Қызыл алма

Қызыл алма

Қызыл алма
ашық дереккөзі
1544
Сон-о-о-оу сексенінші жылдардың басы. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, төбеміз көкке жеткендей арқа-жарқа болып жүрген уақыт. Курс өте ұйымшыл. Бейбіт Сапаралин, Алтынбек  Сәрсенбаев, Дархан Мыңбаев, Шәмшидин Паттеев, Нұртөре Жүсіпов, Еркін Қыдыров, Серғазы Мұхтарбеков, Батырбек Садыханов, «балапан» Бейбіт Құсанбеков бар және басқа да жігіттердің Алматыға оқуға келген алғашқы жылдары  жер-жерді, ел-елді аралап, саяхаттау ең басты мақсаты еді. Өйткені мектепті енді бітіріп, ауылдан ұзап шықпаған қай-қайсымыз үшін де Қазақ­стан аумағындағы қасиетті орындарды аралау арман  болатын. Көрсек, білсек дедік. Отырар төбеге, Арыстан баб пен Ясауи кесенелеріне, күш атасы Қажымұхан бабамыздың басына барып тәу еттік, Ақсу-Жабағылыға, Келтемашатқа, киелі Түркістанға бардық. Қызылорда, Жамбыл, Талдықорған, Жезқазған облыстарының түкпір-түкпірін араладық. Тіпті Бейбіт Сапаралин екеуміздің қазіргі Бішкек, бұрынғы Фрунзеге де барғанымыз бар. Сөйтіп, жұбымыз жазылмаған бес-алты жігіт білім ала жүріп ел көрдік, жер көрдік, елдің, жердің тарихына қанықтық. Журфактағы қатал тәртіпке қарамастан, осының бәріне қалай үлгергенімізге таңғаламын. Қазір, қарап отырсам, мұның бәрі журналистік қызығушылықтан туындаған ба деймін. Жігіттердің кітапқа деген қызығушылығы таңғалдыратын. Жақсы кітап көрсе, аш қалса да, соны сатып алатын еді. Барған жерімізде алдымен кітапханаларға, кітап дүкендеріне бас сұғатынбыз. Алматыдан шарқ ұрып іздесең де таппайтын кітаптардың ауылдағы кітапханаларда тұрғанын көз көрді. Мүмкін, бұл сол уақытта кітап саудасы жүйесінде жүйеліліктің болғандығынан шығар, бәлкім. Ол кезде  облысқа, ауданға, тіпті, ауылға кітап тұрғындардың саны бойынша бөлінетін еді ғой. Осындай жолмен ауылдың дүкендеріне түскен құнды кітаптарды көргенде балаша қуанған кездеріміз аз болған жоқ. Анам марқұм сексенінші жылдары қатты сырқаттанып жүрген болатын. Жағдайын білмек оймен  Бейбіт екеуміз ауылға бардық. Шешем күлімсірей қарсы алды. Сырқаттанып жүргенін білдірмеуге тырысты. Хал-жағдай сұрасқан соң Бейбіт маған жалтақ-жалтақ қарай берді. Шыдамы жетпей барады. Оның не сұрап тұрғанын айтпай-ақ ұқтым. Ауылға келер алдында «Біздің үйде бай кітапхана бар» деп мақтанып едім. Өйткені әкем қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болғандықтан, кітапқа жаны құмар еді, кітап жинап жүретін. Соны естіген Бейбіттің шыдамы жетпей барады ғой, қашан сол кітапхананы көргенше. Мен де оны көп қинамадым. Төргі бөлмеге оздық. Бейбіт тізерлеп отырып алып, кітаптарды біртіндеп  парақтай бастады. Сол кітаптарға көміліп көп отырды. Айналада не болып жатқанын ұмытып кетті. Тіпті шай ішуге мойын бұрған жоқ. Қас қарая сыныптас жігіттер келгенде ғана бас көтерді. Олар да қарап тұрмай Бейбіттің делебесін қоздырды. – Құралайды Аманкелдінің бір жігіті алып қашып кетіпті, қуып барайық, – деді. Жігіттердің   Аманкелді деп тұрғаны – біздің ауылдан 30 шақырымдай қашықтықтағы елді мекен. Сол кездегі тілмен айтқанда  «Совхоздың бір бөлімшесі». Жігіттердің бұл әңгімесі Бейбітке қызық көрінген болуы керек, «Қуғыншы деген қандай болады екен, барайық, көрейік», – деді. Мұны естіген сыныптастарым жанып түсті. – Бейбіт Семей жақтың жігіті екен ғой, оған қуғыншылардың қалай болатыны қызық. Сондықтан бұдан әрі талқылаудың қажеті жоқ, көлік дайын, жолға шығайық, – деді. – Оу, қуғыншы болып әдетте ағайын-туыстары бармаушы ма еді, бізге не жорық? – дедім қарсылық білдіріп. – Онда тұрған не бар, Құралай біздің кластың сұлуы, сұлу қызды соңынан қуып барған әбестік емес. Оның үстіне Бейбіт екеуің сонау Алматыдан ат арытып келіп қалдыңдар, бәріміз бірге барып қайтайық, – деп сыныптастар болар емес. Әшім достың «Газ-53» машинасы бар. Кабинасына екі жігіт, қалғанымыз қорапқа мініп, «Аманкелді қайдасың?» деп түн ортасына таман жолға шықтық. Діттеген жерімізге бір сағаттың ішінде жеткенімізбен, Құралай түскен үйді таба алмай, ары-бері жүріп, біраз уақыт жоғалтып алдық. Өйткені ауылдың іші тас қараңғы, бейуақыт болғандықтан, сұрай қоятын жүргіншілер де жоқ. Әйтеуір, аядай ауылды арлы-берлі шарлап жүріп таптық-ау Құралай келін болып түскен үйді. Бірақ, қақпасын ашу тағы да оңай болмады. Гүрс-гүрс соғамыз. Сыртқа шығар жан жоқ. Он-он бес минут өткенде жарық жанды.  Бақсақ, Құралай тұрмысқа шыққан жігіт ішкі істер органында қызмет жасайды екен, үйінде болмай шықты. Шамасы жұмысында болса керек. Жігіттер қоя ма, «қуғыншымыз» деп жүріп төрге озды. Түн ортасында  дастарқан жайылды. Музыка қойылды. Ортамыздағы жалғыз қыз Құралай, бәріміз онымен алма-кезек вальс билейміз. Кезегі келген Бейбіт сабырлы қалпын сақтап, баппен билеп жүрген болатын. Бір уақытта терезенің алдындағы ыдыстан үлкен бір қып-қызыл алманы алып: – Құралай, сенің отау тіккен қуанышыңа түн ортасында келгендіктен, сыйлық алып үлгермедік. Мына алманы сыйлығымыз ретінде қабыл ал. Той күніне дейін сақта. Сол күні біздің сыйлығымыз ретінде дастарқанға қоярсың, – демесі бар ма? Тауып кетті Бейбіт. Әзілмен астарласа да әңгімесі орынды. Құралай да мұндай сыйлықты күтпесе керек, алғысын жаудырып жатыр. Сөйтіп, жігіттер Құралайға үлкен «сыйлығымызды» табыстап, таң ата ауылға қайтқанымыз бар. Сексенінші жылдары интернет деген жоқ, елден хабар-ошар хат арқылы жететін. ҚазМУ қалашығына бір күні Құралайдан хат келді. Қызыл алманы сол күйінде сақтағанын жазып, «сенбесеңдер өз көздеріңмен көріңдер» деп тойға шақыру қағазын қоса жіберіпті. Бірақ, өкінішке қарай, Бейбіт екеуміз де сабақтан шыға алмадық, тойға бара алмадық. Бірақ, Бейбіт осы күнге дейін жолыққан кезде «Қызыл алма сыйлаған қыз аман ба?» деп сұрап қояды. Бейбіт қуғыншы болып барған Құралай қыз бүгінде үбірлі-шүбірлі отбасының анасы.  

Ғалым Омар-Хан

Астана

 

Серіктес жаңалықтары