Аты-жөніміз туралы арнайы заң қажет

Діні, ділі, қаны қа­зақ бола тұра «Эсма, Мафтуна, Мирада, Дия­мара, Даниза, Мелек, Ардаби, Хадия, Ман­зура, Айлин, Мирель, Хайраддин, Аде­лина, Согдиана, Альфия, Артур, Иран, Ирада, Миранда, Эмили, Динар» – деген бір есті­генде қазақ тіліндегі мағынасы түсініксіз есім­дерді иемденіп жүргендердің қарасы көп. Сәні мен мәні келіспейтін есімдерге кім­ді кінәлаймыз?

Аты-жөніміз туралы арнайы заң қажет
Сурет ашық дереккөзден алынды
2649

Ұлттың ұлт екенін айқындап тұратын негізгі үлкен белгілері болады. Ол – тілі, мә­де­ниеті, тарихы дегендей ірі қабаттардан тұ­ра­ды. Осы мәдени қабаттың бір бөлшегі – ұлтты басқаларға айшықтап, танытатын оның аты-жөні, есімдері. Дәл осы тақырып жайында бір мақала жазбаққа ниеттеніп жүргенімізде әлеуметтік желіде ұлттық аты-жөн­ге қатысты салмақты пікір жарияланды. Пі­кір иесі – елімізге танымал ғалым, «Қазақ га­зеттері» деген үлкен медиа ұйының бас­шы­сы, академик Дихан Қамзабекұлы. Осы та­қырыптың өзекті болғаны сонша дәл сол сәт­те 200-ден астам адам ғалым жазбасын бө­лісіп, өздерінің пікірлерін жазды. Осы орай­да біз де өзекті мәселе жөнінде талдау жа­сап көрмекке ниеттендік.       

Халқымыз ерте кезден-ақ балаға ат қоярда болашағы жарқын, тағдыры тамаша болсын деген ниетпен жақсылыққа балап, мағыналы, жарасымды әрі естігенде де құлаққа жағымды болуын басты назарда ұстаған. Өйткені қойылған әр есімде ата-ананың ізгі үміті, болашаққа деген сенім, тартымдылық пен талғам байқалып тұрады. Соны ескере білген халқымыз балаға ат қоярда көркі келіссіз, басқалар келеке қы­ларлық сұрықсыз есімдерден аулақ болған. Өмір есігін шыр етіп ашқан періштедей жас сәбиге ойланбай ат қоюға ешкім асықпаған. 
Қазақ дәстүріне үңілсек, ат қою құрметі екі­нің біріне бұйыра бермейтін мәртебе. Әдет­те, есімді отбасының үлкендері, қазы­на­лы қарттар, елге елеулі, халыққа қалаулы кісілер ғана қойған. Ата-әжелеріміз қойған кез келген есімді алып қарайтын болсақ, қа­зақылық пен үйлесімділіктің ұшырасуы жауап­кершіліктің салмағынан деп ойлай­мыз. Қазір дәл осы әдемі салттан жаңылдық. Көп дүние жас ата-аналардың меншігіне ти­­гендіктен, үлкендермен ақылдасу деген тү­сінік азайды. Бірақ, соңғы кезде хан­дары­мыз­дың, сөз ұстаған шешендеріміздің, көре­ген көсемдеріміздің, найза ұстаған батырларымыздың, ұлтқа еңбегі сіңген тұл­ғаларымыздың құрметіне қойылып жатқан есім­дердің көбейгенін айтпай кетуге де бол­майды. Бұл – сан тараулы тарихқа, ұлтқа деген құрмет әрі бала санасын есіміне лайық болуға тәрбиелеу деп түсінуге бо­лады. Сондай есімдердің қатарында: Кене­сары, Хақназар, Абылай, Керей, Жәнібек, Тәуекел, Қасым, Махамбет, Алпамыс, Бей­барыс, Абай, Бауыржан, Жамбыл, Әміре, Ра­қымжан, Әлихан, Ахмет, Айғаным, Зере, Ұл­жан, Тұмар деген секілді өміршең аттар бар. Бұл есімдерді ескіліктің нышаны са­на­май балаларына қойып жатқан ата-аналар алғысқа әбден лайық.

Кірме есімдер неге көбейді?

Ұлттық статистика бюросының соң­ғы жылғы дерегі бойынша ұл ба­ла­лар­ға жиі қойылатын есімдер қатарына «Әли­хан, Омар, Амир, Айсұлтан, Алдияр» – деген есімдер кірсе, қыз балаларға «Медина, Ай­ша, Айлин, Асылым, Сафия» – деген есім­дер көп қойылыпты. Байқасаңыз, көбі араб­ша есімдер. Уақыт өте келе есімдер де жаңа­рып, қазақы салттан жаңылып барады. Мән-мағынасы қазақы болмысымызды көр­сететін есімдерге қарағанда, өзге ұлттың ұнам­сыз аттары көбеюде. Діні, ділі, қаны қа­зақ бола тұра «Эсма, Мафтуна, Мирада, Дия­мара, Даниза, Мелек, Ардаби, Хадия, Ман­зура, Айлин, Мирель, Хайраддин, Аде­лина, Согдиана, Альфия, Артур, Иран, Ирада, Миранда, Эмили, Динар» – деген бір есті­генде қазақ тіліндегі мағынасы түсініксіз есім­дерді иемденіп жүргендердің қарасы көп. Сәні мен мәні келіспейтін есімдерге кім­ді кінәлаймыз? Ата-ананың жауап­кер­ші­лігіндегі бұл міндет балаға жүктелмейтіні дау­сыз. Жүргізілген сауалнама нәтижесінде, тіпті өз есімдерінің мағынасын білмейтіндер мен заманауи етіп өзгерткісі келетіндер де бар екен. Кейбір ата-аналардың айтуынша, за­манға сай ат қою дұрыс және шетелге шық­қанда да өзге тілдерде жазуға әрі естуге оңай нұсқаны таңдауға тырысатын көрі­не­ді. Бұл жөнінде Бауыржан Момышұлының келіні, қазақ дәстүрін насихаттаушы, жазу­шы Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кі­та­бын­да былай дейді: «Қазіргі кезде қа­зақ­тың ат қоюы да өзінің ұлттық сипатын жоғал­тып барады. Әрине, баласына қандай ат қойып, кім деп атауы керек, ол ата-ананың шаруа­сы, талғамға талас жоқ. Дейтұрғанмен, Диа­на, Тансу, Даяна, Айлин, Дамир, Сандия, Самир секілді қазаққа тән емес, мағынасы түсініксіз жеңіл-желпі атауларға тым әуес­те­ніп кеттік», – дейді. Ал адам есімдері жай­­лы зерттеу жүргізіп, көлемді еңбек жаз­ған ғалым Бекжан Әбдуәлиұлы осындай кір­­ме есімдерге қатысты мынадай пікір біл­­дірді: 
 «Екі жақты қарайтын болсақ, біріншіден есім­дер тұрақты емес. Үнемі адам есімдері жаңа­рып-жаңғырып әрі ескіріп отырады. Же­ке өзім есімдерді екіге бөліп қарас­тыра­мын. Көркем және кездейсоқ есімдер. Кез­дей­соқ есімдер – кездейсоқ қойылып, ғұ­мыры ұзаққа бармайды. Көркем есімдер – ғасырлар бойы қалыптасып, сақталып келе жат­қан қазақ есімдерінің ұлттық үлгілері, өзегі. Сол өзек аман тұрса, біз де аманбыз. Өзек­ке құрт түсуі де мүмкін. Ал қазіргідей кір­ме есімдердің саны көп болып, қоғамдық сана оны жатсынбай, өзімдікі деп санап тұр­са, бұл қауіпті құбылыс.
Есімдердің сырттан кіруі деген мәсе­леге келетін болсақ, ол қоғамдағы түр­лі өзгерістерге байланысты. Экономи­ка­лық, саяси, діни жағынан қандай да бір мә­селе өзекті болып алға шықса, ол есім­дер­дің құрамында көрініс беруі мүмкін. Сол кез­де кірме есімдер көбейеді. Қазіргі есім­деріміздің көп бөлігі араб-парсы тілдерінен енген. Бір кездері шығыс үлгісіндегі қисса-дас­тандар біздің қазақ даласына тарады да, ондағы кейіпкерлердің есімдері де қойыла бастады. Қазақ даласына діннің таралуымен Құраннан алынған көптеген есім тілімізге енді. Бірақ, ол кездегі қойылған есімдердің ерек­шелігі – қазақтың тілінің дыбыстық заң­дарына сәйкес өзгеріспен енген болатын, олар­ды қазір араб тілінің элементі деп айту қиын. Өйткені көпшілігінің өзгеріп кеткені сон­ша, араб тіліндегі нұқаларымен салыс­тыру қиын. Бұл есімдер сөздік қорымызға қосылған байлық іспетті. Кірме есімдер біз­дің мәдениетімізге, дінімізге, тілімізге сәй­кес келіп жатса ол қорқынышты емес. Ал қазір діни ағымдардың ұстанымы бойын­ша қойылып жатқан есімдердің түрі мен кескіні бөлек. Бүкіл әлемге шекара ашылып, тығыз байланыс орнағалы бері де түрлі мәдениеттердің элементтері біртіндеп келе бастады. Шетелдік киноларда тамаша сомдалған кейіпкерлер санамызды жаулап, кәріс-түрік сериалдары арқылы да біршама есім түрлерін қойып үлгердік. Бұл – тілімізге не болса сол кіріп шыға берсін деген әңгі­мені білдірмейді. Біздің тілімізге енген есімдер дәстүріміз бен мәдениетіміздің, ті­ліміздің шарттарына, заңдылықтарына сәй­кес келуі тиіс, жеке адамдарға ұнаға­ны­мен, үйлесе алмағандары ұлт құндылығы бо­ла алмайды. Сондықтан кірме есімдерге тос­қауыл қою керек, алайда шекараға ба­ғын­байтын ақпараттық әлемде өмір сүріп жатқандықтан, бұл өте қиын мәселе. Мұны тоқ­тату үшін мәдениетімізді, рухания­ты­мызды насихаттайтын БАҚ-та есімдерімізді бәсекеге қабілетті ететіндей жұмыс жүргізуі­міз қажет», – дейді ғалым.

Қазақша есімдер тізімін жасақтасақ

Есімдердің ескерілмей қойылуы өз ал­дына бір бөлек мәселе. Дегенмен кім­нің қандай есім қойып, қалай атауына шек қоя алмаймыз. Талғам мен таңдауға та­лас жоқ. Ал дұрыс жазылуына келгенде уәж айтуымыз орынды. Өйткені тегіміз ар­қы­лы тектілігіміз көрініп, есіміміз арқылы ел­дігіміз бен ұлттық ерекшелігіміз сезіліп тұруы тиіс. Мысалы Англия, Франция, Гер­мания секілді дамыған мемлекеттерде адам­ға қоюға болмайтын есімдердің ар­найы тізімі бар екен. Ұлттық және ұсы­ны­ла­тын есімдер тізімі деп бөліп қарастырады. Бізге де нормаланған осындай жүйе керек. Жо­ғарыда айтылған академик Дихан Қам­за­бекұлының жазбасында «Әлбетте, қазір оно­мастика, ономатика, ономатология са­ла­сының нысаны күрделеніп тұр. Еліктеу-со­лықтау әсерінен Ауропа есімдері есіктен де, тесіктен де жадағай еніп жатқаны мәлім. Кеңестік «-ов/-ева, -ович/-евна, -ин/-ина» жы­ры тағы да белгілі. Бұл мәселені мемле­кет­тік деңгейде реттеу үшін «Ұлттық аты-жө­н туралы» заң ауадай қажет» – деп жазды. 
Дәл осы ұсыныс бүгінгі күннің ең өзекті мә­селесінің бірі. Сонау кеңестік кезеңнен қа­лыптасып қалған сауатсыздықтың шек­тен шыққан үлгісінен құтылатын күн әлде- қа­шан келген сияқты. Қазақша есімдерді өзге тілдің емле-ережесіне бағынып жазу на­ғ­ыз шектен шығу емей не?!
АХАЖ бөлімдеріндегі салғырттық пен ша­ла сауаттылық халықты әбден шаршатты. Бұл жерде көбінде қазақ есімдері грам­ма­тикалық қатемен толтырылады. Қалай бол­ған күнде де мемлекеттік мекеме құжат­ты сол елдің мемлекеттік тілінде дұрыс тол­тыра алмаса, бұл өте үлкен сын. 
Сондықтан заман талабына сай жаңа тех­нология мүмкіндігіне жүгініп, қазақша есім­дердің ортақ тізімін жасақтаса. Сол бекі­тілген нұсқа бойынша есімдердің дұрыс нұс­қасын таңдап құжат толтыру АХАЖ бө­лімі мамандары үшін де қиын болмас еді. Әлем­нің алдыңғы қатарлы елдері мұндай жаңашылдықта қол жеткізгелі қашан?! Жүргізілген сауалнама нәтижесінде қан­ша­ма қазақтың аты-жөні қате жазылғанын бай­қадық. Одан қалса әлі күнге дейін тегіміз орысшаланып дұрысталмай тұр. Оны біреу жөн­десе, біреу елеусіз жүре береді. Бұл–халықтың да өз ата-тегінің алдындағы жауап­кершілікке немқұрайлы қарайтынын көр­сетеді. Халық не үшін бір рет жазылған дү­ниені екінші рет жөндеп әбігерге түсуі ке­рек деген де ой келеді. Бір жазғаннан-ақ сауат­ты, қазақша болмауы болашағымызды бұлыңғырлатады. 
Тіпті, зиялыларымыз бен қоғам қай­рат­кер­лердің өзі өз аты-жөнін қате ретінде алып жүр. Бұл– зиялымын деген қауымға мүл­де сай келмейді. Тіл мамандарының да біле тұра ештеңе демей мәселеге селқос қа­рап, немқұрайлылық танытуы өкінішті. Ен­ді бұл мәселеден шығудың жолы қандай? Қайтсек, күрмеуі қиын мәселенің шешімі табылмақ?!

Профессор Бекжан Әбдуәлиұлы бұл жө­­­­­нінде былай ой тастайды: 

 «АХАЖ бөлімінде арнайы тіл маманы отыр­маса да жаңа технология арқылы ком­пью­терлік бағдарламамен кісі есімдерінің қалай дұрыс жазылуын көрсететін жүйе жа­салуы керек. Есімдердің арнайы сөздігі ауа­дай қажет. Ақпарат кеңістігінде ат қою мә­дениетіне қатысты материал көптеп жариялануға тиіс. Сауатты, ұлттық мүддеге сәйкес есімдерді қоюға үндейтін есімдердің сөздіктері жетіспейді. Бір сөзбен айтсақ, қа­зақ есімдері қазаққа қолжетімді болуға тиіс. Ол үшін жаңа технологиямен қам­тама­сыз етілуі шарт. Ресми түрде де, ат қою дәс­түрінде де өткеніміздің озық үлгілерін ған­а назарға алуға тиіспіз. Өз тарихымыздан өзі­міз қашпаймыз, дегенмен қазақ тари­хындағы қиын күндер халықтың наным-сеніміне де тым қарабайыр элементтер алып келгенін жасыруға болмайды. Осыдан ке­ліп, не болса соны есім етіп берген кез­деріміз бар. Баланы атадық екен деп ойсыз қойылған аттарды «қазақ есімі» деген қа­сиет­ті ұғымның ішіне кіргізе аламыз ба?! Бала­лардың «ұлттық иммунитетін» қалып­тас­тыратын қазақ тілінде мультфильмдер, жаңа заманға лайықталған әдеби шы­ғар­ма­лар аз. YouTubе-тағы көрсетілімдердің бар­лы­ғы орысша, ағылшынша. Тілмен бірге сол ұлт­тың мәдениетін қоса қабылдайды. Дү­ниенің бейнесін басқа ұлттың тілінде көріп, бі­ліп отырған бала қазақ есімдерін жат­сынатыны анық. «Ел боламын десең, бесі­гің­ді түзе» – дейміз ал мен «Ел болам десең, есі­міңді түзе», – деп айтар едім. Есім – ұлт­тық құжат. Есімің қандай болса, сол ұлтқа бейім болып тұрасың. Сол үшін мектеп оқу­­­­­­­лы­ғына да кісі есімдері, қазақтың жер-су аттары туралы тақырыптар енуі керек. Бала кіш­кентай күнінен санасына сіңіріп, «мы­нау менің ұлтымның аты, мынау менің атым» – деп махаббатпен қарайтын болады», – дейді.

Бұл мәселенің заңдық жолы қандай, ұлт­тық аты-жөн жайлы құқықтық құжат қа­былдау мүмкін бе? Мәжіліс депутаты, кә­сі­б­и заңгер Үнзила Шапақ ханымға ха­бар­ласқанымызда, депутат былай деп жауап берді: 

– Қазақстан Республикасының «Аза­мат­тық кодексі» бар. Азаматтық кодекстің ішін­де «Азаматтың есімі» деген арнайы бап бар. Онда: «Азамат тегi мен есiмiн, сондай-ақ қалауы бойынша – әкесiнiң атын қоса оты­рып, өз атымен құқықтар мен мiндеттер ала­ды және оларды жүзеге асырады. Заңдар бойынша азаматтардың жасырын түрде құқықтар иеленiп, мiндеттердi жүзеге асыратын жағдайлары немесе бүркеншiк ат (о­йдан шығарылған есiмдi) пайдаланатын рет­терi көзделуi мүмкiн. Азаматтың туған кез­де берiлген есiмi, сондай-ақ есiмiн өзгер­ту азаматтық хал актiлерiн тiркеу туралы заң­дарда белгiленген тәртiп бойынша тiр­келуге тиiс», – деп беріледі.

Бұл жерде аза­мат­тың тегі мен әкесінің атының жазылуы өз­геретін болса, құқық субъектісі өзгере ме, жоқ па деген сұрақтар туындайды. Жоқ, өз­гермейді. Аты мен тегін алып жүргендегі құ­қықтық міндеттері өзгерусіз қалады. 
Ал негізгі тақырыпқа келетін болсақ, бұл мәселе халықтың ортасына түскеннен кейін талқыланып, қолдау тауып жататын бол­са құқықтық актілер туралы заңға не­гізделе отырып, заң жобасының дайындалу мүм­кіндігі бар. Оған конституциялық су­бъект­тердің барлығы, депутаттар да, Үкімет те бастама жасай алады. 

Ат қоюға ата-бабамыз қалай қараған?

Адам есімі – әуелден өмірлік үлкен мән­ге ие. Ат қою дәстүрі – барлық ұлтқа ортақ. Әр ұлт бала есімін тек өздеріне тән болмыс-бі­ті­міне, ерекшеліктері мен өмір сүру сал­тына байланысты қояды. Соның нәти­же­сін­де қазіргі күні әр ұлтқа тән есімдер жиын­тығы қалыптасты. Себебі адамның аты тұтас ұлттың сипатын көрсетіп, құн­дылық ретінде қарастырылады. Оның ішін­де есті есім қою – қазақ халқы үшін ежелден келе жатқан өнегелі дәстүр. Жаңа туған 
нә­рес­теге келісті, көркем есім қою халқы­мыз үшін абыройлы міндет, салмақты жауап­кершілік.
Мұндай маңызды сәтке бейжай қара­ма­ғандары соншалық, тіпті бір кісі немересіне есімдердің мағынасына аса мән бере оты­рып, 40 күн бойы өте әдемі ат іздеген екен. Бұл – ата-бабаларымыздың бала есіміне ен­жарлық танытпайтынына айқын дәлел. 
Халық батыры, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы: «Адамға дү­ниеге келгенде берілетін есім оған өмір жо­лында бағыт сілтейтін жарық жұлдыз іс­петті: өмір бойы жанында болатын ал­ғашқы және қасиетті белгілердің бірі» – десе, тағы бір сөзінде «Адамның аты иттің клич­касы емес, атты абайлап қою керек. Неге десең, адам есімі мен болмысының тыл­сым байланысы бар екені күмәнсіз, бірақ сыры ашылмаған құпиясы көп», – дей­ді. Иә, адам есімі иесіне берілген жеке­мен­шік қасиетті белгі. Себебі кісі есімі тұтас тағ­дырға әсер етеді деген түсінік бұрыннан бар. Балаға жақсы есім қоюда осы бір ішкі сенім ерекше ықпал етеді. Бірақ қазір мұны кө­бісі тек психологиялық сеніммен бай­ланыстырады. Белгілі адамның құрметіне қойылған есімдер болса, сол адамның бойын­дағы қасиеттер немесе ұқсастықтар есім қойылған баланың бойынан табылады деген наным да бар. Тақырыпқа тұздық ре­тін­де ел ішіндегі мына бір әңгімені де кел­тіре кетсек.
«Абыз бидің батасын алмақ болып үш жігіт ел сыйлаған шешен қарияға келеді. Серікбай мен Жаманқұлдың сөзін тыңдап, оларға өзінше баға берген би үшінші жігітке қарап:
– Шын асылдың көзінде жасын от бола­ды деуші еді. Қарағым-ай, ныспыңды айт­шы, – депті. Сонда әлгі жігіт:
– Әкемнің аты – Аманбала, өзімнің есімім – Кәріпжан, – дей бергенде, Абыз би бар­мағын тістеп, тіксініп қалыпты.
– Қап-ай! «Ат аспаннан, нұр пейіштен» деу­ші еді. Ой, пәле-ай, бекер болған екен. Әкең бұл атты бекер қойған ғой саған, – деп басын шайқайды. Абыз би отырып былай деп бата берген екен:
Ырысын жауға бермес,
Намысын дауға жібермес,
Елдің ері, кісі танысам, сен боларсың,
Бірақ, қарағым, түбі бір нәрседен кем боларсың!
Кәріпжан қартайған кезінде: «Жа­ман­ға бұйырған көп жақсы аттың бірін әкем маған неғып қимады екен?» – деп на­лиды екен. Өйткені қара қылды қақ жар­ған әділ би өз кіндігінен перзент көре ал­мап­ты. Міне, осындай әңгімелерден де есім қою­дың маңызын, адамға әсерін жақсырақ тү­сінуге болады. Сондықтан сәбиге көркем, тағ­дырына кесірін тигізбейтін есім қою – ата-ана үшін өмірлік міндет саналады. Одан бөлек дінде де жақсы ат қою талап етілген. Пай­ғамбарымыз «Қиямет күні өз аттарыңыз және әкелеріңіздің аттарымен шақы­ры­ла­сыздар. Сондықтан балаларыңызға жақсы ат қойыңыздар», – деген. Адам есімінің тағ­­­дырға әсері туралы филология ғылым­дары­ның докторы, профессор Бекжан Әб­дуә­­лиұлы былай пікір білдірді:
«Қазақ халқы бала есімін қоюға үлкен мән берген. Есім – ұлт пен ұрпақтың бей­не­сі. Ат қоюда, оны рәсімдеуде де өте сақ болу керек. Бала біреумен танысқанда өзі­нің есімін еркін айта алса, өзгелер оның есі­міне сүйсіне қараса, бұл оған үлкен қуа­ныш сыйлайды. Егер мағынасы оғаш, үйле­сім­сіз, ұлттық мәдениетіне қайшы, намы­сына тиетіндей болса, ол өзін қолайсыз се­зі­неді, танысып тұрып еріксіз есімінің ма­ғы­насын түсіндіруге мәжбүр болу кімге қо­лайлы болсын? Өмірінде ол қанша адам­мен та­ны­сатынын біз білмейміз ғой. «Кісі есімінің адам­ның өміріне әсері бар ма?», – деген сұрақ­тың осындай қарапайым жауабы бар. Ба­қыт деген не? – ол адамның көңілі мар­қайып, өзіне риза болатын сәттері. Есімі арқы­лы адамның көңілі жаситын болса, ол бір-екі рет қана емес, өмір бойына жалғасып жат­са, ондай адамды бақытты деп айта ала­мыз ба? Өкінішке қарай, есім қоярда өмірге келіп жатқан кішкентай адамды ұмытып, ұлт­тық мүддені естен шығарып, өз сезімінің ырқында кететіндер арамызда әлі кездеседі. Екін­шіден, жан-жақты ойланып, айна­ла­сы­мен ақылдасып, ата-баба дәстүрімен балаға ыңғайлы, мағынасы терең көркем есімдер қоятын отбасылар да жиі. Тату өмірге ойлы көзбен қарайтын ата-ананың ортасында, өнегелі отбасында өскен бала өзінің есімі ар­қылы барлық жақсы қасиеттерді бойына сіңіреді. Адамға қаратылып жақсы лебіз ай­тылғанда оның есімі көркем болса, лебіз де толықмәнді бола түсетіндей көрінеді», – дейді.

Демек, есім тағдырға әсер етсін, етпесін дұрыс ат қою адами борыш. Бастысы – еш­қан­дай таңдау құқығы жоқ жаңа туған нә­рестеге өмірлік есім қойып жатқанымызды ұмыт­пасақ екен. Одан кейінгі мәселе бала­ның есейетінін де ойлап, барлық уақыт ке­­­зеңі­не сай атты таңдаған да дұрыс. Міне, есім қоюдың оңай еместігі осындай тұс­тар­дан көрінеді. Себебі бала дүниеге келді де­генді естігенде, қуанып одан бөлек аб­дырап қалатынымыз да сол.
Қазақ – дәстүр мен ғұрыпқа, салт пен жо­ралғыға, тілге бай. Халқымыздың сан ға­сырлық шығармашылық ізденісінен туған алтынға бергісіз мұралар жетерлік. Оның ішінде адам есімі – тілдік мұра. Әрбір дәстүрлі мирасымыз қалай қорғалатын бол­са, есімдерімізді де дәл солай қызғыштай қоруымыз керек. Көрінгеннің есімін бала­мызға өмірлік айдар қылып, насихаттау ақылға сыймайды. Қазір қамданбасақ, ұр­пағымыз көзге көрінбейтін мәңгілік құл­дық санада жетіледі. Құлдық сана – аты-жөні­мізден көрініс табуы мүмкін. Сол үшін тез ара­да Әділет министрлігі мәселені қолға алып, ұлттық есімдер тізімін заңды құжат ре­тінде бекітуін талап етеміз. Әлихан Бөкей­хан айтпақшы, «Заң адам пайдасына жа­зылады, адам заң үшін тумайды». Жо­ғары­да айтылған «Ұлттық аты-жөн туралы» заң қабылдайтын мезгіл әбден келді. Тәуел­сіз жас мемелекет азаматтарына заты қазақ, аты басқа болған жараспайды. Қазақтың дар­қан даласын басып, таза ауасын жұта тұра ұлт есімінен жеріну бүгінгі буын үшін үл­кен сын. Еркін елдің ертеңі – еңселі есі­мінен бастау алады.

     Дариға НЫСАНҚҰЛ

Серіктес жаңалықтары