Абай облысында аудандық аурухананың қазандығы толық жөндеуден өтті

Абай облысында аудандық аурухананың қазандығы толық жөндеуден өтті

Абай облысының Абай ауданында «AMANAT» партиясы филиалының бастамасымен аудандық аурухананың жылу жүйесіне тексеріс жүргізілді. Ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келген қазандық мәселесі партиялық бақылауға алынып, нақты шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде нысанда алғаш рет кешенді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйесі толық жөндеуден өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тексеріс кезінде «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Қалиев, аудандық мәслихат төрағасы Мақсат Нұрсұлтан, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Думан Тұрдығалы және медицина саласының ардагері, аудандық аурухананың қамқорлық кеңесінің төрайымы Майра Қожақова аудандық аурухананың жұмыс барысымен танысты.

Мониторинг барысында аурухананың жылу беру жүйесіне жауапты қазандықтың материалдық-техникалық базасы тозғаны анықталып, күрделі жөндеуді қажет ететіні белгілі болды. Аурухананың бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты, фракция жетекшісі Бақытжан Қалбабаевтың айтуынша, қазандыққа қатысты дефектілік акт жасалып, жобалық-сметалық құжаттар алдын ала әзірленген. Алайда қаржыландыру мәселесі ұзақ уақыт бойы шешімін таппаған.

Сонымен қатар, өткен жылдары қазандықта бірнеше рет апаттық жағдайлар тіркеліп, олар мекеме қызметкерлерінің күшімен уақытша ғана қалпына келтіріліп келген. Бұл жағдай медициналық мекеменің тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуіне айтарлықтай қауіп төндірді.

Аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсететін маңызды нысанның қыс мезгіліне дайын болмауы халық денсаулығына тікелей әсер ететін маңызды фактор екені ескеріліп, бұл мәселе «AMANAT» партиясының Абай аудандық филиалы мен мәслихаттағы депутаттық фракцияның қатаң бақылауына алынды.

 «Бұл мәселені біз басынан бастап партиялық бақылауға алып, әр кезеңін жіті қадағаладық. Жылдар бойы шешімін таппай келген түйінді соңына дейін жеткізу үшін тиісті мемлекеттік органдармен жүйелі жұмыс жүргіздік. Нәтижесінде барлық тараптың бірлескен іс-қимылының арқасында нақты шешім қабылданып, күрделі жөндеу толық жүзеге асырылды. Бұл — жай ғана бір нысанның мәселесі емес, тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды жұмыс. Алдағы уақытта да осындай өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмай, нақты нәтижеге дейін жеткізуді жалғастырамыз», – деді «AMANAT» партиясы Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Қуат Қалиев.

Мәселені жүйелі шешу үшін тиісті мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізіліп, облыстық деңгейде депутаттық сауалдар жолданды. Соның нәтижесінде нақты шаралар қабылданып, аудандық аурухананың жылу қазандығына күрделі жөндеу жұмыстары жүзеге асырылды.

1976 жылы салынған нысанға арада 49 жыл өткен соң алғаш рет толық жаңғырту жүргізіліп, заманауи талаптарға сай жабдықтар орнатылды. Қазандық ғимараты толық жөндеуден өтіп, қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайы жасалды. Жобаның жалпы құны – 68,5 миллион теңге.

Бұл – ұзақ жылдар бойы шешімін таппай келген мәселенің нақты нәтижесі. Жүйелі бақылау мен жауапкершіліктің арқасында стратегиялық маңызы бар әлеуметтік нысан толық жаңартылып, қысқы кезеңге дайын күйге келтірілді.

«AMANAT» партиясы үшін басты мақсат – нақты нәтиже көрсету. Абай ауданында жүзеге асқан бұл жоба партиялық бақылаудың тиімділігін дәлелдеп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстардың алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын көрсетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары