2 маусым күні кешке Астанадағы Республика даңғылында ірі жол-көлік оқиғасы орын алды. Қалалық маршруттық автобус жолаушылармен бірге бағанға соғылды. Оқиға салдарынан кемінде 10 адам зардап шекті, олардың бірі ауыр хәлде, деп хабарлады turkystan.kz.
Астана қалалық полициясы аталған жол апатына байланысты тергеу жұмыстарын бастады. Алдын ала мәлімет бойынша, жүргізуші бағыттық қозғалыс кезінде маневр жасау барысында көлікті басқара алмай, ақпараттық тақтайша орнатылған тірекке соғылған.
«Жол апаты салдарынан зардап шеккендер бар. Оларға жедел жәрдем қызметі алғашқы медициналық көмекті көрсетіп жатыр. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір жан-жақты тексеру жүргізілуде, барлық мән-жайлар анықталып жатыр», — деп мәлімдеді елордалық полиция департаменті.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Республика даңғылындағы апатта зардап шеккендерге қатысты алдын ала ақпарат таратты.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 10 адам түрлі жарақатпен қалалық стационарларға жеткізілді. Зардап шеккендердің екеуі Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізілді. Барлық тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — делінген ведомство хабарламасында.