6 Маусым, 16:29 150 0 Экология "Түркістан" газетінің авторлары

Қаратау – қызғалдақтың отаны

Оңтүстіктің туристік логотипіне айналған қызғалдақтың мекені, қызғалдақтың отаны Қаратау өңірі екені жайлы әрдайым естіп, біліп жүрміз. Ол туралы Елбасы Н.Назарбаев та «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында ерекше атап өтті.

Әлемде қызғалдақтың 100-ден астам түрі бар екен. Соның 39 біздің елде өседі дейді білгіштер. Ту сонау ерте заманда «Жібек жолымен» кіре тартқан саудагерлер мен жаһангерлер Қаратау өңірінде өсетін қызғалдақтарды түбімен (пиязымен) қазып алып, оны Түркияға, одан әрі Европа елдеріне таратыпты. Қазіргі «Қызғалдақтар елі» деп жүрген Нидерландқа (Голладияға) қызғалдақтарды өсіруге себеп болған осы біздің жауқазын гүлдер болған. Бірақ қазір қызғалдақтардың негізгі отаны Қазақстан екенін көптеген ғалымдар мойындайды.

Айтушыларға сенсек, жауқазын қызғалдақтардың (кейін білдік, жергілікті халық оны шұбайқызыл гүлі деп атайды екен) ең қалың өсетін орны Түлкібас ауданының орталығы Т.Рысқұлов аулынан 3-4 шақырым жердегі «Қызыл төбешік» қыраты екен. Қазақтың «Жақсыны – көрмекке» немесе «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» дегеніндей халық арасында аңызға айналған, талай рет қызғалдақтар фестивалі өткізілген сол айтулы «Қызыл төбешікке» атбасын бұрып, табиғаттың кереметі әсем қызғалдақтар шоғырын көзімізбен көргіміз келді. «Табиғаттың кереметін көргің келсе тауға бар» деп қазақ бекер айтпаған болу керек, сірә. Төбені қып-қызыл реңге бояп, лүп еткен тау самалына тербеліп, теңіздей толқып тұрған лала жауқазын гүлдер кімді болмасын ерекше әсерге бөлейді екен.  Қызғалдақтың қалың өскені соншама, араларынан аяқ басып жүру мүмкін емес-ау шіркіндердің. Ғажайып таңғаларлық дүние. Тұнып тұрған сұлулық. Байқамай басып кетем бе деп аяғыңды аңдап басасың. Соқпақ жолмен төбенің жотасына көтерілдік. Онда қызғалдақтың символикалық көрнекті ескерткіші қойылып, қызыл гранит тасқа «Алатау мен Қаратау түйіскен төр, Сұлулық мөлдірлікпен сүйіскен жер. Қазақтың қызғалдағы – Шұбайқызыл, Алаштың аруы ғой, тиіспеңдер!», – деп қашалып жазылыпты. Әрине, мынадай сұлулықты аяламасақ, қадірлемесек, қорғамасақ уақыт өте келе көзден бұл-бұл ұшары бәрімізге аян. Табиғат сұлулығын жоғалтып аламыз ба деген үрей де жоқ емес. Табиғаттың осы әсемдігін дер кезінде холстқа түсіріп алуға асыққан қылқалам шеберлері – суретшілерді  төбешіктің әр тұсынан көруге болады. Олар Алматы мен Астанадан, Шымқала мен Ташкенттен және де басқа өңірлерден арнайы келіп, Шымкентте таяуда өткізілетін «Қызғалдақ жолы» халықаралық фестивалінің аясында болатын картиналар көрмесіне қатыспақ екен. Шеберлердің жазып жатқан картиналары ешкімді бейжай қалдыра қоймайды. Әрқайсысы табиғат сұлулығын өзі қалай қабылдайды, солай өрнектеуде. «Жауқазын қызғалдақты брендімізге айналдырып, әлем қызғалдақ арқылы біздің өлкені танып-білсе деген мақсатпен соңғы үш жылда қызғалдақтар фестивалін өткізудеміз. Жыл өткен сайын «Қызыл төбешікке» келетін туристер саны да өсіп келеді. Кезінде мына төңіректегі далалар мен  төбелердің бәрі қызғалдақтар мекені болған екен. Әртүрлі себептермен келе-келе оның аумағы тарылып, осы төбешік маңы ғана сұлулықты сақтап қалыпты. Көлемі тым көп емес. Басқалары науқандыққа салынып егіндік үшін айдалып кетіпті. Табиғаттың бізге берген әсемдігін, сұлулығын қолдан келгенше сақтап қалу біздің алдымызда тұрған басты мақсаттардың бірі. Сол үшін осы төбешікті табиғи қорыққа айналдырып, техника мен адам аяғы баспайтындай етіп айналасын қоршасақ деген жоспар бар. Сол бағытта біраз тірліктер атқарылып жатыр...», – дейді бізді өңір сұлулығымен таныстырып жүрген Түлкібас аудандық маслихаттың хатшысы Сансызбай мырза.

Еліміздің табиғаты мен жан-жануарлары, құстары мен өсімдіктері жайлы әрдайым тартымды мақалалар жазып жүрген қаламгер Есенғали Раушанов осында  кездескен әр гүл мен көкшөптің аттарын қызыға сұрап, қағазына түртіп, суретке түсіріп әлек болып жатты. Тіпті, Қаратау өңірінде өсетін Грейг қызғалдағы мен Кауфман қызғалдақтарының айырмашылығы неде екенін анықтап жатқанына куә болдық. Тау шиесі де бүр жарып, жарыса гүлдеп тұр екен. Оған да ол ерекше зер салды. Табиғатты осы Есенғалидай таратып, зерелеп жүрген бізде өзге қаламгер табыла ма екен?..

 

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының  докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар