Қарағандыда жүргізуші куәлігінен айырылған 26 адам қайтадан көлік тізгіндеген

/
Қарағандыда жүргізуші куәлігінен айырылған 26 адам қайтадан көлік тізгіндеген
polisia.kz

Қарағанды облысында сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған 26 жүргізуші қайтадан рөлге отырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қарағанды облысында төрт күн ішінде сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, қайтадан рөлге отырған 26 жүргізуші анықталды. Олардың арасында мас күйде көлік басқарғандар да бар. Мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіреді.

Полицейлер жүргізген рейдтік іс-шаралар барысында бірқатар өрескел құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Мәселен, 17 қараша күні сағат 11:36 шамасында Қарағанды қаласындағы Сейфуллин көшесінде патрульдік полиция қызметкерлері Chery Tiggo автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында 30 жастағы жүргізушінің биыл сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Сол күні сағат 15:50 шамасында Астана – Алматы автожолының 749-шақырымында Cadillac Escalade автокөлігі тоқтатылды. Көлік тізгінінде Түркістан облысының 41 жастағы тұрғыны болған. Тексеру нәтижесінде оның 2020 жылы Түлкібас аудандық сотының шешімімен жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны анықталды.

Ал сағат 17:09 шамасында Теміртау қаласындағы Сейфуллин көшесінде Lada Priora автокөлігі тоқтатылды. 39 жастағы жүргізуші 2022 жылы мас күйде көлік басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, қайтадан көлік тізгіндеген.

Тағы бір құқық бұзушылық 18 қараша күні таңертең Ақтас кентінде тіркелді. Сағат 08:37 шамасында полицейлер Lada автокөлігін тоқтатқан.

Тексеру кезінде 39 жастағы жүргізушінің мас күйде болғаны және оның мүлде жүргізуші куәлігі болмағаны белгілі болды. Аталған деректер бойынша тиісті материалдар рәсімделіп, процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.

Полиция мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында рейдтік іс-шаралар жалғасатынын ескертеді. Сот шешімімен көлік басқару құқығынан айырылған азаматтардың қайтадан рөлге отыруы – заң талаптарын өрескел бұзу ғана емес, өзге адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін үлкен қауіп. Осыған байланысты полиция қызметкерлері барлық жүргізушіні жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, заң талаптарын орындауға шақырады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар