Әкесі сырқат балаларынан алимент өндірмек болған

/
Әкесі сырқат балаларынан алимент өндірмек болған
istockphoto.com

Кассациялық сот еңбекке жарамсыз әкенің өзінің кәмелетке толған үш баласынан алимент өндіру туралы азаматтық ісін қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бірінші сатыдағы сот талапкердің талабын ішінара қанағаттандырып, екі қызынан 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, яғни әрқайсысынан 39 320 теңгеден алимент өндіру туралы шешім шығарған.

«Ал ұлына қатысты талап қанағаттандырылмады, себебі сот әкенің баласының кәмелетке толмаған кезінде оған күш қолданғанын анықтаған. Сол зорлық салдарынан ұлы эпилепсиямен ауырады», – делінген сот хабарламасында.

Апелляциялық сот шешімге өзгеріс енгізіп, әр қызынан өндіретін алимент мөлшерін 5 АЕК-ке дейін азайтты. Бұл шешім бірінші сатыдағы соттың талапкердің ай сайын 215 502 теңге көлемінде зейнетақы мен өзге төлемдер алатынын ескермегеніне негізделген.

«Кассациялық сот істі толық қарап, талапкердің қосымша материалдық көмекке мұқтаждығын растайтын дәлелдер келтірмегенін анықтап, талапты қанағаттандырудан толықтай бас тартты. Сонымен қатар, сот жауапкерлердің материалдық және отбасылық жағдайларын да ескерді: табыстың болмауы, олардың бірінің қамқорлығында үш кәмелетке толмаған бала бар екені, несиелік міндеттемелер және қыздарының бірінің онкологиялық аурумен ауырып жүргені назарға алынды», – деп хабарлады ведомство.

Нәтижесінде кассациялық сот алдыңғы сот актілеріне өзгеріс енгізіп, талапты қанағаттандырудан толық бас тарту туралы жаңа шешім шығарды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары