Отбасын асырау үшін қанша қаржы керек? Лайықты, жайлы өмір сүру үшін қанша ақша керек? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.
70-100 мың теңге тауып, 125 мың теңге жұмсайды
Өмір сүру деңгейі, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы сараланатын ресми және бейресми есептер жетерлік. 2023 жылдың аяғында Jusan analytics солардың барлығы қамтылатын, үлкен зерттеу жүргізген. Сарапшылар базалық шығындарға, яғни әр адам немесе отбасы үшін сәл де болса жайлы өмір сүруге және басты өмірлік қажеттіліктерді қанағаттандыруға қажет шығындарға талдау жүргізуді ұйғарған.
Дегенмен зерттеу ауқымы тек Алматы мен Астанада тұрғындарын қамтиды. Зерттеушілер осы екі үлкен мегаполистегі қызметкерлерді табыстары мен шығындарына қарай 6 топқа бөлген. Әрбір топтың нақты шектері мен сипаттамалары да анықталған. Атап айтқанда, бұл топтарды «әлеуметтік қамтылуы өте төмен», «әлеуметтік қамтылуы төмен», «төменгі орта тап», «орта тап», «табысы жоғары» және «толық қамтамасыз етілгендер» деп жіктеген.
Талдау нәтижесінде зерттеушілер бірнеше тұжырым жасаған. Мәселен, азаматтардың жартысына жуығының жалақысы базалық шығындарды өтеуге жетпейді. Яғни, олардың табыстары өмір сүру құнын қуып жете алар емес. Соның салдарынан кейбір азаматтар қарызға белшесінен батып, содан шығудың жолын таба алмай қиналады.
Әлеуметтік жағынан өте аз қамтылған азаматтар мен ең көп табыс табатындардың арасындағы табыс айырмашылығы – 10 есе. Бұл қоғамда тапаралық теңсіздік басым екенін көрсетеді. Жоғары инфляция да жеке қаржылық тұрақтылыққа және ақша жинауға кедергі келтіреді. Зерттеуден белгілі болғандай, 70-100 мың теңге алатын азаматтар ай сайын ең қажет деген дүниелерге 125 мың теңге жұмсайды екен, бұл – олардың табысынан 1,5 есе көп.
200 мың теңгеге дейін жалақы алатын азаматтардың күнделікті шығындарды өтеуге ақшасы жетпейді. Айта кету керек, зерттеушілер 200 мың теңгеге дейін айлық алатындарды «әлеуметтік жағдайы өте төмен» санатқа жатқызған екен.
Ал 201-400 мың теңге табатын азаматтар – «әлеуметтік қамтылуы төмен» азаматтар, олардың базалық қажеттіліктеріне табысының 70-100 пайызын жұмсайды.
Қалалар бойынша жеке алып қарайтын болсақ, Алматыда жұмыс істейтін халықтың 51 пайызынан астамының табысы күнкөрісіне жетпесе, Астанада жұмыспен қамтылғандардың 13 пайызының жалақысы күнделікті қажеттіліктеріне жетпейді екен. Бұл ретте, Астанада бір адам бір күнде орта есеппен 8 мың теңге жұмсайды, ал Алматыда 9 мың теңге жұмсайды.
Шығын ең кемі 50 пайыз болуы керек
Ал әлемдік зерттеулер мен ұйымдардың жан-жақты сараланған, зерттелген өлшемдері бойынша, лайықты өмір сүру үшін ең басты шығындар жалақының 50 пайызынан аспауға тиіс. Мысалы, Халықаралық еңбек ұйымы «тіршілік етуге лайықты жалақы» деп азамат пен оның отбасының басты қажеттіліктері – тамақ, киім, баспана және т.б. қамтамасыз етіп, сондай-ақ аздаған қалта шығындарына мүмкіндік бере алатын табыс деңгейі қарастырылады. Қалғанын жинауға немесе қалаған мақсатта тұтынуға кеңес беретін бюджеттік және әлеуметтік нормалар бар. Сонда ғана жақсы өмір сүруге және ертеңгі күнге деп ақша жинауға мүмкіндік туады.
Энгельдің заңына сәйкес табыс өссе, азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесі азаяды. БҰҰ деректері бойынша бюджеттің 60 пайыздан астамы азық-түлікке жұмсалса, кедейлік деңгейі – 50-59 пайыз; 40-50 пайыз – орташа өмір сүру деңгейі, 30-40 пайызы – жақсы, тұрақты өмір деңгейі ретінде бағаланады. Осы тұрғыдан қарағанда, лайықты өмір сүру үшін негізгі шығындар кіріс көлемінің жартысынан аспауы мығым әлеуметтік-экономикалық теңгерім мен әл-ауқат кепілі деп есептесек болады.
Еуропа статистикасы бойынша ең төмен табыс табатын азаматтар өз кірістерінің 80 пайыздан астамын (негізінен тамақ пен тұрғын үйге) жұмсайды, ал жоғары табысты азаматтарда бұл көрсеткішті шамамен 30-40 пайызға дейін төмендейді. АҚШ деректерінде де төменгі 20 пайызға кіретін отбасылар кірісінің 36 пайызын азық-түлікке жұмсайды, ал ең жоғары кірісті 20 пайызға кіретіндер тек 8 пайызын ғана басты қажеттеліктеріне жұмсайды. Бұл тұтыну үлгісі кіріс артқан сайын негізгі шығындарға кететін бөлік күрт азаятынын көрсетеді.
Баға да «басып тұр»
Баға да күн өткен сайын шарықтап барады. Мәселен, осы айда инфляция қарқыны айтарлықтай жеделдеді. Жылдық инфляция деңгейі 10,7 пайызға дейін өсіп, халықтың тұтыну шығындарына түскен қысым күшейе түсті. Бұл – биыл тіркелген ең жоғары көрсеткіштің бірі. Айлық инфляция да өткен айдан бері айтарлықтай өскен.