«Қазақтың тарихы – тілінде» деген қалыптасып қалған ұлағаттың ақиқатын айтуымызға да, жазуымызға да ауыр, бірақ ешқашан айналып өте алмайтын, халқымыздың басынан кешкен қасіретті заманы туралы толғанғанда, анық көзімді жеткізе түскендей боламын.
Анығын айтар болсақ, біздің буын әдебиетке құмар болдық, жұртымыздың көне мұраларын оқып отырғанда, қайғы-зар сипатталатын, елінің трагедиясы ананың зарымен айқындалар тұстарда жүрегіміз шымырлап, жүйке-жүйеміз босаңсып сала беруші еді!
Шындығында, қуанышы мен шаттығын, қайғысы мен мұң-зарын қазақ сияқты шынайы да әсерлі бейнелеп бере алатын халық жоқ-ау, сірә?!
Елдің де, жекелеген азаматтың да қара басын қадір тұтып, жоқтай білген, естіртуіне де мән берген жұрттың өкіліміз. Ата-бабаларымыздың жүріп өткен жолдарына құрметпен қарауымыздың сыры да осында жатса керек. Асан қайғы, Бұқар жырау, одан берідегі Дулат, Шортанбай, Мұрат ақындардың келешекті анық болжаған өлең-жырларының тууы таңғалдырмай қоймайды. Отаршылдық империяның зауал тудыратынын Мұрат ақын қалай тауып айтқан десеңізші: «Еділді тартып алғаны, Етекке қолды салғаны, Жайықты тартып алғаны, Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны, Ойдағысы болғаны», – деп зарлаған Мұрат ақынның көріпкелдігі әлем жұрты аңыз қылған Нострадамустың сәуегейлігінен еш кем емес.
Әрине, кез келген ел перзенті секілді, туған топырақ, ардақты ата-бабалар тарихына үлкендеріміздің айтуымен қанықтық, өз бетімізбен де оқып-тоқып өскен жайымыз бар. Қазақта Бекасыл деген әулие өткенін ертеден естіп өстік. Атақты Мәшһүр Жүсіп әулиенің ниеттес сырласы болғанын, діни ілім алғанын көпшілік білсе керек. Сол Бекасыл бабамыз, біз сөз қылғалы оқталған зұлмат заман туралы былайша ақтарылған екен:
«Зұлмат заман келе жатыр, құл-құтан көтеріліп, ылғи жалаңаяқтар ел басқарып, қаныңды судай шашады. «Жылан тақыр» боласыңдар. Көмусіз адам көбейеді. Қырғын соғыс болады. Сөйтіп, көрер көзге жарқын, бірақ іштен іріп жатқан бір заман басталады. Көлік төрт дөңгелекті темір болады. Аспан жол болады. Имандылық азаяды. Өнеге тозады, қасиет азады. Жастар ит ішпейтін сусынға құмар болады. Тірі жетімдердің саны артады. Бірақ осының бәріне ертелі-кеш Алланың бір тыйымы болады».
Ал енді осылардың бәрінің қолмен қойғандай шындыққа айналғанына күмәніміз бар ма?!
Ойламаған жерден омыраулап келіп, қазақтың өз жерін қаншама аранын ашқан жауларынан қорғаймын деп, әлсіреген, қансыраған шағында, көптігіне, күшінің басымдығына сүйеніп, озбырлық танытқан, біресе саяси қитұрқылықпен момын халықты алдап-арбаған, біресе ашық басынып, зорлық-зомбылық көрсеткен империяның шылауына түсуі – бұл осы қайсар жұрттың басына түскен бұрын-соңды кездеспеген сынақ болатын.
Міне, біздің халқымыздың басына түскен аса қасіретті кезең туралы көреген, даналарымыз көне замандардан бері қарай, осылайша болжам айтып, жұртына ескертіп, сақтандырып келген екен, амал нешік, басқа түскен ауыртпалықтан ешбір халық құтыла алмаған. Мәшһүр Жүсіп империя озбырлығын хатқа түсіріп, «Сарыарқаның кімдікі екені» деген сияқты отаршылдық саясатты әшкерелеген, қарғыс айтқан бірнеше поэма, дастандар жазып қалдырған адам, мұның бәрін ол, түптің түбінде жұртым империяның анық пиғылынан хабардар болсын деп, сақтандырып, ескертіп жазғанға ұқсайды. Даналардың ондай сәтте үнсіз қалмайтыны анық.
Ең таңғалдыратыны, елім деп еміренгендердің баршасы отаршылдың нысанасына айналған шақта, Мәшһүр атамыздың империяның қырағы көзінен аман қалғаны. Әулие өз ажалымен өмірден өткені мәлім. Бұл сол кездегі озбыр қоғам үшін таңданарлық жайт. Кездейсоқтық па, әлде, Алланың сүйген құлына жіберген періштесінің желеп-жебеуі ме, кім білсін?!
Енді, осындай дана, көреген әулиелеріміздің құтын қашырып, санасы сергек жұрт зиялыларын қынадай қырған осы бір зұлмат кезең – тарих арнасындағы болмай қалмауы мүмкін емес заңдылық па, әлде Сталин секілді озбыр тиранның жеке шешімімен іске асқан қырғын ба, осы сұрақтың жауабы, біздіңше, әлі толық ашылған жоқ. Сол тарихи озбырлықтары үшін ешкім де кешірім сұрап, ұрпақ алдында кешу сұрамады. Ал неміс халқы көрегендік танытты. Екінші дүниежүзілік соғыстағы фашистік Германияның саяси қателіктері үшін бүкіл дүние жүзі халықтарының алдында кешірім сұрады. Гитлердің озбырлығы үшін әлем алдында бас иді. Одан ұтпаса, ұтылған жоқ.
1937-1938 жылдарда бүкілодақ бойынша қанды террор-репрессия жүргенде, осы республикалардың ішінде өзгелерден әлденеше есе қиянат шеккен қазақ халқының жазығы не еді? Ойлаудың өзінен ойың түршігетін зұлматқа неге тап болдық? Халқы тұтастай ашаршылыққа ұшырап, жұртының ең таңдаулы оқыған зиялылары жазықсыздан жазықсыз жалған жала жабылып, «халық жауы» атанып, көздері жойылғаны заман үшін әділет пе?
Біздің зерделеуімізше, бір халыққа деген осыншалық озбыр пиғыл, жеккөрініш, жауыз көзқарас ешбір мемлекеттің тарихында болмаған!
Әрине, әрқандай пікірге дәлел керек екенін білеміз. Онсыз да бұрынғы қызыл империя саясатына бүйрегі бұратындар қазақ көрген қиянатты ескергісі келмейді, ұлтын сүйетін, оның тағдырына жаны ауыратын әрбір адал жүрек мұны аңғармай қалмайды ғой. Сол үшін де салыстырмалы деректерге жүгінеміз, сонда біздің айтқанымыздың ақиқаты айқындала түспек.
Қазақстанда лагерь көбейген...
1937-38 жылдары бүкілодақтық есеп бойынша, он бес республикада қызмет істеген азаматтардың ішінде «халық жауы» атанып, жазаға іліккендердердің жалпы санынан, орташа есеппен алғанда, қазақ өкілдері екі есе көп болып отырған. Нақтылай түссек, қазақтан шыққан «халық жаулары» грузиндерден екі есе, орыстардан үш есе артық, татарлардан төрт есе, ал өзімізбен туыстас жұрт өзбектерден бақандай бес есе көп болған!
Осы деректердің өзі, Сталиндей тежеусіз билікке ие болған аяусыз қатыгез диктатордың қазақ халқына «айрықша назары түскенінің» айғағы болмай ма? Бұл – біздің ешқандай да бояуын қалыңдатып көрсетуіміз емес!
1985 жылдың сәуірінен басталған «қайта құру» заңсыз қуғын-сүргінге ұшыратқан оқиғалардың құпиясының бетін ашып, тарих «ақтаңдақтары» (орысша «белые пятна») ақырындап ашық айтылып, жариялана бастады. Осы кездерде, газет-журнал, кітап бетін ашпайтындардың өзі оқымыстыланып кеткендері есімізде. Өйткені халық әбден ақиқатқа шөліркеп, шынайы тарихты аңсап, зарығып күткен болатын! Өйткені, әсіресе, қазақ отбасында «халық жауы» аталмаған, осы қарғыс атқыр саяси жазаға ілікпеген шаңырақ немесе әулет жоқ еді. Не атасы, не әкесі, не ағасы, тіпті, әжесі мен анасы, бауырлары осындай қаһарлы жазаға іліккен.
Қаншама жыл бойы «халық жауы» немесе «халық жауының баласы», «ұрпағы», «туысы» деген жалалы, зәбірлі атақпен өмір сүру, жазықсыздан-жазықсыз әлдекімдер саусағымен нұқып, көзіңе шұқып көрсеткен наласымен жер басып жүру оңай болып па?!
Сталиндік жазалау машинасы өз саясатына бағынбағандар былай тұрсын, өзгеше ойлайтын, саналы, білімді, жан дүниелері таза, ізденгіш, озық ойлы адамдарға қырғидай тиді, ақылдыларды өздерінің жауы санады. Осы залымдық салдарынан миллиондаған адам – халық үшін еңбек еткен қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен ақын-жазушылар, қысқасы өз қоғамының ең озық ойлы, таңдаулы зиялылары соқыр саясаттың нысанасына ең алдымен ілікті. Ең сұмдығы – олардың өздері ғана «халық жаулары» атанып қойған жоқ, олардың бала-шағасы, жары, үрім-бұтағы, әкесі мен шешесі тегіс қудаланды. Сол шақта зиялы қауымның өздеріне, әйелдеріне, балаларына арналған лагерьлер пайда болды.
Жүйені құрушылар бұл оспадарлықтарын ақтау үшін «коммунистік мемлекеттік аппарат қатарын тазарту» деп атады. Әуелгіде, «біз ең әділетшіл, ең бейбітшіл, адам мүддесін қорғаушы, коммунизмге келе жатырмыз» деп ұрандатқан саясаттың, шын мәнінде, жүріп өткен жолдары жосылған қан болып қалғанын тарих көп ұзамай дәлелдеп, өз орнына қойды. 70 жыл өмір сүрсе де, адамдар санасына ұзақ уақыт бойы жазылмас жара сеуіп кетті.
Олар бұл зобалаңды бақыламады, адамдарды қыру мен қинауды «шолақ белсенділер» «өз еріктерімен жүзеге асырды. Мемлекеттік жүйе тек қана сталиндік культ бағытымен жүрді. Сталин көсеуді өзінің жендеттерінің қолымен көсеп отырды. Оның замандастары: «Сталин партиялық бюроларда мүлде момақан түр көрсеткенімен, жиналыс тек қана оның алдын-ала құрған сценарийі бойынша жүргізілетін. Ол өзінің серіктестері Берия, Каганович, Молотов, Ежовтардың ауызымен «халық жауы» деген жала жабылуға тиіс адамдарына ең әуелі қара күйені баттастыра жақтырып, бұлтартпастай қылып кінәні үйіп-төгіп, «әзірлеп» алатын, сосын өзі қорыта сөйлеп: «Ну что же, раз члены политбюро так решил, куда я могу деваться? Мы только соответствующие меры будем принимать наверно, как вы думаете?» деп тағы соңғы сөзді өзінен басқа партия мүшелеріне тіреп, барлық мәселелерді солар шешіп отырғандай көрсете білетін», – деп естеліктер қалдырған.
Міне, осылай оқыған-тоқыған зиялы арыстарымыз Сталиннің зымиян саясатының кесірінен отқа оранып, оққа байланған.
Оның ақ-қарасын айырған «су ағып, өзен тасып», талай дәуір өтіп кетті.
Осы нәубетті жылдарда Сталиннің ең бірінші жендеті, «темір нарком» атанған
Н.Ежовтың абырой-беделі аса жоғары болған. Үкім соның қолымен атқарылған. Сол Н.Ежовтың ұйымдастыруымен саяси тұтқындарды ұстау үшін 7 одақтық изолятор, барлық облыстардан түрмелер ашылған, 50-ден астам ГУЛАГ лагері, 420-дан астам түзету колониясы жұмыс істеген. Әсіресе, Қазақстанда лагерь, түрме еселеп артқан, яғни, республикамызды жазалау лагерьлерінің орталығы деуге болар еді.
1930-50 жылдар аралығында Қазақстан жерінде ОГПУ-НКВД жүйесіне бағынышты лагерьлер мен олардың бөлімшелері жұмыс істеген. Мысалы, Қарағандыдағы КарЛаг 780 миллион гектар аумаққа орналасқан екен. Қазақстанның тоғыз бірдей облысы бүкілодақтық ГУЛАГ жүйесіне кірген. Осыдан-ақ Сталиннің Қазақстанды нағыз жазалау ошағына айналдырып, жергілікті жұртты көбірек жазаға тартуға бар күшін салғаны анық байқалады.
Мың тағзым, аяулы аналар!
Қазақстандағы «халық жаулары» тақырыбын зерделесек, алдымыздан ұзын-сонар тізім шығады, бұл туралы мәлімет көздері жетерлік.
Қарағандыға таяу орналасқан АЛЖИР лагерінің тарихын төбе құйқаң шымырламай жайбарақат тыңдау мүмкін емес. Құдай-ау десеңізші, аяулы арыстарымыздың өздері тартқан азап аздай, олардың жарларын осыншалық қинау, балаларын қуғындау дегеніңіз шектен шыққан жауыздық қой.
Арыстарымыз тірек тұтқан аяулы жарларының қайсарлықтары туралы айту – өз алдына бөлек тақырып.
Қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері Жұмат Шанинның жесірі Жанбике Шанинаның АЛЖИР-де өзі сияқты тұтқын әйелдердің көңілін көтеріп, ән айтқаны туралы оқыдық, Мағжанның жалынды жырларын жатқа айтып, тұтқындарға жүрек жылуын сыйлаған Мәриям Есенберлинаның өжеттігіне таңдандық. Мағжанның өлеңін оқымақ түгіл, есімін атаудың өзі үлкен қатер болып төнген заман еді ғой!
Сұлтанбек Қожановтың жары Күләндам Қожанова тұтқында отырып, өлеңдер жазып, жаны қаяулы құрбыларының қайғысын аздап болса да жеңілдетуге тырысыпты. Атақты қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің жесірі Дәмеш Жүргенова осы АЛЖИР-де және Нижний Тагил лагерінде тұтқындарға сегіз жыл бойы дәрігерлік қызмет көрсеткен. Күйеуімен бірге бес бірдей баласынан айырылған Бейімбет Майлинның жесірі Күнжамал Майлинаның өз трагедиясына қарамастан, құрбыларының көңілін демдеп, рухтандырғаны туралы оқып отырып, қалайша толқымайсың?!
Сол сияқты, Гүлбаһрам Сейфуллина, Мәриям Тоғжанова, Рәзия Меңдешова, Әзиза Рысқұлова, Рабиға Аспандиярова, Шахзада Шонанова (бұл кісі түрмеде жендеттердің қолынан қаза тапқан екен) сияқты арыстарымыздың аяулы жарлары бастарына түскен ауыр тағдырларына мойымай, сол жазалау орындарының қатаң тәртібіне сынып кетпей, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсеткен. Қайсарлық демекші, қазақ әйелінің керемет образы дерлік Ілияс Жансүгіровтың жары Фатима Жансүгірова қолындағы кішкентай баласын тартып алмақшы болған жендеттерге сес көрсетіп, «Сендерге тірідей ұстатқанымша, одан да өз қолыммен буындырып өлтірейін!», – деп сәбиіне ұмтылғанда, жендеттер райынан қайтып, сәбиін аман алып қалған екен. Лагерьде ажалдан аман қалған сол сәби аман-есен ержетіп, кейін жазушы, режиссер болды. Бұл – Болат Жансүгіров еді. Міне, адам баласы төзгісіз сын сағаттарда, арыстарымыздың жарлары биік рухтарымен адамдық өнегесін таныта білген. Мың тағзым, сендерге аяулы аналар!
Ал енді, «мақсатымыз-теңдік», «бостандық», «әділет» деп дүниеге жар салып, ұрандатқан коммунистердің ерін де, әйелін де, баласын да осыншалық қатыгездікпен қинағанын қалай түсіндіріп бере алар едік?!
Кейбіреулердің әлі күнге дейін сталиндік саясатты ақтап сөйлейтінін түсіне де, қабылдай да алмаймын. Жарайды, біздің әке-шешелеріміз жабулы қазан жабулы күйінде тұрғанда, көп нәрсеге көздері жетпей, өмірден өтті, сондықтан оларды айыптау қисынсыз, ал біздің замандастарымызға не жорық?!
Тарихымызды терең байыптай аларлық мүмкіндік әлдеқашан туған жоқ па, қашанғы осыншалық көрсоқырлықпен өмір кешуге болады?
Мені заңгер ретінде тарихта бұрын-соңды болмаған мемлекеттік сұмдық террордың – қанды репрессияның қалай заңдастырылғаны ойландырады. Сталин бастаған диктаторлық жүйе осыншалық залым қанқұйлы жоспарын заң аясына қалай сыйғызды, әлемдік көзқарас, көлденең көздің сынынан қалай қаймықпаған, аяғын тартпаған деген ойлар жиі мазалайды.
Ең құрымаса, келешек ұрпақ алдында жауаптымыз-ау, біздің осы істегеніміз үшін келер ұрпақ қарғыс айтады-ау деп кез келген екі аяқты пенде ойланса керек еді ғой?!
«Мұны Сталин білген жоқ»
Сол кезеңдердегі заңнамалық материалдарға көз салып отырсақ, Сталин бұл тұрғыдан өте әккілік танытқан тәрізді. Сырт көзге бәрінің де жауабы дайын, жас үкімет даму тұрғысынан қырағылық шараларын мықтап қолға алған, әсіресе, ішіміздегі «халық жауларымен» күресу, оларды әшкерелеу «тарихи міндет» саналған. Міне, үкіметтің қолға алған «тазарту шаралары» сырттан қарағанда заңды, халық мүддесіне лайықты шешім, асқан қырағылық пен тәртіпке негізделген, «әйбат сипатты» болып көрінеді. Бірақ бәрі қағаз жүзінде ғана құжатталған! Ал іс жүзінде мәселелер мүлде басқаша шешіліп отырған. Сталиндік режимнің авторлары НКВД-ның жергілікті жердегі қанішерлеріне «халық жауларын аулау, ұстаудың нақты жоспарын» ұсынған, ал шаш ал десең, бас алатын жендеттер сан толтыру жоспарымен айрықша қатыгездік танытқан, ешкімнің ауруына, жасы келгеніне, отбасылық жағдайының қиынына қарамаған және оларға физикалық күш көрсетуге де құқылы болған.
Демек, бұл солақай заңнамада ешқандай адамдық фактор есепке алынбаған, істің ақ-қарасы сарапқа салынбаған, тек жоғарыдан берілген нұсқауға ғана мән берген. Осы сталиндік жоспарды жеделдетіп, іске асыру үшін жер-жерде «үштік», «екілік» топтар жұмыс істеген. Бұларға үкімет атынан тежеусіз билік, шешім шығару құқығы берілген, яғни, олар кез келген жерде сот ашуға, үкім шығара салуға, яки, өздері соттап, ату жазасына тартуға және орындауға құқылы болған. Ертеректе егде кісілер осындай сталиндік жендеттердің адам «аулауға» шығып, өздері соттап, өздері үкімдерін орындап жүргенін әңгімелеп отыратын, аңқау қазағым, «әттең, Сталин мұның біреуін білмей отырды ғой, білсе сазайларын тарттырып, әкелерін танытар еді ғой!» деп әңгімелейтін. Гәптің бәрі сол Сталиннің өзінен басталғанынан ел іші хабарсыз болғаны рас еді. Сондықтан да олар сталиншіл болды, оған қалтқысыз сенді.
Ресми мәліметтер бойынша, 1930 жылы тұтқындалғандар саны – 179 мың, 1935 жылы – 839, 1936 жылы – 4 мың, 1937 жылдың аяғында 996,4 мың болған. Сол кезеңдерде жүргізілген бұл мәліметтерге сену қиын. Зерттеуші тарихшы ғалымдар лагерьлердегі жазаланғандар саны 2-3, 5 млн.-нан 16 млн.-ға дейін өскенін жазған. Мұның өзінің нақты емесі туралы болжамдар да айтылып жүр.
Енді Қазақстанға қатысты деректер келтірейік. 1937 жылдың басына қарай Қазақстанның партия ұйымынан 1936 адам қуылып, тұтқындалған, 1938 жылы тағы да 16 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. 1935-1938 жылдар аралығында Қазақстанда барлығы 30 387 коммунист партиядан шығарылып, тұтқынға алынған. Олардың ішінде
4 602 адам «халық жауы», 3 942 адам кулак құйыршықтары, ақ гвардияшылар және басқа да таптық жат элементтер, 8 мыңнан астам троцкистер, ал 9 800-і ұлтшылдар деп көрсетілген. Осы деректердің өзі, үкіметтің «жау жоқ жерден жау іздеген» сойқан саясатының дәлелі секілді. Баяғыда Троцкийдің кім екенін білмейтін қазақтың қарапайым шаруа баққан адамы айдалып кеткені туралы естіп едік. Сонда айдалып бара жатып айтыпты дейді, «Троцкий дегенді айтып, ауызы-басыма тепкілеумен болды, ол енеңді ұрайынды білмеймін ғой, көрсем, көрдім деп айта салмаймын ба?» деп, сірә, Троцкийді көрмегенімнен жазаландым деп ойласа керек. Оның жай әшейін ойдан шығарылған жала екенін үкіметке берілген, жан-тәнімен сенген аңқау сорлы түсіне алмаған күйі кете барған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Студенттік жылдарда, ұстаздарымыздың тапсырмасымен, кейін қызметке кіріскенде, өз бетімізбен, сол кезеңдердің газет тігінділерін талай ақтарған уақыттарымыз болды, қазір де уақыт аз болса да, көңіл бөлуге тырысамыз. Мен сол кезеңдегі кеңестік идеологияның, әсіресе, баспасөз саласының коммунистік саяси ұраншылдыққа қосқан шексіз үлесіне таңғалып, бас шайқаумен келемін: Баспасөз беттері толған ұраншылдық: «Халық жауларына аяушылық болмасын! Жауларға еш рақымшылық болмасын! Халық жауларының көздері тездетіп жойылсын! Совет жері залым сатқындардан тезірек тазартылсын! Стереть с лица советской земли подлых изменников родины!».
Кеше ғана халқына жанын салып қызмет еткендер, ұлтымыздың марғасқа ұлдары, өз бауырларымыз, туысымыз адам айтса нанғысыз жексұрын бейнеге айналып шыға келгеніне қарап тұрып жағаңды ұстайсың!
Міне, теріс ақпараттың құдыреті! Міне, саясаттың сұрқиялығы! Адам баласының биігінен құлап, қоғамының ең сүйкімсіз, жағымсыз тұлғасына айналуы өте тез екен. Ақпараттық пропаганда халықтың жадын жуып, өзінің сүйікті ұлдарын жауға айналдыруға қауқарлы екен.
Осының бәрін өзіміз сияқты ет пен сүйектен жаралған адам баласының ойлап тапқанына, кейде, адамзат ішінен осыншалық аяусыз қатыгездік шығатынына таңданбай тұра алмайсың.
Ойымызды жинақтар болсақ, 31-мамыр – салтанат құратын мереке емес, бірақ халқымызды арда ұлдарына-арыстарымызға тағзым етер күн. Олардың ерлігін, болашақ ұрпақ үшін жасаған шексіз еңбегін еш ұмытуға болмайды!
Сөзімнің соңын таяуда ғана өмірден өткен, осы қазақ арыстары туралы талай толғанып жыр жазған, қазақ поэзиясына Көк Түріктер сарынын әкелген дарынды ақын Темірхан Медетбектің дәл осы біз қозғаған тақырыпқа арнаған «Қуғын-сүргін заманы» жырының от шашырап тұрған жалынды, кестелі шумақтарымен түйіндей кеткім келеді:
«Ұлы Далам, Ұлы Елімді қуғынға салды, Көз көріп, құлақ естімеген Қырғынға салды, Тұла бойын түгел тінтіді, Киіздей қақты, Тулақтай сілкіді. Адамдарын бірін-біріне айтақтады, Қан жоса қып қаптырды. Бірін-біріне Мал құсатып бақтырды. Жайқалған шалғыным дөңкиген тасқа толды, Елімнің омырауы Қып-қызыл қанға боялып, Етегі жасқа толды. Құтырып алды, Арыстарымның терісін – Тірідей сыпырып алды, Әруақтарымды күңірентіп, – Аяғынан сүйреп – Моладан шығарды, Неткен халық ек шыдамды?!
Көген қырқылып, Керме мен желі үзілді... Қара нарларымның – Омақасып! – Белі үзілді. Қазанаттарымды Қыл бұрау салып шырқыратты, Сай-сүйегімді сырқыратты. Жүрмесін деп Табанымды тіліп, Жылқының қылын Қиып салды, Басын көтермесін деп, Мойнына құрық салды, Сөйлемесін деп – Аузына! – Кірдің тасындай ап-ауыр құлып салды!».
Сірә, қанша талпынғанымызбен, сол қасіретті жылдарды, нәубетті кезеңді Темірхан ақындай осыншама дәл сипаттап, шырқырап жеткізе алмасақ керек.
Тек мұндай қасірет келешекте ұрпағымыздың басына орнамаса екен деп тілейік!
Досжан ӘМІР,
ҚР Судьялар Одағының төрағасы