Ұлт мұратын жырлаған Мұрат ақын

Ұлт мұратын жырлаған Мұрат ақын

Ұлт мұратын жырлаған Мұрат ақын
ашық дереккөзі
52924

Ой түбінде жатқан сөз

Қазақтың тарихы төл әдебиетінде жатыр, та­ра­тып айту уақыт еншісінде. Тұран даласын тұғы­рына ай­налдырған қазақ баласының қаншама ғасырлар бойы тарихи жадының көмескіленбеуі − сөз өне­рі­нің асқақтығында. Оған көз жеткізу аса қиын емес. Ұр­паққа аманат болып жеткен «Бабалар сөзі» көп­том­дығы − қазақ өмірінің айнасы. Солардың қата­рын­да биыл туғанына 180 жыл толып отырған аты алты алашқа мәлім Мұрат Мөңкеұлының жырларын атауға болады. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы нақтылай айт­сақ, 1869 жылы Батыс Қазақстанда болған (сол кез­дегі Батыс Қазақстанға қараған Гурьев, Ақтөбе об­лыстары, Орынбор қолтығындағы қазақтарды қам­тыған – М.А) «Ел ауа» тарихи оқиғасы − орыс отар­шылдығына қарсы халық көтерілісі жөнінде біл­гісі келген кісі Мұрат Мөңкеұлы жырларын қара­ғаны дұрыс. Мұрат Мөңкеұлы мұрасының жинақ­талуы мен зерттелуіне, әдеби ай­на­лымға шығуына мол үлес қосқан аға ға­­лым­дар көшін Халел Досмұхамедұлы бастап тұр. Халел Досмұхамедұлы 1924 жылы Ташкентте «Мұрат ақынның сөздері» деп ақынның өлеңдерін кітап етіп жариялағанымен кеңі­нен зерттеуіне кеңес үкіметі мүмкіндік бер­меді. Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығын тану­дағы Халел аға бастаған игі іс ғылым жолындағы інісі, әдебиеттанушы ғалымдар ара­сында ХVІІІ-ХІХ ғғ. қазақ әдебиетінің біл­гірі деп мойындалған Қажым Жұмалиевке ама­натталды. Қажымның Халел ағасының ізі­мен Махамбетті зерттеуі − Махамбет мұра­сын елге жеткізуші Мұрат ақынның шы­ғар­машылығында қайта тоғысты. Мектептерде қазақ әдебиетінің жеке пән ре­тінде оқытылуы өткен ғасырдың оты­зын­шы жылдарынан кейінгі уақыт. 1932 жылға дейін қазақ әдебиеті қоғамтану пәнінің құра­мында ғана оқытылып, толық курстық қызметін атқара алмады. 1932 жылы орыс мек­­­­тептерінің тәжірибесін басшылыққа алып жасалған қазақ әдебиетінің алғашқы прог­раммасы мен 1934 жылғы қазақ әдебие­тінің жетіжылдық мектепке арналған жаңа прог­раммасы да жарамсыз деп танылды. Осы­лайша, 1936 жылға дейін қазақ әдебие­тінен программа жасау әрекеті нәтижесіз бо­лып, 1936 жылдан бастап 5-10 кластарда өтілу­ге тиісті ақын-жазушылардың шығар­ма­ларының тізімі жасалып, мектептерге тара­тылып отырды. Мектептердегі қазақ әде­биеті пәні осы тізімдер бойынша ғана оқы­тылды. 1937 жылы Алматы қаласында тіл және әдебиет мұғалімдерінің кеңесі ша­қырылып, мектепте ана тілі мен әдебиетін оқыту сапасының жайы, программа мен оқу­лық, хрестоматиялар жасау кеңінен сөз болды. Қазақ ССР Оқу комиссариатының нұс­қауы бойынша 1937-1938 оқу жылына арна­лып ана тілі мен әдебиет программа­сы­ның уақытша схемасы жасалды. Осы схема не­гізінде авторлар коллективі бекітіліп, Қа­жым Жұмалиев сол қатардан табылды. Қажым Жұмалиевтің орта мектептің 9-кла­сына арналған «Әдебиет теориясы» (1938), орта мектептің 8-класына арналған «Қа­зақ әдебиеті» (1941, 1942, 1943), жоғары оқу орнына арналған «ХVІІІ-ХІХ ғасыр­лар­дағы қазақ әдебиеті» (1967) оқулықтарында Мұрат Мөңкеұлы шығармашылығы кеңінен сөз болды. Бұл бүгінде Мұрат Мөңкеұлы шы­­­ғармашылығын тануға жол сілтеп ғалым­ның ғылым жолындағы жетістігі сияқты көрінгенімен мұның авторға кешегі кеңестік ызғарлы жылдары кесірінің көп болғанын ел біле бермейді. КПСС Орталық Комитетінің идеоло­гия­лық мәселелер жөніндегі тарихи қаулылары мен Қазақстан Компартиясы Орталық Ко­ми­тетінің «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысын­да­ғы өрескел саяси қателер туралы қаулы­сы­нан» (Социалистік Қазақстан, 1947) кейін ар­наулы комиссия «...Мұрат, Шортанбай сияқ­ты ақындардың өмірі мен творчествосы тү­гел талданып, жеке тақырып етіп беріліп, елеу­лі кемшіліктер кетті» деп Қажым Жұма­лиев­ке қатаң ескерту жасайды. Осы мәселе асқынып, 1950 жылдың 26 желтоқсанында «Прав­да» газетінде «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақалада көрініс тапты. Мұрат Мөңкеұлы тағы да басқа шығармалар тал­данған оқулықтары Қажекеңнің басына бәле болып жабысып, жұмысы мен партия қа­тарынан шығарылып, Алматыдан алға­шын­да Семей, кейін Қарағандыға жер ауда­рыл­ды. 1953 жылы шырқау шегіне жеткен ке­са­пат дауылы қазақ зиялыларының бірлігінде Қажым Жұмалиевті де есеңгіретіп кетті. Ға­лым­ның мал-мүлкі тәркіленіп, жиырма бес жыл­ға сотталды. Жазығы − мектеп және жо­ғары оқу орындарына арнап жазылған оқу­лық­тарында қазақ руханиятын түгендеп, ғы­лыми негізде талдап, анық пен қанықты ал­ғаусыз жеткізуі еді...

Заман көрінісі

Мұрат Мөңкеұлы дерекнамасы жа­зыл­ған қолдан түптелген сұр кі­тап­ты Қажым Жұмалиев реттік санмен «№7. Мұ­рат» деп белгілепті. Қажым ағаның үйін­дегі жеке архивінен табылған тозығы жет­кен қолжазба кітап отызыншы беттен бас­талады. Жиырма тоғыз бет кеңестік «қырағы көз­дер» қолымен жыртылып алынған. Оған оты­зыншы беттегі автордың өз қолымен жа­зылған «Изъято у меня 16.03.1953 г.» деп қо­лын қойған жазба куә. Біздің Мұрат Мөңкеұлы өмір сүрген уа­қыт тынысын, оның ақын шығармашы­лы­ғы­на әсерін тануымызда бірден-бір көмекші құ­рал да осы Қажым архивінен табылған 88 бет­тік материал болмақ. Аталмыш мате­риал­да Мұрат ақынның шығармашылық тұлға бо­лып қалыптасуына әсер еткен ортасы, та­рихи жағдаяттар жан-жақты баяндалған. Мұрат ес біліп, ақын атанғанша ел іші­­нен алған сабағы ел қорғаны Исатайдың ер­лік істері және оның серіктес інісі Ма­хам­беттің көптің көкейінде хатталған көк дауыл жырлары болатын. Бірі басшы, бірі қос­шы болған қос тарихи тұлға өмірден өтіп кет­се де, елім деген ерлерін ел ұмыта қой­ма­ған, керсінше солар болса қайтер еді деп қа­мыққан көңілмен қайта есіне түсіріп, кетілген тірлікті екі тарланның арманымен қайта жаңғыртып жүрген уақыт еді. Заманының заңғары болған сыңар тағ­дыр – Исатай мен Махамбет кейінгі елдің аузын­да, тарихтың жадында мәңгілік екенін Мұрат ақын былайша жеткізеді: «...Кешегі өткен Исатай, Жауды көрсе састы ма? Онан қорқып қашты ма? Ертеде өткен бұрынғы, Шора мен Тарғын болмаса, Бір қазақтың ерлігі, Махамбеттен асты ма?» Ел үшін атқа қонған, сол жолда жан­да­рын құрбан еткен ерлерді сағына, ру­хын асқақтата жырлаған Мұрат Мөңкеұлы өзі де 1868 жылғы тарихи оқиға «Жаңа Ни­зам» кезінде жұртының сөзін сөйлеп, елінің ертеңі не боларын ойлап қамықты, қайғыдан қатпа күйге түсті. Орыс отаршылдығынан құ­ты­лар жол іздеді. Оның бірден-бір амалы қо­ныс­ты тастап, дұшпанның аяғы жетпейтін жер «Жиделі Байсын», «Тескен тауға» елді ауда­рып көшіру деп білді. 1868 жылы қам­да­нып, 1869 жылы көтеріліп көшпек болған тарихи оқиға осылайша «Ел ауа» көтерілісі атанды. Бұл жөнінде ғалым Қажым Жұмалиевтің мына бір пікірі тарихи жағдаятты, қилы за­ман көрнісін, халықтың пұшайман халін тү­сінуге керек-ақ аңдатпа. «1869 жылғы көтеріліс – отарлау сая­са­тына қарсы ұлт бостандығы үшін болған кү­рес еді. ...«Ел ауада» патша үкіметінің отар­лаған жерін қайтып аламын деген мақсатты алдарына қойған жоқ... Патша әскерімен болған соғыс сол көш­кен елді тоқтатпай өткізіп жіберудің ай­на­ла­сында ғана болды. Бұрынғы ақындар (Ма­­­­хамбет т.б.) отарлау саясатын айта келіп, сол қонысты соғыспен, күшпен қайтарып алу­ды жыр етсе, 1869 жылдардағы ақындар – бұл жер қоныс болмайды, мұны тастап, басқа бір қоныс іздеу керек дейді. Елді көшуге үндеді. Бұл, әрине, ақындардың құрғақ қиялы емес, сол кездегі халық тілегі, ел мүддесі болатын. Мұны Мұраттың «Үш қиян», «Қазтуған» поэмаларынан анық көруге болады». «Ел ауа» көтерілісінің соңы немен аяқ­талғаны тарихтан белгілі болғанымен, бүтін бір елді бүлікке түсіріп білгенін істеген бас­қын­шылық бүгінгі күнге дейін «ұлы достық­пен» бүркемеленіп, Мұрат Мөңкеұлы шығар­ма­шылығы деңгейінде қалып келе жатқаны ойланатын мәселе. Мұрат ақынның атақонысты тастап, кө­­­шелік деуінің негізгі себебі қазақ елінің бо­лашағын, әсіресе, жастардың қамын ой­лағандық. Сондықтанда ақын: «Мен қауып еткеннен айтамын, Ақ борықтай иілген, Кейінгі туған баланың Ұстай ма деп білегін, Шая ма деп жүрегін, Ащы суға тойдырып, Бұза ма деп реңін. Адыра қалғыр заманның, Мен жаратпаймын сүреңін», − дейді. Осы мәселе төңірегінде ақынның шы­ғармашылығын терең зерттеген ға­лым Бауыржан Омарұлы: «...Мұрат Мөңкеұлы отарлаушылардың ойранын көрген соң, ұрпақтың келешегіне күдікпен қарайды. Ақынның бұл турасындағы толғаныстары болашаққа болжам түрінде айтылады. Бүгін­гінің көзімен қарасаң, жыр жампозының өлең­мен өрнектеген тұжырымдарының қалт кетпегеніне куә боласың» деп бүлінген болмыстың бастауын аңғартады. Орысқа қосылғалы бір жарым ғасыр бой бер­­ме­ген қазақ ХІХ ғасырдың екінші жарты­сы­нан бастап біржола бас билігінен айырыл­ды. Қазақ елін қамалай салынған бекіністер ба­тырларымызға бұрынғыдай бекініп, қай­рат қылуға мүмкіндік бермеді. Ұрыс сала ше­гіне күнелткен қазақ көтерілісі Мұрат тұ­сында тұралап шегіне жетті. Осының бәрін естіп, біліп өскен ақын «Сарыарқа» толғауын­да теперіштің кімнен болып жатқанын күлбілтелемей ашығын ашына айтып береді. «Әуелі жеңіп орыс Еділді алды, Сарытау, Аштарханның жерін де алды. Артынан Еділден соң Нарынды алды, Тоғайдың ағаш, қамыс, талын да алды. ...Тәмамы, су мен нуды орыс ұстап, Қазақтың мұнан жұтап шалынғаны. Қуалап Исатайды өлтірген соң, Заманның содан бері тарылғаны». Алдыртқан қазақ, алған орыс. Еділ, Сары­тау, Аштархан қолдан кетті. Нарын қазақтың нар ұлдарының арқасында сақталды. Су мен нудан ығысып қалың қазақ күні кешеге дейін шөлейтте отырды. Осының барлығы Мұраттың жырларында тарих таңбасындай айқын көрініп тұр.

Қары әңгіме және қазақы қалып

Бала кезімнен жадымда ерекше сақ­тал­ған сөз – қары әңгіме. Қары әңгімені ай­тушы әкемнің туысы Молдабай жырау. Қа­ры әңгімесі Мұрат ақынның жырлары ерек­­ше есімде қалғаны «Қарасай-Қази». Жыр­­­дың басында, әлқисасында бұрынғы­лар­дан бізге жеткен сөз, қасиетті қары әң­гіме осы деп отыратын. Қазақтың сойын, тұр­мысын, өзіндік әлемін танытатын қары әң­гіменің бірі Мұрат Мөңкеұлының шы­ғармашылығы. Сөз болып отырған шығармашылық тұлға Мұрат Мөңкеұлы Атырау об­лы­сы, Қызылқоға ауданы, Қарабау деген жерде туған. Руы Беріш, оның ішінде «Қаратоқай». Ақын­ның өзі жыраулық дәстүр бойынша шығу тегін айтқанда «Ел едік Байұлында Бе­ріш деген» немесе «Ар жағымыз белгілі, Он екі ата Байұлы» деп таныстыруы сол қары әңгі­меден келе жатқан қазақы қалпымыз. Қары әңгімелердің қасиеті қазақы қал­пымыздың кең панорамасын түрлі қырынан келіп ашып көрсетуінде. Он екі ата Байұлы­ның Берішінен екенін таныстырған ақын­ның келесі бір жыр жолдарынан сол елдің географиялық қоныстану аймағын, тұрмы­сын көреміз. «Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Дендеріміз, Қарабау мекен еткен жерлеріміз. Жайық пен Қарабаудың тең ортасы Тепсеңге мал жайылар кең жеріміз. Нарға артып толы саба, кілем жауып, Жиын-той, қызық еді көргеніміз.» Өлең жолдарында атақоныс елді мекен­дер тізбектеліп атала келіп, «кең же­ріміз» бо­лып түйінделеді. Кеңдікті көрсетуде түй­дек­тетіп теріп айту, даралықты көрсетуде да­мытып айту өлең құраудағы өзегімізде бар. Қа­ры әңгімеден көрінетіні қазақы тұрмы­сы­мыздың жайы кілем жабылған нарға толы саба артып, жиын-тойды қызықтау. Бұл тұр­мысы түзу халықтың өмір сүру көрнісі, бұл көңілі шат ақынның сөзі. Ақын өз басынан өткерген өмірді баян­даушы ғана емес, өз ортасы, бүкіл бір халық­тың тұрмысын, салтын, болмысын сөзбен кес­телеп жеткізуші өнер иесі. Бір жол, не бір шу­мақтың өзі қазақтың қалпынан хабар бере­тін болса ол ақынның, оқырманның ол­жасы. Сөзді Мұрат ақынға берелік: «Аяңдап тойға келдім дөненменен, Жаз жайылып, күз семірген көбеңменен, Қызығын осы тойдың көре келдік, Той бастау – ата дәстүр өлеңменен». Бірінші жақтан баяндалып тұрған өлең­нің соңғы жолындағы бірінші бунақ «той бас­тау» тіркесі біз сөз етіп отырған қазақы қал­пымыздан біраз ақпарат беріп тұр. Бірін­шіден, қазақ халқының сөз өнеріне деген құр­меті тойды өлеңмен бастауынан көрінсе, екіншіден, сол тойды бастау құрметі ақынға бе­рілуінде жатыр. Сөздің қадір-қасиетін, жан­ды қуатын, бар өнердің басы екенін біл­ген халық қана осылай іс істей алады. Халқымыздың хал-ахуалын, жан қа­ла­уын, бекзаттығын тану үшін қары әңгіме­лердің қойнауына сүңгіген дұрыс. Тастамайтын бар асыл сонда. Ескінің сөзі деп қарамай, естінің аманаты, арманы деп түсінсек, бәрекелді, сөз сол. Осы асқақтықты Мұраттың мына бір өлең жолдарынан таба аламыз: «Табаны жерге тимеген, Маңдайы күнге күймеген, Тұлпардан өзге мінбеген, Салқындыққа ал қара көк тон киіп, Салтанатқа жорғадан өзге мінбеген». Бабалардан қалған сөзді оқи отырып, маз­мұнынан өрлікті, болмысы бөлек кескін-келбетті көреміз. Уызынан жары­ма­ған ел бұлай салтанат құра алмайды, ақын­дық мектебі қалыптаспаған жұрт бұлай сөй­лей алмайды. Мың өліп, мың тірілген қа­зақтың небір зұлмат замандарда тарих сах­насынан жойылып кетпей, кең-байтақ ау­мақты алып жатқан ел болып өмір сүруінің өзі бастау арналарымыздың қуатында, жы­ғасы жығылмаған рухында жатыр. Жоғарыда атап өткен орыс патшасының отар­лау саясатынан туындаған 1868 жылғы «Жаңа Низам» заңы қазақты теңселтіп өтті. Ел басына түскен ауыртпалық, мұнар күн Мұрат ақынның шығармашылығында елеулі орын алды. Мұның бәрін айту мақаланың көлеміне симайды, ұстанымына жатпайды. Біз бұл жайтқа өзіміз қарастырып отырған қары әңгіме және қазақы қалып төңірегінде тоқталамыз. Мұрат Мөңкеұлы қазақтың тарихынан сыр шертетін қары әңгімелерді көп білетіні 1868-1869 жж. халық көтерілісі кезінде шы­ғарған өлең-жырларынан көрінді. Ақын «Үш қиян» поэмасында өзі көтеріп отырған мә­селе аясында қазақтың өткен тарихын ше­гініс әдісімен баяндай келіп, авторлық идея­­ға көгендейді. Мұны «Үш қиянның» бас­­­тауын­­­дағы мына жолдардан аңғаруы­мыз­ға болады: «Заманнан заман оралған, Дүние шіркін соны алған. Адыра қалғыр бұ қоныс, Қайырсыз екен азалдан. Қайырсыз неге десеңіз, Асан Қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс Қалған екен солардан». Авторлық идея орысқа отар болмау үшін қа­заққа жайлы қоныс тауып, елді сонда кө­шіру. Ал тарихи тұлғалар тобы, олардың ке­­шегі тарихы негізгі ойға тамызық керек де­­тальдар ғана. Поэманың өн бойында көп­тің атынан айтылатын «қайырсыз қоныс», «құт­сыз жер» қайталамалары әлеуметтік пси­хологиялық көңіл күй табын сездіруші сөз саптаулар. Мұрат ақынның дүние танымын, шы­ғармашылық ұстанымын, сол кездегі қазақ қо­ғамында болған саяси-әлеуметтік құбы­лыс­тардың сырын түсініп, дұрыс қорытынды шы­ғару үшін көрнекті ғалым Қажым Жұ­малиевтің мына бір пікірін ескерген дұрыс: «...Отарлау саясатымен байланысты және қа­зақтың өз ішінде бола бастаған әртүрлі өз­гешелік, оған ақынның көзқарасына ке­лейік. Мұрат бір жағынан патша үкіметінің өзі бел­гілеп қойған адамдарының ел билеп, ха­лықтың тыныштығын кетіре бастағанын көр­сетсе, екінші жағынан осы кездің өзінде-ақ бір тиынға ар-иманын сатқан жаңа адам­дардың көп шыққанын көрсетіп және олар­дың елді екі жарып, штат, талас ұйым­дас­ты­рып, содан өз пайдасын табушыларды ше­нейді». Осы сілтемедегі «жаңа адамдар» тіркесі көңіл аударуды қажет етеді. Бұрын қазақы қал­пымызда бас пайдасы үшін ардан безген адам­дар болмаған. Мұны Сұлтанмахмұт То­райғыров ақынның: «Абай тұсы қазақтың бұ­зылғаны, Қаралыққа айналып қызыл қаны...» жолдарынан оқи аламыз. Яғни, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап орыс отаршылдығының салқыны елде «бір тиынға ар-иманын сатқан жаңа адамдарды» көптеп тарих сахнасына алып келді. Мұрат ақын­ның: «Бәйіт еттім бұл сөзді Қайғы шегіп заманнан. Заман азып не қылсын: Ай орнынан туады, Күн орнынан шығады, Мұның бәрі адамнан». Немесе: «Адамның азған белгісі, Екі кісі дауласса, Тату бол деп айтпайды. Екі айырып арасын. Арасынан пара алған», − дейтіні де сол себеп. Бұл тарихи шындық. Орыс отар­­­шылдығымен бірге кел­ген қасірет. Елді іштей жікке бөлу, бөл­шектеп билеу қазақы қалпымызға нұқ­сан келтірген көрекөзге жасалған ке­сірлі саяси астары бар іс болды. «Әлеумет өмі­рін кеңінен шолып, терең түсіне білген та­лантты ақынның мұны көрмей кетуі мүм­кін емес еді. Ол көрді де, оны өз шығар­ма­сын­да көрсете де алды». Мұрат ақын «Үш қиян» поэмасының 26-бө­лімін «Бәйіт еттім бұл сөзді» деп бас­тай­ды. Ақынның аманаты сынды осы жол ой­лануды қажет ететін сияқты. Біз аға ға­лым­дардың ізімен әдебиетте елінің ертеңіне қам жеп, қайғырып өлең шығарған шайыр­ларымызды «Зар заман ақындары» деп атап кеттік. Мұның бұлай аталу себебі де түсінікті. Ақын бәйіт сөзінде «Заман азып не қыл­сын» дейді. Демек, азған заман емес адам. Аз­дырған орыстың азғын саясаты. Ақын елдің көкейіндегі сөзді айтушы. Отар­шыл­дық­қа қарғыс айту, қарсы тұру, атақонысты қи­май қайғырып күңірену сол кездегі жалпыхалықтық көңіл күй еді. Міне, осы күй Мұратқа дейінгі ақындарда және Мұрат шы­ғар­машылығында көрініс тапты. Ақындар қиындықтан шығар жол іздеді, күйінді-сүйінді, қарекет қылды. Зар илеп оты­ра берген жоқ, алаң жұртының аман­ды­ғын ойлады. Алаң көңілі әр жырының ек­пінінен де, айтқан ойларынан да көрінді. Ел жаңғырып, сөз түзеліп жатқан кезде Жаңа Қазақстанның рухани мұраларды баға­лаудағы ұстанымы да өзгеруі керек деп ой­лаймыз.

Азамат МАМЫРОВ, Батыс Қазақстан инновациялық технологиялық университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты

Серіктес жаңалықтары