Жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалануды тоқтату керек – Гүлісхан Нахбаева

/
Жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалануды тоқтату керек – Гүлісхан Нахбаева

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Гүлісхан Нахбаеваның Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке, Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевқа, Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жасанды интеллект технологияларын пайдалану кезінде адамның бейнесін, дауысын және цифрлық болмысын қорғауға қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«2025 жылғы 2 қазанда өткен Digital Bridge халықаралық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні пайдалану және цифрлық трансформация жағдайында құқықтарды қорғау саласындағы құқықтық базаны одан әрі қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Қазақстан цифрлық ортада адам құқықтарын қорғау бағытында маңызды қадамдар жасады. Азаматтық кодекстің нормаларымен қатар, қабылданған Цифрлық кодекс пен «Жасанды интеллект туралы» Заң тұлғаның цифрлық бірегейлік құқығын және жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі ашық пайдалануға қойылатын талаптарды бекітті.  Ендігі міндет – осы нормалардың сапалы құқық қолдану тәжірибесін қамтамасыз ету. Сонымен қатар цифрлық әлем қарқынды дамып келеді. Бүгінде жасанды интеллектінің заманауи технологиялары адамның бұрын-соңды айтпаған сөздерін сөйлетіп, жасамаған әрекеттерін жасатып, ешқашан болмаған жерде жүргендей етіп көрсететін фото, бейне және аудиоматериалдар жасауға мүмкіндік береді. Бұл үшін жоғары кәсіби дағдылар мен арнайы құралдардың болуы міндетті емес. Ашық қолжетімді фотосурет немесе дауыс жазбасы жеткілікті. Мәселенің тағы бір қыры – жасанды интеллектіні қылмыстық мақсатта пайдалану. Әңгіме дипфейктер туралы болып отыр. Осындай бейнероликтердің бірі жуырда 240 мыңнан астам қаралым жинаған. Адамның келісімінсіз интимдік сипаттағы бейнелер мен бейнежазбаларды жасау ерекше қауіп төндіреді. Тіпті толығымен жасанды материалдың өзі адамның беделіне нақты зиян келтіруі мүмкін. Бұл ретте әйелдер мен кәмелетке толмағандар аса осал топқа жатады. Бүгінде осы құқықтық кепілдіктерді іс жүзінде іске асыру айрықша маңызға ие. Өзінің бейнесі немесе дауысы заңсыз пайдаланылған азамат қайда жүгіну керектігін, заңсыз материалды қалай жоюға болатынын және кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке қалай тартуға болатынын нақты білуі тиіс», – дейді ол.

Депутат бұл ретте уақытылы әрі тиімді шаралар қабылдаудың маңызды екенін ерекше атап өтті. Өйткені цифрлық ортада ақпараттың таралу жылдамдығы дәстүрлі ақпарат тарату арналарымен салыстырғанда мыңдаған есе жоғары.

«Сонымен бірге жеке тұлғаны қорғау мен сөз бостандығы, журналистік, ғылыми және көркемдік қызмет арасындағы ақылға қонымды тепе-теңдікті сақтау маңызды. Алайда адамның жария мәртебесі оның атынан жалған мәлімдемелер мен әрекеттерді шынайы оқиға ретінде таратуға негіз болмауы тиіс.

Осыған байланысты келесіні сұраймыз:

Бірінші. Адамның бейнесін, дауысын және цифрлық келбетін заңсыз пайдалану жағдайларын қарау кезінде қолданыстағы заңнаманы бірізді қолдануды қамтамасыз етуді;

Екінші. Құқыққа қайшы синтетикалық контентті жедел анықтау және оның таралуын тоқтату мақсатында мемлекеттік органдардың онлайн-платформалармен, оның ішінде шетелдік платформалармен өзара іс-қимылын күшейтуді;

Үшінші. Цифрлық сараптама әдістерін дамыту, заңсыз материалдарды жасаушы және таратушы тұлғаларды анықтау, сондай-ақ құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды қоса алғанда, ЖИ технологияларын пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және тергеу тиімділігін арттыруды;

Төртінші. Құқық қолдану практикасына келіп түскен өтініштердің саны мен мазмұнын бағалай отырып, талдау жүргізуді сұраймыз. Оның нәтижелері бойынша анықталған проблемаларды жоюға бағытталған, жауапты мемлекеттік органдар мен орындау мерзімдері нақты көрсетілген шараларды айқындауды сұраймыз.

Өз кезегінде біздің фракция онлайн-платформалар мен жасанды интеллект туралы заңнаманы жетілдіру бағытындағы жұмысты одан әрі жалғастыруға дайын», – деді ол.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар