Әдетте, әдеби ортада постмодернистік әдебиет туралы жиі айтылады. Көптеген шығарманы талдағанда, «әдебиеттегі жаңалық» деген тіркесті жиі қолданамыз. «Жаңашыл ақын», «жаңашыл жазушы» көбейді. Мұның сыры неде? Олар әдебиетке қандай жаңалық әкелді? Постмодернистік мәтіннің жүйесі, ерекшелігі, тәсілі қандай? Осы сұрақтар төңірегінде әдебиеттанушы ғалым Гүлмира Сәулембекпен әңгімелескен едік.
Постмодернизмде жаңа идея емес, қайта пайымдау маңызды
– ХХІ ғасыр басында еліміздегі әдеби дискурста постмодернистік әдебиет жайлы сөз болса, көпшілік, тіпті әдебиетші қауымның өзі үрке қарайтын еді. Қазір ондай тосырқау жоқ. Дегенмен осы постмодернистік әдебиет ұғымының пайда болып, зерттеліп, әлемдік әдебиетте орныққанына да жарты ғасырдан астам уақыт өтіпті. Әлемдік әдебиетте одан бері де неше түрлі тенденциялар мен әртүрлі ағымдар пайда болып, әртүрлі жанрларда көрініс тапты. Сіздіңше, қазақ әдебиеті постмодернистік әдебиеттің ерекшеліктерін өз топырағында түлете алды ма? Қазір дәстүрлі мазмұнда жазатындар да өздерін «жаңашылмыз» деуге құмар. Постмодернистік әдебиеттің негізгі қағидаттары мен ерекшеліктерін жете түсініп, шығармашылығын соған сай бейімдеген авторлар бар ма?
– Иә, қазіргі кезде қазақ әдебиеті постмодернизмнің ерекшеліктерін өз топырағында дамытуға, оны әлемдік әдебиетке сай бейімдеуге белгілі бір деңгейде қол жеткізді. Әрине, бастапқы кезеңде постмодернистік әдебиетке қатысты сын мен қасаң көзқарас болды. Тіпті, ғалымдар арасында да қазақ әдебиетінің дәстүрлі бағытымен салыстырулар, оның эстетикасы мен философиясын түсінбеушілік орын алды. Бірақ уақыт өте келе әдебиет те өзгерді, қабылдау мен бағалау өлшемдері де басқаша бағытқа бет бұра бастады. Бүгінде постмодернистік әдебиет туралы түсінік тереңдеді. Оны классикалық әдебиетті зерттеу әдістерімен талдауға келмейтінін кейінірек, зерттеулер қарасы мен ол туралы ақпараттар молая бастағанда түсінді. Басында үрке қараған үрдіс уақыт өте келе әркімнің таласы бар дүниеге айналды. Дәстүрлі мазмұнда жазатындар да өздерін «жаңашылмыз» десе және оны постмодернизммен байланыстырса, мұны жаңашылдықтың тек постмодернизммен шектелмейтінін түсінбеудің салдары деуге болады.
Алдымен жаңашыл дегенге тоқталайық. Әлемдік әдебиет үшін постмодернизм жаңалық болудан қалған және әдебиеттегі жаңалықтар постмодернизм бағытымен шектелмейді. Әдебиет жанды құбылыс, тіпті жанрлардың типологиялық ерекшеліктерінің өзі жылжымалы. Жанрлардан туындап жатқан кіші жанрлық түрлер мен уақыт өте келе жеке-дара түрге айналған іргелес жанр түрлері соның айғағы. Сондықтан дәстүрлі әдебиеттің өз ішінде болатын ірілі-ұсақты эстетикалық өзгерістердің аражігін ажыратып отыруымыз керек. Біздің әдебиетте тағы бір мәселе бар. Әдебиетте пайда болған кез келген өзгерісті міндетті түрде «батыстық измдердің» аясында бағалау үрдісі бар. Шын мәнінде, біздің әдебиет – әлемдік әдебиеттің бір бөлшегі. Бірақ осы тұжырымды бетперде етіп, кез келген көркемдік ерекшелікті тек батыс әдеби теориялары арқылы түсіндіруге тырысу – төл әдебиеттің ішкі заңдылығын ескермеуге әкелуі мүмкін.
Ал енді «постмодернизмді бағыт ретінде түсініп, шығармашылығын соған сай бейімдеген авторлар бар ма?» деген сұрағыңызға келсек, арнайы зерттеулер барысында қазақ әдебиетінде осы бағытта немесе осы бағытқа жақын шығарма тудырған авторлар бар екенін анықтаған болатынбыз. Өзіңіз айтқандай зерттеудің бастапқы кезеңінде жаңалығы бар деген көптеген автордың шығармаларын сұрыптаудан өткіздік. Солардың ішінде Аслан Жақсылықовтың «Ант ұрғандардың түстері», Дүйсенбек Нақыповтың «От орны», Дидар Амантайдың «Гүлдер мен кітаптар», Таласбек Әсемқұловтың «Бекторының қазынасы», Жүсіпбек Қорғасбектің «Жаконданың жанары», «Өлмейтін құс», Әлібек Байболдың «Ормандағы жиын», Мерей Қосынның «Төстіктің қателігі» сынды шығармаларынан постмодерн эстетикасына тән фрагментарлық, ирония, интертекст, мәдени кодтармен ойын, тілдік рефлексия, тағы да басқа ерекшеліктерді анықтадық. Әрине, бұл туындылардың барлығы да бір деңгейде, бір жүйемен жазылды деуге болмайды. Бірі – постмодернге ғылыми түрде қадам басса, екіншісі – шығармашылық түйсікпен, үшіншісі – жанрлық эксперименттермен келді. Бірақ бұл – әдеби үдерістің табиғи дамуы. Ең бастысы – қазіргі қазақ әдебиетінде постмодернизм эстетикасы түсініксіз бағыт емес, шығармашылық мүмкіндіктің жаңа алаңы ретінде орныға бастады.
– Постмодернистік әдебиеттің нақты ерекшеліктері, жүйесі, тәсілі қандай?
– Жақсы сұрақ. Постмодерндік әдебиет туралы бір анықтамаға сыйғызып айту мүмкін емес. Дегенмен негізгілеріне тоқталып көрейік.
Постмодернистік әдебиеттің басты ерекшелігі – мағынаға күмән келтіру, шындықтың тұрақты емес екенін мойындау, жағымды немесе жағымсыз деген бинарлық оппозициялардан бас тарту. Бұл – тек мазмұн ғана емес, ойлау тәсілінің өзгерісі. Мұнда әдебиет идеяны жеткізетін арна емес, мағынамен ойнайтын алаңға айналады. Ал енді постмодерн әдебиеттің эстетикалық әдістеріне аз-кем тоқталып өтейін.
Постмодерн авторлары жаңа дүние жасамайды, бұрынғы мәтіндерді қиыстырып, құрастырып, мәтіндер арасындағы диалогты бірінші орынға қояды. Мұнда жаңа идея емес, қайта пайымдау маңызды. Мұны біз интертекстуалдылық деп атаймыз.
Екінші тәсіл ирония мен пародия. Автор ештеңені байсалды айтпайды. Ол ирония мен пародия арқылы шындықты күле отырып, күмәндана, келемеждей отырып жеткізеді. Бұл – шындықтан қашу емес, шектен шыққан мағына салмағынан қорғану.
Үшінші назар аударатын тәсіл – метапроза. Яғни, мәтіннің өзі туралы айтуы. Кейіпкер-автор шығарманың қалай жазылып жатқанын сол шығарма ішінде сипаттайды. Метапрозаны автор «шығарма дегеніміз шындық емес, жасанды дүние» деген тұжырымды жеткізу мақсатында қолданылады.
Төртіншісі – фрагментарлық құрылым. Шығармада уақыт, кеңістік, сюжет – бәрі бөлшектенген гипермекенге айналады.
Сығымдап, бір-екі ауыз сөзбен түсіндіргенде осылай. Ихаб Хассан модерн әдебиетпен салыстырғанда, ұмытпасам, постмодерннің отыз бір ерекшелігін атап өтеді. Оның бәріне жекелей тоқталу мүмкін емес.
Жазушы – жүйеге қарсы тұратын жалғыз адам
– Батыстық әдебиеттанушы-мәдениеттанушы, философ ғалымдар постмодернистік әдебиетті қалай зерттеді?
– Бұл бағыт 1960 жылдардан бастап Батыс әдебиетінде кең қанат жайды, ал теориялық негіздерін Жан-Франсуа Лиотар, Ролан Барт, Жак Деррида, Умберто Эко, Фредрик Джеймисон, Линда Хатчеон сияқты ойшылдар салды. Бұл зерттеушілердің теориялық тұжырымдарын да бір сұхбаттың аясына сыйғызу мүмкін емес, әрине. Десе де, ең маңызды тұстарына тоқталып өтейін.
Постмодернизмнің дүниетанымдық негіздерін түсінуде Дерриданың еңбектерінің мәні зор. Ол «деконструкция» деген ұғымды енгізді. Деконструкция – мәтінді бұзу емес, оның ішінде жасырынған билік қатынастарын, мағына үстемдігін ашу. Деррида классикалық ойлау жүйесі – бәрін бинарлық оппозициялар арқылы көреді дейді: мысалы, ер мен әйел, ақ пен қара, жақсы мен жаман. Ал шын мәнінде, бір мағына екіншісінен үстем болмайды, тек мәтін ішіндегі құрылым оны солай көрсетеді. Деконструкция – осыны әшкерелеудің жолы.
Ал постмодернизмнің мәдениеттанулық қырын ұғынуда Мишель Фуконың білім мен билік қатынасына байланысты еңбектеріне жүгінеміз. Оның «қадағалау мен жазалау», «білім мен дискурс», «қоғам мен ережелер» туралы еңбектері шындықтың да әлеуметтік құрылым екенін дәлелдейді. Фуко үшін «ақиқат» дегеніміз – уақытша үстемдікке жеткен пікір ғана. Яғни, біз шындық деп жүрген нәрсе – билік пен тілдің өнімдері. Бұл ойды әдебиетке қолдансақ, жазушы шындықты бейнелемейді, ол қоғам тудырған дискурстармен ойнайды, сынайды, бұзады.
Делез бен Гуаттари тұжырымдамасы мұнан да күрделірек. Олардың мәтіндері – философия мен әдебиеттің арасында жүреді. Бірақ идеясы өте қызық. Олар «Анти-Эдип» пен «Мың плато» деген еңбектерінде қазіргі қоғамды қатаң құрылымдар мен жүйелерден тұратын организм емес, созылып, тармақталып, үнемі өзгеріп тұратын ризом ретінде сипаттайды.
Олар «шизоанализ» ұғымы аясында еңбектенді. Бұл жерде «шизо» – психикалық дерт емес, еркін ойлаудың формасы. Олар постмодерн әдебиетін «шизофрендік» деп емес, еркін, құрылымсыз, формасыз ойдың көрінісі ретінде қарастырады. Делездің пайымынша, жазушы – жүйеге қарсы тұратын жалғыз адам.
Мысалы, Ролан Барт «Автордың өлімі» тұжырымдамасын ұсынды. Ол: «Мәтін жазылғаннан кейін автордан тәуелсіз өмір сүреді. Мағынаны автор емес, оқырман тудырады» – деді. Жан-Франсуа Лиотар болса, постмодернді «мета-әңгімелердің күйреуі» деп сипаттады. Яғни, тарих, ғылым, дін сияқты бәріне ортақ түсініктерге деген сенім жоғалады. Әркімнің өз шындығы бар дегенге саяды. Жан Бодрийяр «симулякр» теориясын ұсынды. Оның тұжырымынша, қазіргі әлемде шындық жоқ, тек шындықтың көшірмесі ғана бар. Әдебиет те шынайы өмірді емес, оның имитациясын суреттейді дейді. Фредрик Джеймисон постмодернизмді кейінгі капитализмнің мәдени логикасы деп түсіндірді. Оның айтуынша, қазір өнер – саяси күрес емес, тұтынуға арналған стиль. Бұлардың барлығы да постмодернді бір ғана көркемдік әдіс емес, ойлау формасы, мәдениетпен қарым-қатынастың жаңа жолы ретінде түсіндіреді. Ал бұл ойлар – әдебиетке де, өнерге де, тіпті өмірге де жаңа көзқарас алып келді.
Айта кетерлігі, осы зерттеулер алғаш жарық көрген кезеңде «постмодернизм» ұғымы әлі толық қалыптасып болмаған еді. Десе де, дәл сол тұжырымдар кейін бұл ұғымның теориялық негізін бекітіп, постмодерн эстетикасын түсіндіру мен мәтінді философиялық тұрғыда тануға жол ашты. Сондықтан постмодернистік әдістер – тек стильдік таңдау ғана емес, автордың өз шындығын айтуда эмоциялық салмақтан, билік құрылымдарынан немесе моральдық жауапкершіліктен қорғану формасы ретінде де қабылданады. Бұл – әдебиеттің мазмұнмен қатар форма арқылы да сөйлей алатынын көрсететін маңызды бетбұрыс болды.
– Жаңашыл әдебиетте дәстүрлі әдебиетпен салыстырғанда нақты қандай өзгешелік болады?
– Әдебиет – заманның айнасы. Ол қоғамның рухани күйін, адамның ішкі дағдарысын, уақыттың бет-бейнесін өзіне сіңіріп, сол күйінде өнерге айналдырады. Әдебиеттің дәстүрлі формалары адам мен әлем арасындағы үйлесімділікті, тұтастықты іздесе, қазіргі жаңашыл әдебиет – сол үйлесімнің бұзылғанын, шындықтың біртұтастығы жай ғана елеске айналғанын паш етеді. Бұл – постмодернистік әдебиеттің келбеті.
Автор жаратушы емес, құрастырушы
– Ролан Барттың «Автордың өлімін» көп айтамыз. Сіздің ойыңызша, «автордың өлімі» деген не? Мәтінге автордың орынсыз килігуінен қашу деп қана қасаң түсініп жүргендер де кездеседі. Жазылып біткен мәтіннің автордан тыс өмірі барын білсек те, жазушы (автор) шығарма жазу барысында өз «менін» ұмытып, шығарманың «менін» оята алуы керек пе? Ролан Барт нақты нені меңзеп отыр?
– Кейде біз әдебиетті тым қарапайым түсінікпен бағалауға үйірміз. Автор жазды, оқырман оқыды. Осы ретте Ролан Барттың әйгілі «Автордың өлімі» атты эссесінде айтылған ойлар көпшіліктің көкейіне қона бермейді. «Автор қалай өлуі мүмкін?» деген сауал туындайды. Бұл – шын мәнінде авторды жоққа шығару емес, мәтін мен оқырман арасындағы жаңа қарым-қатынасты ұсыну.
Барт бұл тұжырымдаманы XX ғасырдың 60-жылдары, структурализм мен постструктурализмнің белең алған шағында ұсынды. Бұл дәуір – әдебиеттің тек мазмұндық емес, семиотикалық, мәдениетаралық, мәнмәтіндер арқылы сөйлейтін кезеңі. Жаңа теориялар әдебиетті бір адамның «ойының жемісі» ретінде ғана қарастыруды шектен шыққан менмендік деп бағалай бастады. Барт үшін мәтін автордың жеке тәжірибесі мен көзқарасынан құралған тұтас дүние емес. Ол – қабат-қабат мәдени кодтардан, басқа мәтіндермен байланыстардан құралған құрақ көрпе. Автор енді жаратушы емес, құрастырушы. Ол тілдің ішіндегі таңбалармен жұмыс істейтін, өзге мәтіндерді тірнектеп жинап, қайта тігетін скриптор ғана. Сондықтан да Барт «автор» деген ұғымның орнына «жазушы» немесе «скриптор» сөзін қолдануды ұсынды.
«Автордың өлімі» дегеніміз – жазылып біткен мәтіннің автордан тәуелсіз өмір сүруі, оны оқырманның өз танымына сай қайта құрастырып алуы. Бұл теория бойынша мәтінді автордың өмірбаянына, дініне, ұлтына, тіпті жеке саяси ұстанымына қарап түсіндіру қателік саналады. Себебі мәтіннің мағынасы автордың көзқарасы арқылы емес, оқырман мен мәтіннің диалогынан туындайды дейді. Енді мәтіннен автор не айтқысы келді деп іздемейміз, керісінше, мәтіннің өзі бізге не айтады – соған құлақ асамыз. Бұл – оқырманға еркіндік беру деген сөз. Шығарма енді түсіндіруді қажет ететін объект емес, сөйлесетін серікке айналады. Ал бұл диалогта әркім өз жауабын табады. Бір мәтін – сан түрлі қабылдауды тудырып, әрқалай түсініледі, яғни, мәтіннің мәңгілік өмірі басталады. Постмодернистік ойлаудың өзегі ‒ біржақты пікір жоқ екеніне, әркімнің өз шындығы болатынына келіп саяды.
– Әдебиет – оқырманымен әдебиет. Кейбір шығармаларды сауатты оқырман көкке көтереді: автор ойламаған, тіпті байқамаған жаңалықтарды оқырман байқайды. Мәтін мен оқырман арасындағы байланыс маңызды екені шын. Сіздіңше, қазіргі қазақ әдебиеті оқырманының деңгейі қандай? Көп қамбаның арасында жасырылған асылды аршып алатындай эстетикалық талғамы бар орта бар ма бізде?
– Біз тоқырау жылдары оқырманнан айырылып қалдық. Қоғамдағы құндылықтардың өзгерісі, күнкөріс қамыты оқырманды рухани азықтан баз кешуіне әкелді. Бұрынғы жаппай оқитын халықтың оқыған кісіге оқырая қарайтын күйге түскенін де жасыру мүмкін емес. Осының бәрі оқырман ортасының жұтаңдануына, эстетикалық талғамның әлсіреуіне себеп болды. Қазіргі оқырман халіне келетін болсақ, қазіргі оқырман – іздеуші, ізденуші оқырман. Кейде айналамнан «сауатсыз подкасттар, мардымсыз сұхбаттар қаптап кетті» деген айыптауларды жиі естимін. Мен, керісінше, бұл құбылысқа қуанамын. Бұл – үдеріс, бұл – ұмтылыс. Бұл үнсіздіктен әлдеқайда жақсы. Ұмтылыс жолында қателіктерге бой алдыру деген болуы мүмкін, бірақ ол жол-жөнекей түзеледі. Бұл – сауатты оқырман қалыптастыруға талпыныс. Өзара сын айтысармыз, толықтырармыз. Мен зерттеуші болғаныммен, осы секілді сұхбаттарға да сол оқырман үшін келісемін, себебі өзім зерттеген дүниелерді қарапайым тілмен жеткізудің бір жолы деп білемін. Кеңестік кезеңде Өзбекәлі Жәнібековтей, Ілияс Омаровтай қайраткерлеріміздің жанкешті қызметінің арқасында қой баққан шопандарға дейін кітап жеткізіліп, жаппай оқитын елге айналып едік. Саны жағынан сондай кең ауқымдағы оқырман болмағанымен, сапасы жағынан сауатты оқырман қалыптасып келеді деп айта аламыз. Тіпті, қазіргі оқырманның осыдан он жыл бұрынғы оқырманнан білім-білігі әлдеқайда ілгері. Қазіргі жас оқырманның өзі шығарманың қандай жанрда жазылғанын біледі, таңдап оқиды және оқыған кітабынан қандай эстетикалық әсер алатынын болжай алады. Сіз айтқандай шығармаға мүлде басқа қырынан қарай алады, тіпті автор идеясының жетегінде кетпей, сыни ойлау әлеуеті де байқалады. Жалпы алғанда, қазіргі оқырман – әдебиетке мойын бұра бастаған оқырман. Осы үдерісті қазақ қаламгерлері өз пайдасына шешуі керек. Себебі бізде жанр алуандығы деген енді-енді қалыптасып келеді. Осы олқылықтың әсерінен жас оқырмандардың дені шетелдік шығармаларды оқуға әуес екені байқалады. Ал енді эстетикалық талғам мәселесіне келсек, қазір классикалық шығарманың эстетикасы, бейклассикалық әдебиеттің эстетикасы деген бар. Әдебиетте әртараптылық бар. Сондықтан оқырманды таңдауы үшін талғамың төмен деп айыптай алмаймыз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан –
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ