Кремний алқабында үздік ондыққа кірген стартап жоба
Әлемде мұндай технология жоқтың қасы. Біздікіне ұқсас, құны 50 млрд доллар болатын DocuSign деген компания бар. Ол тек келісімшарттарға қол қою мүмкіндігін береді, бірақ оған жету жолы басқаша, нақтырақ айтсам, е-mail арқылы іске асады. Сондықтан біздікіндей компания тек Қазақстанда емес, әлемде жоқ деуге болады.
Осыдан бірнеше күн бұрын қазақстандық TrustMe стартап жобасы әлемдік ІТ-дің астанасы саналатын Кремний алқабында өткен DraperU бағдарламасында үздік ондыққа кірді. Шыңғыс Дәулетбаев негізін қалаған TrustMe жобасы әлемнің 35 елінен келген 118 стартап иесінің арасында инвестиция салуға қолайлы деп танылды. Әлгі бағдарламаны ұйымдастырған әрі онда қазылық еткен әйгілі америкалық миллиардер, венчурлік инвестор Тим Дрейпер қазақстандық стартапқа қызығушылық танытып, қолдау білдірген. Алдағы екі жылда елімізде теңдесі жоқ компания құруды мақсат еткен Шыңғысқа хабарласып, сұхбаттасқан едік.
– Шыңғыс, жетістігіңіз құтты болсын! IT индустриясының жүрегі саналатын Кремний алқабында үздік ондыққа кіру – екінің біріне бұйырмаған бақ. Көп фаундер бәрінен көш ілгері жүру үшін сол алқапқа көшіп, инвесторды алыстан емес, сол жерге барып іздеуді мақсат етеді. Ал сіз Қазақстанда отырып-ақ, Кремний алқабындағы инвесторлардың қызығушылығын тудыртып отырсыз. Керемет қой!
– Рахмет! Расында – біз үшін қуанышты жаңалық. Қазақстан үшін де пайдасы зор екені айдан анық. Алдағы уақытта еліміздің атын ІТ жобалар арқылы шығаруға барымызды саламыз. Бұл қадам біздің дамуымызға тың серпін беріп, үлкен мүмкіндік туғызып отыр.
– Біз сұхбат алған ІТ мамандарының көбі бала кезден техниканы шұқылап, бұзып, қайта құруға бейім болғанын, сөйтіп жүріп осы салаға келгенін айтады. Ал сіз оқушы кезіңізде дәрігер болуды армандаған екенсіз. Ақыр соңында ІТ саласына бет бұруға не түрткі болды?
– Менің ата-анам – Алматыға есімі белгілі дәрігерлер. Кішкентайымнан бастап маған «Сен дәрігер боласың» деп санама құйғандықтан, мен де «Өскенде дәрігер боламын» деп жүрдім. Дегенмен алтыншы сыныптан бастап компьютерге қызыға бастадым. Оның ішінде не бар? Ол қалай бәрін біріктіреді? Қалай жұмыс істейді? Осының бәрі маған қызық болды. Сосын екі мыңыншы жылдары интернет қолжетімді бола бастады. Интернет көмегімен түрлі чат, форум құру мүмкіндігі туындады. Сол кезде мектепте бірге оқитын достарымды үйге шақырып, бар білгенімді оларға айтып беріп, оларды да қызықтырып қоятынмын. Сол уақыттан бастап инновациялық технологияларға деген қызығушылығым үдей түсті. Кейін ҚБТУ-дың менеджмент факультетіне оқуға түстім. Екінші курста стартап жоба ашып, дамытқым келді. Бұл жобаны ілгерілету үшін қомақты қаржы жұмсадым. Алайда тәжірибем аз болғандықтан мұны ары қарай дөңгелете алмадым. Содан соң «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияға оқуға түстім. Онда адами капиталды басқару бойынша білім алған маған менеджмент ісі қатты ұнап қалды. Елге келген соң жергілікті компанияда жұмыс істедім. Кейін Ұлттық экономика министрлігінің Макроэкономикалық талдау мен жоспарлау басқармасына жұмысқа тұрып, онда бас маманнан бастап басқарма директорының міндетін атқарушыға дейін көтерілдім. Сосын жұмыс азайды. Кейін А корпусына өту үшін көп кезеңді қамтитын іріктеуден өттім. Мемлекеттік қызметтегі жұмысымды жалғастырғым келді. Сол уақытта LinkedIn желісі арқылы мені тауып алған «Хабар» агенттігінің өкілдері телеарнаның стратегиясын жазуға жұмысқа шақырды. Онда екі жыл жұмыс істеп, басқарма директоры болдым. Агенттіктің стратегиясын жазып болған соң, көп жұмыс та болмады. Күніне үш сағат қана жұмыс істейсің, қалған уақыт боссың. Сол уақытта продакшн компания ашып, түрлі жоба іске асырдым. Содан соң жеке кәсіпкерлікпен айналысып, үш жылдай ақша жинаған соң, ІТ саласына түбегейлі бет бұрамын деп шештім.
– Келісімшарт жасасу процесін барынша жеңілдетіп, SMS арқылы онлайн келісімшарттарға қол қоюға мүмкіндік беретін TrustContract сервисін құрастыру идеясы қайдан келді?
– TrustContract – біз іске асырған өте тиімді жоба. Алла қаласа, алдағы уақытта үлкен экожүйеге айналады деп сенеміз. Бұл идеяның нақты қашан, қай уақытта туындағаны есімде жоқ. Қасиетті Құранның ең ұзақ аяты саналатын «Бақара» сүресінде қарыз беру мен қайтару әдептері туралы айтылады. Онда «Егер белгілі бір мерзімге дейін бір-біріңе қарыз бергенде, оны жазып қойыңдар» делінген. Сосын қарызды жазу мәселесінде екі адамды куәгер етіп, берілген қарыздың құнымен қайтарылатын уақыты жазылуы қажет екені туралы айтылған. Сонда айтылған куәгерлердің орнына блокчейн орнатуға болады. Сол себептен біз TrustContract сервисін ашуды көздедік. Бастапқыда мұны тиімді деп санаған жоқпын. Адамзатқа пайдасы тиетін бір жоба болса болғаны деп ойладық. Жалпы, өз басым кез келген жұмыс орнында заң мен тәртіпке бағынатын адамдар жұмыс істегенін жөн санаймын. Өз басымыздан өткен нәрсе. Кейбіреуі алдап кетеді ғой. Дегенмен арамызда ниеті түзу, көңілі кең, жақсы адам көп. Жақсыларға жақсы пікір жазу, оларға пайдасын тигізу үшін осындай сервис ашу тиімдірек деп ойладық. Қайталап айтамын, ең бастысы адамзатқа пайдалы дүние жасауды мақсат еттік. Бұл істі қоғамға қандай пайдасы тиеді деген оймен бастадық. Жалпы, аталған жобаның бүкіл компонентін қоссақ, бұл – әлемде жоқ нәрсе. Біріншіден, біз компанияларға келісімшарттар туралы заңды тұрғыда консультация береміз. Екіншіден, бұл келісімшарттарды өз жүйемізге енгізіп, оның кейбір пункттерін автоматтандырып, мобильді телефонға SMS түрінде баратындай етіп жасаймыз. Керек болса, адамның беті мен құжатын салыстырып, растаймыз. Олар небәрі тоқсан секундтың ішінде қол қойып, келісімшарт жасаса алады. Әлемде мұндай технология жоқтың қасы. Біздікіне ұқсас, құны 50 млрд доллар болатын DocuSign деген компания бар. Ол тек келісімшарттарға қол қою мүмкіндігін береді, бірақ оған жету жолы басқаша, нақтырақ айтсам, е-mail арқылы іске асады. Сондықтан біздікіндей компания тек Қазақстанда емес, әлемде жоқ деуге болады.
– Кремний алқабында өткен DraperU акселерациялық бағдарламасына қатысқысы келетін әріптестеріңіз жетіп артылатыны түсінікті. Сіз онда бару үшін арнайы іріктеуден өттіңіз бе?
– Мемлекет бізге қандай мүмкіндік береді, соның бәрін қолданып жатырмыз. Бұрын әкімдіктермен бірлесіп жұмыс істегенбіз. Саған үйрет деп мамандар жібереді, оларға шәкіртақы төленеді. Саған да пайдасы тиеді. Мұны да тиімді пайдаландық. Содан соң Astana-hub ұйымдастырған акселерациялық бағдарламаның барлығына қатыса бердік. Көп жобаға қатысқан соң, бізге міндетті түрде ақша табу керек екенін түсіндік. Әлеуметтік жоба деңгейіне жеткізу қажет екенін ұғындық. Ал мұны Қазақстанда жасау мүмкін емес. Әлемде ChatGPT-ді ойлап тапқан OpenAI секілді нонпрофиттік компаниялар жетерлік. Олар – ақша табу үшін емес, адамзатқа пайда әкелу үшін құрылған ұйымдар. Ал бізде Қазақстанда мұндай әзірге әсте мүмкін емес. Сондықтан біз тек пайда тигізіп қоймай, табыс таба алатын компанияға айналуды алдымызға міндет етіп қойдық. Сол мақсатта бірнеше акселераторлық бағдарламаға қатыстық. Биылдың өзінде үш бағдарламада бой көрсеттік. Біріншісінде Astana-hub-тың бірлесіп ұйымдастырған Google for Startups бағдарламасына қатыстық. Сосын Азия даму банкі ұйымдастырған бағдарламаға қатысу мүмкіндігіне ие болдық. Онда он күндей Әзербайжан, Өзбекстан және Қазақстанды аралап, тәжірибе алмастық. Айта кетерлігі, сол кезде Өзбекстаннан филиал ашу туралы шешім қабылдадық. Оның алдында нарықтың ауқымын бағамдап, Түркиядан ашуды жоспарлаған едік. Алайда Өзбекстанға барып келгеннен кейін мұнда да мүмкіндік бар екеніне көзіміз жетті. Сөйтіп, Мирас атты мықты маманымызды бас-көз бол деп сонда жібердік. Үшіншісі – сіз сөз етіп отырған DraperU бағдарламасы. Біз Әзербайжанда жүргенде жүзге жуық стартап иелеріне арналған онлайн бағдарлама жүргізіле бастады. Мұның бізге пайдасы шамалы болды, себебі онда бастапқы деңгейді үйретуді қолға алды. Ал біздің деңгейіміз тым басқа. Сол үшін мен онда қатыспадым. Ол жобаның ең соңында пичтинг сайыс ұйымдастырылады. Онда өз жобасын дұрыс таныстыра алғандар DraperU-ге қатысу мүмкіндігіне ие болады. Әдепкіде біз ол тізімде болған жоқпыз. Алайда ұйымдастырушылар «Өздерің таңдаңдар» деп таңдау еркін берді. Сол уақытта көпшілік «Қазақтар мықты. CheckAuto жобасының негізін қалаушы Ілияс Құрман мен TrustMe жобасының авторы Шыңғыс Дәулетбаев барып, питчинг жасасын» деп екеуімізді таңдады. Мен сөйлеген кезде кекештенемін. Көпшілік алдына шығып, питчинг жасау, онда топ жарып шығу оңай емес. Дегенмен онда бағым жанып, Ілияс екеуіміз Америкаға бару мүмкіндігін иелендік. Кремний алқабында бес апта бойы әлемнің 35 елінен келген 118 стартап иелерімен пікір алмасып, етене араластық. Бір-бірімізді жақындастыра түсетін ивенттер өткізілді. Алғашқы аптада 118-іміз 13 командаға бөлініп, квест секілді өзара жарыстық. Сосын бізге үш күн ішінде жасанды интеллект өнім жасап шығаруды тапсырды. Одан соң бізді таулы аймаққа ертіп апарды. Бес күнге жалғасқан бұл квестте телефонсыз, интернетсіз, жылы киімсіз, ыстық сусыз күн көруің керек. Онда да түрлі тапсырмалар берілді. Бірінде қайық құрап, батпақ жерді қайықпен жүзіп өтіп, кері қайтуың керек. Осындай тартысқа толы тапсырмалар арқылы шынығып, шыңдалып қайттық.
– Әлемнің 35 елінен келген 118 стартаптың арасынан үздік ондыққа іліндіңіздер. Мұны бес апта бойы іріктеді ме, әлде таңдау қалай жасалды?
– Бес аптаның соңғы аптасында Demo Day өткізілді. Онда барлық фаундердің басын қосып, күніне екі-үш дәріс өткізді. Сосын соңғы екі күнде питчингке дайындау процесі басталды. Ал оған осы тренингті ұйымдастырушы, әлемге танымал венчурлік инвестор, миллиардер Тим Дрейпер қазылық етті. Құрамында бір топ инвестор бар командасымен келген ол таңнан кешке дейін барлық стартап иелерін тыңдады. Бізге регламент бойынша жобамызды таныстыруға екі минут беріледі. Содан соң тағы екі минут сұрақ-жауап форматына көшеміз. Олар мүйізі қарағайдай маман болған соң кімнің жобасы тиімді, кімдікі пайдалырақ екенін ә дегеннен-ақ түсінеді. Кешке питчинг аяқталған соң, олар ақылдасу бөлмесіне барып, өз шешімдерін қабылдайды. Сосын ортамызға келіп, «Бесінші стартап мынадай», «Оныншы стартап мынадай» деп өз ойларын ортаға салады. Содан кейін 118-дің ішінен инвестиция салуға қолайлы үздік он жобаны таңдап алды. Ол он жобаның иесі сосын Тим Дрейпермен кешкі ас ішуге арнайы шақыру алды. Сөйтіп, біз сол үздіктер қатарынан көрініп, Дрейпермен өткен бейресми кездесуде өз жобамызды кеңінен таныстыра алдық.
– Кеше сол Тим Дрейпердің өзі сізге инвестор болады деген жаңалық оқыдық. Рас па?
– Біз бір басылымға эксклюзив ретінде мәлімет берген едік. Ол басқа БАҚ-қа таралып, кейбір тұсы басқаша жазылып кетіпті. Тим үздік он стартаппен келісімшарт жүргізу тәртібін енді бастайды. Бізбен де бастады. Онымен бірге кешкі ас ішкен кезде мен оған жобаның маңызы мен пайдасын асықпай түсіндірдім. Ол тіпті «Мәссаған! Күшті екен» деп таңғалысын жасырмады. Сосын өз идеялары мен пайдалы инсайттар айтып, «Сені осында бір мықты кісілермен таныстырамын» деп қолдау білдірді. Жалпы, инвестиция құю – оңай процесс емес. Бұл – кемі алты ай бойы жүргізілетін процедура. Инвестор бәрін жіті тексереді, жан-жақты зерттейді. Сосын ол өз шартын айтады. Біз оған өз шартымызды алдында-ақ айтып қойғанбыз. Шешім қабылдау оның еркінде. Біз секілді үздік атанған компания иелері олардың басқа шарт қоятынын алға тартады. Бірақ біз барлығы жақсы болады деп сенеміз. Уақыт өте көреміз.
– Ендігі мақсат қандай?
– Өзбекстаннан филиал аштық. Биыл қатарымызға Тайвань, Аргентина, Оңтүстік Корея, АҚШ-тан клиенттер қосылып жатыр. Енді сол мемлекеттерге шығуды көздеп отырмыз. Одан бөлек, бізді Қазақстанның ішінде көп адам біле бермейді. Елдегілерге біз туралы мәлімет жеткізу үшін қаражат керек. Қазақстаннан инвесторлар табылатыны сөзсіз. Қазір де хабарласып жатыр. Біз қазір тек ақшалай емес, ақпарат жеткізу, сату ісі бойынша көмектесетін адамдар іздеп жатырмыз. Біз өте жылдам қарқынмен өсіп жатырмыз. Осы қарқынды сақтап қалу үшін бізге қаражат керек. Біз өскеніміз Қазақстанға жақсы. Құдай қаласа, басты мақсат – алдағы екі жыл ішінде теңдесі жоқ компанияға айналу. Сол мақсатқа қол жеткізген кезде бізде 2 000 адамдай жұмыс істейтін болады. Оның бір мыңы Қазақстанда жұмыс істейді. Сонда біз елдегі 1 000 маманды жұмыспен қамтамасыз етіп, мықты мамандар тобын құраймыз. Google, Amazon, Meta, Apple секілді алпауыт компаниялардың бір кеңсесінде 10 000 қызметкер отырады. Менің мақсатым да сондай мықтылардан құралған команда құру. Біздің негізгі күш Қазақстанда болады. Әлбетте, біз Қазақстанмен шектелмейміз. Шетелде тұратын, дарынды қыз-жігіттер болса, қатарымызға қосуға тырысамыз. Бәлкім, оларды Қазақстанға жұмысқа шақырармыз. Жалпы алғанда, мақсатымыз – айқын, бағытымыз – анық, мұратымыз – асқақ.
– Іске сәт! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ