Сицилияда Еуропадағы ең биік және белсенді жанартау — Этнаның атқылауы тіркелді. Аспанға қалың күл бұлты көтеріліп, авиацияға арналған ескерту жарияланды, деп хабарлады turkystan.kz.
Сицилияның шығысында орналасқан Этна жанартауы қайтадан атқылай бастады. ANSA агенттігінің хабарлауынша, жанартаудың белсенділігіне оның кратерінің бір жақ шетіндегі опырылу себеп болған. Бұл жағдай пирокластикалық ағынның – улы газ, күл мен жанартау жыныстары араласқан, аса жоғары жылдамдықпен қозғалатын өлімге апарар қоспаның – бөлініп шығуына алып келді.
Италияның Ұлттық геофизика және жанартаутану институтының (INGV) мәліметінше, күл бағанының биіктігі бірнеше шақырымға жеткен. Бұл жағдай аймақтағы әуе рейстеріне қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, авиация органдары тарапынан әуе көлігіне арнайы ескерту жасалды. Соған қарамастан, Катания әуежайы жұмысын қалыпты режимде жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер немесе қирандылар туралы ақпарат түскен жоқ.