Шу аудандық сотында денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруге қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылдың қыркүйегінде Шу ауданының Төле-би ауылында сотталушы мен оның көршісі - жәбірленуші арасында жанжал шыққан. Жәбірленуші сотталушыға құрылыс құралдарын уақытша беруден бас тартқан. Жанжал төбелеске ұласып, сотталушы үстелде жатқан пышақты алып, жәбірленушінің ішінен ұрған. Жәбірленуші ауыр дене жарақатын алып, Шу қалалық ауруханасына жеткізілген.
Сотта сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкінді.
Жәбірленуші сотталушыны кешіргенін және оған ешқандай талап жоқ екенін айтты.
Сот кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді және жәбірленушінің кешірімін жеңілдететін мән-жайлар ретінде анықтады. Ауырлататын мән-жайлар ретінде сот қылмыстық құқық бұзушылықты алкогольдік масаң күйде жасағанын анықтады.
Сотталушы ҚК-нің 106-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК 63-бабын қолдана отырып, тағайындалған жаза шартты деп танылды.
Үкім заңды күшіне енді.