Қос дәуірдің сардары

Қос дәуірдің сардары

Қос дәуірдің сардары
ашық дереккөзі
804
Осыдан бес жыл бұрын, 2013 жылы 24 қыркүйекте Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының алғашқы Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов өмірден озған еді. Қаһарманды еске алу үшін Алматы қаласындағы  Төлебаев пен Жамбыл көшелерінің қиылысында мемориалдық тақтаға  гүл шоқтарын қою рәсімі  өтті. Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовті еске алуға арналған салтанатты шараға оның туысқандары мен достары,  Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің  ардагерлері мен Алматы өңірлік гарнизоны әскери қызметшілері,  Алматы  қаласы  Қорғаныс істері жөніндегі  департаменті басшылығы қатысты. Халық  қаһарманы Нұрмағамбетов Сағадат Қожахметұлы 1924 жылы 25 мамырда Целиноград облысы, Алексеев ауданында (қазіргі Ақмола облысы, Ақкөл ауданында) дүниеге келген. 1942 жылы мектеп  партасынан Қызыл армия қатарына шақырылып, Түркіменстанның  Кушка қаласындағы әскери училищеге жіберіледі. Оқуын бітірген соң, 1943 жылдың сәуір айынан бастап Ұлы Отан соғысының  майдандарында болды. 1945 жылдың мамыр айына дейін пулемет взводының командирі, пулемет ротасының командирі, 5-екпінді армияның ІІ дәрежелі Суворов орденді  301-Донецк-Берлин атқыштар дивизиясының  1052-атқыштар полкі құрамында атқыштар батальонының командирі лауазымында неміс-фашистеріне қарсы соғысқан. 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы, 1992 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы  Қорғаныс министрі болып тағайындалып, аталмыш қызметтерді абыроймен атқарды. Ол жас мемлекетіміздің қорғаныс саласын нығайтуға елеулі қызмет жасады. Еліміздің әскери, қорғаныс саласының қалыптасуына орасан зор үлесін қосты. Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов 1994 жылы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің  Жарлығымен «Халық Қаһарманы» атағымен марапатталды. 1995 жылдың қараша айында армия генералы атағымен отставкаға шықты. 1994 жылғы 23 мамырда Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетовке Халық қаһарманы атағы мен №1 «Алтын Жұлдыз» табыс етілген. Сонымен  қатар  Үкімет қаулысымен Астана қаласындағы «Жас ұлан» мектебіне армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген. Халық қаһарманы Сағадат Қожахметұлы ел есінде  мәңгі сақталып, тарихта аты қала бермек. Қос дәуірдің сардарына қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.  

Кристина Новикова,

майор, Алматы қаласының

Қорғаныс істері жөніндегі

департаментінің

баспасөз хатшысы

Серіктес жаңалықтары