Бала бақыты – ел бақыты

/
Бала бақыты – ел бақыты
ашық дереккөзден

Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романының басын: «Сен қайдан келдің? – дегенде, бір данышпан: – Мен балалықтың елінен келдім, –деген екен. Ересектерде сол «Балалықтың елінен» келмеген ешкім жоқ. Анадан ешкім сақал-мұртымен тумайды. Мен де солардың бірімін», – деп бастайды. Алда Халықаралық балаларды қорғау күні келе жатыр. Осыған орай 22 мамыр мен 1 маусым аралығында Қазақстанда алғаш рет «Қазақстан балалары» ұлттық науқаны басталып та кетті. Бұл бастама – балалар мәселесіне ерекше көңіл бөлуге және балалардың қауіпсіз ортада өсіп-жетілуіне жағдай жасауға, сондай-ақ қоғамның назарын бала құқығы мен балалық шақтағы өзекті мәселелерге аударуға бағытталған болатын. Ендеше, бұл атаулы күнге орай балалар құқығына, денсаулығына және өзге де мәселелерге қатысты қандай оң өзгерістер барын саралап көрейік.

«Кез келген қоғамның, соның ішінде біздің қоғамның да басты ұғымдарға не­гіз­делген сұраныстары – әділдік және қауіп­сіз­дік. Осы негізгі сұраныстардың толы­ғы­мен өтелуі мемлекеттің тиімді жұмыс іс­тей­тінін айқын көрсетеді. Азамат­тары­мыз­дың құқығын қорғау саласында кешенді ша­раларды қолға алдық. Негізгі мақсат – әді­летті қоғам құру және соның арқасында да­мудың сара жолына түскен озық ел болу. Сон­дықтан біз осы бағыттағы маңызды ре­формаларды жалғастырамыз, жүйелі жұ­мысты тоқтатпаймыз. Тағы бір мәселе – аза­маттардың қауіпсіздігі. Жеке адамнан бас­тап тұтас қоғамның қауіпсіздігін қам­тама­сыз ету – мемлекет үшін стратегиялық маңы­зы бар басымдық», – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыруды тапсырған болатын. 
Осыған байланысты, 2024 жылы елі­­міздің заңнамасына бірқатар өз­герістер енгізілген еді. Мәселен, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген нысаны үшін жауапкершілікті қатаң­да­та­тын нормалар енгізілді; баланы қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салы­нып, оған әкімшілік жауапкершілік көз­дел­ді; бала құқықтары жөніндегі уәкіл инс­ти­ту­тының мәртебесі компанияларын тере­зе­лерге құлыптар немесе қауіпсіздік тетік­те­рін орнатуға міндеттейтін нормалар жә­не балаларды саудалаудан қорғау үшін ал­дын алу шаралары енгізілді; балалардың құ­қығын қорғау мәселелерін тиімді іске асыру үшін елдің әрбір өңірінде оның өкіл­дері тағайындалды; қамқоршылық ор­ган­дары мамандарының штат санының нор­мативі белгіленді.
Жуырда ғана Қазақстан балалар, жас­тар және климат саласындағы іс-қимылдар тура­лы Декларацияға қол қойды. Осы ар­қы­лы еліміз Декларацияға қол қойған әлем­­нің 65 елінің қатарына қосылды. Өз сө­зінде Қазақстан Республикасының Эко­ло­гия және табиғи ресурстар министрі Е.Нысанбаев ЮНИСЕФ климаттың өзгеруі жағ­дайында балаларды қорғау мәселе­ле­ріндегі негізгі әріптестердің бірі. Министр­лік ынтымақтастықты кеңейтуге ашық және ЮНИСЕФ-пен бірлесіп балаларға жә­не тұрақты болашаққа бағытталған бас­та­маларды іске асыруға дайын» десе, ЮНИСЕФ-тің Еуропа және Орталық Азия ел­дері бойынша өңірлік директоры Ред­жина Де Доминичис: «Декларацияға қол қоя отырып, Қазақстан болашақ ұрпақ үшін таза, салауатты және орнықты ортаны қам­тамасыз ететін іс-қимылдарды қалып­тас­тыру кезінде балалармен және жастар­мен мазмұнды өзара іс-қимыл жасауға мін­деттеме алды. Біз бұл маңызды қадамды құп­таймыз және осы міндеттемелерді ба­ла­лар үшін нақты нәтижелерге айналдыру мақ­сатында Үкіметпен әріптестігімізді ны­ғайтамыз деп сенеміз», – деп атап өткен еді. Осы ретте Қазақстандағы БҰҰ-ның Ба­лалар қорының (ЮНИСЕФ) 2024 жылғы есе­біндегі статистикаға назар аударсақ дейміз. 

Демографиялық ахуал жақсы, дегенмен...

Есеп бойынша соңғы онжылдықта Қа­зақ­станда айтарлықтай демографиялық өз­ге­ріс болған. Балалар (0-17 жас) қазіргі уа­қытта халықтың 33,4 пайызын, ал жас­тар (14-35 жас) – 28,4 пайызын құрайды. Бұл өсім, әсіресе, оңтүстік және батыс өңір­лерде, сондай-ақ Астана, Алматы және Шым­кент сияқты ірі қалаларда байқалады, бұл ауылдық жерлердегі жоғары туу дең­гейімен және урбанизациямен байланысты. Керісінше, солтүстік және шығыс өңірлерде төмендеу байқалды. 2024 жылы Қазақстан 2029 жылға дейінгі кезеңге арналған Ұлт­тық даму жоспарын (ҰДЖ) бекітті. Бұл жос­пар тұрақты және инклюзивті өсімді қол­дауға бағытталған. Онда адами капи­тал­ды дамытуға, экономиканы әртарап­тан­дыруға, өнімділікті және инновацияларды арттыруға, сондай-ақ өңірлік дамуға басты назар аударылады. Жақында қабылданған Ұлттық даму жоспары (ҰДЖ) ЮНИСЕФ-тің көпжылдық адвокациясын көрсететін кө­пөлшемді кедейлік индексін енгізеді, осы­лайша кедейлікті өлшеуді тек табыспен ғана емес, сонымен қатар білімге, денсау­лық сақтауға және әлеуметтік қорғауға қол­жетімділікпен кеңейтеді. ҰДЖ-да көр­сетілген басқа да басымдықтарды ілгерілету мақ­сатында ЮНИСЕФ Ұлттық экономика ми­­нистрлігімен ынтымақтастығын кеңейт­­ті. Балалар мен жастарға тікелей не­­­месе жа­нама түрде пайда әкелетін шы­ғыс­­тарды не­ғұрлым егжей-тегжейлі дең­гейде (ау­дан­дық) тиімді бақылау бюджетті жос­парлау мен ресурстарды стратегиялық бөлуге ық­пал етеді және әрбір аймақта бала­ларға ар­налған негізгі инвестициялар­дың басым­дықтарын анықтауға көмек­те­седі.
Ел өзінің экономикасын мұнай және тау-кен өнеркәсібіне дәстүрлі тәуелділіктен тыс әртараптандыру бойынша үздіксіз шара­лар қабылдау арқылы жоғары табысы бар елдер санатына өтуде. 2024 жылы ЖІӨ 4,4 пайызға өскеніне қарамастан, 2024 жыл­дың қазан айында жан басына шаққан­дағы нақты кірістер 2023 жылдың қазаны­мен салыстырғанда 6 пайызға төмендеді.
Жан басына шаққандағы табысы ең тө­­мен өңірлер балалар құқығының бұ­зылуы ең көп байқалатын өңірлер екені анық­талған. Кедейлік деңгейі 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда біршама төмендеді, бірақ 2022 жылғы деңгейге орал­мады: 2024 жылдың соңында халық­тың 5,4 пайызы күнкөріс минимумынан тө­мен өмір сүрді, ал 2023 жылы бұл көр­сет­кіш 5,6 пайыз, 2022 жылы – 5,3 пайыз болды. Жағдайдың жақсарғанына қара­мас­тан, балалар кедейшілікке әлі де осал: 2023 жы­лы олардың 7,8 пайызы кедейлік шегі­нен төмен өмір сүрді, ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 9,1 пайыз болған еді. Ауылдық жерлерде тұратын балалар кедейшіліктен (10 пайыз) қалада тұратын балаларға (6,4 пайыз) қарағанда көбірек зардап шегеді. 2023 жылы балалар кедейлердің 40 пайы­зын құрады, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 47 пайыз болған. Үкімет халыққа әлеу­мет­тік қызметтердің қолжетімділігін, ашық­ты­ғын және тиімділігін арттыру мақса­тында әлеуметтік қорғау жүйесін цифрлық трансформациялауды жүзеге асырды. Атап айтқанда, 2023 жылы Отбасының цифрлық картасын (ОЦК) енгізу 2024 жылы мемле­кеттік қызметтерді белсенді түрде көр­се­туге ықпал етті, нәтижесінде 263 000 адам ресми өтініш бермей-ақ жәрдемақылар мен төлемдерге қол жеткізді. 2023 жылы ша­мамен 525 000 бала кедейлік шегінен төмен күн көрген, ал 2024 жылы олардың тек 52 пайызы ғана атаулы әлеуметтік көмек алды.

Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицидке қарсы күресте айтарлықтай жетістіктерге жетті

Мемлекет балаларды зорлық-зом­бы­лықтан қорғау, суицидтің ал­дын алу және олардың құқығы мен сала­мат­тығын қамтамасыз ету бойынша ке­шен­ді жоспар қабылдағанын айттық. Жос­пар балаларға қауіпсіз орта қалып­тас­тыруға арналған іс-шаралар жиынтығын қам­тиды. Оның аясында өңірлерде 20 пси­хологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді. Әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау туралы жаңа заң 2024 жыл­дың желтоқсан айында күшіне енді. Бұл заң тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қу­­далауды (соның ішінде онлайн режи­мін­де) қылмыстық жауапкершілікке тартады жә­не балаларға қатысты зорлық-зомбы­лық­­пен күресу бойынша бұрыннан беріл­ген ұсынымдарды ескере отырып, жыныс­тық зорлық-зомбылық пен балаларды өл­тір­гені үшін жазаны күшейтеді. Үкімет өңір­лерде отбасын қолдау орталықтарының жұ­мысын бастады. Қауіпсіз білім беру ор­та­сын құру үшін Үкімет Финляндияның KIVA бағдарламасы және мектептердегі қауіп­сіздік сабақтары сияқты қудалаудың алдын алу бағдарламаларын, сондай-ақ жергілікті деңгейде әзірленген «DOSBOLLike» ақпараттандыру бағдарламасын сы­нақтан өткізуге кірісті. Бұл шаралар мек­теп­терде достық пен өзара сыйластық қа­рым-қатынасын құруға септігін тигізеді. Қа­зір бағдарлама еліміздің 9 өңірінде пи­лот­тық режимде сыналуда. Оған 70 мыңға жуық оқушы мен 5 мыңнан астам педагог қа­тысуда. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бас­тап жобаны еліміздің барлық мектептері мен колледждеріне енгізу жоспарланып отыр. 
2024 жылдың қыркүйегінен бастап ба­лалардың жас ерекшеліктерін ескере оты­рып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары ен­гізілді. 14,3 мыңнан астам білім беру қыз­меткері балалардың құқығын қорғау мә­селелері бойынша оқытылды. Сонымен қа­тар Үкімет республикалық деңгейде ата-ана­ларға педагогикалық қолдау көрсету бағ­дарламасын, сондай-ақ балаларға пси­хо­логиялық қолдау көрсету орталықтарын енгізді. 900 000-ға жуық адам Оқу-ағарту ми­нистрлігінің, ЮНИСЕФ-тің және Қа­зақ­стан­дағы Еуропалық Одақ қолдауымен жүр­гізілген «КиберТұмар» балалардың он­лайн қауіпсіздігін қамтамасыз ету нау­қаны аясында онлайн қауіпсіздік туралы ақпаратқа қол жеткізді. 
Сондай-ақ мектеп пен отбасы арасында ын­тымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыру жолында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. ЮНИСЕФ қолдауымен Қазақстанда кәсіби пат­­ронаттық отбасын енгізетін және қам­қор­шылық және қорғаншылық органдарын нығайтатын Қазақстан үшін TransMonEE 2024 маңызды заңдар қабылданды. Бұл шара­лар балаларды зорлық-зомбылықтан қор­ғау және оларды интернаттық меке­ме­лерге орналастыру жағдайларын азайту үшін сенімдірек әлеуметтік инфрақұрылым құ­руға мүмкіндік береді. 2022 жылы вак­цинацияға сенімсіздік екі еседен астам өсіп, індеттің өршуінің негізгі фактор­ла­рының бірі болған. 2023 жылы Қазақстанда қы­зылшаның 15 111 жағдайы тіркелді. Үкі­мет 6-10 айлық балаларды вакцина­ция­лау­ды енгізіп, 2-4 жастағы балаларды қайта вак­цинациялауды жүргізуде.
Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицидке қарсы күресте айтарлықтай же­тіс­тіктерге жетті. 2024 жылы 15 жастан 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы суи­цид деңгейі 100 000 адамға шаққанда 2,9 болды, ал 2016 жылы бұл көрсеткіш 11,3 бол­ған. Дегенмен өзіне-өзі қол жұмсау жа­сөспірімдер өлімінің 2022 жылы вакци­на­ция­ға сенімсіздік екі еседен астам өсіп, ін­дет­тің өршуінің негізгі факторларының бірі болып қала берді. 2023 жылы Қазақ­стан­да қызылшаның 15 111 басты себебі бо­лып қала берді, әрі ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш жоғары. Үкімет бүкіл ел бойын­ша психологиялық қолдау орталық­та­рын құрып, Премьер-Министрдің орын­басарының басшылығымен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі көп салалы бағдарламаны іске асыруға кіріс­ті. 
Үкімет жасөспірімдердің психикалық ден­саулығын қолдау мен қорғауға бағыт­тал­ған мектептерге арналған «Helping Adolescents Thrive» (Жасөспірімдердің өр­кен­деуіне көмектесу) әлеуметтік-эмоцио­нал­дық оқыту жинағын «Балаларды зор­лық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен әл-ау­қатын қамтамасыз ету жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарға» енгізгеннен кейін, ЮНИСЕФ бағдарлама­ның жаңа нұсқасын 10-13 жастағы жасөс­пірімдерге бейімдеуге қолдау көрсетті. Жаңар­тылған бағдарлама 2025-2026 оқу жы­лында республикалық деңгейде енгізіле­ді деп жоспарлануда.
 

Бала құқығы басты назарда

Балалардың құқығын қорғаудағы не­гізгі шаралардың бірі – балаларға қа­тысты құқықбұзушылық үшін жаза қа­таңдатылып, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкер­шілік енгізілді. Жасөспірімдердің қауіпсіз­дігін күшейту мақсатында балаларды қо­ғам­дық көліктерден түсіріп кетуге тыйым салынды.
2025 жылдан бастап мектептер мен кол­ледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабар­ласа алатын QR-кодтар енгізілді. Биылғы жыл­дың қаңтар айындағы мәлімет бойын­ша байланыс орталығына 17 400 бала жү­гін­ген. Елдің әр өңірінде балалардың құқы­ғы жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс іс­тей­ді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық ор­ган­дарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артты. Қорған­шы­лық органдарының штаттық саны бойын­ша норматив бекітілді. Атап айтқан­да, 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлін­ді.
Елімізде ата-анасының қамқорлығын­сыз қалған және жетім 17 660 бала қазақ­стандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тап­ты. 2025 жылдан бастап отбасылық ор­наластырудың жаңа түрі – кәсіби қабыл­даушы отбасылар енгізілмек. Бұл бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған бала­лар­ға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағ­дайында қолайлы орта қалыптастыруға ар­налған.
2024 жылдан бастап елімізде 627 бала­бақша ашылып, 93,1 пайыз бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылды. Соңғы 3 жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарған.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мек­теп­тердегі орын тапшылығы мен үш ауы­сым­ды оқу мәселесін тиімді шешіп келеді. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бастап 105 жайлы мектеп қолданысқа берілді.
Сонымен қатар 2024 жылы 373 мың орын­ға арналған 257 мектеп қолданысқа бе­рілді. Биыл 300 мың білім алушыға ар­нал­ған 200-ге жуық мектептің құрылысы жү­руде. Білім беру ұйымдарының қауіп­сіз­дік шаралары күшейтілді. 20 мыңнан астам ны­сан бейнебақылау жүйесімен жаб­дық­та­лып, Жедел басқару орталықтарына қо­сыл­ған. Барлық ұйымдарда дабыл түй­ме­лері мен турникеттер орнатылып, лицен­зия­ланған күзетпен қамтамасыз етілді.
Мемлекет өскелең ұрпақ үшін тең мүм­кін­діктер қалыптастыруға басымдық беріп ке­ле­ді. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мек­тептерде оқитын 1,7 млн бала тегін та­мақ­пен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 162 млрд теңге бөлінді. «Жалпыға міндетті бі­лім беру» қорының есебінен қосымша 22,5 млрд теңге бөлініп, 510 мың бала мек­теп керек-жарақтарымен қамтылды. 2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде оқи­тын әлеуметтік тұрмысы төмен отба­сы­лардың балалары да тегін тамақпен қам­тылады. Жергілікті бюджеттен 25 мың ба­ланы тегін тамақтандыру үшін 12 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Бастауыш және орта мектепте оқитын екі миллион оқушы, әсіресе ауылдық жер­лерде, ерекше назар аударуды қажет ететін оқу қиындықтарына тап болады. Үкіметтің бұл олқылықты жою бойынша бұрын қабылданған шараларын күшейту үшін 2024 жылы ауылдық шағын жинақталған мектептерді цифрлық технологиялармен жә­не STEM-білім берумен жабдықтауға ба­ғыт­талған «Ауыл мектебі – сапа алаңы» ат­ты 2025 жылға дейінгі Білім беруді да­мытудың мемлекеттік бағдарламасына қо­сымша бағдарлама іске қосылды. Елдегі ин­тернаттық типтегі мекемелердегі бала­лар саны 11 пайызға, 2022 жылғы 12 651-ден 2023 жылы 11 281-ге дейін қысқарды. 
Қазақстанда балалардың қосымша бі­лім алуы, сапалы демалыс және сауықтыру ұйым­дарымен қамтылуы үшін барлық жағ­дай жасалуда. Бүгінде 3,3 млн бала түрлі ба­ғыттар бойынша үйірмелерге, сек­ция­ларға қатысады. 2024 жылдың жаз мезгі­лін­де 3,1 миллионнан астам бала 10 743 лагерьде сауықтыру демалысын өткізді.

Ұлттық қор – балаларға

Балалардың әл-ауқатын және ұлттық саясаттың тиімділік дәрежесін ба­ғалау үшін 2021 жылы балалар әл-ауқа­ты­ның индексі әзірленген. 2024 жылдан бас­тап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іс­ке қосылды, оның шеңберінде Ұлттық қор­дың инвестициялық табысының 50 пайыз барлық балалар арасында бөлінеді. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іс­ке қосылған 2024 жылдың 1 ақпанынан бас­тап «БЖЗҚ» АҚ 8 млн-нан аса АҚШ дол­ларына 75 329 өтініш орындады (өтініш беру­шілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға аударылды). Оның ішінде тұрғын үй жағдайларын жақ­сарту мақсатында 4,65 млн астам АҚШ дол­ларына 43 781 өтініш, білім алу ақысын тө­леу үшін шамамен 3,35 млн АҚШ дол­ларына 31 548 өтініш орындалған. Есте­ріңіз­ге сала кетейік, нысаналы жинақтарды алу­шы барлық соманы немесе оның бір бө­лігін пайдалануға құқылы, ақшаның пай­даланылмаған қалдығы нысаналы жи­нақтау шотында (НЖШ) қала береді.

Түйін: 

Балаларға қамқорлық көрсету – бұл ортақ жауапкершілік әрі мемлекеттік саясаттың басты басымдығы. Қазір республикада 6,9 млн бала бар. Ресми болжамға сүйене отырып, 2027 жылға қарай қазақстандық балалар санының 8 млн-ға дейін жетеді деп күтіліп отыр. Демек, демографиялық өсу қарқынды, атқарылып жатқан істер де ауқымды. Балаларға жасаған қамқорлық пен мейірім – болашақтың іргесін нықтау болса, бұл тұрғыда мемлекеттің тиімді саясаты өз нәтижесін береді деп сенеміз.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары