Әр мықты жазушының өз жолы, өз бағыты, өз тақырыбы болады. Белгілі жазушы Қуандық Түменбай да сондай қаламгер санатынан. Оның егіншілер өмірін суреттейтін шығармалары, реалистік бағыттағы туындылары әдеби қауымнан лайықты бағасын алған. Біз аға жазушымен сұхбатымызда оның шығармашылық өмірбаянына көз жүгірте отырып, әдебиеттегі ізденістері туралы ой өрбітіп, әдебиет жайлы пікірлерін жазып алдық.
– Қуандық аға, өмірбаяныңызға қарасам, әйгілі күрішші Ыбырай Жақаев ауылында дүниеге келіпсіз. Бірақ елден ертерек кетіп қалып, 22 жасыңызда университет бітірген көрінесіз. Даңқты диханмен ауылдас бола тұра сол кісінің жолын өнеге тұтып, күрішші болуға қызықпадыңыз ба? Ол кезде мектеп бітіріп жатқан жастарды еңбек майданына шақыратын «ұран» бар еді ғой!
– Мен Ыбырай Жақаевпен ауылдастықтан бұрын, ол кісінің немересімін ғой!
– ?!.
– Әкелеріміз туыс. Менің әкем Боқайдың баласы, ол кісі Жақайдың баласы. Тек бір себептермен Түменбаев болып кеткенмін. Әйтпесе, жасымнан екі әкем – Боқайдың баласы Сыздық пен Жақайдың баласы Ыбырайдың аузына қарап өскен адаммын. Біздің ауыл – 1929 жылы құрылған «Қызыл ту» колхозы (қазіргі Ы.Жақаев ауылы), оны құрған, атын қойған – менің әкем Боқаев Сыздық. Ыбырай колхоз құрылғаннан бастап күріш еккен.
Мектеп бітіріп, жоғары білім алғым келгенде, әкелерім өздерінің жолын қуып, агроном болғанымды қалады. Сөйтіп, алғашында Ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түскем. Бірақ мына КазГУ-дің Журналистика факультеті маған сұмдық болып көрінді. Оны оқып бітіргеннің бәрі жазушы болып шыға келетіндей еді. Дидахмет Әшімханов, Қонысбай Әбілов, Ұлықбек Есдәулетов секілді сол кездегі жас қаламгерлермен таныс-біліс болғанның әсерінен бе, Ауылшаруашылық институтынан КазГУ-дің Журналистика факультетіне ауысып кеттім. Оны бітірген соң «Лениншіл жаста» (қазіргі «Жас Алаш» газеті) жұмыс істедім.
Әкем бір сөзді, принципшіл адам еді, менің агроном болмағаныма назаланды ма, «Журналист болады екенсің, онда партияға өтіп ал» деді. Ол кезде жастар газетте жүріп партияға өту оңай емес, партияға жылына бір адамды ғана ұсынады. Сосын біреулердің ақылымен Алматы облыстық партия комитетінің органы «Жетісу» газетіне ауысып, төрт жылда коммунистік партия мүшесі болып шыға келдім. Одан соң «Жұлдыз» журналына кеттім.
Елге барып күрішші болмағаныммен өмір бойы ауылымды – күрішті, дәнді, дихандарды жазып келе жатырмын.
3-курста оқып жүргенде тұңғыш әңгімем – «Қайың сапты кетпен» «Қазақ әдебиеті» газетіне шықты. Оның басты кейіпкері Ыбан деген дихан. Ыбырай Жақаевтың прототипі. Кейін тұңғыш кітабым да «Қайың сапты кетпен» деген атаумен шықты.
Жалпы, ел мен жердің, ауылымның тарихын назарымнан тыс қалдырған емеспін. Жазушы ретіндегі негізгі тақырыбым да сол болды. Көркем шығарманы айтпағанда, талай публицистикалық мақалалар да жаздым. Дәнді неге аяламаймыз, күрішті бұрынғыдай қылып неге өсірмейміз деген мәселелерді көтерген публицистикалық кітаптарым жарық көрді.
Күріш егетін Шығыс елдерінің біразын аралап шықтым. Вьетнам, Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония елдерінде болдым. Енді Кубаға барсам деп жүрмін. Кезінде Шиелінің күрішін көріп Куба басшысы Фидель Кастро таңғалған екен, «Мына күріш – күріштің отаны дейтін біздің елдің күрішінен артық қой» деп. 1944 жылы Ыбырай Жақаев күріштен өнім алуда дүниежүзілік рекорд жасады, әр гектардан 175 центнер алып. Оны ғылыми-зерттеу институты есептеп шығарған.
– Сізді қаламгер болуға талпындырған не нәрсе? Жасыңыздан әдебиетке құштар болдыңыз ба, әлде өткен ғасырдың 70-жылдарындағы ауыр еңбектен көз ашпайтын ауылдың тыныс-тіршілігінен ой түйіп, білімге ұмтылмаған адамның өмірінің ауыр болатынын саналы түрде сезінгендіктен елден ертерек кеттіңіз бе?
– Әрине, кім болса да қаламгер боламын дегенше талай жолдан өтеді. Алдымен кітапқа жақын болып, көп оқу, сосын өзіңмен бір топырақта дүниеге келген атақты жерлес қаламгерлердің болуы да үлкен әсер ететін фактор. Жасымнан кітапқұмар болып өстім. Мен туған Қызылорда облысының Шиелі ауданынан Қажымұқан туралы тамаша шығарма жазған, дүниежүзілік әдебиеттің ұлы туындыларының бірі «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбдіқадыров, есімін күллі қазақ білетін ақын Әбділдә Тәжібаев, ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезовтің өзі жоғары бағалаған атақты әдебиеттанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаев, геология-минерология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ғылым академиясының президенті болған Шахмардан Есенов, құрдасым академик Асқар Жұмаділдаев секілді ірі ғалымдар шыққан жер ғой. Міне осыларды естіп-білген адамның қиялына мен де солардай болсам деген ой келетін, армандайтыны заңды нәрсе ғой. Сондықтан өсе келе қаламгерлік жолды таңдауыма ең алдымен даңқты жерлестерімнің әсері себеп болды деп ойлаймын.
Әдебиетке келуіме әкемнің де үлкен әсері бар деп білемін. Ол ұзақ өмір сүрген, көп білетін зерделі адам болатын. Сол кісінің қасиетін бойыма сіңіріп өстім. 16 жасымда Алматыға кетерде әкем маған «Өзіңе, өз еңбегіңе сен. Аштан өлсең де біреуден бірдеңе сұрама» деді. Ыбырай атам болса, «Кетпеніңді адал шап» деді. Сол сөздерді өмір бойы ұстанып келе жатырмын.
Шиелі ауданында «Өскен өңір» деген аудандық газет бар еді, оқушы кезімде соған жазып тұрдым. «Қазақстан пионері», «Лениншіл жас» газеттеріне де жаздық. Былтыр дүние салған жазушы Серік Байхонов досым екеуміз бірге жүретін едік. Ол өлең, мен проза жазамын. Сөйтіп, екеуміз де әдебиетке қатар келдік. Менің кейіпкерлерім негізінен ауыл адамдары. Алматыға келген соң қала өмірін суреттейтін прозаға ауыстық. Дегенмен мен үшін еңбек адамы басты орында тұрады.
– 1990 жылы Мәскеудегі Әдебиет институтын бітіріпсіз. Мәскеу сізге не берді, ол жақтан «советтік өмір салтының», сол кездегі саяси идеологияның астарында не барына көзіңіз жетіп қайтты ма?
– Мен өзі Әдебиет институтына барам деп ойлаған жоқ едім, оған түсу деген қиын нәрсе ғой. Мәселен, сол институттан Олжас Сүлейменов шығып кетті. Ол институтта Тәкен Әлімқұлов оқыды. Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Мәскеуде жас жазушылардың бүкілодақтық кеңесі өтіп, соған қатыстым. Оған барғандарды проза, поэзия, сын семинарларына бөлді. Біздің проза семинарын Анатолий Алексин деген жазушы жүргізді. Ол менің «Біздің үйдің солдаттары» деген повесімді ұнатып, соның себебімен мені Әдебиет институтына кезексіз қабылдады. Сөйтіп, аяқ астынан сол білім ордасына түсіп кеттім.
Әдебиет институтының бергені көп. Басқаны былай қойғанда, ол жердегі әдеби орта, атақты қаламгерлердің лекциясын тыңдау, дүниенің түпкір-түпкірінен келген қаламгерлермен танысу, Евтущенко секілді аты әлемге белгілі қаламгермен кездесу, Ленин атындағы орталық кітапханаға барып кітап оқу дегендердің бәрі білім деңгейіңді көтеріп, танымыңды тереңдетеді. Әр семинар бойынша орыс әдебиетін шұқшиып оқыдық. Толстойды, Чеховты, Достоевскийді, Бунинді бұрыннан білеміз ғой, бірақ соларды әдебиет институты арқылы терең танып қайттық.
Әдебиет институтының жатақханасының 13-бөлмесінде жаттым. Комендант «Сен мұсылмансың ғой, 13 санынан қорықпайтын шығарсың» деп сол бөлмені берді (христиан сеніміндегілер 13 санынан сескенеді ғой. Кезінде сол бөлмеде жатып Шыңғыс Айтматов атақты «Жәмила» повесін жазған. Ол туралы «Айтматов жатқан қорқынышты бөлме» деген эссе жаздым кейін). Жатақхананың коменданты кәрі кісі еді. Мені алғаш көргенде «Ты тоже азиат?» деді. Неге сұрады десем, кезінде Олжас Сүлейменов осында оқып жүргенде жатақханада біреулер оны «азиат» деп кемсітпекші болғанда, соларды Олжекең қуып жүріп сабаған ғой, соның кесірінен оқудан шығып кеткен екен. Кейін Олжастың атақты шығармалары жарық көріп, даңқы дүрілдеген кезде Әдебиет институты ректоры оқуға шақырғанда бармай қойған, «Ол жерге оқуға емес, лекция оқуға шақырсаңыздар барайын» деп.
– Сіз оқыған кездерде ол жерде еркіндік, азаттық мәселелері сөз болатын ба еді, әлде тек барлық сөз әдебиет туралы ма еді?
– Біз Әдебиет институтында оқыған кез 90-жылдар, КСРО-ның шаңырағы шайқала бастаған, қоғамдық пікірлер еркін айтыла бастаған кез еді. Сол кезде Мұхтар Шаханов ағамыз КСРО Халық депутаты болды. Ол кісіге күнде барамыз. Қалтамызға ақша салып жібереді. Депутат болып жүргенде съезде әйгілі Желтоқсан оқиғасы туралы сөзін айтты, соны барып өз құлағымызбен естідік. «Ой, Мұха, ерлік жасадыңыз ғой» деп қуанышымызды білдірдік.
Ол кез саяси науқанның кезі еді. Жұрттың көңілінде еркіндік туралы ойлар пайда болды. Бізбен бірге латыштар, армяндар, грузиндер оқыды. Солардың бәрі әңгімелесіп қалғанымызда еркіндік туралы сөйлеп, өз елдерінің азаттық алып, тәуелсіз мемлекет болуы керек екенін айтатын. Бір дүмпудің болатынын бәрі сезетін. Ақыры, КСРО күйреп тынды ғой.
– Көптеген прозалық кітаптың авторысыз. Тәуелсіздіктен кейінгі туындыларыңызға өмірдің реалистік көріністері жан-жақты ашылып жатады. Өз заманыңыздың тынысын, замандастарыңыз бастан кешіп жатқан қиындықтарын суреттедіңіз. Ал қазіргідей құндылықтарға көзқарас өзгеріп жатқан кезде жазушы үшін жиренетін құбылыстардың түп-төркініне ой жүгірту оңай болмаса керек...
– Қалай дегенде де, біз қазір қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістердің ортасында жүрміз. Өзің де журналист екенсің, білетін шығарсың, бізде әлі күнге қаламақы мәселесі шешімін тапқан жоқ. Мысалы, мен жазам, бірақ жазғаныма ештеңе алмаймын. Еңбегің ақталмайды. Кім үшін, не үшін жазатыныңды білмейсің. Әйтеуір, ойыңдағы нәрсені сыртқа шығарғаныңа жеңілдеп қаласың. Ал енді адамды тұрмыс билейді ғой. Бала-шағаңды асырауың керек. Бұрын, мәселен, «Жұлдыз» журналына қаңтарда повесің шықса, соның қаламақысын ақпанда беретінін білесің. Ол қаламақыны үйіңе әкеп, бала-шағаңның керек-жарағына жаратасың, киім-тамағына жұмсайсың. Яғни, жазу, әдебиет сенің өмір сүруіңе пайдасын тигізетін. Қазір жағдай белгілі, Жазушылар одағы қоғамдық ұйымға айналып кетті, қаламақы жоқ. Бізден гөрі тойға барып ән салатындардың жағдайы әлдеқайда жақсы. Сондықтан менің кейіпкерлерім қоғамнан қағажу көрген адамдар. Солардың бірнешеуі туралы айта кетсем:
«Ұры» деген повесім бар. Ондағы кейіпкерім жолсеріктерге ақша беріп, жолаушылар пойызымен мал тасып жүрген ұры. Сосын «Оқ» деген повесім бар, ондағы кейіпкер Алтынбек Сәрсенбаевтың прототипі. Оқ атылғаннан кейін бәрі тынышталады ғой, енді не болар екен деп. Бірақ қоғам сол бәз-бағы қалпы... Сондай-ақ «Бекеттегі бейкүнәлар» деген романым бар, оның бас кейіпкері – белгілі композитор, Кеңес Одағы кезінде сотталған диссидент Хасен Қожахметовтің прототипі. Ол Кеңес армиясындағы жөнсіздікке шыдамай, әскерден қашып келіп, атақты Бауыржан Момышұлына келіп жағдайды айтады. Сосын саяси листовка таратып жүргенде ұсталады. Кейін Желтоқсан оқиғасы кезінде сотталған. «Төрт амал – тіршілік» деген повесімде атақты математик, академик Асқар Жұмаділдаевты кейіпкер еттім. Шығармада ғалымның әке-шешесі қаладағы баласының қолына көшіп келіп, кейін шыдай алмай, жағдайы мәз емес ауылына қайтып көшіп кеткені айтылады. Ол 90-жылдардағы Қайта құру кезеңінің келеңсіздіктерін, көпірген сөзден басқа ештеңе жоқ, қоғамның қым-қиғаш тіршілігін суреттеген шығарма.
Жазушы еркін ойдың адамы, ол қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерді көріп, соны кейде астарлы түрде жеткізеді. Мен 1985 жылы «Адам» деген әңгіме жазып, «Қазақ әдебиетіне» жариялап сотталып кете жаздаған кезім болған. Әңгімеде Кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы бастан кешкені айтылады. Оқымасаң әңгіменің сюжетін айта кетейін, Ауғанстандағы соғыста душмандардың қолына түскен жігітті: «Сен мұсылман екенсің, өлтірмей-ақ қояйық, еліңе тірі қайтарайық» деп, қол-аяғын кесіп біздің Кеңес армиясы тұрған жерге тастап кетеді. Ол солдаттың әкесі қазақ, шешесі орыс. Оған батыр атағын береді. Бірақ керексіз соғыста қол-аяғынан айырылған адамға батыр атағының не қажеті бар? Сол әңгіменің газетке шығуы мұң екен, мені жан-жақтан сынаушылар қаптап кетті. Тіпті, өз әңгімелерін шығара алмай жүргендерге дейін ақыл айтып жатты. Соның себебінен «үш әріпке» барып «Енді мұндай тақырыпқа бармаймын» деп түсініктеме жазып қол қойдым. Олар да «Енді бұлай жазсаңыз сотталасыз» деп қатаң ескертті. Кейін бұл оқиғаны еске салып, Жарасқан Әбдірашев ағам маған арнаған эпиграммасында:
Мопасан сынды мәңгіге,
Қалам деп, бәлкім, ойлады.
«Адам» деп жазып әңгіме,
Сотталып кете жаздады, – деп жазды. Бірақ елге тараған бұл әңгіме жұрттың көңілінен шықты деп ойлаймын. Мәселен, Талдықорған облысының Ақсу ауданы, Ілияс Жансүгіров атындағы ауылда мұғалім болып істейтін Алмат Жалбағаев деген жігіттен Жазушылар одағына хат келіпті. Ол хатында маған араша түсіп, «Уа, Адам», сен кімсің?» мақала жазған екен. Одақтағылар оны маған берді. Сол хат 25 жылдан кейін «Қазақ әдебиетіне» жарияланды. Бірақ сол хат иесімен әлі жолыққан жоқпын.
Айтпақшы, «Адам» атты сол әңгімем прозашылардың Стокгольмдегі өткен Еуразия әдеби байқауында жүлде алғаны бар.
– Жалпы, реалист жазушысыз ғой. Қоғамдағы түрлі оқиғалар туралы батыл айтасыз. Ащы айтасыз...
– Әрине, қаншама ағымдар болса да, солардың ішінде өмірге ең жақыны, оқырманға әсерлісі реализм деп санаймын. Релистік бағыт өмірді реалды түрде суреттейді. Сондықтан ол тәсілмен жазылған шығармалардағы кей шындықтар тым ащы болып көрінуі мүмкін, бірақ жалған болмайды.
Мен реалистік тұрғыда әйелдер тақырыбына да бірнеше шығарма жаздым. «Қырықтағы қыз», «Бұқа баққан қыз», «Көңілдес» т.б. әңгімелерім бар. Сосын «Еңбек Қызыл Ту орденді жезөкше» деген проблемалық мақала жазғам, жұрт оның жазылу тәсіліне қарап әңгіме деп жүр. Алматыда «Алматы мақта-мата комбинаты» (ел арасында АХБК деген атпен танымал) деген болды ғой, онда кілең ауылдан қалаға оқу іздеп келіп, оқуға түсе алмай қалған қыз-келіншектер еңбек ететін. Соны Назарбаев дәуірінде бұзып, орнына казино салды. АХБК жабылған соң мыңдаған әйел-қыз жұмыссыз қаңғып қалды. Сол жерде атақты Жұмағали Саин көшесі бар, жұмыссыз қалған әйелдер қауымы сол көшенің бойында тұрып, аштан өлмеу үшін амал жоқтықтан жезөкшелікпен айналысты. Солардың бірі, менің кейіпкерім – «Еңбек Қызыл Ту» орденді қыз. Бір кезде еңбегімен жетістікке жетіп, үлкен мемлекеттік марапат алған адам күн көрісі үшін лас тірлікпен айналысуға мәжбүр. Қасірет қой! Кейін сол кейіпкерімді «Дүрбі» деген повесіме пайдаландым. Ол да танымал туынды болды.
– Әр қаламгер қоғамға, қоғамдағы қарым-қатынастарға өзінше ой жүгіртіп, тұжырым жасайтыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда сіздің «Көзбояуы жоқ көріністер» атты циклмен біраздан бері жарияланып келе жатқан эсселер циклыңызда өзіңіз білетін шындықтар ашық айтылып, оқырмандарды қызықтырып келеді. Кейде бүгінде ортамызда жүрген тұлғалар туралы бүкпесіз сыр шертесіз. Бұл – сіз үшін шындықты айтудың формасы ма, әлде айтарымды уақытында айтып кетсем деген ойдан туған дүние ме?
– 1990 жылдың басында бұрын «Вечерная Алма-Ата» газетінің аудармасы ретінде жарық көріп келген «Алматы ақшамы» газеті өз алдына дербес басылымға айналды. Сол кезде оған редактордың орынбасары қызметіне бардым. Бірақ онда көп істемедім. Кейін «Алматы ақшамына» бас редактор болып Қали Сәрсенбай келген кезде «Көзбояуы жоқ көріністер» деген циклды бастап едім, оны Қали газетке тоқтаусыз басып отырды. Оқырмандар тарапынан оған сұраныс көп болды. Ол кез социализм күйреп, өтпелі шақтың ауыртпалығын бастан кешіп жатқан кез еді, кітап шықпай, шықса да оқылмай жатты. Жұрттың бұрынғыдай ұзақ нәрсені оқуға шыдамы жетпейтін болды. Заманның өзі бір түрлі. Қоғамда болып жатқан құбылыстарды түсіну қиын. Жұмыс жоқ, күнкөріс мүлде қиындаған шақ. Ел ауылдан қалаға босып жатыр. Міне, сол кездегі құбылыстарға көз жүгірткен «Көзбояуы жоқ көріністер» халыққа керек болды. Ол бірсәттік көрініс арқылы өмірге баға беру болатын. Былайша айтқанда, ауызға шайнап салу ғой. Оқырманды ойландыру үшін жасалған нәрсе. Кейін жұртшылық арасында резонанс тудырған ол циклым шағын кітапша болып шықты, өзге кітаптарыма да енді. Ол ауылдың да, қаланың да өмірін, интеллигенцияның басынан кешірген жағдайларын да қамтиды.
Жастайымнан зиялы адамдарға жақын болдым. Әлкей Марғұлан, Асқар Тоқпанов, Мұхтар Әлиев, Асанбай Асқаров секілді ірі тұлғалармен көрші болдым. Әлкей Марғұлан – үлкен шежіре адам, әңгімесін «Қарағым, сен де жас емессің» деп бастайтын (ол кезде жиырмадан енді асқан шағым). Асқар Тоқпанов болса, өте шешен адам. Ешкімнен қорықпайды. Кезінде партбилетін лақтырып тастап кеткен адуын кісі. Мұхтар Әлиевті бір повесімнің кейіпкеріне прототип қылдым. Асанбай Асқаров туралы да жаздым. Үлкен лауазымды қызметтер атқарған Асанбай аға түрмеде төрт жыл отырам деп ойлады ма? Түрме адам таңдамайды, оған түсетін адамның маңдайына сонда отыру жазылады. Соны айтқым келді ол туралы эссемде. Мұхтар Әлиев болса, Құдай оны оташы қылып жаратқан адам ғой, ол табиғатында министр болатын, ел билейтін кісі емес еді. Оның бағы – ота жасап, адамның жанын алып қалуда. Сондықтан ол туралы жазғанымда әркім өз кәсібіне адал болу керек дегенді меңзедім.
«Қоңырауы бар адам» деген шағын эсселерімде шенеуніктердің образын жасадым. Теренкурдың бойымен келе жатқан бұрынғы шенеуніктің артынан бір қоңырау шыр ете қалады, сөйтсе ол адымөлшегіш (шагомер) екен. Ол тоқтайды да қасындағы адамға «Мен сенің кесіріңнен 10 метр жерді артық жүріп қойыппын» деп бұрылып алып, қоштаспастан кетіп қалады. Олар енді кісіге жаны ашуды білмейтін, тек қоңырауға бағынып өмір сүретін тірі өліктер ғой. Сондайлар кезінде ел биледі. Қазір де бар...
– Бүгінгі әдебиет туралы не айтасыз? Әдебиетіміз қандай бағытта дамып жатыр, қандай жаңалықтар бар? Не байқалады?
– Жасырмаймын, соцреализмнен шыққан адаммын. Біздің қатарымыздың бәрі сол ағымның өкілдері деуге болады. Қазір «измдер» көп қой, бәрін оқимыз, бәрін білеміз. Бірақ бізге реализм ыстық. Біз енді бәрібір өзге ағымға қызмет ете алмаймыз.
Жазып жүрген жас жігіттер бар, бірақ маған Тәкен Әлімқұлов, Сайын Мұратбеков, Қалихан Ысқақтар жақын. Олардың прозасын кейінгілерге айырбастай алмаймын.
Қазіргі проза өкілдері батысқа көп еліктейді. Жарайды, батысқа еліктеп жаз, бірақ өзіңнің дәстүріңді ұмытпа. Шығармаңнан қазақ болмысы аңқып тұрсын!
Мен Жазушылар одағы проза кеңесінің төрағасымын, неше түрлі қолжазба оқимын. Байқағаным, әркім қалай да өзінше жазғысы келетін сияқты. Ол әдебиет теориясын көзге ілмеу сияқты көрінеді. Әдебиет теориясы қаншама ғасырлық тәжірибелер негізінде жасалған ғылым. Ол әр жанрдың ерекшелігін әбден айқындап көрсетеді, көркемдік шартын ұғындырады. Сондықтан әңгімең – әңгіме, повесің – повесть, романың – роман болуы шарт. Қазір проза кеңесіне келген кей шығармаларды оқысаң, әңгіме дегені сюжет, тартысы жоқ жай суреттеме болып шығады. Сосын жұрттың көбі эссешіл болып кетті, бірақ эссе деп жүргендері жай мақаланың деңгейіндегі бірдеңе екенін ойламайды. Эссе деген көркем шығарманың негізі, бастауы. Эсседе көркемдік, эпикалық сарын болуға тиіс.
Біз «Абай жолынан» бастап, қазақ жазушыларының көркемдігі жоғары туындыларының бәрін оқып өстік қой. Ал қазіргі жазушы болғысы келіп, түрлі «измдерді» шарлап жүрген жастардың, басқаны былай қойғанда, «Абай жолын» бір рет оқып шықпағаны көрініп тұрады. Олар Сартр, Хемунгуэй, Мо Ян секілді шетелдік жазушыларды оқыған шығар, бірақ қазақ жазушыларын оқымаған адам қалай қазаққа жазушы болады? Әңгімесіне «Бильярд», «Подъезд», «Лифт» деп техникалық мәнде ат қоя салатын жазушы көркемдікті, ұлттық әдебиетті терең түсінеді деп айта аламыз ба?
Қазір «жазушымын» дейтіндер көбейіп кетті. Бірақ нағыз жазушылық деген басқа нәрсе. Әдебиетке бар өміріңді арнамасаң жазушы бола алмайсың. Бірақ мына бүгінгідей кезде жазушылықпен өмір сүру қиын. Жұрт кітап оқи бермейтін заманда жазушы болу қажетсіз нәрсе сияқты көрінетіні де бар, бірақ жақсы әдебиеті бар ұлт болмаса оның несі ұлт?
– Мәнді, мағыналы әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан –
Ахмет ӨМІРЗАҚ