Шын дарынның шырқау биігі

/
Шын дарынның шырқау биігі
ашық дереккөзден

ХХ ғасырдың 70-80-жылдары – қазақ сөз өнеріндегі  ру­ха­ни-эстетикалық ерекше серпілістің кезеңі. Поэ­зия­да да, прозада да жаңа эстетикалық крите­рий­лердің, гу­манистік-демократиялық жаңа ұстындардың қалыптаса бастаған ша­ғы. Рухани түлеудің соны белгілерін таныта бастаған осы кезең қа­ламгерлері біздің санамызға әлдеқайда күштірек ықпал жасай бас­тады. Сол тегеурінді толқынның алдыңғы легіндегі Ә.Кекілбаев: «Тұр­мыстың қатал илеуінде жүріп, тауқымет-таршылықты қаншама тарт­са да, көзбояушы көлгірліктен ауылы аулақ, шындық пен ақи­қат­тың алдында қаймықпай жүгінуге батылдары жететін, рухани жүкті көтеріп әкетуге іштей зор дайындықпен келген, орыс пен Ев­ропа мәдениетін тең игерген әрі халықтың қалың ортасынан шыққан бұл буынның көп өкілі әдебиет табалдырығынан аттамай жатып-ақ, қым-қиғаш тіршіліктің қиыр-шиыр күрделі сырларына қаймықпай үңіле бастаған-ды. Сондықтан да қазақ әдебиетінің сол кездегі даму барысы оларды қанағаттандырмады» – десе, ұлттық көркем ой бағ­дарындағы соны ізденістер сипатын аңдаған Р.Нұрғали: «Балалық, бозбалалық шағы соғыс кездерінің қылыштан қан тамған қаһарлы, жаралы жылдарымен дөп келген ұрпақ өкілдерінен шыққан қалам­герлердің баршасына ортақ қасиеттер бар: ең алдымен бұлардың қай­сысын алсаң да, өмірдің қара қазанында қайнап піскен, тірші­ліктің тас диірменінде әбден тартылған адамдар. Қаламнан өмірге келмеген, өмірден қаламға келген. Шығармашылығындағы басты сипат, басты құнар – өмірдің лебі, тіршіліктің бояуы», – деп бағалады. 

Мұндай жанды қозғалыстар әдебиет сыншылары мен зерттеушілерден соны ізденістерді талап етті. Ғылыми ойлау қары­мы мен көркем ойлау жүлгесі терең эсте­тикалық танымға суарылған Рымғали Нұр­ғалидың өзі де осы толқынның жар­қырай шыққан өкілдерінің бірі еді. Әде­биеттанудың барлық салалары мен көркем про­за саласына қалам тартқан дегдар мұра­ларының қайсы болмасын шапшаң ой­лау мен балталасаң бұзылмайтын логи­ка­лық тұтастықты алдыңа тартады. Ға­лым­ның логикалық ойлау даралығы тарихи уа­қыттағы әдеби өзгерістердің заңды­лық­тары мен көркем ойлаудың әмбебап сипат­та­рын қапысыз тани алушылықты қажет­сі­нетін әдебиет теорияшысына тән айрық­ша қасиеттен екені даусыз. Өйткені әдебиет теориясы нақты бір әдебиеттанушылық зерт­теулерге қарағанда әдеби шығарма­шы­лықты өнердің бір түрі ретінде айғақтай­тын жалпы мәселелерді шешуге негізделеді. Яғни, теорияшы көркем туындының құра­мы мен құрылысынан бастап, сөз қызме­ті­нің эстетикикалық мүмкіндіктерін, әдеби шығармашылық генезисінің жалпыға тән заң­дылықтарын барынша ауқымды (әлем­дік) масштабта саралай алуға тиіс. Ол үшін теорияшы өзіне дейінгі адамзаттық көркем даму динамикасы мен теориялық ой-пікірлер жиынтығын игереді. Жастайынан жарқ еткен алғыр ғалымның тұлғаны жеке алып қарастырудан басталған зерттеушілік жолының бірте-бірте ірі-ірі теориялық мәсе­лелерге ойысып кетуі де оның бойын­дағы осынау ерекшеліктердің молдығынан болар. 
Әдебиетке тән ортақ заңдылықтар сы­рын игере алу мен ұлттық ерекшелікке сай көр­кемдік-идеялық жаңа сапаны жіті та­ныған Р.Нұрғали ХХ ғасырда қазақ әде­бие­тінің эстетикалық құрылымы мен жанрлық жүйелеріне шешуші өзгерістер келгеніне терең­деп бойлай алды. Әсіресе, қуатты қар­қын танытып, батыл түрде жаңа тәжіри­белер жасай берген драматургияның біз әлі танып білмеген жанрлық түйткілдерін ұлт­тық әдебиет мысалында бажайлаған «Тра­гедия табиғаты» (1968) әдебиеттану ғы­лымына тегеурінді теорияшының келге­нін толық әйгіледі. Аталмыш еңбек М.Әуе­­зов трагедияларының тылсымын ашу­мен қатар, жанр мен стильді әдеби-теориялық талдау­дың әдістемелік үлгісі болғанымен де құн­ды. Маркстік-лениндік деп аталатын әдіс­на­маны жаппай ұстанған уақытта бұл зерт­теу әлеуметтік-идеялық талдаудың тұйы­ғын бұзуға өзгеше серпін бергені рас. 
Қазақ драматургиясының поэтикасы, жанрдың типологиясы мен ұлттық көркем танымға етене ерекшеліктері кейін «Күре­та­мыр. Қазақ драматургиясының поти­ка­сы» (1973, «Қазақ драматургиясы» (1974), «Айдын» (1985) атты сүбелі еңбектерінде терең­детілді. Осы зерттеулер ұлттық дра­матургияның жанрлық эволюциясына ар­налған очерк сипатындағы зерттеу­лер­ден ғылыми аппараты толық, таза әдеби-теориялық талдаудың қандай болатынын дәлелдегендей.
Р.Нұрғалиды әдебиет теорияшысы ре­тінде анағұрлым айқын танытқан ең­бек­тері – «Өнер алды – қызыл тіл» (1974) мен «Өнер­дің эстетикалық нысанасы» (1979). Әдебиеттің тың сорапқа бет алуы, тым-тым күрделенуі көркем шығарма талдаудың жаңа әдіснамасын қалыптастыруды қажет­сінді. Ол үшін зерттеушілердің мықты тео­­­риялық тұғыры, әдеби туындыны ғы­лыми-эстетикалық талдауда арқа сүйейтін еңбектер қажет еді. Ұлттық сөз өнерінің жаңа белесі әдебиеттану алдына жаңа мә­селелер қойды. Әлемдік әдеби үдерістегі ор­тақ құбылыстар табиғатын тарихи-са­лыстырмалы тұрғыда қарастыру бары­сын­да зерттеушілерді үнемі тығырыққа тіреп отырған терминологиялық мәселелер, көп­теген әдеби-теориялық ұғым алдымыз­дан шықты. 
Зерттеуші адамзат көркем ойлауының ірі сатыларындағы дәуірлер ауысуы, әде­би бағыттар мен ағымдардың алмасуы та­рихи жүйелі тәртіппен, сатылы түрде жү­­зеге асу заңдылықтарына, әлем әде­бие­тін­дегі классицизмнің романтизмге, ро­ман­тизмнің реализмге, натурализмге, мо­дернизмге ұласып отыруы сынды үрдістерге ден қойғаны танылады.
Сол кезеңдегі ұлттық әдебиеттану ғы­лымының деңгейімен және тарихи-саяси ахуалды ескерсек, Р.Нұрғалидың басты ер­ліктерінің бірі – модернистік ағымдарды түбегейлі мансұқтамауға шақыруында. Ол модернистік ағымдарды бір жақты қара­лаудан арылтуға назар аударып, «Қазіргі мо­дернистер, декаденттер құр форма қуушылар емес, олардың дүниетанымы өзе­гінде философиялық концепция жатыр, ал әлем әдебиетіндегі жемісті бағыт – қо­ғамдық дамудың тәжірибесі тудырған адам табиғатындағы мың сан құбылыстар еке­ніне жазушылар түгел ден қойған» деуі ағым­дар табиғатын тереңдеп зерделеудегі көп ілгерілегендікті аңдатты. 
Ғалымның әдебиеттанушылық көз­қа­рас­тарының өзегінде жанр, ағым, стиль, әде­би мектеп, әдеби үдерістің өзіндік заң­ды­лықтары сияқты ұғымдардың аражігін ажы­ратып, басты сипаттарына қарай жүйе­леу сынды ауқымды мәселелер жатты. Ол қаламгерлердің рухани және эстетикалық ұстанымдарының өзара сәйкестігінен келіп шығатын тақырыптық, жанрлық, стиль­дік үндестіктердің нақты бір әдеби заң­дылықтар аясында түзілетініне баса на­зар аударды. Аталмыш еңбектердің ұлт­тық ғылыми-зерттеушілік ой-пікірге, адам­заттың көркемдік дамуына ортақ, ауқымды теориялық категорияларды қазақ әде­бие­тінің мысалында, әдебиетіміздің өзіндік да­му тенденцияларымен ұштастыра  қарас­тыруда өлшеусіз табыстар болғаны аян. Оның сыртында өз дәуірінің әдеби үрдісін жіті қадағалап, сергек үн қатып отырған сыни мақалалары мен Алаш қайраткерлері мұраларын жан-жақты саралаған қыруар еңбектері тұр. 
Ең әуелі сыншы, әдебиеттанушы-ға­лым деп білетін Рымғали Нұрғали­дың жазушылық шеберлігін, көркем про­заға қосқан қомақты үлесін тарамдатып айта бермейтініміз, тұлғаның көп қы­ры­ның бірі ретінде атап қана өтетініміз рас.  Оның дербес жазу машығын, өмір құбы­лыс­тарын көркем игерудегі жеке стилін та­нытатын прозалық туындылары әде­биет­­тің түрлі мәселелеріне арналған қа­быр­­ғалы зерттеулерінің көлеңкесінде қа­лып қоя беретіні бар. 1980-жылдардың ба­сында-ақ мерзімді баспасөз беттерінде же­келеген бөлімдері өз алдына жеке хи­каят­тар болып жариялана бастап, кейін «Ай қанатты арғымақ» болып тұтас ро­ман­ға айналған шығармасы, дәуір дидарын өзіндік әдіппен жеткізе алған «Дән» повесі, «Аяқ­талмаған трагедия. Полигон әңгі­ме­лері» циклы Р.Нұрғалиды белді прозашы ре­тінде танытты. Бұл туындылар өңкей ке­лісімнен тұратын, көркемдігі мінсіз туын­дылар демесек те жазушылық шебер­ліктің, суреткерлік қабілеттің айқын мы­сал­дары болуға лайық. 
Көркем шығарманың ой өзегі мен тақырыбы ұзақ жыл бойы зерттеп, ұңғыл-шұңғылын меңгерген саладан болуы да дүниетанымдық мәселелермен тамыр­лас. Әбден қаныққан, ғылыми таным сүзгі­сінен өткізген ұлттық драматургия тарихы, оның басты өкілдері туралы жинақталған бі­лімді ғылыми өнім ретінде ұсынумен қа­тар, көркемдік тұрғыдан игеру өзінің таң­даған, игеруге ұмтылған нысанына де­ген шексіз берілгендік, ішкі рухани қа­жет­тілік екені дау туғызбайды. Ұлттық әде­биет­тен мұндайлық мы­сал­дардың бірне­шеуін көр­сетуге болады. Тіпті, ұлы Мұхтар Әуезовтің Абай тақырыбындағы көлемді туын­дысының ой өзегі де суреткер шы­ғар­маларын ғылыми зер­делеуден басталғаны бел­гілі. Бұл орайда Р.Нұр­ға­ли­дың суреткер­лігі әде­би-теориялық терең толғамдарын, зерт­теушілік қарымын көркем тәжірибеге ай­налдырған З.Қаб­доловтың жазушылық жо­лына көбіне келіңкірейтіндей. Осыған сәй­кес мынадай сұрақтар тууы заңды: Әде­биет зертттеуші көркем шығар­маны өзіне етене таныс тео­риялық қисындарға негіз­деп жаза ма? Шығарма құрылымы мен маз­мұ­ны ғылыми танымға тән берік логи­каға бағы­н­ды­рыла ма? Түрлі «изм­дер­ді» саналы түрде меңгер­ме­ген жазушы мен ға­лым-жазушының шығарма­шы­лық ше­берханасы, өмір шындығын көр­кем шын­дыққа ай­налдыру прин­цип­терінде айыр­ма­шылықтар бола ма? Осы төңі­рек­тегі ой­ла­ры­мызды «Ай қанатты арғымақ» ро­ма­нының мысалында сабақтап көрейік.
Роман экспозициясы аса ширыққан си­туа­циядан басталып, шығарма драматиз­міне бірден бастап кете барады. Әлеуметтік фонды айқындап алу, салған жерден тари­хи ахуалды емеуріндеу кейіпкерлердің ше­тін психологиялық күйіне ұласады. «Не бо­лып кетті өзі? Жиырма тоғызыншы жыл­дың соңғы бір-екі күні Жұматтың тұнығын лайлап, берекесін алды ғой.
Ұсталып жатыр дейді. Әр жерде ұстал­ған: Алматыда, Ташкентте, Москвада, басқа қалаларда. Өзін ұстап алса қайтеді? Ұстаса ұстасын. Аналардан жаны тәтті ме, дарыны ар­тық па, ұлттық классикалық шығарма жа­­зып па – сондай дүниелер тудырған алып­­тарды қамап жатса, қатардағы кө­ген­көзге не шара, кете барады жылап-сықтап». Шығарма экспозициясынан-ақ айналадағы әлеуметтік-психологиялық күрделі ахуал­дың  алдағы ширыққан тартысқа бірден ұласып кетерін байқар едік. Бұл романдағы орталық тұлғаның, яғни қазақтың тұңғыш режиссері, ұлттың ұлағатты перзенттерінің бірі – Жұмат Шаниннің ішкі буырқанысы. Жас­тайынан бір-біріне іш тартып, балалық­тың алаңсыз шақтарын бірге өткерген, бірақ заманы мінез бен өмірлік ұстындары­на көп өзгерістер әкелген Бақтияр мен Жұ­маттың диалогы шығарманың ендігі өрісін аңдататын, туындының жұлын-
жүл­гесін құрайтын құлақкүй ретінде алынады. 
Асылы, романшының негізгі діттегені Жұмат сынды тарихи тұлғаның көркем об­ра­зын жасау болғанымен, оның айнала­сын­дағы адамдар, олардың бейнесін бар қа­рама-қайшылығымен, ішкі рухани өзге­рістерімен бейнелеп көрсету, олардың дү­ние­танымдық өзектерін, ойлау кеңістігін ақ­тару да алдыңғы кезекте тұрады. Әу бас­тан сахнаға шыққан Бақтиярдың кісілік бол­мысы туралы қалыптасқан пікіріміз ше­гініспен өрілген сюжеттерден кейін өзгеруге ұшырайды. 
Кезіндегі бозбала Бақтияр қандай еді? Қаладағы оқудан келісімен Жұматқа дос­тық іңкәрлікпен құлшына асығатын, ай­на­лаға бауырмалдықпен көз тастайтын, ар­ман­шыл Бақтияр неге осынша тозған? Оны қатыбас қылған нендей жағдай? Осылайша, қаламгер Рымғали образ характеріне бір­жақ­ты баға беруден, жалқы бояуды пай­да­ланудан бойын аулақ ұстап, көбінесе дү­ние­танымдық кереғарлықтар мен ішкі қай­шылықтан туындайтын тартыстарға ден қойды. Жазушы үшін дүниетанымдық төңкерістер мен санадағы тартыстар мәнді. Р.Нұрғали өзінің жазушылық машығында әр кейіпкердің мінезінің өзгеру дина­ми­касын, характер эволюциясын танытуды қо­лайлы көреді. Дайын мінезді кейіпкерлер ол үшін жат. 
Құжаттық негізден ауытқымау, нақты та­рихи деректердің айналасынан ұзап шық­пау әдеби шығармашылықтың эсте­тикалық заңдылықтарына қайшы екені белгілі. Өмір шындығын өнер шындығына ай­налдырудың сан алуан тәжірибелерін мең­герген және зерттеген Р.Нұрғали Жұмат өмі­рінің деректік негіздерінен шығандап кет­песе де, құрғақ фактыдан белгілі бір ара­қашықтық сақтап отыруды білді. Ол ойы үнемі жүзеге аса бермегенімен, роман­дағы көркем ойлаудың мінсіз үлгілері бо­латын мысалдар жетіп артылады. Сон­дық­тан да тарихи тұлға табиғатындағы мінез­дер төркінін қаламгер түрлі уақыттық және кеңістік өлшемдеріне салады. Шығарма­дағы Жұмат-Бақтияр, қара жұмыстағы қа­зақтар мен Жұмат, Жұмат – Жанбике, Жұ­­мат – Дәрібай, Жұмат – Сәлімрахман т.б. сю­ж­еттік желілер пьесаның жеке-жеке ак­ті­лері әсерін қалдырады. Бұл желілерде кейіп­кер әрекеттерін психологиялық дәйек­­­темеге қатал негіздеп отыратын, қо­ғам­дық жағдай мен характердің тұтасты­ғы­на негізделген реалистік бояу мен ро­ман­­тикалық ұмтылыстар алмасып отырады. 
Қайшылықты кезеңнің ауыр шын­ды­ғын арқалаған Дәрібайдың бейнесі ше?! Әке­сін баласынан айырған кер заманның күр­делі болмысын жазушы осы кейіпкердің құй­қа тамырыңды шымырлатар толға­ныстарына жүктейді. Дәрібайдың ішкі на­ласы, баласын сағына боздаған мұңы, ең соңында жалғыз ұлдың жолында құрбан болып оққа ұшуы бәрі-бәрі шығарманың экспрессивті-эмоционалды қуатын күрт арттырып жібереді. 
Көркем туындыдағы Жұмат өмірінде айрықша із қалдырған оқиғалар, адам­дар, олардың санасындағы сан сапалақ өз­герістер, рухани ауытқулар, дүниета­ным­дық қақтығыстар суреттеле келіп, ұлт тағ­дыры, ұлт болашағы дейтін ауқымды идея­­­ға тоғысады. Жұмат болмысындағы мак­симализм мен Бақтияр санасын әбден иектеп алған нигилизм тартысы сол шақ­тың тарихи-әлеуметтік алғышарттарымен астасып, дәуір келбеті шынайы қалпымен ұсынылады. Жұмат трагедиясының төркі­нінде ұлттың  трагедиясы жатыр. 
Біздіңше, Р.Нұрғалидың көркем ойлау көкжиегін оның ғылыми таным жүлгесінен бөліп алып қарау бекершілік. Ғылыми та­нымға тән мықты логика, дәлдік пен нақ­тылық көркем шығармаларда өз ізін тас­тап отырды. Шығармашылық психологияда бола беретін мұндайлық сипаттар, әсіресе, қаламгердің прозасынан аңдалып отырады.

ЖАНСАЯ ЖАРЫЛҒАПОВ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, 
филология ғылымдарының докторы

 

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары