Парламент каникулға шығады

Парламент каникулға шығады

Парламент каникулға шығады
ашық дереккөзі
265
Депутаттардың қабылдаған заңдары мен жолдаған сауалдары Санаулы күндерден кейін Парламенттің VI шақырылымының IV сессиясы жабылады. Оған дейін биылғы Парламент жұмысын саралап көрелік. Жалпы, Парламент елдегі әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыруда айтарлықтай рөл атқарады. Оның үстіне, заңнамалық шаралардың мән-мазмұнын халыққа түсіндіру – депутаттардың бір міндеті. Сондай-ақ депутаттар халықтың көкейіндегі сауалдарды билікке жеткізуге де мүдделі. Ал Парламент жұмысы қаншалықты халық көңілінен шығады? Бұл жылы Парламент мәжілісі қандай мәселелерді қарастырды? Қандай заң жобалары қабылданды? Өткен жылдың соңында Парламент Сенатының жұмысын қорытындылаған сол кездегі Сенат Төрағасы, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы заң шығару қарқынының арта түсетінін айтқан болатын. Ал Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин заң шығару жұмысы оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін төмендету, экология мәселелері бойынша заңнамаға өзгерістер енгізу бағыттарында жалғасатынын мәлімдеген. Одан кейін ел билігінде өзгерістер болып, Сенат Төрағасы ауысты. Президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлының орнына Дариға  Назарбаева келді. Айта кетейік, бүгін (20 маусым, 2019 жыл) Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Парламенті Палаталарының бірлескен отырысы өтеді. Бұл шараға шақыру туралы өкімге апта басында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматуллин қол қойған еді.  Қандай заңдар қабылданды? Сессия ашылғалы бері қызу жұмыстарын тоқтатпаған Парламент жарты жыл ішінде талай заңды қабылдады. Дәл қазіргі уақытта 32 заң Парламент қарауында. Оның 3-еуін Сенат, 28-ін Мәжіліс қарап жатыр. Ал 1 заң жобасын Мәжіліс мақұлдап үлгерді, енді бұл құжат таяу күндері Сенатқа жіберілуі тиіс. Сөз болып отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Мәжіліс өткен сәрсенбіде мақұлдаған еді. Өткен жылдың 1 қыркүйегінен бері Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырысында бір заң қабылданды. Ол – «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасы. Аталмыш құжат Президент бастамасы бойынша бекітілген болатын. Бұл жоба Республика астанасының атауын Астанадан Нұр-Сұлтанға өзгертуді көздейді. Бас қаланың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы тиісті заң жобасын Сенат және Мәжіліс депутаттары бірауыздан мақұлдады. 2019 жылы алғашқы қабылданған заң жобасы – «Кинематография» туралы құжат. Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда кино өндірісін реттейтін арнайы заң болмаған. Ал жаңа заң алдағы уақытта отандық өндірісті қолдауға, сан мен сапаны жақсартуға, ұлттық фильмдердің кең таралуына, халықаралық нарыққа шығуға жағдай жасауы тиіс. Сондай-ақ, биыл Парламент «Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны ратификациялау туралы» заң жобасын бекітті. Өткен жылдың тамыз айында Қазақстан, Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түркіменстан президенттері Ақтау қаласында бас қосып, бесінші Каспий саммитіне қатысқан еді. Сол кезде Мемлекет басшылары конвенцияға қол қойған. Конвенция Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстарын және теңіздегі әуе кеңістігін пайдалану туралы тараптардың құқықтары мен міндеттерін анықтау және реттеуді мақсат етеді. ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар, инвестицияларды тарту, экспортты дамыту және ілгерілету, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заңмен Жер, Бюджет, Кәсіпкерлік, Кеден және Салық кодекстері мен 23 заңға түзетулер енгізіледі. Заң арнайы экономикалық аймақтар қызметінде жаңа тәсілдерді іске асыруға және индустриялық аймақтардың жұмыс істеуін реттеуге бағытталған. Осы заң шеңберінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары да қарастырылуда. Аз қамтылған отбасылардағы әрбір балаға арналған ең төмен төлем 20 789 теңге сомасында белгіленеді. Сондай-ақ мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға арналған ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының және бала кезінен бірінші топтағы мүгедекті күтіп бағушы адамдарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақының мөлшерін  30 пайызға ұлғайту арқылы аз қамтылған азаматтар мен көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді. Заң атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлемінің дұрыстығын бақылау шараларын күшейтуді реттейді. Сонымен бірге, Парламент сәуір айында мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын арттыруға мүмкіндік беретін заңды қабылдады. Сенат үш жылдық республикалық бюджет туралы заң жобасын тиісті түзетулермен төменгі палатаға кері қайтарған болатын. Өйткені қосымша шығындар ескеріліп отыр. Жаңа мемлекеттік орган – Елбасы кеңсесін құруға (1 миллиард теңге) және жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын арттыруға (37 миллиард теңге) бюджеттен қаржы бөлінеді. Мәжіліс депутаттары сенат енгізген өзгерістерді қолдап дауыс берді. Сөйтіп, ҚР Парламенті «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға енгізілген өзгертулерді қабылдады. Әрине, қыркүйек айынан бері қабылданған заң жобаларын жіпке тізіп жазып шығу мүмкін бола қоймас. Дегенмен, Парламент қабылдаған заң жобаларының бірі халық көңілінен шықты, кейбірі көптің көңіліне жақпады. Соған қарамастан, Парламент әлі де өз жұмысын жалғастырады, әлі талай заң жобалары мақұлданып, сан түрлі құжаттар талқылауға түсетін болады. Депутаттар қандай мәселе көтерді? Депутаттар – халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуші. Үкіметке депутаттық сауал жолдау арқылы халық қалаулылары қарапайым халықтың мұң-мұқтажын ортаға салады. Айта кетейік, 9 ай ішінде Мәжіліс депутаттары тиісті орындарға 194 сауал жолдаса, биылғы жылдың 6 айында сенаторлар 54 сауал жолдапты. Мәселен, Сенат депутаты Рысқали Әбдікеров жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы еңбек даулары жөнінде Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықоваға депутаттық сауал жолдаған болатын. Бұл – қарапайым жұмысшылар үшін даулы мәселе. Өйткені елімізде еңбегі бағаланбай, маңдай терін төгіп істеген жұмысы үшін ақысын ала алмай зар жылап жүрген жандар көп. Көптеген жұмыс берушілер  адамдардың қиын жағдайын пайдалана отырып еңбек шарттарын жасамай еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып жұмысшыларды жалдап, соңынан жалақысын бермеуді әдетке айналдыра бастаған. Сенатор өзінің сауалында мынадай статистикалық деректерді келтіреді: «2017 жылы соттарда еңбекке ақы төлеу талаптарын бұзылуына қатысты 1 783 әкімшілік іс, ал 2018 жылы 1939 іс қаралған, яғни мұндай істер 1 жылдың ішінде 8,7 пайызға артқан. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау минис­трлігінің мәліметіне сәйкес 2019 жыл­дың 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалақы берешегі 139 кәсіпорындағы 6 мың 200 жұмыскердің алдында 1 млрд 940 млн теңгені құраған, оның 77 пайызы яғни 105-і (1,5 млрд теңге) банкротқа ұшыраған  кәсіп­орын­дар». Бұл мәселені шешу үшін Үкіметтің тікелей араласуы қажетті­гін айтқан депутат сауалы орынды. Ал Үкімет түйткілдің түйінін тарқата ала ма? Сондай-ақ, сенаторлар Төлеубек Мұқашевтің «Қаламқас» кенішіндегі өртті сөндіру, Сәуле Айтпаеваның қоршаған ортаны және балалардың денсаулығын қорғау, Әлімжан Құртаевтың киіктерді сақтау туралы депутаттық сауалдары да көптің көкейінде жүрген мәселелер болатын. Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева депутаттар көтерген экологиялық мәселелердің ерекше маңызына Үкіметтің назарын аударған. Алайда аталған мәселелер бойынша ілгерілеу бар деп айтуға әлі ерте секілді. Ал Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықованың атына депутаттық сауал жолдай отырып, қуғын-сүргін құр­бандарын еске алу күні көңіл көте­ру орындарының жұмысын шектеу­ді ұсынды. «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнін өткізудің бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеп, оны еліміздегі Жастар жылымен сабақтастыру қажет, сонымен қоса, теледидар мен ра­диодағы бүкіл ойын-сауық контенті шектеліп, кез келген концерттік және өзге де іс-шаралар, көңіл көтеретін орындар белгілі бір нормамен жұмыс істеуі керек. Архивтік материалдарды еркін зерделеу, ғалымдардың архивтік құжаттарды талдау жә­не жариялау мүмкіндігін алуы, кон­­ференциялар, симпозиумдар өт­кізу үшін жағдай жасай отырып, сол жылдардағы оқиғаларға объективті әрі толық зерттеу жүргізу қежет. Қуғын-сүргінге ұшыраған және қайтыс болған отандастарымыздың атын қалпына келтіру, ал қажет болған жағдайда, оларды ақтау жөніндегі жұмыс жалғастырылуы тиіс» делінген депутат сауалында. Бұл да жылдар бойы қозғалып келе жатқан мәселелердің бірі. Парламент депутаттары жыл басынан бері сан түрлі мәселені көтерді. Денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық және әлеуметтік мәселелердің ешбірі назардан тыс қалмағандай. Ел аралап, өңірлердегі халықпен де бетпе-бет жүздесті. Олардың мұң-мұқтаждары мен талап-тілектерін тыңдады. Соның бәрін билікке жеткізуге тырысты.

Әсел ӘНУАРБЕК

«Turkystan»

Серіктес жаңалықтары