Абай мен Гете – деңгейі бір теңдестер

Абай мен Гете – деңгейі бір теңдестер

Абай мен Гете –  деңгейі бір теңдестер
ашық дереккөзі
978

Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, белгілі қаламгер Төрегелді Тұяқбай Астана қаласынан Семейге іссапармен келген-ді. Төрегелді кеңес заманынан КСРО Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, аудармашы. Мәселен, немістің ұлы перзенті Иоганн Вольфганг Гетенің (1749-1832) біраз шығармаларын қазақ тіліне түпнұсқадан аударды. Гететанушы ғалымды сұхбатқа шақырдық. Ондағы мақсатымыз – Абай және Гете деңгейі бір теңдес тұлғалар екенін дәйектеуге саяды. «Махаббатсыз – дүние бос!» Абай «Что за жизнь без любви?!» Гете – Төрегелді мырза, ұлы Абайдың отаны – Се­мей қа­­ласына қош келдіңіз! Абай мен Гете әлем­дік деңгейдегі ұлы­лар. Ұқ­сас­тықтары неде, олар­дан алар ғиб­ра­ты­мыз қайсы? Осы төңі­ре­гінде әңгіме өр­­­бітсек. – Дұрыс айтасыз, Асеке, Абай да, Гете де әлем ойының алыбы. Гетенің «Әлем әдебиеті» тір­кесін алғаш енгізгені мен Абайдың «Адам­зат­тың бәрін сүй» дегені соның тамшыдай мы­салы. Екі ғұламаның деңгейлестігі жайлы сө­зді «Қараңғы түнде тау қалғып» өлеңінен бас­тайық: Қараңғы түнде тау қалғып, Ұйқыға кетер балбырап. Даланы жым-жырт, дел-сал ғып, Түн басады салбырап. Шаң шығармас жол-дағы, Сілкіне алмас жапырақ. Тыншығарсың сен-дағы, Сабыр қылсаң азырақ. Бұл Абайдың Гете-Лермонтовтан дәлді ау­дарған еңбегі, тәржімәнің көкесі. Гетенің өлеңін Абай, шыны керек, жаңа дең­гейге көтерген ғой. Батыр ағамыз Бауыржан Мо­мышұлы, оны Герағаң (Герольд Бельгер) да құптаған, Гетеге, түпнұсқаға үш, Лер­мон­товқа төрт, ал Абайға бес деген бағасын бе­ре­ді. Неге? Себебі Гете жырында акцент та­би­ғат Анаға, ал Абайда жан дүниеге түседі. – Естуімше, «Қараңғы түнде тау қал­ғып» өлеңі Ильменау деген таулы жерде жазылған. «Тын­шығарсың сен-дағы, Са­быр қылсаң азы­рақ» деген әуеннің сыр­лы астары неміс хал­қының жүрегін жаулады дей аламыз ба? – Мен Германияға сан рет барған адам­мын. 2018 жылы Гете туып-өскен аумақта (Вей­мар, Майндағы Франкфурт қалалары) жар­­ты жыл тұрдым. Сонда көзім жеткені – не­міс үшін Гете ерекше қастерлі. Оның му­зей­­лері көп, жаңағы өлеңге ән жазған неміс сазгерлері де аз емес. Алайда неміс халқының жүрегіне жол тапқан Абайдікі, неге десеңіз, Ильменау көгінде, әлбетте, сол Абайдың әні қа­лықтап тұрады. Мұның мәнісін сұр­а­ға­ным­да жанға қуат беретін қасиет бар деген жауап алдым. Демек, өлеңнің сөзі ұғылмаса да ән тыңдаушы жүрегіне жылы тиген. Фәни өмір уақытша, мәңгілік тылсымда. Осыны се­зінген сирек сәттерде ғана жанымыз ты­ныш­тық табары хақ. – Өте жақсы, енді Абай мен Гете ұқ­сас­­тық­тары неде екеніне тоқталсақ... – Асеке, олардың арасында ұқсастықтар көп және әрқилы. Алдымен екеуі де ақын әрі қай­раткер. Он-он бес жыл Абай болыс та, би де болған десек, Гете Веймар княздігінің он­да­ған жыл қорғаныс министрі, сонымен бір­ге, саяси-мәдениет саласын да басқарған ғой. Ильменау мен Шыңғыстау келбеті ұқсас, Ер­тістің Семейді қақ жарып ағатыны сияқты Франкфурт қаласын Майн өзені екіге бөледі. Екі тұлға да кедейшілік, жоқшылық көрмей өмір сүрді. Әйтсе де, өз ортасынан дос таба ал­мады. Жабықты. Гетенің жалғыздық себе­бін айтқаны: Тобырменен дос болып, шықтым жолдан, Танып соны, ақыры қалдым жалғыз! Абай да «Мұңдасарға кісі жоқ, сөзді ұғар­лық» демей ме, жан сұранысын шығарма­шы­лық пен ғылым-білім сарасынан таппай ма... – Тап солай, бірақ екі халықтың да­ныш­пан перзенттері өмір сүрген уақыт, та­рихи-мәдени кеңістік тым алшақ емес пе. Сол себепті көкейіміз түкпірінде «Екі ғұ­ламаны салыстыру артықтау емес пе? Қа­тарластықтары қайтіп дәлелденбек?» де­ген күмәнді сұрақтың құлағы қыл­тияры анық. – Олар рухани бауырлас деуге бұлтартпас дә­лелдер мол-ақ. Біріншісі, ағартушылық қыз­­­меттері. Гете дәуірі 18-ғасыр немістерде тү­нек: қырқысқан кінәздіктер, алауыздық пен надандық. Герольд Бельгер «Абай мен Ге­те» атты мақаласында Гете де «немістердің ай­наласы азғындыққа толып барады. ... Біз­дер, немістер, күні өткен жұртпыз» деп күр­сін­ген дейді. Туған халқын «Адам емессіңдер, даладағы аңдарсыңдар» деп сөкті дейді. Ол да шаршамай-талмай халқын адамдыққа бау­лыды, Абай сияқты «бес асыл іске» (не­міс­ше – funf dinge) шақырды. Әсілі, Абайды еске салатын осы «мыңмен жалғыз алыс­қан­дығы» ғана емес. Неміс ғұламасы бірде: Жоқ, асықпай жетіліп жылдар бойы, Саф алтындай сомдалып, піссін ойың. Сыртын емес, сөзіңнің түзе сырын, Кейінгіге мұра боп қалсын жырың! – десе, енді бірде: Біреуге ұнау үшін жыр жазбаймын, Өнеге іздеп тапсаң болғаны тек! – дей­ді. Тап осындай ой мен сезім Абай поэ­зия­сында кемерінен асып төгіледі ғой. Тағы бір ұқсастық, поэзиялары жаңашыл, шымыр, қуатты. Өлеңдерінің мазмұны мен ұйқасы бө­лек, бәрі де жаңа тұрпатты. Екі ақын арасы бір ғасыр деп көр. Анығы, қос ақын да ағар­ту­шылық, ақындық қуатымен ұлттың сана-сезі­мін жаңа биікке көтерді. Екеуі де ұлт да­нагөйі, оның рухани пірі, бұдан асқан ұқ­састық пен үндестік бола ма... – Солайы солай. Бірақ «Екі түрлі нәр­се ғой – сыр мен сымбат» демекші, осы айтылған дәлелдің бәрі ішкі емес, сыртқы сымбат. Енді сол ұқсастықтан да­налық деңгейлестікке ауысайық. Ұлт ұс­тазынан жалпыадамзат биігіне саты­ла­ған кезеңге келейік. Осы хакімдік ке­зең жайында не айтасыз? – Әлемдік рух биігі дегеніміз – Жара­ту­шыны тану мен жүрек культі. Адам баласы ке­мелдену жолын таңдауына таразы – ма­хаб­бат, мейірім. «Жаратушы Иеміз сені ма­хаб­батпен жаратқан, демек, дүниеге, Тәңірінің барлық жаратқандарына сүйіс­пен­шілікпен қара, бұл адамдық борышың». Қай хакімнің болмасын кредосы осы. Олар үшін ма­­­хаббат (жүрек тазалығы) ең басты кате­го­рия. Абай мен Гете – екеуі де өзін һәм Жа­­­­ратушыны таныған шын хакім, яки то­лық адам болған. Адам өмірінің мақсаты мен Алланың оған салған жолын ұқтыру, сөз жоқ, сирек генийдің ғана сыбағасы. Міне, Абай мен Гете даналығы теңдес деуіміздің ке­пілі осы арада. – Қарапайымнан күрделіге са­ты­ла­дық. Екі алыптың туыстық ге­незисі, қазақы тілмен айтсақ, оларды жұп­тас­тырған махаббат деген көген жіп­ті де таптық. Сол көген жібіміз же­лі­сін қай­дан тартады? – Ма­хаб­баттың түп-төркіні Шығыс қай­нары, дәлдісі, сопылық ілім деуге бейілмін. Мәселен, Шы­ғыс­тың жеті шайырының аруа­ғына сыйын­ған Абай «Медет бер!» демей ме, сол сияқты Гете де олардан рухани нәр алып, өле-өлген­ше пір тұтып өтті. Оған мықты дәлел – «Ба­тыс-Шығыс диуаны (жинағы)» ат­ты көлемді ең­бегі. Ол – ғашықтық гимні. Өмірдің түп мақсаты жайында Абай атамыз: Мекен берген, халық қылған Ол ләмәкан, Түп Иесін көксемей бола ма екен? Және Оған қайтпақсың, оны ойламай, Өзге мақсат ақылға тола ма екен? – дей­тін болса, Гетеге де тыныштық бермеген сол мақсат. Көңілі шарқ ұрып, ойында «күні-тү­ні бір-ақ Тәңірі» болған (сопылық поэзия­ға рахаттанған, сондай-ақ Құранды танып-бі­луге құмартқан). Оған, әсіресе, әйгілі «Фауст» трагедиясы айдай айғақ. – Абай мен Гете арасындағы сәй­кес­тік таң­ғаларлық. Осыған көз жет­кіздік. «Тасдиқ» (қазіргі 38-ші қара­сөз) атты трактат пен «Фауст» траге­дия­сы. Осы екі ұлы еңбек арасындағы ор­тақтық неде? Оларды салыстыру қан­ша­лықты қисынды әлде олар үш қайнаса сор­пасы қосылмайтын туындылар ма? – Айтылмай келген дүниені кө­те­ріп отырсыз. Сыртын танып іс бітпес, гәп ішкі мазмұнда. Екі шығарма мазмұны тон­ның ішкі бауындай жақын. Олай болатыны, екеуін­де өзек бір, ол – «кемел адам» идеясы. «Тас­диқ» трактаты – адам жетілуінің ғылы­ми-теориялық негізі екенін өзіңіз де білесіз. Гетенің аталмыш шығармасы осыны, яғни «пен­деліктің кәмәлатын» (Абай) көркем әдебиет тілімен бейнелеген. Принциптік айырма осы ғана. Екі автор да – хакім, демек, олард­ың танымы Батыс-Шығысқа, сондай-ақ ұлтқа, дінге бөлінбейді. Оған екі шығар­маның да тылсым әлемінен екенін ғайып тілімен жазылғанын қосыңыз. – Олар жүрекпен жазылған деге­ніңіз­ге то­лық қосыламын. «Тасдиқ» пен «Фауст» арасындағы параллельдің се­бебі, адамның рухани кемелдену заң­дылығы күллі адамзатқа ортақ. Мысалға Абай жарым адам, адам және толық адам деп үшке бөледі жетілу жолын. «Толық адам» концепциясын негіздей келе: «Құдай тағаланың жолы деген жол ниһаятсыз (шексіз), оның ниһаятына ешкім жетпейді. Бірақ сол жолға жүруді өзіне шарт қылып кім қадам басты, ол – таза мұсылман, толық адам делінеді» деп қорытады. «Фауст» ше? Әлемдік ше­деврдің финалы қайсы? Осыны айта кет­сеңіз... – Бек шетін, бек нәзік мәселе бұл. «Фауст» трагедиясы екі бөліктен құралған. Әуел­гісінде адам, кейінгісінде толық адам дең­гейі суреттелген. Сан алуан сынақтарға толы болған өмірінің ең соңында бас кейіп­кер Фауст: «О, қас-қағым, тоқта! (О, мгно­ве­ние, ос­­­­тановись!)» дейді. Бұл не дегені, қан­дай астар бар? Бұл автордың кейіпкерін ке­мел (толық) адам сатысына көтерген сәті. Фә­ни өмір арбауынан құтылғанын аңғарт­қаны деуге керек. Уақыт рух биігіне шарасыз, оған әмірі жүрмек емес. Демек, жан егесі Фауст нәп­сі-сайтанды жеңді! Фауст Ме­фис­то­фельге (шығармадағы сайтан бейнесі) жа­нын сатты деу таяздық, тегі. Кейіпкерін жаңа Абай айт­қан Құдай жолына салмаса, оны сайтанға жең­гізсе, Гете Гете бола ма... Әңгі­менің қысқасы, Абайды оқысақ, Гетені танимыз, Гетені оқысақ, Абайды танимыз. Сө­зімді осымен сабақтағым келеді. – Әлбетте, екі алып жайлы жеткілікті ай­тылды, онан не ғибрәтлендік? – Сен тән емес, жансың, сондықтан ар сақ­та. Өзгелерге пайдам тисінді ойлап өмір сүр. Қиянаттан қаш, тек жақсылықпен жа­рыс. Бақытты болу Құдайдың сүйген құлы болу­дың өзгедей жолы жоқ. Міне, екі ұлының айт­қан өсиеттерінен түйер түйін осы. – Төрегелді мырза, қазір заман да, қоғам да басқа. Бүкіл дүние танымастай өз­герді. Тек Абайдың толық жинағы ға­на кеңестік билік кезінде қалай болса, тап солай басылып келеді. Оған деген көз­қарасымыз өзгермей, жаңғырмай қал­ды. Абайтануды тұралатқан шідер-тұ­саудың бірі осы болса керек. Осыған көз­қарасыңыз... – Ұлы Абайды тану мен таныту ісінің кен­желеп қалғаны, айтары не, өзекті өртей­тін өкініш. Жан азығы керексіз қоғамға ай­налдық, кімге өкпе артасың... Абай әлемге танылуы үшін алдымен рухани ұстазды қа­зақ­тың өзі толық танып алуы шарт. Мәселен, Гетені тану орталығы, мейлі, музейі дейсіз бе, Германияның әр қаласында барына кепілдік беремін. Абай атамыздың ескерткіші әлемнің ондаған елдерінде, ал Гетенікі жүздеген елде. Неміс ғұламасы бүкіл ай асты әлемге әйдік, ал оған деңгейлес Абай неліктен сол дәре­же­де танылмай отыр дегенге айтарым: Абай­тану­дан Абай іліміне ауысар кез келді. Бұл жаңа деңгейге гететану тәжірибесін пай­да­лану, мәтінтану, герменевтика, хронотоп амал­дарын тұтас қолдану арқылы жете аламыз. – Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Асан Омаров

Серіктес жаңалықтары