Ер адам 3 жыл бойы үйінде 17 келілік метеоритті сақтап келген

/
Ер адам 3 жыл бойы үйінде 17 келілік метеоритті сақтап келген
pexels.com

Австралияда алтын іздеумен айналысатын ер адам салмағы 17 келі болатын тасты үш жыл бойы үйінде сақтаған. Кейін оның шамамен 4,6 миллиард жыл бұрын пайда болған метеорит екені анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

The Daily Galaxy басылымының мәліметінше, Дэвид Хоул Виктория штатындағы Мэриборо аймақтық саябағында металл іздегіш құрылғымен зерттеу жүргізген.

Құрылғы қатты белгі берген соң ол жерден қызғылт түсті, бетінде ойықтары бар ауыр тасты қазып алған. Хоул оның ішінде алтын немесе басқа бағалы металл болуы мүмкін деп ойлаған.

Үйіне әкелгеннен кейін ер адам тасты арамен, бұрғымен, тегістегіш құралмен және балғамен жарып көруге тырысқан. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, оны үйінде сақтап қойған.

Үш жылдан кейін Хоул тасты Мельбурн музейінің мамандарына көрсеткен. Зерттеу нәтижесінде оның ежелгі метеорит екені белгілі болды.

Сарапшылар тастың ішінен хондрулар деп аталатын ұсақ минералды түйіршіктерді анықтаған. Мұндай құрылымдар ерте Күн жүйесінің қалыптасу кезеңінде пайда болған және Жердегі кәдімгі тау жыныстарына тән емес.

Сонымен қатар метеорит құрамынан темір мен никель қорытпалары – камасит пен тэнит, сондай-ақ аз мөлшерде табиғи мыс табылған. Дәл осы металдар металл іздегіш құрылғының белгі беруіне себеп болған.

Ғалымдардың болжамынша, метеорит шамамен 4,6 миллиард жыл бұрын түзілген. Ал Жерге бұдан 100-1000 жыл бұрын түсуі мүмкін.

Қазір ерекше олжа музейде көпшілік назарына ұсынылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар