құжатсыз-ақ қатты жақсы көремін. Алдағы уақытта оның өмірі сапалы, болашағы жарқын болып жатса, мен үшін бұдан артық бақыт жоқ. Мен онымен балалар үйінде таныстым. Ол – туғаннан көп ауруға шалдыққан ерекше жан. Америкаға барғанда бір аяғына ампутация жасап, протез киюге мәжбүр болды. Алайда қиындықтан қаймыққан ол жоқ. Атқа мінеді, велосипед тебеді. Таэквондо, суға жүзумен айналысады. Қазір Америкада білім алып жүр. Арманы асқақ. Мақсаты айқын.
– Әлеуметтік желідегі жеке парақшаңыздағы суреттерге қарап, басқа-басқа Таразға деген махаббатыңыз ерек екенін байқадым. Бұл қала мұндағы сіз бауыр басқан балалардан бөлек, несімен сізге тартымды?
– Ең алдымен қазақтардың өте қонақжай екенін атап өткім келеді. Олардың біреуді жақын танымаса да, үйіне шақырып, бар тыққанын алдына тосып, асты-үстіне түсетінін талай рет көрдім. Көшеде әлдебіреудің көмек сұрап тұрғанын көрсе, тоқтай қалып, көмектесетінін де байқадым. Жалпы, әр елде пиғылы жаман адамдар кездеседі ғой. Алайда ел тұрғындарының көзінен көбіне мейірімділік пен жылулықты байқайсың. Бірде Алматыға пойызбен кетіп бара жатқан едім. Менімен бір вагонда отырғандар «Алматыда баратын жерің бар ма?», «Қайда тоқтайсың?», «Сені анық достарың күтіп ала ма?» деп уайымдап, үйлеріне ертіп апармақ болды. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ – өнерлі халық. Әу демейтін қазақ жоқ. Расында, олар тойда болсын, көкке шыққанда болсын, әнді керемет орындайды, бидің «түбін» түсіреді. Қолөнер жасау, сурет салудың да шебері болып алған. Америкада Қазақстандағыдай көп суретші бар деп айта алмаймын. Ал Таразға деген ерекше сүйіспеншілігімді сөз етер болсам, маған бұрыннан шағын қалалар ұнайды. Меніңше, Тараз – Қазақстандағы ерекше қалалардың бірі. Тараз – 2000 жылдық тарихы бар көне қала. Кезінде Тараздың әлемнің Нью-Йоркі болғанын бәрі біледі. Мұнда кезінде көпшілік әлемнің тауарларын алып келген. Саясат, дін және ғылыми бастамалар, әлем үшін маңызды дүниелердің бастауы осында басталған. Әлем қызығатын орын болған. Қазірдің өзінде айналаға зер салып қарасаңыз, көп тарихи деректі табуға болады. Мен балалармен тарихи орындарды аралағанды ұнатамын. Әрі шеттен келген қонақтарды бірден қаланың көрікті жеріне апаруға асығып тұрамын. Әсіресе, әлем бойынша ең ірі табиғи қорықтардың бірі саналатын Ақсу-Жабағылыда серуендегенді ұнатамын. Сөз жоқ, Алматыда да көздің жауын алатын орындар жетерлік. Мен бірнеше рет балаларды Алматыға қыдыртып апарғанмын. Дегенмен Тараз, Шымкент, Ақсу-Жабағылы секілді бізге жақын орындар да көрген адамды бейжай қалдырмайтыны анық. Әлбетте, кей тұста қиынға соғатыны рас. Алматы мен Астанада бар дүниені Тараздан таба алмай жатамыз. Алайда Тараз – үлкен ауыл іспетті. Бәрі бір-бірін таниды. Бір-біріне қамқор болуға асық. Өткенде біздің бір қызметкеріміз таксиде өз телефонын ұмыт қалдырса керек. Көп ұзамай такси жүргізуші әлгі телефонды қызметкерімізге әкеліп берді. Көп жағдайда мұндай жайттың соңы басқаша аяқталатынын жақсы білесіз. Ал бізде ондай емес. Содан соң мұнда көлік саны аз, ауа ластанбайды. Айнала жасыл желекке толы. Биыл ғана қыс қаһарына мініп тұр. Әдетте, мұнда ондай суық болмайтын. Сондықтан бұл жерді бәзбіреулер айтқандай адам тұрмайтын қала деп есептемеймін. Көпшілік қолда барда алтынның қадірін түсінеді деп ойламаймын. Жалпы, мен қаланың кемшін тұсына мән беріп қарамаймын. Маған маңыздысы – біз көмектескен жандардың жақсы жаққа өзгеруі. Шарасыз күйге түсірген шырғалаң шақта алдыңа келген жанның уақыт өте келе жағдайы жақсарып, ақырында өзімен қоса ұмыт бола бастаған баласын алға сүйреп, арманы үшін күрескенін көргеннен артық бақыт жоқ! Арамызда біздің бұл қордан ақша таппасақ, не үшін құрғанымызды түсінбейтіндер бар. Өмірде ақшадан да маңызды нәрсе бар екенін түсінбейтіндер таяз ойлайды. Біз бұл жерден ешқандай да ақша таппаймыз. Керісінше, тапқан әр тиынымызға дейін осында жұмсаймыз. Мен 62 жастамын. Құдай қуат берсе, енді 20 жылдай өмір сүрермін. Шындыққа тура қарау керек, менің уақытым өтіп жатыр. Мен дұрыс тамақтанамын, спортпен шұғылданамын. Өз бабымда жүруге тырысамын. Бірақ бізде оқитын балалар күн санап өсіп жатыр. Мұндайда маған не істеу керек деп ойлайсыз? Маған гауһартастан жасалған әшекей, қымбат көліктің керегі шамалы. Бренд киімге де қызықпаймын. Маған бәрінен бұрын балалардың білім алғаны, адам болғаны қызық. Маған аяғынан тік тұрып келе жатқан аналардың ендігі өмірі мән мен мағынаға толы өткені қызық.
– Алдағы жоспар қандай?
– Алдағы жоспар – осы бағыттан таймау, жетіле түсу. Бізге кеңею керек. Аналар мен балалар саны көп болғандықтан, көп адамды қабылдай алмаймыз. Одан бөлек, жержаңғақ майын өндіру ісін қолға алмақпыз. Одан бөлек, маш өсіретін жылыжайдың құрылысын жоспарлаудамыз. Діттегеніміз жүзеге асса, көп ана алысқа бармай-ақ өзімізде жұмысқа тұра алатын еді.
– Сұрайын деп ұмытып барамын. Сіз жиырма жыл бұрын қазақ балаларын асырап алған америкалықтардың біразымен дос екеніңізді байқадым. Кейінгі кезде Қазақстанға келіп, туған ата-анасын шарқ ұрып іздеп жүргендер қатары көбейгенін білеміз. Алайда көпшілігі олар ойлағандай бола бермейтінін сіз жақсы білеміз. Біз сұхбат алған Пол (қазақша есімі – Сардар) мұхит асып, Таразға келсе де, туған-туыстарын таба алмай, салы суға кетіп қайтқан еді.
– Мәселе сонда. Асырап алу – жақсы нәрсе. Алайда мұның соңы әркез жақсы бола бермейді. Баланы кішкентай кезінде асырап, мейірімді үйіп-төксеңіз де, ерте ме, кеш пе, ол бәрібір бірдеңе жетіспейтінін сезеді. Мен қызымды алты апта, ал ұлымды үш айлық кезінде асырап алдым. Менің оларды қатты жақсы көретінімді бәрі беске біледі. Бізде Америкада бәрі ашық айтады. Сол секілді мен де оларға бала кезінен барлық шындықты жасырмай айтатынмын. Түптің түбінде олар әлдене жетіспейтінін үнемі сезетін. Кімге ұқсайтынын білгісі келетін. Соңында қызым ДНҚ жасатып, өз туған әке-шешесін тауып алды. Бауырлары бар екенін білді. Айта кетерлігі, ол бауырларының бірде-біреуі жоғары білім ала алмаған. Ал ол университетте білімін жетілдірген. Сол кезде ол «Сен мен үшін сонша күрестің. Маған қатты көмектестің» деп айтқаны бар. «Саған көмектескен мен емес, өзіңсің. Себебі сенің рухың мықты» деп жұбатқаным бар. Ал ұлым болса, туған ата-анасын іздегісі келмейді. «Маған ешкімді іздеудің керегі жоқ. Сен барсың. Әкем бар. Бауырым бар. Сол жетеді» дейді. Сондықтан туған ата-анасын іздегендер мұның соңы ертегідей хэппи эндпен аяқталады деп ойламау керек. Мен Қазақстанға туған ата-анасын үш рет іздеп келіп, үш ретінде де анасы кездесуден бас тартқан балаларды танимын. Ол баланың қандай күйде қайтқанын көрсеңіз. Ал кейбіреуінің өмірі басқаша өрбиді. Туған ата-анасымен қауышып, мәңгіге ұмытпастай әсер алып қайтады. Мұндай істе әділ, ашық болмасаң, болмайды. Жасыруға, әлдебіреудің көңілімен ойнауға әсте болмайды. Әрі мен танитын, қазақ балаларды асырап алған америкалықтардың барлығы оларды кішкентай күнінен Қазақстан туралы тек жағымды пікір қалыптастыруға үйретеді. Сондықтан олар өсе келе тамырын табу үшін туған-туыстарын іздестіруге бел буады.
– Әлеуметтік желідегі бір топта америкалық бір әйелдің мектептегі бір кешке кию үшін қазақша көйлек іздеп, сұрау салғанын көріп қалдым. Әрі сіз де оларға киім табуға көмектеседі екенсіз.
– Иә. Біз осындағы киім тігетін бөлмемізде көп киім тігіп, қазақтарды асырап алған америкалықтарға салып жібергенбіз. Бір жазда Таразда туған, америкалықтар асырап алған Лукасқа шапан апарып бердім. Ол түлектер альбомына қазақтың ұлттық киімін киіп түскісі келген екен. Сондықтан анасы менен шапан тауып әкелуді өтінген еді. Мен оларды бұрыннан танимын. Жақын достармыз. Олар расымен Лукастың өзінің қайдан шыққанын біліп, ата-бабасын мақтан тұтқанын қалайды.
– Ойлағаныңыз іске ассын!
Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ