Құндылықтар жүйесі құқықпен өлшенген қоғамда әділеттілік салтанат құрады – Үнзила Шапақ
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақ Президенттің биылғы Жолдауында айтылған құқық үстемдігі, әділетті қоғам туралы өз ойын ортаға салды.
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында Қазақстанның жаңа экономикалық бағдары айқындалғаны барша оқырманға мәлім. Сонымен қатар Жолдауда құқықтың үстемдігі, әділетті қоғам жайлы да жақсы баяндалған. Біз осы орайда Мәжіліс депутаты, кәсіби заңгер Үнзила Шапақ ханымды әңігімеге тартқан едік.
– 1 қыркүйек күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған жыл сайынғы Жолдауын жариялады. Биылғы Жолдау несімен ерекше, мұнда берілген тапсырмалар негізінде қазақстандықтар қандай игіліктерге ие бола алады? Заң шығарушы орган өкілі ретінде осы мәселелердің мәнін ашып берсеңіз.
– Президент өз Жолдауында еліміздегі ауқымды саяси өзгерістерден кейін Қазақстан экономикалық өсу мен қазақстандықтардың қуатты әл-ауқатын қамтамасыз ететін құрылымдық экономикалық реформаларға көшіп жатқанын атап өтті. Президент Жолдауда қойылған жаңа міндеттерді ескере отырып, ел экономикасының 6-7 пайыз деңгейінде өсуі болжанып отырғанын, бұл елдің ЖІӨ-і қазір 200 миллиард АҚШ доллары, ал 2028 жылға қарай 475 миллиард долларға жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Демек, елдің экономикалық өсімін екі есеге арттыру міндеті тұр. Өндірістік-өнеркәсіптік және ресурстық құрамдас бөліктер елдің экономикалық дамуының негізгі элементтері болмақ. Осы мақсатқа жету үшін өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік кешенге баса назар аударылатын болады.
Мемлекеттік басқару жүйесінде жаңашылдықтың бірі жергілікті бюджетке қосымша салықтарды аударуға мүмкіндік беретін бөлшектенген бюджет элементтерін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Жолдауды талқылау мақсатында еңбек ұжымдарымен, кәсіпорын және әкімшілік қызметкерлерімен кездесіп, осы жайды талқыға салып, пікір алмасып жатырмыз.
«Бөлшектенген бюджеттің» артықшылығы – әрбір министрлік бюджетті алады, қаражатты өз бетінше басқаруға және бөлуге құқылы. Бөлшектенген бюджет моделі бүгінде Сингапурда қолданылады. Мұндай бөлшектенген бюджетте әрбір министрліктің бюджет көлемі ЖІӨ-нің пайызы түрінде айқындалады.
Бүгінде бірқатар министрліктер, облыстың басшылары бөлшектенген бюджет жүйесіне пилоттық жоба түрінде көшуге әзір екенін білдірді. Бюджетті атқару барысында бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қаражатты басқару бойынша толық дербестікке ие, яғни бюджетті «бөлшектік» шеңберде қаражатты қайта бөлуді келісудің қажеті жоқ. Министрліктің бес жылдық жоспарлы кезеңі ішінде республикалық бюджет комиссиясының (РБК) шешімі бойынша қаражат қалдықтарын келесі жылдың шығыстарына ауыстыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар қаражатты бір бюджеттік бағдарлама шеңберінде (Қаржы министрлігінің келісімі бойынша), сондай-ақ РБК шешімі бойынша 15 пайыз мөлшерінде әртүрлі бюджеттік бағдарламалар арасында дербес бөлуге болады.
Бұл шаралар мемлекеттік органдардың дербестігі мен икемділігін, оның ішінде бюджеттік рәсімдерді қысқарту және оңайлату арқылы айтарлықтай тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазір Мәжілісте 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан кепілдендірілген трансферті туралы заң жобалары талқыланып жатыр. «Бюджет жобасын қараудың әдіснамалық тәсілдері, құқықтық нормалар» тақырыбында депутаттарға арналған семинарды Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырды. Семинар шеңберінде, мемлекеттік басқарудың республикалық деңгейінде әзірленетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамымен танысу арқылы бес жылдық кезеңге арналған экономикалық саясаттың, оның ішінде салық-бюджет саясатының мақсаттары мен басымдықтарын талдадық. Осындай шаралар біздің, яғни депутаттардың экономикалық сауаттылығын арттырумен қатар Жолдауға қатысты нақтылауға қажет тұстарын анықтап алуға мүмкіндік береді. Сөйтіп, біз оны ары қарай халыққа жеткізуге ат салысып жатырмыз. Сонымен қатар таяуда Бюджет туралы кодекс жобасы да Мәжіліске түседі. Жоғарыда аталған шаралардың құқықтық базасы қалыптасады.
– Сіз Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесісіз. Партияның бірқатар жобалары қазір сәтті жүзеге асып жатыр. Ол жобалар жөнінде Жолдауда да айтылды...
– Иә, мен «AMANAT» партиясының депутатымын. Жолдауда айтылған шаралардың қатарында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» сияқты жобалар бар. Бұл – Мемлекет басшысы мен «AMANAT» партиясының халықтың жағдайына, әл-ауқатына деген ортақ мүдделерінің көрсеткіші. Осылайша, «Жер аманаты» жобасы аясында 5 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, шаруалар арасында қайта бөлінді. Таяуда ғана елді мекендерді аралап келдік. Мен Қарағанды облысында 3 ауданның азаматтарымен кездестім. Ақтоғай ауданына барған кезімде осы жоба арқылы 500 мың гектар жерді қайтарып алған халық алғысын білдіріп отыр. Сонымен қоса, тағы 200 мың гектар жер қайтатынын айтып, көңілдері қош.
Іске қосылған «Ауыл аманаты» жобасы ауыл шаруашылығын дамытудың танымал бағдарламаларының біріне айналды, оның аясында өз кәсібін ашуға 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиелер беріледі. Бұл жобаға деген сұранысты Президент атап өтіп, оны дамыту қажеттігін айтты.
Мемлекет басшысы халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған «Қарызсыз қоғам» партиялық жобасын да қолдады. Енді «AMANAT» Үкіметпен бірлесіп, оны бүкіл ел бойынша ауқымын кеңейтумен айналысады.
Өткен сайлауда халықтың сенімінің арқасында «AMANAT» партиясы Мәжілісте де, барлық деңгейдегі мәслихаттарда да басым көпшілікке ие болды. Бұл Премьер-Министрдің кандидатурасын ұсынуға және министрлерді бекітуге мүмкіндік берді. Өздеріңіз біліп отырғандай, мәслихаттардағы фракцияларымыз облыс, қала әкімдерін бекітеді. Сондықтан «AMANAT» партиясы ел болашағы үшін жауапты.
Мұны Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Е.Қошанов та алдымызда маңызды міндет – Президенттің жаңа экономикалық саясатын қолдау және оның сапалы жүзеге асуын қамтамасыз ету тұрғанын атап өтті.
Жолдауды тиімді жүзеге асыру азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартып, халықтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
Заң әр адамның құқын қорғауды көздеуі керек
– Президент биылғы Жолдауында «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа сипатқа ие болды», – деген болатын. Осы орайда кәсіби заңгер әрі Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қоғамдағы заң үстемдігі жөнінде кеңірек тоқталып өтсеңіз. Соңғы жылдары жүріп жатқан реформа аясында, соның ішінде қарапайым азаматтар құқықтық тұрғыдан қандай мүмкіндіктерге қол жеткізе алады?
– К.Маркстың бір нақыл сөзі есіме түсіп отыр. «...Адам заң үшін жаратылмаған, заң адам үшін түзіледі», яғни кез келген заң әр адамның құқығын қорғауды көздеуі керек. Қазіргі заманда кез келген мемлекет демократияға негізделе отырып адамның негізгі құқығы мен бостандығын сақтап, құқық үстемдігін ту етіп ұстануы керек екені айқын болды. Мемлекет басшылыққа алып отырған халықаралық және ұлттық саяси-құқықтық құжаттарда «құқық үстемдігі», «заң үстемдігі» деген термин жиі кездеседі. Бүгінгі күні «құқық үстемдігі» қастерлі ұғымдардың бірі, бұл тек «ұлттық құқық» аясымен шектелмейді.
Биыл 75 жылдығын атап өтейін деп отырған Адам құқықтары туралы жалпыға бірдей декларацияның преамбуласында: «адам баласы зорлық-зомбылық пен қанауға қарсы көтеріліске мәжбүр болатын жағдайды тудырмау үшін, адам құқықтары құқық үстемдігімен қамтамасыз етілуі керек...» екенін атап өткен. 1950 жылғы Адам құқығы және негізгі бостандықтарын қорғау туралы Еуропалық Конвенцияның преамбуласында «құқық үстемдігі» қағидасы туралы белгіленген. Осылай құқық үстемдігі концепциясы әлемдегі көптеген елдің ұлттық құқықтық жүйесінде өз орнын таба білді.
2020 жылы Президент Қ.Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн» деп нақтылап кеткен.
Еліміздегі 2022 жылғы конституциялық реформа Жаңа Қазақтанның, яғни екінші Республиканың көздеп отырған қоғам мен мемлекетті одан әрі жаңғыртудың құқықтық негіздерін айқындап берді. Ол реформаның басты мақсатының бірі – еліміздегі сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту еді. Конституциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өтті. Қазір Президент ешбір партияның мүшесі емес. Облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейді. Өздеріңіз көріп отырғандай, бұған Парламент Мәжілісінің VIII шақырылымы нақты мысал болады.
Қазір Мәжілістің құрамы 6 партия өкілдері мен бірмандатты депутаттардан құралған. Бірмандатты депутаттар саны 29. Сондай-ақ әйелдер мен ерекше қажеттілігі бар тұлғалар жалпы депутаттар санының 30 пайызын құрайды. Бұл жүйенің нәтижесінде, сайлаушылармен, халықпен кері байланыс едеуір жақсарды. Президенттің алдымызға қойған міндеттерінің бірі, халық үніне құлақ асу мәселесі екенін білесіздер.
Реформаның тағы бір жаңалығы – Жоғары аудиторлық палатаның жылына екі рет Мәжілістің алдында есеп беруі. Конституциялық өзгеріске сәйкес, өткен сессия барысында алғаш рет жылумен қамтамасыз ету саласындағы басқаруға қатысты Жоғары аудиторлық палатаның есебі тыңдалды және аталған салада кешенді проблемалар бар екені анықталды.Ал биылғы Жолдауда өзіңіз айтқандай, әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Құқықтың үстемдігі тек құқықтық факторлармен шектелмейді. Ол қоғамдағы жалпы құқықтық мәдениетпен тығыз байланысты. Құқықтық мәдениет пен құқықтық жүйенің ара қатынасы құқық үстемдігі элементтерінің қандай деңгейде, қаншалықты нақты екеніне қатысты.
2011 және 2016 жылдары Еуропалық Одақтың Құқық арқылы демократия үшін Комиссияның (Венециялық Комиссияның) жалпы отырысында Құқық үстемдігін сақтауды бағалау үшін бақылау сұрақтар тізімі бекітілген.
Онда құқық үстемдігін анықтау мақсатында 6 өлшем алынған: заңдылық; құқықтық айқындылық; өкілеттілікті асыра пайдаланудың алдын алу, әділ сотқа қолжетімділік; құқық үстемдігін қамтамасыз ету жолдарындағы кедергілер. Соның бір өлшемі конституциялық әділ сот. Дәлірек айтсақ, конституциялық бақылауды арнайы конституциялық сот қамтамасыз етеді. Сөйтіп, жеке тұлғалар конституциялық сотқа, жалпы сотқа қарсы наразылық білдіре алады. Яғни, заңның конституцияға сәйкестігін тексеру үшін тікелей арыз беруге құқылы. Мұндай мүмкіндікке референдум арқылы қол жеткіздік. Референдум арқылы қолданыстағы Конституцияның үштен бір бөлігін жаңаладық. Соның бірі – Конституциялық Соттың құрылуы. Парламент Конституциялық Сот туралы конституциялық заңды қабылдады. Заң толыққанды іске асырылып жатыр.
– Осы уақытқа дейін азаматтарымыз өз құқын пайдаланып, заңның конституцияға сәйкестігіне байланысты шағым білдіре алды ма?
– Әрине, 9 айдың ішінде Конституциялық Сотқа азаматтардан 4050-ден астам өтініш келіп түсіпті. Қазір азаматтардың Конституциялық Сотқа тікелей жүгіну және құқықтық актілердің заңдылығына шағым айту мүмкіндігі арқасында қазақстандық конституциялық бақылау органы 40-тан астам құқықтық норманың Конституцияға сәйкестігін қайта қараған. Оның 7-еуі конституциялық талапқа сай емес деп, 13-і Конституцияға сәйкес деп танылды.
Референдум – халық, қоғам үшін маңызды. Ел болашағы жолында стратегиялық мәні бар шешімді қабылдауда кез келген азамат жеке дара ниетін еркін білдіре алатын конституциялық құқық құралы. Бұл құрал нақты демократияның, әділдіктің нышаны. Мәселен, АЭС құрылысы туралы мәселе Үкімет деңгейінде, халық арасында шамамен 10 жыл бойы талқыланып келеді. Қ.Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның «таза» атом электр энергиясына мұқтаж екенін, АЭС құрылысынсыз электр энергиясы тапшылығының ірі ықтималдығы бар екенін мәлімдеген.
2023 жылдың 22 тамызында Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылында өткен қоғамдық тыңдауда жергілікті тұрғындар АЭС құрылысын қолдады. Кейбір қоғам қайраткерлері айқындық пен ашық диалогты қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі тараптардың пікірлері мен мүдделерін ескеру мақсатында басқа да жақын аймақтарда қосымша талқылаулар жүргізу туралы бастама көтерді. АЭС құрылысы бойынша референдум өткізу «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асатындығын куәландырады және Президенттің аса маңызды стратегиялық мәселелер бойынша жалпыұлттық дауыс беруге уәде берген сайлауалды бағдарламасын орындайтынын көрсетеді.
Осы тұста айта кететін бір мәселе, VІІІ шақырылым депутаттары Үкіметтің және басқа да өкілетті мемлекеттік органдардың атына халық тарапынан өзекті, көкейтесті сұрақтар бойынша депутаттық сауалдар жолдау белсенділігі өте қарқынды. Бірінші сессияда 355 депутаттық сауал жолданған болса, қыркүйек айынан бері 2 пленарлық отырыста 50-ден астам сауал жолданды. Бұл да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын іске асыруда қолданылып жатқан конституциялық құқықтық құрал.
Тағы бір мәселеге қысқаша тоқталайын. Ол – Конституцияның 6-бабына енгізілген өзгерту туралы. 6-бапта «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген өзгеріс енгіздік. Соның бір нәтижесі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен табиғи ресурстардан түсіп жатқан пайданы жинақтап отырған Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызын 2024 жылдан бастап балаларға төлеу туралы шешім. Мінеки, бұл табиғи ресурстардың халыққа тиесілігінің бір дәлелі. Осы бастаманы іске асыру бойынша 5 депутат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан балаларға төлемдер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірледік.
Конституцияға былтыр өзгеріс енгізгенде – МЕМЛЕКЕТТІ халыққа тиесілі қазынаға меншік құқығын қорғау және заңсыз алынған табиғи ресурстар мен оларға байланысты активтерді тікелей ХАЛЫҚ мүддесіне пайдалану үшін қажетті шараларды қолдануға міндеттеген едік. Мінеки, нәтижесін көре бастадық.
Қарапайым азаматтар құқықтық тұрғыдан қандай мүмкіндіктерге қол жеткізе алады, дедіңіз. «Заңсыз иемденген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Қазақстан Республикасы заңын ерекше атап өткім келеді.
Заң ұрлыққа қатысы бар сыбайлас жемқорлар мен олигархтарға қарсы жасалған. Аталған заң арқылы МЕМЛЕКЕТ елдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін Қазақстан халқының бұзылған құқын қалпына келтіру жүйесін айқындайды. Ең бастысы, Әділетті Қазақстанда құқық үстемдік құрып, халықтың құқығы жүзеге асырылып жатыр.
Жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі кеңейді
– Жолдауда тәртіп пен жауапкершілік, өзара түсіністік үйлесім табатын қоғам құру жайында айтылды. Азаматтар теңдей дәрежеде өмір сүретін әділетті орта қалыптастыруға біздің халқымыз қаншалықты даяр деп ойлайсыз? Сіздер жұртшылықпен кездесіп, ел ішін көп аралайсыздар, халықтың жалпы жағдайынан хабардар деп ойлаймын.
– Азаматтар теңдей дәрежеде өмір сүретін ортаны қалыптастыру құқық үстемдігімен өлшенеді. Қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың ұстанатын құндылығы, яғни құндылықтар жүйесі құқықпен өлшенген қоғамда теңдік, әділеттілік, еркіндік салтанат құрады.
Құқықтық тәртіптің нық, мығым болуы заңдылық режиммен тығыз байланысты. ХІХ ғасырда Францияда буржуазия көсемінің бірі «бізді заң үстемдігі құртып жатыр» деген екен. Егер қоғамда заң үстемдігі толыққанды әрекет ете бастаса құқықтық тәртіп орнығады. Мемлекетіміздегі кез келген азамат заң алдында өзара тең болса, жауапкершілік жүктелген азаматтар міндеттемесін заңға сәйкес орындаса, әділетті орта қалыптасады.
Депутат ретінде ауыл-аймақты аралағанда байқағанымыз, халық арасындағы туындаған көп мәселе жергілікті басқару органдары мен әкім арқылы шешілуі керегіне көз жеткіземіз. Өкініштісі, кейде әкім немесе жергілікті департамент басшылары жоғары жақтағы органдарға сілтеп, ауыздарын қу шөппен сүртіп, сырғыма хатпен жауап қатып отырады.
Президент 2022 жылғы Жолдауында «экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет. Үкіметтің кейбір құзыреттерін министрліктерге берген жөн. Нақты бір саладағы саясатқа «ұжымдасқан кабинет» емес, нақты бір министр жауапты болуға тиіс» деп айтты. Үкіметтің 500-ге жуық функциясы орталық мемлекеттік органдарға беріліп, жергілікті атқарушы органдардың өкілеттігі кеңейді. Мемлекеттік қызметтің жай-күйі туралы Ұлттық баяндамада жарияланған мәліметтерге сәйкес, респонденттердің 53 пайызы тұжырымдамалық мәселелер бойынша басшылық өз бетінше шешім қабылдай алмайтыны сыналды.
Биылғы Жолдауда осы мәселені әлі де жақсарту баяндалды.
Біріншіден, жауапкершілік аймағы, жетістіктер мен сәтсіздіктер үшін жеке жауапкершілік кеңейеді. Екіншіден, шешім қабылдаудың жеделдігі артып, әрбір әрекет пен шешімді келісуде бюрократия төмендейді. Сонымен қатар жауапкершілік қана емес, бастамаларды іске асыру мүмкіндігі де артады. Өйткені жоғарыда айтып кеткендей, толық бөлшектенген бюджет пен әкімдердің қаржылық дербестігі нығаяды.
Үкімет пен Президент Әкімшілігі арасында жауапкершілік аймағы нақты бөлінді. Президент Әкімшілігі жұмысын реформалау шеңберінде Мемлекет басшысы «Президент Әкімшілігінің құрылымын қайта ұйымдастыру туралы Жарлыққа» қол қойды.
Сот жүйесі де белгілі реформаны бастан өткереді. Кассациялық сот сатысы құрылады. Судьялардың қызметіне араласуды шектей отырып, олардың заң бұзғаны үшін жауапкершілігін арттырады. Соттардың рейтингісіне қатысты әлі де тың өзгерістер болады. Президент өткенде бизнесмендермен кездесу өткізген кезде, «Заңнама неғұрлым оңай болса, оны қате түсіну ықтималдығы да соғұрлым азаяды. Сондықтан рәсімдерді түбегейлі қысқартып, екіұшты тұжырымдарды жою қажет...» деп айтып кетті. Яғни, заң шығарушылық билікке қатысты айтылған бұл тұжырым көп мәселенің басын ашады. Заң жазу барысында туындайтын даулы мәселе заңға бағынатын тараптардың, азаматтардың пайдасына шешілуі керек. Мінеки, осы түйін әділ, тең қоғамды құрудың бір шарты болмақ.
– Президенттің ерекше атап өткен мәселесінің бірі – қоғамдық тәртіп мәселесі. Кейде вандализм белгілерінің байқалатыны айтылды. Және қоғамдық тәртіпті бақылауға құқық қорғаушылар мен жергілікті биліктің жіті назар аудармай отырғандығы да сынға алынды. Осы орайда атқарушы билік адамдар санасын өзгертіп, әділетті қоғам құру үшін жұмысты неден бастаған жөн? Мүмкін қатал тәртіпті талап ету қажет пе, әлде түсіндіру жұмыстарын жүйелі әрі сауатты, жан-жақты ұйымдастыруы қажет пе?
– Сұрақ өте орынды. Бастысы, халықтың құқықтық сауаттылығы, құқықтық мәдениеті, құқықтық санасының жоғары болуы. Құқыққа деген немқұрайлылық, құқықты мойындамаушылық, құқықтық талапқа төзбеушілік мүлде болмауға тиіс. Әңгіме басында айтып кеткендей, қоғамда құқық үстемдігін қамтамасыз ету маңызды. Барлық қоғамдық қатынастар құқық арқылы реттелгені абзал. Мемлекет тарапынан қабылданған заң нормаларын мемлекеттік билік органдары да, азаматтар да мүлтіксіз орындаса барлық жерде қоғамдық және құқықтық тәртіп болады.
Біздің елде қазір күнделікті хабар алмасу құқықбұзушылық туралы ақпараттардан басталады. Отбасылық зорлық-зомбылық, бала құқығын бұзу, есірткі, вейп, лудомания туралы жағымсыз мәліметтер, интернет алаяқтығы, вандализм, ар-ожданын таптау, жала жабу, жол ережесін бұзу, жалақысын төлемеу, бөтеннің мүлкін иемдену, қарызға бату және т.т. Бұл мәселелер Мәжіліс қабырғасында, «AMANAT» партиясы фракциясында тұрақты түрде талқыланып, шешімін табатын кешенді шаралар қабылданып жүр. 14 қыркүйекте Парламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясы фракциясының отырысында фракцияның жұртшылықпен бірлесіп әзірлеген балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңа заң жобасы таныстырылды.
Бұған дейін партия кибербуллингке қарсы заң шығаруға мұрындық болған еді, ол бүгінде әлеуметтік желіде балаларды қорлауға қарсы күресуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ балаларға психологиялық және өзге де көмек көрсету үшін партия жанынан «111» сенім телефоны құрылды. Кезінде оған 47 мың адам жүгінді. Бұл жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру үшін осы жобаны Үкіметке беру туралы шешім қабылданды.
Сұхбаттасқан
Бейбіт Тоқтарбай