King’s College London ғалымдары мазасыздықтың пайда болуына генетиканың да әсер ететінін анықтады. Зерттеу нәтижелері Nature Human Behaviour журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеушілер еуропалық тектегі шамамен 700 мың адамның генетикалық деректерін талдаған. Соның нәтижесінде мазасыздық белгілерімен байланысты 74 геномдық аймақ анықталды. Оның 39-ы ғылымға бұрын белгісіз болған.
Анықталған гендердің жартысына жуығы ми тіндерінде белсенді жұмыс істейді және жүйке жасушалары арасындағы байланысты реттеуге қатысады.
Алайда ғалымдар генетика мазасыздық деңгейіндегі айырмашылықтардың тек шамамен 6%-ын ғана түсіндіретінін атап өтті. Яғни адамның өмір сүру ортасы, күйзеліс, әлеуметтік жағдай және сыртқы факторлар да маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар зерттеу барысында ғалымдар мазасыздықтың депрессия, ішек тітіркену синдромы, созылмалы ауырсыну, мигрень, эндометриоз және жүректің ишемиялық ауруы сияқты дерттермен байланысты екенін анықтаған.
Мамандардың пікірінше, бұл психикалық және физикалық денсаулықтың өзара тығыз байланысты екенін көрсетеді. Кейбір ортақ генетикалық факторлар бір мезетте әрі аурулардың, әрі мазасыздықтың даму қаупін арттыруы мүмкін.