Намысқойлық − спорттың жаны

Жалпы, ресми түрде елдің атын шығаратын нәрсенің бірі − спорт. Онда спортшысы жеңіске жеткен елдің туы көтеріліп, әнұраны шырқалады. Сөйтіп, күллі әлем алдында мынадай елдің өкілі ең мықты болып танылды деп ресми түрде мойындалады. Осыдан-ақ спорттың адамзат қоғамындағы орны белгілі болса керек.

Намысқойлық − спорттың жаны
ашық дереккөз
2983

 

Өткен аптаның жексенбісінде жарты айға со­зылған ХІХ Азия ойындары аяқталды. Қы­тайдың Ханчжоу қаласында өткен Азиадаға 45 ел­дің 15 мың спортшысы қатысып, олар спорттың 410 түрінен 481 медаль үшін таласты. Бұл құр­лық­тық бәсекеде жалпы жеңіп алған медаль саны жө­ні­нен бесінші орында болғанымызбен (80 медаль: 10 алтын, 22 күміс, 48 қола) жетістігіміз бойынша 110 алтын медальмен 11-орынға тұрақтадық. Ал­ғаш­қы бестікке келсек, 201 алтын медальмен Қытай бірін­ші, 52 алтын медальмен Жапония екінші, 42 ал­тын медальмен Оңтүстік Корея үшінші, 28 алтын ме­дальмен Үндістан төртінші, 22 алтын медальмен Өзбекстан бесінші орынды иеленді.

Азиада нәтижесі туралы айтқанда, жарыста біз­­дің боксшыларымызға төрешілердің жасаған қия­­наты еске түседі. Әсіресе, Асланбек Шым­­­­бер­ге­нов­тің жеңісін жапон боксшысына тартып алып бер­гендей болған жағдай қазақстандықтардың ашу-ызасын туғызды. Дегенмен алтын алу бұйыр­ма­са да Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі) пен Карина Иб­рагимованың (57 келі) күміс, Асланбек Шым­бер­генов­тің (71 келі), Сағындық Тоғамбайдың (92 келі), Наталья Богданованың (66 келі) қола медальға қол жеткізулерін көңілге медеу санаймыз. 

Ал Азияданың алтынына қол жеткізіп, еліміздің туын желбіреткен: қабырғаға оқ атудан чемпион бол­ған еліміздің әйелдер командасы (Әсем Орын­бай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина), стендтік ату тур­нирінің аралас жұптық сайысының чем­пион­дары Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко, 10 метр қа­шықтықтан жылжымалы нысанаға оқ ату сайы­сының үздігі Зухара Ирназарова,  500 метр қа­шық­тыққа каноэде есуден жұптық сында топ жарған Сер­гей Емельянов пен Тимур Хайдаров, велоси­пед­тен жекелей жарыста бәсекелестерінің бәрін шаң қап­тырған Алексей Луценко, тас жолдағы вело­жа­рыс­­тың топтық сайысында бәрінен озған Евгений Фёдоров, каратэден қарсылас шақ келтірмеген үш қыран − Нұрқанат Әжіқанов (75 келіге дейін), Софья Берульцева (+68 келі), Қайсар Алпысбай (60 келіге дейін), джиу-джитсадан алысқанының бәрін жық­қан Нұржан Батырбеков (69 келіге дейін) секіл­ді спортшыларымыз еліміздің мерейін көтерді.
Алайда бізге етене спорт түрі күрес пен бокстан ал­тын медальға қол жеткізе алмауымыз сағымызды сын­дырғандай жағдай болды...

Кейінгі кезде қазақ спортындағы бұрынғы ек­пін біраз бәсеңдеп қалғандай еді, бірақ кейін­гі Ташкентте әлем чемпионатында бокстан 4 ал­тын, 1 күміс медальді қоржынға салып, жалпы есеп­­те екінші орын алып, дүниені бір дүр сілкін­дірді, Белградта еркін күрестен өткен әлем чем­пио­на­тында Ризабек Айтмұхан жеңіс тұғырының ең биі­гіне шығып, спорттың бұл түрінен қазақтың ұзақ күткен алтынын алып берді. Соларға жүрегіміз жа­рыла қуанғанымыз кеше ғана еді, енді мына Азия ойын­дарында әлем чемпионатындағыдай нәтиже көр­сете алмай, спортшыларымызға деген елдің ықы­ласы едәуір суып қалғандай.
Жалпы, кейінгі дәуірде бізді спорт бәсекелерінде ая­ғымыздан тарту көбейді ме, не өзіміз босаңсып кет­тік пе − түсініксіз бір жағдайлар болып кетті. Бұ­рын бокстан, ауыр атлетикадан алтын алып жүр­ген Қазақстан командасы бір жыл кешігіп өткен XXXII жазғы олимпиада ойындарында (2021) бар бол­ғаны 8-ақ қола медальға әрең қол жеткізді. 

Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-орын алған Қазақстан кешегі құрлық бәсекесінде 11-орынға әрең көтерілді. Мұны сәтсіздік дейміз бе, кері кету дейміз бе, айту қиын. Бір жақсысы, кейінгі кез­­­де дзюдошыларымыз, оның ішінде қыздар жақ­сы нәтиже көрсетіп жатыр. Қазақ қыздары ара­сы­нан Әбиба Әбужақынова тұңғыш әлем чемпионы бол­ды. Сосын кешегі үш каратэшілеріміздің алтын алуын кішігірім сенсация деуге де болады. Десек те, спорт азын-аулақ жетістікті малданып, тоқмейілсуді көтермейді. Жан-жағымызға қарауымыз керек.

Елдер арасында әр аймақтың лидерлігіне та­ла­са­тындар болады. Орталық Азияда басты бәсе­келе­сі­міз Өзбекстан десек, кейінгі кезде оларда спортқа де­ген талап та, жауапкершілік те әбден күшейген тәріз­ді. Бокстағы жетістіктері бізден жоғары болып кет­ті. Кешегі құрлықтық басты бәсекеде бізден алты са­ты жоғарыда тұрды. Ал ең қызығы, сол өзбек елі­нің құрамындағы бір жарым миллионнан аса­тын халқы бар Қарақалпақстанның спорт­шы­лары­ның Азиадаға қатысқан спортшылары керемет нә­­тиже көрсетті.

Азиядада Өзбекстан құрамасына алғашқы жүл­дені салған, Өзбекстан құрамасындағы 17 жастағы қа­рақалпақстандық қыз, семсерлесуден қола медаль иесі Дилназ Муртазаева болатын! Одан соң осы спорт түрінен сол елдің тағы бір спортшысы Зайнаб Дайы­бекова да қола медаль алса, 18 жастағы семсер­лесу шебері Гүлістан Пердебаева чемпион атанды.

Ал қарақалпақ баласы Жалғасбай Бердімұратов грек-рим күресінен өте жақсы нәтиже көрсетті. Ол ши­рек финалда қазақстандық балуанды, жартылай фи­налда жапон балуанын және финалда үш мәрте Азия чемпионы, әлем чемпионатының жүлдегері иран­дық спортшы Насыр Гасем Ализадеден айла­сын асырып, грек-рим күресінен чемпион атанды! Ол бұрын да 2021 жылы Алматыда өткен Азия чем­пионаты мен түрік елінің Кониа қаласында өт­кен Ислам ынтымақтастығы ойындарында чем­пион атанған еді.

Еске сала кететін бір дерек: 1952 жылы Ашха­бад­та Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстан құрамалары қа­тысқан спартакиадаға қарсыласының бәрін жеңіп, Орталық Азия және Қазақстанның абсолют­тік чемпионы атанған тұңғыш қазақ балуаны Әби­болла Садықов та Қарақалпақстаннан шыққан қа­зақ еді.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? 

Жақсы дайындық, жауапкерлікті сезіну және на­мысқойлық − спорттағы үлкен жетістікке жет­кізе­тін қасиет. Сол біздің бүгінгі спортшылары­мыз­дың бойынан табыла ма?

Атақты қазақ фантаст жазушысы Шоқан Әлім­баевтың «Кішкене елдер де үлкен түстер көреді, ал үлкен елдер де кейде түсінен шошып оянады» деген қа­натты сөзі бар еді. Кезінде әлемде жан санының аз­дығына қарамай «бокс державасы» атанған қазақ елінің бүгінгі жағдайы неге көңіл көншітпейді? Жан-жағымызға қарасақ, біз шағын ел деп санайтын елд­ердің де спортшылары үлкен нәтиже көрсетіп жат­қанда, бізге аздаған жетістіктерімізді місе тұтуға бо­ла ма? Ойланарлық-ақ жағдай.
Келесі жылы Париж олимпиадасы басталады. Сон­да спортшыларымыз үлкен нәтиже көрсетеді деп сенейік. Ал қазіргі жағдайымыз мәз емес...

Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары